ТАНАГӨЗ ТОЛҚЫНҚЫЗЫ. МЕНІ БІРЕУ СҮЙСЕ ДЕЙМІН СЕБЕПСІЗ...

 

*** 

Жүректерді шашып ойнар Ару Күз,

Жапырақтар ауыратын шығар, ә?

Неге сонша махаббатқа зәруміз?

Неге сонша күй кешеміз дүбара?

 

Бола тұра шын сүюге тәуелді

Қандай қиын дәруіш боп күн кешу...

Мен сертімде тұра берем әуелгі,

Мың жыл мүмкін болмай кетсін тілдесу.

 

Жек көруге хақы жоқтай тіріні,

Дұшпаннан да шуақ күтіп жүремін.

Жек көруден ғана тұрар ғұмыры

Жан барына сенбей өтер жүрегім.

 

Сезімімді шашып ойнар арумын,

Жүрегіңіз ауыратын шығар,ә?

Айтшы, неге сізге сонша зәрумін

Сәлем дей  сал ең болмаса, күнара...

 

***

Талай рет сезімге ерік бергем...

Мүмкін, көктем түсінер еріп көрген...

Ант берем де сүймеуге енді ешкімді

Қайта ғашық боламын неліктен мен?

 

Жүдеп көңіл титықтап сағыныштан,

Бұлтпен дос боп кетуші ем жаны құстан.

Соның бәрін ұмытқан бір-ақ сәтте

Қайт дейсің бұл жүректі алып ұшқан?

 

Жасырынып біреуден... Қашып... Тоңбай...

Жатсам деп ем самарқау, тасып-толмай...

Мүмкін емес екен ғой жүрек барда

Өмір сүру біреуге ғашық болмай...

 

***

 

Гүлдерді де өлтіреді у қайғы,

Жапырағы жан тапсырып шулайды...

Бір жақынын жоғалтқандай ... зырқ етіп

Байғұс жүрек көндіге алмай тулайды.

 

Мен түсіндім гүлдің неден өлгенін,

Суға емес, мейірімге шөлдеді.

Немқұрайлы пейілдерден қураған

«Өлім деген осы болар! Көр!»-деді.

 

Егізің ем кесілмеген кіндігі,

Көңіліңнің ашпай қойдың түндігін.

Мені де жұрт мұңнан өлді дер ме екен,

Назарыңа шөлдеп өлсем бір күні...

 

***

Иығыңа сүйеп едім басымды,

Бүлік сезім бұрқ етті де басылды...

Тулаптай-ақ қояйықшы жүректі,

Шулатпай-ақ қояйықшы ғасырды!

 

Иығыңа сүйеп едім басымды,

Жан сарайым хан сарайдай ашылды!

Жүрек сорлы бұлқынысын жасырды,

Кірпіктерім күрсінісін жасырды.

 

Тазалықты сенен көріп тосылдым!

Адалдыққа болар едің хас үлгі.

Бар әлемнің сатқындығын кешірдім

Иығыңа сүйеген сәт басымды.

 

*** 

 

Кеудем неге сөйлеп тұр төгіліп күй?

Үздіктірген бұл неткен еңілік күй?

Еркелеймін. Күлемін. Ынтығамын.

Сүйер болсаң, дәл мендей егіліп сүй!

 

Өртеніп сүй. Өзіңді жағып жібер!

Тамшы біткен қамығып ағып жүдер.

Бір бума гүл сыйлап кет іңкәрліктен

Тұмар қылып кеудемде тағып жүрер.

 

Алау жанар жел болып тисең егер,

Арманым не отыңа күйсем егер?

Күлім көкке ұшса да ештеңе етпес,

 Таусылып сүй, сен мені сүйсең егер!

 

***

 

Бәлкім, менің болмысым бөлек шығар?!

Ал, сен қалай ойлайсың, зерек шынар?!

Бар-жоғыңды өмірде білу үшін

Әлдекімді сағыну керек шығар?!

 

Сыр сақтауға үндемей терек шыдар,

Жан іздедім жанымды ерекше ұғар.

Біз жолықтық. Маңдайға жазғаны – сол.

Өлең байғұс жай ғана себеп шығар.

 

Көңіліңде бір бейне көлбеңдесе,

Өлең, шіркін, сөйлейді өлген кеше.

Сағынышты мен ойлап тапқан жоқпын

Сенем оны ғарыштан келген десе.

 

Сүюдің де бар болар заңдылығы.

Еркелесем, оятам таң күдігін.

Бал қылығым сор болды… кешір жырдың

Ешбір заңға бағынбас әңгүдігін.

 

Жан табылмай өмірде сұңғақ одан,

Қиялымды ақ бұлтқа бұлғап алам.

Алабұртып өмірден өту үшін

Көңіліңде жүрсін бір жұмбақ адам.

 

***

 

Жанарымда жас қаулап,

Жалғыз қалдым көшеде.

Бәрі осылай аспандап,

Бәрі осылай өше ме?

 

Бәрі ғашық, бәрі ынтық

Көктеммін!- деп мастанба.

Білмеуші ме ең, жаным, түк

От шығарын тастан да?

 

Ақша бұлттай бұлқынып,

Қатар тұра алмадық.

Алға қарай ұмтылып,

Алыстауды таңдадық.

 

Жүрек – сенің тұрағың,

Мәртебелі әз елес!

Оның несін сұрадың?

Халім менің мәз емес…

 

Жалт қараттың көзіңмен,

Жолықтың да, шоқ қылдың.

Бір-ақ ауыз сөзіңмен

Бәрін өртеп жоқ қылдың!

 

Жанарымда жас қаулап,

Жалғыз қалдым көшеде.

Бәрі осылай аспандап,

Бәрі осылай өше ме?

 

***

 

Не істе дейсіз? Не істе дейсіз енді сіз?

Халге жеттім адам айтса, сенгісіз!

Сіз жоқ жерде ауа да жоқ!.. не болған?

Қайдан келдім? Қайда барам? Белгісіз…

 

Қайтсем екен сізден қалған көңілді?

…астаң-кестең… быт-шыт болған өмірді?

Біреу жерде құлап жатып бақытты,

Біреу шыңға шығып тұрып, жеңілді…

 

«Бәрі жақсы болады!»- деп күлесіз.

Бәрі жақсы болмайтынын білесіз…

Өмір сыйлап өлеңіме жалғанда,

Шын өмірді өлеңімде сүресіз…

 

***

 

Осылай да адам сағынады екен,

Сағынады екен, Тәңірім!

Жылауға себеп табылады екен

Жүрекке жүрмей әмірің.

 

Мүмкін екен ғой құлай сүюің

Құлай сүюің абайсыз.

Жүректің Сізді бұлай сүюін

Байқамай жүрсіз, қалай Сіз?

 

Көңілде неге тұрып алдыңыз

Тұрып алдыңыз мызғымай?

Хатыма, бәлкім, күліп алдыңыз

Күлмейтін шығар Күз бұлай.

 

Тағдырым осы – шатпақтап шығар

Сөйлесе іште бір өкпе.

Атың аталса атқақтап шығар

Не болған мына жүрекке?

 

Жынданып адам кетеді екен ғой,

Жұтып алғандай жасынды.

Қас қағым бір сәт жетеді екен ғой,

Жоғалту үшін басыңды.

 

***

 

Сен кетесің. Кетер бірге жел сөз де!

Жалғыз досым жел қалады ел кезбе…

 

Сен кетесің. Күндеуші де жоғалар…

Күн қалады тек шуағы ғана бар.

 

Сен кетесің. Өмір кетер ілесіп.

Өлең қалар өмір үшін күресіп…

 

Сен кетесің. Мән кетеді тағдырдан

Мән кетеді Желден,

Күннен,

Жаңбырдан…

 

 

***

Үнсіз отырмашы!

Үнсіз отырмашы!

Сұп-суық болып тұр күн неге? -деші

Үнсіз отырмашы, бірдеңе деші…

Қалай сүйетініңді айт!

Көңілді отырып та

Егіліп…

Өртеніп…

Күйетініңді айт!

Айта алмасаң, «Тәңірім-ау! Енді не істейін?»-деп сұрауыңа болады.

Айта алмасаң, оның орнына жылауыңа болады…

Махаббат туралы тек шық сөйлесін!

Махаббат туралы өксік сөйлесін…

Махаббат туралы өкпе сөйлесін.

Сөйлесін…тіпті текке сөйлесін…

Махаббат туралы көктем сөйлесін!

Жай сөйлемесін ол!

Өктем сөйлесін!

Махаббат туралы жүрегің тұрмақ сүйегің сөйлесін!

Махаббат туралы кемсеңдеген иегің сөйлесін!

Адайы домбыраның шеги үзіліп? Тиегі сөйлесін.

Махаббат туралы бізді күтіп күреңіткен алаңқай сөйлесін!

Махаббат туралы жан айқай сөйлесін!

Үнсіз отырмашы!

Одан да жылай сал…

 

***

 

Бәлкім, мен де кешігемін,

Сен бірақ та кешіре біл…

Ойып алып әз көктемді

Тағып кеткен төсіме кім?

 

Мен де Күндей жандырғанмын.

Мен де желдей қаңғырғанмын.

Бозторғайын шырылдатып,

Жүрегімде қалдырған кім?

 

Сыздатқан не? Бүріп алған

Бұл не?.. Мұң ба тұрып алған?

Беймезгіл шақ кім болды екен,

Көкірегіме кіріп алған?

 

Мендей азап шеккен бе екен?

Ол да шөлдеп кеткен бе екен?

Бұл не мөлт-мөлт еткен көзде?

Сіз бе?

…Әлде көктем бе екен?

 

***

Бір жерлерде, бір сөнбейтін бардай Күн

Елегзимін… Кім бар мені алдайтын?

Сен қайтер ең халге жетсем бір күні

Сенсіз мүлде өмір сүре алмайтын?

 

Мен қорқамын өртенуден… жанудан…

Шатасудан… Мүлде есімнен танудан…

Сен қорқасың көп өлеңнің біріне

Қысқартылған әріп болып қалудан.

 

Бізге неге бұлдай берді көркін бақ?

Жатыр бізді ертең жұтар жол тыңдап.

Мен жылаймын…

Менен кейін сені іздеп

Мың жылдан соң

Өлең жылар солқылдап…

 

***

Кеудем неге сөйлеп тұр төгіліп күй?

Үздіктірген бұл неткен еңілік күй?

Еркелеймін. Күлемін. Ынтығамын.

Сүйер болсаң, дәл мендей егіліп сүй!

 

Өртеніп сүй. Өзіңді жағып жібер!

Тамшы біткен қамығып ағып жүдер.

Бір бума гүл сыйлап кет іңкәрліктен

Тұмар қылып кеудемде тағып жүрер.

 

Алау жанар жел болып тисең егер,

Арманым не отыңа күйсем егер?

Күлім көкке ұшса да ештеңе етпес,

Таусылып сүй, сен мені сүйсең егер!

 

***

 

Не істедің?

Жүрегіңнен қандай жарық бөлінді?

Басыбайлы құл болардай сезімге.

Қай сөзіңмен өртеп кеттің өмірді?

Әйтпесе, айтшы, өртенетін кезім бе?

 

Не бар сенде мені сонша матайтын?

Халге жеттім тұра алмайтын көрмесем.

Құдіретің бар көк майсаны отайтын,

Жайрап жатам жай түскендей, келмесең.

 

Шатастым мен шырмауыңа түстім де,

Жылай да алмай, жырлай да алмай түнердім.

Мұң шағады сынық қанат құс кімге?

Мені жынды көбелек қып жібердің.

 

Арымменен араз етіп өзімді,

Аяп мені бақылама сыртымнан.

Жалпақ жұрттан жасырғанмен көзімді

Бұл жүректі қайда қоям бұлқынған?

 

Сені ойлаймын жыласам да, күлсем де,

Бәлкім, мұңды көтере алмай үзілем.

Әлемімнің күйрейтінін білсем де

Жүріп келем ұстараның жүзімен.

 

***

 

Өлгім келеді! Өлгім келеді!

Тек сені ғана көргім келеді!

Қаңғырып жүрмін, қарашы маған,

Қажет пе саған желдің дерегі?

 

Кеткім келеді…

Өбкім келеді…

Өлімге бұлттай шөккім келеді!

Құшақтап тұрып әлдебіреуді

Жанымды ақтарып төккім келеді!

 

Белгісіз жаққа қашқым келеді!

Өртімді өртпен басқым келеді!

Мен емес, жердің қиратып бәрін

Сағыныш көтерген тасқын келді!

 

Өлгім келеді! Өлгім келеді!

Жоқ, маған сенсең, жердің керегі!

Ауа да! Ай да! Кун қажет емес!

Тек сені ғана көргім келеді!!!

 

***

 

Тағы қас қарайды... Хош бол, Күн!

Қанатын жаюда қара түн.

Біреумен келеді дос болғым,

Түнгі үште шақырып алатын.

 

Барлығы бірінші, ұлы ақын,

Құлауға жақын тұр көшкін боп.

Ұйықтатпай қойғанда бұла түн,

Қоңырау шалатын ешкім жоқ.

 

Есігін ескертпей қаққанда,

Түнгі үште шай қойып жылытар.

Дос керек сен күйреп жатқанда

Шашылған жаныңды ұйытар.

 

Үйде төрт телефон... таң атса,

Лақтырам... неге деп сұрама.

Тек сағат қоңырауы оятса,

Жалғыздық – сол шығар, сірә да...