ТЕМІРЛАН ТЕМІРБАЙ. АЗ ДА БОЛСА ӨМІРДІ БІЗ ДЕ СҮРДІК

 

КӨҢІЛ


Мұңайтпашы ол қызды, түсірмеші көңілін,
Көңіл бөліп бір сəтке көңілдендір өмірін.

 

Көңілсіздеу тұрса егер, еркелетші "Күнім!" - деп,
Көңілге алып қалмасын, гүл сыйлай сал күлімдеп!

 

Көңіл жайнар көргенде - сыйла гауһар, маржанды,
Көңіл сүйген сүйгенің - көңілден шық, сал жанды!

 

Көңілшек қыз қапыда жыламсырап тұрса егер,
Көңіл аулап тек сенсің көңіліне нұр себер!

 

Көңіл, ой-хой, тасыса - жарқыраған арай бір!..
Жəудіреген ботаңның көңіліне қарай біл!

 

Қалған көңіл ешқашан бұрынғыша болмайды,
Дақ қалады жүректе - бəрінен де сол - қайғы!
...Бəрі де көңіл үшін!

АҚ МАХАББАТ ЕЛЕСІ

 


Қарамай-ақ бұл күннің ызғарына,
Барсам ба екен дəл қазір күз бағына?
Үсік шалып қоймасын үзгенше мен,
Соңғы алманы, сыйлайтын қызға бұла!

Өткен күн боп көрінсе маған сағым,
Көз алдыма келеді балаң шағым.
Ерке қызға алма үзіп беретұғын,
Ерке шақты-ай еске алып тағы аңсадым!

Балалықтай бал шақта барма уайым?..
Сүйіп өстік ауылдың таңғы арайын.
Бірге ойнаған еліктей бір қыз бар-тын,
Ақша бетін айтсаңшы, алмадайын!

Елемей-ақ даланың күзгі желін,
Елеңдеуші ем көрсем дер қызды керім.
Əсем сұлу жүзіне іңкəр болып,
Əр сəт сайын аңсаймын, үздігемін!

Жазирадай жайнаған күн себелеп,
Көңілімді көркем қыз білсе керек...
Ұяңдықпен қарайтын балғын жүзі,
Қызараңдап шығатын күлсе бөлек!

Таңдап іздеп тапқандай жұрт ішінен,
Таңдай еді ол тұп-тұнық күлкісімен.
Бүлдіргендей балбырап тұратұғын,
Үлбіреген еріні үр түсімен!

Оны ойласам тылсымнан бақ құшамын,
Көкіректе бір сезім жақты шамын.
...Тəтті қызға тамсанып өтіп жатты,
Толып піскен жүзімдей тəтті шағым!

Беу, қайран сол бал шақтар, нұрлы едің сен!
Ай да едің сен мен үшін, Күн де едің сен!
Ара-тұра еске алып мұңаямын,
Елес беріп қапыда бір көрінсең...

Алыс кетіп, менен қол үзді арманым,
Қазір қайда, қайда əлгі "қызғалдағым"?
...Үзілердей құлазып көңілім тұр,
Ең соңғысы тəрізді күзгі алманың...

МЕЙІРІМ БЕРШІ

( Жетімнің монологы)


Мейірім берші жаныма, мұңымды ұқшы, адам,
Мейірім керек жалғыз-ақ, жылындық содан!
Жаулап алғаннан саумысың адам жүрегін,
Қара түнектің патшасы - Зұлымдық сараң?..

Титтей де болсын мейірім!
Өтінемін мен!
Итермеңдерші, адамдар, көкірегімнен!
Көрмеген сезіп өмірдің тəттілігін де,
Шөлдеген сусап мейірімге Жетім едім мен!

Түсініп жаңа қара мен ақ қайшылығын,
Еңіреп жүрмін өмірдің таппай жылуын.
Жүрегім тоңып барады... 
білесіңдер ме?
Білмеппін мына өмірдің тастай суығын!

Осы ма менің күткенім?.. 
Өзге бір əлем!
Жұбатар кім бар жып-жылы сөздеріменен?
Қатты да болса жақсы еді əкемнің қолы,
Анамның кім бар қарайтын көздеріменен?..

Жазықсыз жанның тамшылап қаны кездіктен,
Қызықтап қарап тұрғандай қатігез біткен!..
Мейірім керек!
əйтпесе мына бір өмір,
Қарайып бара жатқандай қатігездіктен!

Ей, адамдар-ай, мейірімсіз жаны жүдеген,
Қорқытпаймын мен Қорқыттың қабіріменен!
Жалған да болса маңдайдан сипай салсаңдарш,
Не деп айтамын барғанда Тəңіріме Мен?.. 

 

АЛТЫНШОҚЫДАҒЫ ҮЙ

 


Өмір - жалған... Айтайын сізге сыр ғып:
Мұңға толы болса да күзде шындық!
Зулап өткен күн-түні, тұрлауы жоқ,
Аз да болса өмірді біз де сүрдік!

 

Өлімді ойлар тіріде қай кісі елеп?

Ойлауға оны, шынында, қайғы – себеп.

Атам бар-тын ол кезде ортамызда,

Апама айтар: “Шәй қойшы, бәйбіше!-деп.

 

Шіркін, сол кез!..
Ауылым. Бала шағым.
Бала шағым - ой, менің тамаша əнім!
Шыбық мініп, алаңсыз күліп-ойнап,
Шаңдатумен жүруші ек дала шаңын!

Түн ауғанша ойнаймыз біз далаңдап,
Апам болса жүретін бізге алаңдап.
Ал атамыз аулада отын бұтар,
Ертеректеу болса да қысқа қамдап!

Апам менің( "нұр шашқан Айым" делік),
Мазаламас ол барда уайым келіп.
Періште адам, ақ көңіл, бала мінез,
Бəйек болып жүреді ол шəйін беріп!

Атам менің дана ақыл, дала жүрек,
Айтатұғын "тыңда, ұлым, қарашы"-деп, -
Жақсы іс істе, əділ бол əрқашанда,
Біле білсең, өмірдің мəні - осы!"-деп.

Тыйып мені жамандық, сан əдеттен,
Тəрбиелеп əкемдей, саналы еткен,
Сол еді ғой, сол еді, сол еді ғой,
"Адам болмас" бұл ұлды адам еткен!

Батырлығын айтпайын, батырлығын,
Өн-бойынан таратып ақыл нұрын,
Əулиедей жүретін көпті көрген,
Сол кісіден қонған-ау ақындығым!

Асыл адам, бағалы əр сөзі бізге,
Асқар таудай көрінген көзімізге.
Балалық қып кейде, рас, тіл алмадық,
Ес бар ма еді, құдай-ау, өзі бізде?..

(
Бұл Темірлан бала еді - тыңдамады,
Сол үшінде кейде, ата, мұңданады!
)
"Ер болмайды! - деп, - кейде апама ұрсар,
Тым өбектей берме, сен, - бұл баланы!"

Құртшы ал бəрін, зулап өт, жан сал, Уақыт!
Балалық шақ болды енді аңсар бақыт!
Атамыз жоқ бүгінде ортамызда,
Əңгіме айтып отырар, əн самғатып!

Өмір - тұрмас... көңілді қанша алдайық?..
Батып Күндер, атады əр таң сарғайып.
Атам сөзін еске алам бұл күндері,
Тура жолдан аңдамай қалсам тайып!

...Ей, бала шақ, қалайық бір қарасып!
Кімге қашып барасың, кімге қашып?..
Он сегізге толамын мен жақында,
Бұл балалық бара ма-ай қырдан асып?..

 

***


Айым да өзің, сəулетай, Күнім де өзің,
Жанға жылу сыйлайды күлімкөзің!
Махаббаттан бір тылсым күй кешемін,
Қапияда естілсе үнің, сөзің!

Бір өзіңнен бұл жүрек бақ тапшы шын,
Қолыма қон, кіршіксіз əппақ құсым.
Қулығы жоқ қылығы сəбидейсің,
Тəп-тəттісің сен маған,
 
тəп-тəттісің!

Жүзің жайнап, жүздессек, жымыңдайсың,
"Жақсы көрем сені!" - деп сыбырлайсың.
Сағындырып, сарғайтып, түсіме еніп,
Түн ұрлайсың ұйқымды,
 
түн ұрлайсың!

Сүйкімді қыз, ой, сен бе, сүйкімді қыз!..
Сені ойламай болмайды-ау ұйқым тыныш!
Алуан сезім кешірт
ті сені ойласам,
Алуан түске боялған сиқырлы Күз!

Өзің жоқта - қайтейін, бар мұң-күйік.
Өзің барда - жабықпас жанмын биік!
...Өзіңді ойлап қараймын Күзгі аспанға,
Жаңбыр құйып тұр бүгін, жаңбыр құйып!

 

 

БЕЙТАНЫС ҚЫЗҒА


Əдемі едің , ой, неткен!

Əппақ түсті көйлекпен,

Мұңға мені батырған,
Бейтаныс қыз... бойжеткен!

Қарадың сен сызылып,
Қарадым мен қызығып.
Қос жүректің қалауын,
Тұрдық сол сəт біз ұғып!

Көктем еді, Күн күлген,
Көріктім-ау, бүлдірген!
Бір жымиып, содан соң,
Ғайып болдың... кім білген?..

Жүрек сөзін тыңдасып,
Жүрсек деп ем сырласып.
Нəзігім-ай, өзіңе,
Мəжнүн болдым шын ғашық!

Күлімкөзді жүзіңмен,
Шықпай қойдың түсімнен.
Сені ойласам бір сезім,
Лаулайды-ай кеп ішімнен!

Жанға жылы мұңсың, сен,
Сені ойладым - күрсінсем!
...Шет-шегі жоқ Дүниенің,
Қай жерінде жүрсің, сен?..

***

"Красота спасет мир!” Ф.Достоевский

Ой, бұл қыздың сұлуын-ай, ой, бұл қыздың сұлуын!..
Қарақаттай көздерінің, көздерінің тұнығын!
Оттай болып хас сұлулық қарсы алдымда тұрғанда,
Мұз боп қатқан жүрегімнің бір-ақ сəтте жылуын!

Ой, бұл қыздың нəзігін-ай, ой, бұл қыздың нəзігін!..
Алпыс екі тамырымды бойлап аққан сезімім,
Нəзіктікпен азаптардай бұл бейшара жүректі,
Не жазығым бар еді, Ием, бар еді не жазығым?..

О, Құдайым, қапияда кезіп жүрген жұрт ішін,
Періштені кезіктірдім! өңім, бəлкім, бұл - түсім?..
Өмірімді нұр жайнатып о бастағы кейпіндей,
Көңілімді қытықтаған сыңғыр-сыңғыр күлкісін!

Жас баладай көңіл босап, жанарымнан жас ытқып,
Тұрған күйім... 
Айтыңдаршы, бұл не өзі?.. Жасықтық?..
...Дүниенің мəнісің, сен, ей, аяулы Сұлулық,
Тек өзіңе аяқталмас бұл өмірде Ғашықтық!

***

 

Жаз, кетпеші, солғызба түз гүлдерін,
Қарсы алғым да келмейді күз күндерін!
Мың бұралған қайыңдар еске салған,
Мың бұралған нəп-нəзік қыздың белін,

Жасыл бақтар - жайқалған жаздыгүні,
Қу сыңқылы, мөлдір көл, қаздың үні.
Сыл-сылқ күлген бұлақтар, көбелектер,
Таңғажайып өмірдің əз ғұмыры,

Тұрса игі еді мəңгілік қалпын сақтап,
Тұрса игі еді сəн құрып, көркін сақтап!
Ойлағанда бəрінің жалғандығын,
Айналама қараймын тартыншақтап.

Тұрақтамас басыңда бақ-ырысың,
Ең баянды шындығың - сағынышың!
Өткеніңнің елесін көп қуалап,
Көңіліңде кезумен сағым ішін,

Өмір, сірə, өткеру күн-түн, айды,
Алма-кезек мұң-шаттық, күлкі-қайғы.
Тəп-тəтті өмір сонда да, тəттілігін,
Татып көрсең сезерсің құлпынайды

 

ПЕССИМИЗМ

 

Қойшы, сен, жүрек, сезімсіз бе едің бүгін не?..
Бір тыным таппай соққылаушы ең ғой, мұның не?
Сұлуға ынтық, жылуға құмар сен ең ғой,
Не көрсем, сенен көремін деуші ем түбінде!

Қойшы, сен, көңіл, қала салмашы жə, бірден,
Не іздедің тастай сұп-суық анау қабірден?
Ештеңе істеп үлгерген жоқ қой бұл Жалған,
Себепсіз неге түңіліп жүрсің өмірден?..

Қойшы, сен, санам, батпашы сен де мұң ойға,
Жоқ, əлде саған түңіліс деген ұнай ма?..
...Ақ сағымдардан қол бұлғап маған, жұмбақ жан,
Жетелей неге бересің мені Құдайға?.. 

 

КӨЗ

 


Көз жеткізбей ешкімге кінə тақпа, сөзге ерме,
Көз арбайды мыстандар - көріп қалсаң, көзге ілме!
"Көз тиеді, байқа, сен, тағып жүр, - деп, - көзмоншақ",
Апам ылғи айтады, көп шалынба көздерге!

Көздер... көздер - бір əлем, түпсіз терең тұңғиық,
Ең түбінде жататын жай жарқылдап, күн құйып!..
"Көз - көңілдің айнасы", тұрады онда барлығы:
Арман, үміт, сырың мен жаныңдағы мұң-күйік!

Мөлт-мөлт еткен көздер-ай!.. жүректерді қозғасын!
Көз ішінде ұнатам бота көзді өз басым.
Ақтарылып салғанда солқылдатар жүректі,
Көріп пе едің, жалған-ай, жетімдердің көз жасын?..

Көз тойғызбас сұлулық тастар шоқ қып жас көзге от.
Сұғын қадар көзінің бұл өмірде қас көз көп!
Қиындықтан көз ашпай, көз ілмеген шақтарда,
Бір Құдайдың көзі оң боп, жүрсін саған бас-көз боп!

 

"Көзден кетсе, көңілден кетед" - дейді, тоқта, сен!
Көз қимайтын қимасың... қимайсың ғой жатқа, сен!
Ұжымақтың көзі ғой - Тəңір берген Жүрегің,
Жүрегіңді кірлетпей, қарашықтай сақта, сен!

Көз - алдамас, айтады ол жалғаныңды, шыныңды,
Көздерінен танисың ізгіні де, зұлымды.
Көз қуантар ей, менің көзсіз батыл жігітім,
Көздеріңмен шашып жүр айналаңа нұрыңды!