МЕН
Мен,
Со-о-онау таудың қиясындағы,
Қырдағы көңнің иісімін.
Қоңыр әуеннің қылындағы,
Қоңыр күйшімін!
Жалаңтөс баһадүрлердің,
Жалына жармасқан асау күндердің…!
Ғаламшар қарашығында,
«Қандас» боп аталған елмін!
Тәуба,
Бауырым бүтін,бас аман!
Түз тағысының иесі,Менмін!
Балбал тастарға қаламұш жырын қашаған!
АЛТАЙЫМ
Алтайдан асып ару күн қиыла қарап барады…
Қалдырғандай қимасын!
Әуезді әуен сыңсытып, әлемді сүйген жанары,
Мен Құдайды сүйемін,
Ішіме өлең сыйғасын!
Қауыста борап қара жел, көрмеген пенде қаймығып,
Муза-жыр оттан шарпытып!
Төбемде тұрар әлі де,Тәңірім қалап, Ай күліп.
Ғаламға шашам нұрымды,
Жұмақтың иісін анқытып.
Әманда туғам, Бек, Асыл Алтаймын әлемге аңызбын…
Турадан туған дастанмын.
Қылыштан қанды жыр тамыздым..
Қаһарын төккен,Қасына*
Ақ боз атты Оспанмын.!
Мың өкініш, бір үміт.
Тастүлектей түледім.
Көкейіме Күн іліп,
Қия-құзға түнедім!
Мейірімді Тәңірден,
Мекенімді сұрадым.
Бөлек жортқан Бөріңмен,
Айлағым бір тұрағым!
Көк-Бөрілер ұлыған,
Ай жаңарған оңымда.
Қатқан қаным жылыған,
Қара таудың жонында.
Атты міне таң күліп,
О,туған-жер киелім!
Қастерлеймін мәңгілік,
Бабалардың сүйегін!
ӘУЕН
Түнгі әуен сыңсиды,
Бұзады қаланың тынышын.
Қолымнан уақыт сусиды,
Күтке сәт құрысын!
Жел неге көшеден жериді,
Ал, оған билейді ай көктен.
Әлде кім, әлде не ериді,
Қыраукөз әйнектен!
Көк Тәңір – әуені,
Көңілдің құсы да шалқыған.
Өзімді жұбаттым әуелі,
Ауада қанатсыз қалқыған!
СЫР
Шәмші аға,
Тыңдап жүрміз тамсана,
Әсем әнің, мәңгі мұз тау шыңдарынан еседі,
Жер-дүние керең болып қалса да!
Арсыз қоғам,
Арзан әуен, жесір мұң….
Есі кеткен, Европамен есірдім.
Кембағалмыз,
Кешіргін!
Есіл ағар, барқыт түнге сыр айтып.
Қалдаяқов көшесінде Цыған қыз,
Серендаңды тұр айтып…
Тас қаланы мұңайтып!
* * *
Жарым ес – ой түбі жұтады,
Тым суық сүлдерім.
Қос қолым – тәнімнің бұтағы,
Мұңмен де, жынмен де біргемін!
Тағдырдың бітпейтін жарасы,
Маңдайыма жазылды.
Құдайдың қырын ба қарасы?!
Маңайым азулы.
Жүрегім тарпиды, о да бір құлыным,
Кісінер жанымның пырағы.
Үзліп кетердей жұлыным,
Солқылдап тұрады.
БӨРІЛЕР ҰЛИДЫ
Түн,
Қала,
Мүлгіген үнсіздік.
Мен ғана ояумын.
Жап-жаңа түсімде,
Ақ тұман ішінен ояндым...
Тас қала,
Шырт ұйқы үстінде.
Тауларға телміріп екі көзім,
Жүрегім жылиды!
Ішімде бөлтірік қыңсылап,
БӨРІЛЕР ҰЛИДЫ...
Ай,
Жұлдыз,
Көшенің шамдары сөнеді.
(Пенделер тірілді)
Ұстаған дүние тізгінін..
Таң-сәрі тау-таулап күбірлеп,
Алтайға сүйеніп мызғыдым!
СӘБИ КЕШТІҢ ПЕРІШТЕ КӨБЕЛЕГІ
Балалығым,
Қыр астында алыстааааап барады үнің.
Ала-құла көңілім алабұртып,
Ауыр ойлы жүзімен қарады күн!
Тәтті шағым,
Жанға пана көрмейтін жат құшағын.
Бура бұлттар манғанда тау сағалап,
Бұлдырап кетті сағым!
Қатпар ойлы,
Тұманды қалада кір...
Қаңыраған ішімде қора жатыр!
Қарт, Білеуде алдырған бала күнгі,
Сүгіретім ескіріп бара жатыр.....
Қиял ойдың,
Жаңбыры себеледі.
Көктем жыры бүр жарып көгереді.
Шамдарынан ұшып жүр көше жақтың,
Сәби кештің періште көбелегі!