* * *
Жаны жаралы,
Тәні жаралы Алматым!
Кеудеңде өксіп, айта алмай кеткен бар датың.
Қарашығыңа қасірет тұнып, қарайсың,
Қайғыңа сұрар сауға кім?!
Алаштың ары, боздақтың жары секілді,
Аманатың ба, арда күн?!
Қан менен терін жазықсыз төккен Киелім!
Тектілік буған сүйегін.
Көк бұлттарыңда рухы бар қанша қазақтың?
Қасіретіңе ие кім?
Алатауына арзуын айтып аһ ұрған,
Басыңды қайда сүйедің?
Қара қобыздай киелім!
Ағытқан сенсің мұң менен шердің тиегін,
Саусағың шерткен шындықта жатқан бар даңқы,
Қарбаласыңды, жанталасыңды сүйемін!
Қазақтың ары, қазақтың жаны- Алматы!
Басымды саған иемін.
Көк сүңгі болып, шындықтың сөккен көбесін,
Желтоқсанымда,
Жасытқан жаудың жебесін,
Қасат қаңтарда қаңырап қалған көшелер,
Көз жасын қайда төгесің?
Жазмышың , әттең, Жаратқанымдай тым жұмбақ,
Уақыт па ұлы төрешің?!
Анам да болған,
Панам да болған Алматы!
Қап-қара түнде ақ қарға жаздым ар хатын,
Көктем келгенде, көктей алмадым, бүршіктей,
Батыраштарға бар датым!
Бақ пенен сорды арқалап өткен ғұмырдай,
Базынаң болсын, бейбіт ғұмырдың солдаты...
* * *
Мен жасқанам,
Сұқ көздің қарасынан,
Зауалынан тағдырдың, наласынан.
Өзге жанның ынтыққан сөздерінен,
Тайталасқан жан мен тән таласынан.
Жеңілуге қорқамын, аласұрам.
Мен қорқамын,
құныққан пейілдерден,
Елдегі ойран-сауық хәм сейілдерден.
Аярлардың аста-төк айласынан,
Жазасынан Тәңірдің кейін келген.
Жесірлердің қарлыққан дауысынан,
Жетімдердің тұншыққан зейінінен.
Мен қорқамын,
зұлымдық қылышынан,
Хас дұшпанның қасқайып тұрысынан,
Жанарларда іркілген көз жасынан,
Жер ананың жаралы тынысынан.
Жаратқанға қол жайып, сауға сұрап,
Жалқы жүрегімменен жыр ұшырам.
Жасқанамын ғасырлық алапаттан,
Опасыздық ұсынған марапаттан.
Соғыс өрті шарпыған қалалардан,
Бейкүнә жас шалынған жарақаттан.
Сатқындықтың оқтаулы мылтығынан,
Сәби ниет жырым бұл ала қашқан.
Таупық бер деп тілеймін тағдырыма,
Заманыма зар-мұңы араласқан.
* * *
Жер мен Көктей таныдым ба алыпты?
Кеудемдегі сүйемін бе жарықты?
Ізгілікте бар ма менің үлесім?
Кім жеңеді кереғарлық күресін?
Күллі әлем алақандай ап-анық,
Күллі жанар бір нүктеге қадалып,
Күрсінеді ғалам іштен тынғандай,
Күнтізбеден күліп шығар күн қандай?
Көзді арбаған бақ па, сор ма маңызды?
Жаратақаным тіл қататын тәрізді.
Жер бетіне жетпей бәлкім, мейірім?
Сынап жатыр адамзаттың пейілін.
Күбірлейді жахан үні құлақта,
Күмілжіген жан менен тән сынақта.
Күллі әлемді қауызына сыйдырып,
Батқан күнді базынасыз сый қылып,
Бір тамшыдан мына мені жаратқан,
Құдіретпен кезім көп пе санасқан?
Аспан үнсіз тағылымын төккенде,
Шұғыласы маңдайымнан өбкенде,
Өтедім бе жер ананың қарызын?
Өтедім бе адамзаттың парызын?
Қарашыққа үміт жасын тұндырып,
Көлбеңдейді ғұмыр дейтін құндылық.
Жер ананың сақтай гөр,- деп бесігін,
Тәңірімнен сұрап тұрмын кешірім.
* * *
Қаныммен қорғап қамал мың,
Қайғыға қанша қамалдым?!
Қасиетім мен қаупім тұр,
Қарашығында жанардың.
Қадірі қойдай халқым жүр,
Қасқырға іздеп амал мың.
Бұлдыр да бұлдыр күн кешкен,
Баласы бұлтпен тілдескен.
Бақырға қиып байлығын,
Бақытқа қолдан құн кескен.
Дауасыз дерттен жер құшып,
Дәруіш жанын тұл дескен.
Даласы дархан қазақ бұл,
Данасы ғаріп күн кешкен.
Дем жетпей, дүние тарылып,
Дімкәс кеудесін мұң тескен.
Қасіреті зауал, зіл батпан,
Қоңырқай жүзін күн қаққан.
Қауқарсыз қара шал сынды,
Қасиетсізге тіл қатқан.
Халін көр, қайран жұртымның,
Қамкөңіл болған құндақтан.
Түлкі боп қашқан заман-мұң,
Тазы боп қуған адам –мың.
Тағдырын қайран ұлттымның,
Тиынға сатқан наданның,
Тілегі сауда-саттықта,
Тәубесі қайда, алаңмын.
Теңіздей жаным тасынып,
Толасссыз ойға қамалдым.
Киесі ұшып даламның,
Қуаты кеміп қаламның,
Қара сөз қайран, қадірсіз,
Қаражат қуып алаңмын.
Аңқасы кеуіп, жыр жатыр,
Аманатындай анамның,
Міз бақпай, мінсіз қоғам тұр,
Тауқыметіммен алаңмын.
Қалайша амал табармын?
Қалайша амал табармын?
* * *
Бір өлең болса,бір әлем,
Бұл әлем,менің әлемім
Жазсам деп жүрек бұлқынған,жанымның тартқан әлегін,
Шарқ ұрған шақта шабытым,шашымнан үнсіз иіскеп,
Құмардан шығып сүюге,танытқан және әдебін.
Бұл әлем-менің әлемім!
Қасиет сұмдық бар мұнда,
Қадірін қайта ұқтырар, қаперсіз атқан таңның да.
Құдірет өзі дарытқан киесі барда бойында,
Тәуекел етіп ене алмас, тәубесіз болса хан мұнда.
Өлеңнің ұлы өлкесін,
Өмірлік мекен етсем деп,
Ар менен азап жолында, адамдық терді төксем деп,
Пендеге сынақ бүгіні, бес күндік бейуақ өмірде,
Мың адам барып, паналар миуалы терек ексем деп.
Алқындым ,бірде талпындым,
Бүршігін жарды бір шыбық,
Өркенін жайып өсуге, өлкеден тұр ма, қымсынып?
Табанын тіреп ұлылар,ұлағат еткен бұл мекен,
Ұғынар ма екен, ұрпағын,мінәжат еткен ұмсынып.
Ақындық ауыр дерт кейде, айықпас білем, ауырған,
Жүректі, жанды тілгілеп, тас болып түсер бауырдан.
Тілдескің келіп, қауыммен,дос тұтып дүние дидарын,
Көгенкөз көндей көңілің ,жақындық іздер, жауыңнан.
Сол әлем болса, бұл өлең,
Жанымның тартқан азабы,
Жалынсыз сүрген жай күннен, жүректі жыр кеп жазады.
Тербетсе дағы толқыны, тасынбас теңіз сынды ол,
Тереңнен ғана табылар, ғаламды тартқан ғажабы.
* * *
Байлық та, бақ та, тұғыр да, тақ та мәңгі емес,...
Атақ та, даңқ та, аярлық барда, алдамшы.
Өткіздім жылдар, өткеріп келем сан белес,
Арқама тимей ар қамшы.
Самалы таңның, саумалы жырдың жұтқаным,
Құлқынның құлын, сатқынның сырын ұқпадым.
Таңсәрідегі Тәңірдей құштым әлемді,
Жақсының туын жықпадым.
Отанды сүйдім, опасыз ойдан сақтандым,
Өмірді сүйдім, өртене жаздап, шақ қалдым.
Өзімдей көрдім, өзімдей сендім талайға,
Өне бойымды өлеңдей мынау, ақтардым.
Күңкілдеп күлген күншілдің өзін ақтадым,
Күдіктен ада бойтұмар болды таққаным.
Күнгей іздедім, көлеңке достың өзінен,
Кінәсіз дедім, сақтадым.
Болмыспен осы бақ пенен сорды құшақтап,
Жалғанға сендім, арманға сендім түсі аппақ.
Адамның бәрі алғаусыз болса дедім мен,
Айналам түгел кеткен сәттерде ұсақтап.
Байлық та, бақ та, тұғыр да, тақ та баянсыз,
Атақ та, даңқ та, алдайды кейде аяусыз.
Сағынып кешкен жылдардың самаласындай,
Көңілім ғана ,
Көңілім менің қаяусыз...