ЗЕЙНОЛЛА ШҮКІРОВ. БІР ЖҰЛДЫЗ БОЛЫП ҚАЛАМ МЕН!

АРАЛ

Кіндігім бірге Аралмен,

Теңізден тыныс алам мен.

Ақпейіл ана секілді

Алдымда жатыр далам кең.

 

Сырласып жібек самалмен,

Желпінсе жүрек жаңа әнмен.

Теңізше жаным кең шалқып,

Теңізше толқып қалам мен.

 

Тартыппын, теңіз, саған мен,

Дауылың берсе маған дем,

Өзімнің жұмсақ көңілімдей,

Көк бүліш кілем жағаң кең.

 

Аспаның қандай, Арал, кең!

Күрсініп неге алам дем,

Бір нашар туған балаң ба ем?

Қияда биік сол мұрат,

Өзіңнен алып зор қуат,

Бір жұлдыз болып жанам мен,

Бір жұлдыз болып қалам мен!

 

САҒЫНЫШ

Терезеңнен телміріп Ай қараса,

Күміс сәуле бетіңді аймаласа,

Ол сағынған мен деп біл,

Уақыт өтті,

Уақыт өтті мінекей айдан аса.

 

Сыбдыр қағып мезгілсіз жасыл терек,

Түнде ұйқыңды жіберсе ашып кенет,

Ол да менің мазасыз жаным шығар,

Бір көруге өзіңді асық жүрек.

 

Егер саған түн сырлы күй тыңдатса,

Мазаласа жүрегің, ұйқың қашса,

Мен де қазір төсекте дөңбекшимiн,

Ойла мені, қалқатай, ұйқыңды аш та.

 

ҰЙҚЫСЫЗДЫҚ

Болар ма жылдай ұзақ түн де мұндай,

Түн кімге қас қаққандай, кімге жылдай.

Жатырмын көз жұмулы, көңіл ояу,

Мең-зең күй әлдилейді бір қоңыр жай.

 

Күнәдан жаның бір сәт тазарғандай,

Мен сонда рахат табам азарланбай.

Тербейді қайда тәтті ләззат күйі,

Мұң салып ұйқысыз түн мазамды алмай.

 

Табысып алдап кеткен жан жарыммен,

Мың құштым, аймаладым, талмадым мен...

Айт маған, неге мұнша зарықтырдың,

Аңсаған талай жылғы арманым ең...

 

Сол ыстық ләззат күйі талдырар ма,

Күтіп тұр қараңғысы таңның алда.

Енді тек тәтті-тәтті түс көресің,

Таң ата талып барып қалғығанда...

 

*  *  *

Көктем күліп кіреді талай баққа,

Көктем кесте төгеді кең аймаққа.

Көктем ыстық қан құйып жүректерге,

Жетелейді жүр-жүрлеп тоғай жаққа:

Оян, қайным, түс болды, олай жатпа!

Тоғай-жеңге таппайды тыным бүгін,

Құрып жатыр көк жібек шымылдығын

Тасасында  ақ терек таранады,

Жұрт көзінен жасырып сұлулығын...

Соны көріп бала гүл жымың-жымың...

 

Қарайсың да елжіреп баяу жаның,

Сен де аңсайсың біреудің аяулы әнін...

Дым көрмеген адамдай тоғай жым-жырт,

Тығып қойып Қозысын ,Баяндарын...

 

Кіре беріп неге сен аялдадың?...

 

ЖАҚСЫ КӨР МЕНІ, ЖАҚСЫ КӨР МЕНІ...

Қыздар-ай, қыздар кірпіктен сәлем жолдаған,

Дір етсе кірпік шыдайды қалай сонда адам.

«Жақсы көр дейсің» дейсің, қарақат көзі сұлудың,

Келесің күнде, қарайсың сырлы сен маған.

 

- Жақсы көр мені, жақсы көр мені...

Сұлудың жарқын мінезі-ай, шіркін, құмарлы-ақ,

Алдыңда жүрер, алдынан өтер бұраңдап.

«Жақсы көр» дейсің,

«Жақсы көр» дейді ақ жүзің,

Әр өткен сайын күлкісін маған бір арнап.

 

- Жақсы көр мені... Жақсы көр... - дейсің...

Жай жатқанды жалын боп ыстық шарпу ма,

(Сондай бір әдет сұлудың бар-ау салтында!)

«Жақсы көр» дейсің.

Көрмейсің бірақ , перизат,

Қалғанын кімнің көз жасын төгіп артыңда...

 

- Жақсы көр мені, жақсы көр мені...         

Қайтесің мені, қайтесің сұлу шақырып

Кеудемде дауыл толқынын жатыр сапырып

«Жақсы көр» дейсің ...

тыңдауға жаның құмар ма?

Тартса ішін теңіз өксігін тыймай аһ ұрып...

 

БІР ТАЛ ШАШ

Қараймын да қызығамын,

Қандай әсем селкеу тұрған бір шашың.

Түзеп жатып үзіп алдым...

Қыз кекілі-ай, діңкемізді құртасың!

 

Күлді сұлу көзі жайнап,

Бейқам күлкі...батты аяздай арқама.

Қызықтым ба,

Кеттім бе аяп,

Бір тал шашты қағазға орап,

Салып қойдым қалтама.

 

Арманың не балғын үміт,

Қайран ,аңқау қыз жүрегі – жас бала.

Неге аңғармай алдым үзіп,

Қайтіп тағдыр

Бір тал шашын ұстатпағай басқаға...

 

АҚ СӘУЛЕ

Ақ сәуле ,таңданба,

Кей жігіт кездесіп қалғанда,

Қараса үзіліп арманда,

Таң қалма,

Бір жан жоқ өзіңдей жалғанда.

Ақ жүзің жарқырап жанғанда,

Аһ ұрып қарамас жан бар ма?

Ең нұрлы таңың да

Ең жақын жарың да,

Алдыңда, алдыңда

Алданып жүрме арзан жандарға.

 

Ақ сәуле алданба,

Кей жігіт кездесіп қалғанда,

Қарасы үзіліп арманда,

Алданба,

Бір жан жоқ өзіңдей бар маңда,

Кім шыдар күйгенде, жанғанда,

Кім шыдар көз ілмей таңдарға.

Ең жақын жаның да

ең жақын жаның да

Алдыңда,алдыңда

Жақсылық іздейік жалғанда!