ҰЛЫ ҚАЛАДАҒЫ БЛЮЗ
Ұлы қаласың.
Алматы – ұлы қаласың.
Қайырым күткен қамкөңіл жандардың бәрін,
Жоғалған тағдыр, адасқан жолдардың бәрін –
Бір сиқырыңмен өзіңе бұрып аласың.
Көктөбең көкке шаншылып,
Кеңсай мен кенттің –
Пәни мен бақи дүниенің тіліп арасын,
Онсыз да қысқа ғұмырды ұршықша үйіріп,
Уақыттың зымыранына мініп ағасың.
Ұлы қаласың.
Алматы – ұлы қаласың.
Есігі мәңгі жабылмас вокзалдарыңда,
Есігін тарс қып пойыздар қозғалғанында,
Көз бен көңілде мөлтілдеп тұрып аласың.
Зәуде бір жаныңмен жоқ іздеп, көшеге шықсаң –
Ағылған көп пен көліктің бірі ғанасың.
«Жетім бұрышта» абайсыз ұмыт қалдырған
Жолаушы өмірдің арзанқол жүгі ғанасың.
Шулы қаласың.
Алматы – мұңлы қаласың.
Алаңдарыңда тоққызыл таңдар атқанда,
Құлқынсәріден қу тірлік жанға батқанда,
Арпалыстырған жаныңның улы жарасын
Сездірткің келмей ешкімге, білдірткің келмей,
Өзіңдей жұртпен бір жылап, бір қуанасың.
Түнгі қаласың.
Алматы – мейрам қаласың.
Алқара түні жатқанда шамсыз керіліп,
Саясат, қызмет, барлығы мәнсіз көрініп,
Тауға да тасқа соғылар қайран да басың.
Кедей еңбегін бұлдаған, байлар бағасын,
Мәйхана тектес үйлерде мейман боласың.
Ғапыл дүниені ұмытып, кафе-барларда
Таныс, бейтаныс жандармен жайнаң қағасың.
Неткен қаласың?
Алматы, неткен қаласың?
Біреуден мүлде алыстап кеткен қаласың,
Біреудің қолы енді әрең жеткен қаласың.
Онсыз да қысқа ғұмырды ұршықша үйіріп,
Әп-сәтте ақпан, әп-сәтте көктем боласың.
Қайырым күткен қамкөңіл жандардың бәрін,
Жоғалған тағдыр, адасқан жолдардың бәрін
Кең құшағына сыйғызған тек сен ғанасың!
ДЕ ЖА ВЮ
Жаңбырлы күз жеткен кезде
жолығыстық, тағдыр ма?
Бұл не, мөлт-мөлт еткен көзде –
жас па, әлде, жаңбыр ма?
Жаңбырлы күз жеткен кезде
Айырылыстық, тағдыр ма?
Бұл не, мөлт-мөлт еткен көзде –
жас па, әлде, жаңбыр ма?
Өрекпіген өтті кез де,
Жас құрғаған, жаңбыр да...
Бірдеңе мөлт етті көзде,
бұл не тағы, тағдыр ма?!
ВИВАЛЬДИ. МЕЗГІЛ ЭЛЕГИЯСЫ
Қысқы бұрқасын сағыздай созған түндердің
тасбақа күйі – кеудемде.
Тас төбеме әкеп Айды шалқадан ілген кім,
тағы да бір түн келген бе?
Қар астындағы көктемді күткен гүлдердің
сағыныштары – бойымда.
Сәуір туды ғой, сағынтып мені жүрген кім,
салғызып сарыуайымға?
Жазғы бақтағы жалғызаяқты сүрлеудің
саяқ тағдыры – басымда.
Кімнің соқпағы қайда бастарын білген кім?
Досың ба өмір, қасың ба?
Күзгі жел үзген жапырақтардай күндердің
шарасыздығы – көзімде.
Ту сыртымдағы айнадан сылқ-сылқ күлген кім?
Уақыт па?
Уақыт өзім бе?
КӨКТЕМСІЗ...
Иірімнен күлкі үйіріп,
дір ете қалып, толқындап,
үзіле бере құйылып,
рауандай ойнап, жарқылдап.
әйнекке қонған мөп-мөлдір,
гүл мойынына ілінген
моншақтарынан көктемнің
сізді көрдім ғой бүгін мен!
Тоңазып түнгі жаңбырдан,
көктемгі шықты таң ата
теріп жүр екем, қалдырған
сіз екен деймін, о, ботам!
Терезедегі лағыл шық,
бәйшешектегі лағыл шық –
жан нұрымменен шағылысып,
таңымнан әр кез табылшы!
Қараймын көкке мейірмен,
мөлдір аспанның әні - сіз.
Қараймын жерге мейірмен,
мөлдірегеннің бәрі - сіз.
Сізге айналып кетті енді
дүние мынау, не қылам ?..
Сіз деп ағады көктемгі
көзімнің тамшылары да!
МИЛОСТА ТУҒАН ВЕНЕРА
«Ақ мәрмәрден қашалған
тәңірінің сұлбасы».
Тәңірі сонда...
Қашаннан,
тәңірі сонда ұрғашы?!
Еркелік кернеп бойыңды,
қарайсың әнтек үзіле.
Сені кім қолдан айырды,
қолы жетпестің бірі ме?
Жаныңды жеген ойыңды,
байлайсың үнсіз тіліңе.
Сені кім тілден айырды,
тілі жетпестің бірі ме?
Не мөлдіреген көзіңде,
жүзіңе тұнған мың сұрау?
Тәкаппарлығыңды сезімге
жеңдіргің келмей тұрсың-ау.
Міндет пе, бірақ айтылу,
сөзден де биік бар құдай.
Адамға бұйырмайтұғын
тәңірі мінез паңдық-ай!
Қалайша ойлап тапқамыз:
тәңірінің сұлбасы –
жұп-жұмсақ қана ақ бәдіз,
нәп-нәзік қана ұрғашы.
АЛМАТЫ ВОКЗАЛЫ
Алматы вокзалы.
Жол - тарау, терісайырық.
Түн.
Шойын рельстер тыншыған.
Тыншыған дүниенің көкірегін қарс айырып,
перронда ән айтты бір сыған.
Ән айтты бір сыған, көңілімді босатты -аққудың дауысы сыңсыған.
Көзімнен шым-шымдап ып-ыстық жас ақты,
жас деймін өртеген мұң шығар?!
Өртеген мұң шығар - жанымның у-балы,
бөлісіп ішуге кім шыдар?
Кім шыдар, ойладым мен өзің туралы,
кімді ойлап тұр екен бұл сыған?
Алматы вокзалы.
Жол – тарау, терісайырық.
Мұңға құл – бір қазақ, бір сыған.
...Дерт алған әсершіл жүректі қарс айырып,
беу, ғұмыр, бір күні тыншығар.