СКЕПТИЦИЗМ
Дауылдар өтінде, жауынның астында,
Кеземін Алматы көшесін.
Өз жаным тәнімді жатсынған,
Таба алмай шиыр жол төтесін.
Аялдама…
автобус келеді,
Мен оған өзімді сүйрелеп мінемін,
Ұлы ойлар темекі ұшында өледі,
Күйбең тіршілікке көнемін.
“Төлеу керек пәтердің ақшасын,
Өлең жазу не теңің?!
Бас ауыртпа, не істейсің басқасын”, –
Деп,
Ақындық бейнемнің жанынан өтемін.
Мен ойша,
сыра да ұрттаймын, шарап та ішемін,
Сынаймын тағы да төзімді.
Келесі аялдамадан түсемін,
Ішке қалдырып өзімді.
Әкесін ойлаған, анасын сағынған,
Мына мен – қоғамның кішкентай бөлшегі,
Әрекетіміз уақытқа бағынған,
Жас өскін алға шықпа белсеніп!
Иисусты 30 күміске сатқан қоғамдай,
Өмірде бәрі де сатылар.
Дәуірлер өзгермей, ғасырлар жаңармай,
Арамыздан бір Иуда табылар.
Көкжиек шетінде ұлы ойлар өледі,
Мен солай думандатам талаймен.
...ХХІІ ғасырға аяқ басқым келеді,
Жаңарған қоғаммен, ескірген Абаймен.
ПЕССИМИСТІК ОЙЛАР
Бір өзеннен құлап аққан ойларым,
Төрт тармаққа бөлінді.
Жиренімді мамағашқа байладым –
Жеңілдім...
Иіре-иіре,
түтеленді үмітім,
Жоғалыпты тұмарым.
Əр кез сайын қайталанып өлі түн,
Азаптайды құмарым!
Бір қорқыныш көңіліме орнайды,
Иесіндей пәтердің!
Бозала таң азан даусы сарнайды,
Сен ақырын жөтелдің.
Мені өзіне баурайды да тұрады,
Иесі жоқ табыттар!
Кеше біреу себепсізден жылады,
Қорқыныш жоқ, қауіп бар.
Мен ылғи да Мунк салған бас көрем,
Айқайы тым жаңғырық!
Оу, ағайын бəріңізге ас берем,
Бір кітапқа көшкен күні мәңгілік.
МЕТАМАРФОЗА
Дүние өзгерместей көрінеді,
Өзгертеді ертең-ақ Сені...
Мені...
Өз есімің өзгеге беріледі,
Өз меншігің өзгеге телінеді.
Бір сапарға тағы да аттанасың,
Туғаныңа кезі кеп жат боласың.
Біреулердің есінен өшіп кетіп,
Өзгелердің жүрегінде жатталасың.
Басқа таңды тағы да атырасың,
Басқа күнді тағы да батырасың.
Ана бақта серуендеп жүресің де,
Мына бақта қамығып отырасың.
Күн ескірер,
Ай ескірер,
Жыл ескірер,
Жер ескірер, жермен бірге ел ескірер.
Өзің, сөзің өзгеге айналады,
Өмір өзі сәтінде көмескілер.
Уақыт деген желдіріп желмаясын,
Ол да шіркін, опасыз кімді аясын.
Бәрі өзгерер...
Мәңгілік не бар дейсің?!
Несін, қарғам, ендеше мұңаясың!
ЧИРИМЕ
Үстіңнен шалимар аңқып,
Кірпігіңе күн шағылып,
Аяғыңның астында ай тербеліп,
Қоңыр түнге жұтылдың,
Дерексіз...
Сенің сезіміңді...
Һәм менің сезімімді...
Сәуір бүршігіне байлап қойған кім?
Алыстан талып жетті құлағыма,
Әуен де емес, ән де емес...
Айғай құм...
Жесір түнді ойнас қылған,
Жетім күнді алдаған,
Менің аңғалақ нәпсімдей...
Уақыт өтіп барады,
Уақыт –
менің аяулы шағым,
сенің аяулы шағың...
алыста ажал биін билейді,
би дегенім Ол емес...
сағым...
хат жазасың дәрменсіз,
хат жазамын дерексіз,
жазасын өтеген құлдай,
мың жыл бойы...
өмір сүрдің сен менсіз,
өмір сүрдім мен сенсіз,
бір әлемде...
бір аялдамада,
параллель жолдан жүргенбіз.
Үстіңнен шалимар аңқып,
Кірпігіңе күн шағылып,
Аяғыңның астында ай тербеліп,
Қоңыр күзде сен жыладың себепсіз.
Ал, мен...
қарашада қайырсыз...
Қоңыр түнге жұтылдым,
Дерексіз...
* * *
Арамыз тым алыс һәм жақын,
Көремін сыртыңнан күнде.
Отырмын жолыңа шам жағып,
Келер деп уыздай түнде.
Уыздай түн...
О, неткен киелі,
Жалғыздық...
Жалғыз-ақ досым...
Бұл неткен қоңырқай күй еді,
Ай керіп қарайды қасын.
Тағы да барады түн ауып,
Отырмын өзімді қамшылап.
Ақ жаңбыр мұншама жылауық,
Ал, сыртта шатыр тұр тамшылап.
Сол бөлме, сол адам...
Жүрек...
Отырмын байланып қаламға,
Бір сезім барады үдеп,
Тыныштық жаңғырып санамда.
Арамыз тым алыс һәм жақын,
Бола ма ойламауға мүлде?!!!
Отырмын себепсіз шам жағып,
Тағы да өлең оқып гүлге.