ҒЫЛЫМНҰР КӘДІРБАЙ. САКУРА МАҒАН ХОШ КЕЛДІҢ...

 

(Ерлан Аманқожаұлының «Сакура» атты жинағын оқығаннан кейін)

 

    Қолымда – Сакура. Ерлан Аманқожаұлының күні кеше ғана шыққан тұңғыш кітабы. Поездың терезесінен түнгі даланың тұнық ауасы төгіледі. Тым алыстан соқыр шамдардың өлеусіреп жылтырағаны болмаса, меңіру қараңғы мезгіл. Поездға мінер алдындағы Алматының қапырық ыстығы қайтып, жан сергіген. Көңіл марқайған. Оның бір дәнекері осы – Сакура.

    Сакура – сағыныштың кітабі. Әр өлеңнің бедерін анық танимын, көбінің қашан, қалай жазылғанын ойлаған сайын өтің аузыңа құйылғандай кеңсірігіңе ащы өксік кептеледі екен... Поезд жеңіл тербеліп, жүйткіп келеді. Мен Сакураның тұңғиығына шомдым...

Жолың болсын жарқыным...

Бізді ұдайы,

Күреңітіп күтеді күз мұңайып.​..

 

Жо-жоқ, қалқа...

Сенімен кеттім бірге,

Қимай қарап шарасыз қалды тәнім!...

   Дәл осы жолдарды оқығанда, басымды оқыс жұлып алдым. Қарсыма келіп жайғасқан жолаушы қызға қарадым. Жанары боталап, жағын таянып терезеден тым алысқа көз салып отыр. Жолаушыларды поездға отырғызып жатқанда жігіті жүктерін әкеліп орналастырып, менің де Нұр-Сұлтан қаласына баратынымды біліп жолда көмек керек болса қарайласа жүр деп тапсырып кетіп еді. Поезд қозғалғанда бірі іште, бірі сыртта терезеге алақандарын басып қимай-қимай ұзақ хоштасқан. Мынау сарғайған күзгі даладай көңілі құлазып, алып шаһар Алматыда бір қимасының қалып бара жатқанын ойлап келе жатқаны шүбәсіз. Бірақ, дәл осы мезеттегі әлем-тапырық көңіл-күйін айтарға сөз таппай отырған шығар. Әттең, қасыңа барып осы өлеңді оқып берсем бе?!

Сәл мұңайған...

Гүлі бар құшағында,

Өзіңді іздеп вокзалда жүр елесім.

    Сен Алматыға жүрегіңді тастап барасың... Санаңда сүйіктіңмен әсем қаланың көркем жерлерін әлі қыдырып жүрсің. Жаның сол қаланың төбесінде шырылдап ұшып жүргендей, өзіңді жоғалтып алғандай, мына поезда кетіп бара жатқан бөгде біреудей сезінген шығарсың! Жан сезіміңді жоғалтпаған осы сәтің недеген аяулы еді! «Сүйрегенім жүрегі жоқ дене құр» деп жырлапты Ерлан ақын. Өмірдің орқаш-орқаш жолында ақынның да жүрегі берішке айналып, көңілі қатқан шығар. Әлбетте, мына кітабы – өткеннің айнасы, сағынған, сүйген, өртенген күндердің тірі куәсі. Таңқурайдан тәтті сезімдер таңғы шықтай мөлдіреген өлеңге айналып қалған. Жолаушы қыз, саған осы өлеңдерді оқып берсем көзіңе қаймыжық жас толама деп қорқам!

Жерден гүлің,

Көктен нұрың болуға,

Жүрегіме жүрегіммен сөз бердім!

Қалқа...

    Саусақтарың терезені сипалап тұрғанда екеуің де осы сөзді айтқыларың келгенін білем, деседе, тіл жетпеген шығар. Менің қолымдағы «Сакура» жинағының авторының көкірегі алаулап жанған сәттерінің, бекзада сағынышының куәгеріндей болдыңдар. Сендерді көріп ақын қазір қандай күйде жүрседе өлмейтін асқақ, биік сезімді жырлап кеткеніне көзім жетті. Адам ғұмыры бір күні сарқылар, бірақ, өшпейтін ән, өлмейтін жырға айналған өмір парақтары ғана бұл жарық дүниеде мәңгілік оқылып тұрады екен...

 

***

    Алғаш Ерлан Аманқожа деген ақын бар екенін Аршын деген жиен ағамнан естідім. Ағаяз аңғарының күнбатысындағы көп қырқаның бірінде тұрғамыз. Тамсанып, таңдай қағып өлең оқыды...

Екеумізге екі айырық жол нұсқап,

Күрсінді іштей соры қалың сол қыстақ.

Кірпігіңе ай ақ күміс жалатып,

Аяз тұрды ақ бетіңді сорғыштап...

    Ұзақ оқыды, қайталап оқыды. «Сол қыстағы – біздің ауыл Суықтоғай ғой, бізде осындай мықты Ерлан деген ағаң бар, бауырым!» деді көңілі тоғайып. Басқы екі тармағының өзі іңкәр етті, іштей сан қайталадым... Көз алдыма қарауытып қыстағымыз елестеді. Ал, одан бері он жыл, қазір қайта оқып отырып сол кезде елестеткен ауылымды таба алмай қиналам. Сол қыстақ қандай еді өзі?! Топырақ жолдар, там үйлер, тас дауалдар, жол шетінде сіресіп қарт теректер өсіп тұрушы еді. Терек түбі байлаулы аттар, басы шулаған қарға. Көз алдым бұлдырап одан ары анық көре алмай қалам. Көп дүние көмескі тартқан, ескірген. Бірақ, қыстағымыз адам танымастай өзгерген, сол орында қалғаны ауылдың іргесіндегі дөңде тірілерге қарап жататын қабірстан, өлілер әлемі... Ерлан ақын сол бір ертегі қыстағын іздейді...

    Сол ертегі қыстақтың төрт-бес ақыны, шағын әдеби ортасы болды. Ең алғаш осы жігіттермен қалай таныстым, солай менің жанд үнием төңкеріліп түсті. 7-сыныпты жаңадан тәмәмдаған кезім. Аршын ағама хабарлассам «Ақындармен таныстырам, кел» деді. Келдім. Бұрын-соңды бұндай ақындарды көрмеппін, шеттерінен ұстараның жүзіндей қылпып, самырсынның шоғындай лаулап тұр. Ағам мені «өлең жазады» деп таныстырып қоймады. Ақындардың мысы басты-ау, өлгенде әрең үш шумақ өлеңді қырық жерден кідіріп оқып шықтым. Кезек өздеріне тиді, Жұматай, Жұмекен, Есенғали, Тыныштықбек дей ме, әйтеуір, құлақ естіп, көз көрмеген алапат өлеңдер оқыды. Басқа планетаның адамдарына, көктен түскен өлеңге ұқсаттым оларды. Мен шыңыраудың түбінде отырғанымды, әдебиетті төбемнен көрінген иненің көзіндей көк аспан ғана деп ойлайды екем. Менің жазғаным өлең емес екен, қайта қағазына обал, ол қайта қолдың майын алады...

    Ертесі ақындардың Мойынтай жайлауының биігінде Көл бар еді, алар бағыттары сол екен. Көлден бері құлдағанда біздің жайлау – Аршалы. Олар мотоцикл жеткен жерге дейін барып, ары қарай біздің жайлауды басып өтіп, үйімізге ерулеп, Көлге сапарларын жалғастырмақ болып бәтуә байластық.

    Күн көтерілмей мен жайлауға атпен шықтым, асығып келем, әлсін-әлсін тақым қысып, қамшыны сауырлатам. Асыққаным ақындардан үйге бұрын жетпек керек. Олар менен бұрын жетсе жайлаудағы үйдің керегесінде бір дәптер өлеңім ілулі тұрған еді, соны оқып қойса өлім болды ғой деймін. Кешегі Есенғали деген адамдар миымды шәйіп кеткен. Менің өлеңсымағыма өрттен басқа жол жоқ. Тек ана ақындардың көзіне іліндірмей құрту керек. 3 сағаттық жолды аттың қансорпасын шығарып бір жарым сағатта басып, ақындар жаяу түспек болған Көксайдың етегінен із кестім. Жаяу адамның ізі көрінбейді. Кешегі жаңбыр щайып кеткен жол тышқанның жорғалағанына дейін сайратып көрсетіп тұр. Жүрегім орнына түскендей болды. Өрге салып әптен қинаған атымның айылын ағытып, ерін алып, арқасын желге қақтырып, азкем ес жиғызып, аяңдап үйге бардым. Ақындар келмеген екен. Сусап келсемде қымыздан бұрын төрдегі дәптердің көзін құрттым...

     Жолбастаушылары Ерлан бастаған ақындарды біздің жайлаумен емес жақын болады деп алдарқатып, өз үйіне түсірмекке Танақопың деген басқа жақпен жалдатып алып кетіпті. Ертесі сәскеде тілі ауыздарына симай аңсасы кепкен ақындар бір-бір ақ таяқтарына сүйеніп біздің үйге әрең жетті. Қымыз бабында, өріске жібермей бір бағланды алып қалғамыз. «Ерлан, Сейсен бастаған ақындар келді, өлең тыңдаймыз» деп көрші-қолаң ағылып келіп жатты... «Ақындар жайлауға келген жаз» атанып кетті сол жыл. «Сейсен ұшқан», «Таңбол құсқан» деген қызық аңыздары да көпке дейін айтылып жүрді...

     Жайлау үсті пері көшкендей дүркірегеннен кейін төменгі елдің бойжеткен қыздары қағып-сілкіп үйлерін жинап, «ақындар тым болмағанда қымыз ішіп кетер» деп көп дайындалғанын кейін естідік. Бәрі асығыс екен, суыт аттанды, төменгі ауылдың алтыбақаны құрулы қалды. Ақындар ауыл сыртынан өтіп бара жатқанда қыздары жабықтан ғана сығалап, алдынан шығып «қымыз іш» деуге жүректері дауламай үнсіз қала беріпті...

    Сол сапардан кейін Ерлан ақын «Аяқталмаған күй балладасы»-н жазып еді. Оқып отырып өткен күндер тізбектеліп көз алдымнан керуендей көшіп жатты.

 

***

    Кітабының екінші тарауын «Ертегі қыстақ дәптерінен» деп қойыпты. Бұл өзінің туған жерін шексіз сүйген әлди сезімнен ғана тумаған еді. Ақын перілер туралы көп жырлайды. Біздің ауылдың кез-келген қарты пері туралы көсіліп әңгіме айта алады. Ағаязда жатып жылда көктемде пері көшін көргендерін былай қойғанда, Шүжиханның перінің көктемде көшкенде ерулейтін үңгіріне түнеп жатып, Мойынтай басында перілерді бір таң шулатқаны, Дүйсәділдің ақбоз аттың басымен ақсақ періні көшіруі жайлы аңыздарды ауылдастардың бәрі біледі. Сондықтан Ерлан ақын:

«Перілерім – сар сүйегім, бас құдам,

Құрметіңе атап сойып жас құлан,

Бүгін тағы ғашық етіп қызыңды,

Бүгін тағы пейіліме мас қылам» - деп жырлауы етқұлағымен естіген, бала болмысын қалыптастырған ауылындағы аңыздың есейе келе көкірегінде сәруәр сағынышқа айналып, Қайнардың суындай болып қайнап шыққан бұрқақ сезім еді.

«Ескі сүрлеу,

Есірік жол кешегі,

Неге менің көз алдымнан көшеді?

Әттегені...

Алдым қолдан түсіріп,

Боз биенің қанын құйған кесені.

Кешіріңдер, Перілер!»

    Ертегі қыстағы – ертегі әлем. Ақын нені жоғалттым деп жанын мұжиды, боз биенің қанын ішіп анттасып, анда болған жұрты кім?! Кім қалыбынан тайып, жолынан жаңылды?! Мен оны білмеймін... Елес кезген, ертек төгілген, аңызбен тағдыры өрілген ақынның қыстағына ештеңе жұмбақ емес шығар, мүмкін! Қайнарға келіп су ішкен киіктермен бірге тауға кеткен хан қызында қалған шығар жауабы...

    «Адамның ішкі әлемі өзінің жалғыз екенін ешқашан ұмытпайды» дейді Т.Әсемқұлов. «Сакура»-дағы әр өлеңді оқыған сайын мына поезда кетіп бара жатқан өзім екеніме таңғала бастадым. «Мен» қайда қалдым, өзімді қай жерде жоғалттым? Неге шағынып, кімнен сұраймын?!

«Толғанына қарап алып күзгі айдың,

Қайран, ұлы сағынышым сыздайды.

О, Сарөзен, сен білесің күз жайлы,

О, сарөзен, сен білесің біз жайлы.» - дейді ақын. Сандауғаш құсты көкейдегі көмілген сөз бен сезімге  куәгер болуға шақырып, запыранын төккен Естай әнші көз алдыңа келеді. мына жарық дүние мәңгі, көкіректегі ақбастаудың көзіндей шынайы сезімге өлім жоқ екен. Жайнаған табиғат, қыбыр еткен тіршілік түбі бір жауап берер тұс келсе куә болар сенің мөлдіреген жүрегіңе.

«Жылқы болып та жаралмаппын ғой,

Іліп кетер ем басымды» - дейді. Көлбұлақтың қожыр тастарының бірінде ілініп, көз қуысынан жел өтіп тұрмақ қой, шіркін, даласында. Естайдың махшарда сандуғашы алдынан шығып адамгер сезіміне куә болған шығар, ақынның туған жерге деген сағынышы мен риясыз махаббатына «Сакура»-сы айғақ.

 

***

    Бір жылы қаңтар айының үскірігі қарып тұрғанда Ерлан ақын екеуміз қонақтан шығып, қыстақтың ана басынан мына басына қарай сарғыш сәуле төккен шамдардың астында ұзақ жүрдік. Бұл кезде біз етене араласып, жаны жақын ағам болып кеткен. Бір өлең жазсақта, бір кітап тапсақта қуана бөлісіп жүретінбіз. Сол түні Ерлан ағам мұңайып: «Бұл өмір кімге тұрақ болыпты, былтыр ғана қазақтың маңдайына симай Әмірхан мен Таласбек кетті. Серікболда қыршын өткен жалған ғой. Біз – қасіреттің тарқаған базарында қалған пендеміз» - деді күрсініп. Қара суығы сүйекті қарып тұрса да осы тұп-тұнық шыңылтыр аспаннан мейірлі, шуақты жанарлар бізге қарап тұрғандай сезіндік.

    Үйге келіп, енді жастыққа басымды қойғанымда телефоныма келте хат келді. Ерлан ағаның екі елідей ғана көк NOKIA қолфоны бар еді. Тек қоңырау шалып, келте хат жазуға ғана келетін. Латын ғарпымен келген жазуды көрген беті сол ксі екенін ажырату қиын емес. Оқи бастадым, төрт шумағы төрт бөлек болып келді.

Өлең – Ғұмыр .

Шыққа қонған құсым ең,

Нәзіктікті саған қарап түсінем.

Қандай қиын үнін есту бақыттың,

Күреңіткен күлкілердің ішінен.

 

Кешір мені!

Сорлы Қыстақ қаңтары ән,

Адастырды жылан соқпақ сан тарам.

Жүрмін әлі серуен құрып, сенделіп,

Қасіреттің базарында...

Тарқаған...

 

Шайыр үшін көзе-көзе у ішкен,

Мерей болмақ...  

Пенделіктен мың үстем.  

Жетпейді екен саған жырдың ақылы,

Әттең, қайғы, ақындықпен туыс пе ең?!

 

Сапар шегіп...

Ғұмырымды мұздатып,

Кірпігіме қонақтатып мұз жаһұт,

Шаттығымды құйып кеттім сырғаңа,

Періштенің тынысына мызғатып.

 

***

    Әр өлең қоңырау секілді ғой, түртіп қалсаң өзінің тағдырын сайрай жөнеледі. Жолаушы қызды ұмытпаған шығарсыз, мен оқып отырған кітаптың мұқабасына көзі түсе береді. Мүмкін, кітап бетіндегі жанарды өз жанарына ұқсатқан шығар! Не болмаса «Сакура» деп не үшін қойылғанын түсінбей қалған шығар. Екінші сауалдың жауабына менде жете алмаймын, бірақ, құлағым шалған Ерлан ағамның бір әңгімесі бар еді, сөз реті келгенде айта кетсем әбес көрмес.

    Жаздың жаймашуақ кеші. Шөп жабылған балағанда ортаға Сүлейменнің құмырасын қойып, ұзақ әңгімеге кіріскеміз. Сол кезде айтып еді...

    Басқа сөз таппаймын, ол менің музам сияқты. Қазір ойласам бұл өмірде болған, болмағанына да таңмын. Әйтеуір, елестей көшкен бұлдыр бір естеліктер қалды. Бір-екі рет қана жолықтық. Кейін мен ауылда қалдым, ол оқу іздеп алысқа кетті. Пекиннен, Бохай теңізінің бойынан сәлем хаттар жолдап тұрады. Мен өзегім өртеніп өлең жазам, самұрық құс болып ұшып жеткім келеді. Күндердің күнінде Жапонияға оқуға кеткені туралы хабар алдым. Маған көп естелік бұйымдармен қоса сакура гүлі мен дәнін салып жіберіпті. Маған енді келеді деп жүрсем, шетел асып кеткеніне ішім жылымады. Сакура гүлі үш айдан астам уақыт бойы үйде жұпар аңқып тұрды. Ал дәнегін ертегі қыстағыма ектім, бір жыл күттім шықпады, екінші жылы да жоқ, үш, төрт, бес... жыл өтті.  Содан ойладым, бұл неге шықпайды деп?! Бәлкім, біздің топырақ пен ауа үйлес келмеген шығар, бірақ, мен қателесіппін. Ол дән көктеп шығыпты, топыраққа емес менің жүрегіме. Сакура гүлі менің жүрегіме жыр болып көктеген екен. Мен оған сонша жыл неге күттірдің деп кейігенім бекер екен, ол менің пенделігімнің алдында ұлы болмысын көрсетіп кетті. Кейін кітап шығарып жатсам, осы сакураны алдымен ойлаймын. «Бұлтты аспанның астында, буынды шөптің үстінде» сол бір адам аман жүрсе болғаны!...

    Осыны айтып Ерлан ағамның көзінің алды дымданды. Менің де сүйегім сырқырап кетті...

 

*** 

    Әлқиса, әр өлең мен қурай болсам күзгі желдей тиіп аңыратады. Жолаушы қыз жүгін жинап жатыр, біз Нұр-Сұлтан қаласына жетіптік. 1100 шақырым бойы дөңбекшіткен, өткенге оралтып, сан түрлі сезімнің отына қақтаған «Сакура» саған не дейін?! Ақынның өз сөзімен айтқанда «Сакура маған хош келдің...»

    Тәмәм.

 

 

 

 

 

 

5-қыркүйек

Алматы – Нұр-Сұлтан поезды