ЗЕЙНЕП ЖАҚСЫЛЫҚ. АДАМДАР ОНСЫЗ ДА БАҚЫТТЫ...

*  *  *

Бағыңды таба алмай жүрсің бе,

Ойланшы бұған кім айыпты?

Ғұмыр-ау, бекерге күрсінбе,

Бақытқа барлығың лайықты!

 

Әркімнің өзінше бағы бар,

Басқаға қоя тұр тамсанбай!

Сорлауға мың себеп табылар,

Бақытты болу да дәл сондай!

 

Кінәлап қайтеміз уақытты,

Қайда бар өлмейтін, Мәңгі бақ?

Адамдар онсыз да бақытты,

Ал қалғаныы...

Сандырақ!

 

 *  *  *

Жүрегім-ау, жүрегі ме ең баланың,

Әй, мен осы қатыгез боп барамын.

Сөйлемесе, сөйлемесін қаламым,

Тек ешкімге тимесе екен залалым.

 

Суық болып барады ғой адамдар,

Суып барам мен де міне, қараңдар!

Қайсыңның жүрегіңде шалаң бар,

Тым құрыса жылытуға жараңдар!

 

Бірақ әттең, жаны ашиды кім-кімге,

Жүрегім-ау, шындық осы, күл, күлме!

Пенделігі басым болған бұл күнде,

Періште боп өмір сүру мүмкін бе?!

 

*  *  *

Әппақ қар – әппақ тіршілік,

Құшақтай жерді құлайды.

Өкпелеп кетіп қырсығып,

Оралған сәби сыңайлы...

 

Сәби ғой, сәби қар деген,

Өзімдей ол да Өмір ғой.

Қар кешсем кернеп жанды өлең,

Ойнайды көзде, көңілді ой.

 

Қызықпын мен де әй, тегі,

Бір қиял жүр шее ойда анық:

Жоқ болып кетсем қайтеді,

Ақ мамық қарға айналып!

 

*  *  *

Жүрегімді қорғай алдым мен неден,

Әлде кімнен? (Оны өзіңіз табыңыз).

Сезімді іздеп сенделіп ем өлмеген,

Сезімсізге айналдым ба жаны мұз?!

 

Жо-жоқ!

Міне, жүрек!

Сезім тірі.... дей тұра,

Жанарымда жатыр мүлде бөлек ой.

Көзімде өлген сезімдерден бейкүнә,

Сыздады ғой, мұздады ғой өне бой!

 

Қатыгездің қараң күйін кештім бе,

Сезімсіздің осы шығар соңғы әні:

Керек емес, ештеңе де, ешкім де,

Жүрегіме тимесеңдер болғаны...

 

*  *  *

Жетпейді жүрсең де үнемдеп,

Жылдам-ақ бітеді жыл-айлар.

«Өлмеймін! Мәңгі өмір сүрем» деп,

Қиялдап қайтеміз?

Құдай бар!

 

 

Өмір бұл жүгенсіз боз дөнен,

Жеріңе жетерсің тұрақтар.

Кешірім сұрап қал өзгеден,

Өзіңнен кешірім сұрап қал!

 

Ойланшы мен болып сәл, еркем,

Келмей ме басыңа біртүрлі ой.

Бүгінше барсың ғой, ал ертең,

Жоқ болып кетуің мүмкін ғой!