***
Ақындық деген - көбелек ғұмыр,
Әр гүлге ұшып сандалу...
Өлең дегенің - бал емес күнім,
Өлеңнен өткен бар ма у?
Ақындық деген - нәзік қаталдық,
Қадалған жерден қанды алу.
Өлеңді қойып өмірден биік,
Паң дүниеге паңдану.
Ақындық деген - өрелі өрлік,
Қиялдау сосын алдану.
Түн ортасында шам жағып қойып,
Сол шамға қарап шамдану.
Ақындық деген - саяхатшылық,
Іздеп жүретін жан дәру.
Өлеңге жанын енгізіп, сосын,
Өлеңнен қайта жандану.
Отар, қоралап мал бақса малшы,
Ақынға қиын жан бағу...
Ақындық деген - түнде өлең жазып,
Таңертең оқып, таң қалу!
***
Жаныма иесің дедің,
Ақынды бақыт санама.
Сен мені сүйесің дедің,
Бəлкім бұл уақытша ғана.
Түнектен іздегем қалқан,
Келеді сезімді сезгім.
Себебі күз деген, қалқам,
Мен ғашық болатын мезгіл.
Қосылмау - ол аңыз дейсің,
Жаныма шырақсың керім.
Мəңгі бір боламыз дейсің,
Жо-жоқ мен тұрақсыз едім.
Жалғыздық жылатады екен,
Қосылып шерменге нала.
Мен сені ұнатады екем,
Шабытым келгенде ғана.
Түнектен іздегем қалқан,
Жүректі ашайын, тез кір,
Себебі күз деген, қалқам,
Мен ғашық болатын мезгіл.
***
Деді əжем: "еркелікті доғар сен,
Ессіздікті сандығыңа сақтап қой".
- Анаң сүтін ақта, -деді содан соң,
- Ол онсызда аппақ қой...
"Онсызда ол аппақ"- дедім күліп мен,
Ол кезде əлі ой жемісім піспеген.
Көзсіздікке талай жолды бұрып мен,
Ессіздіктер жəне де көп істегем.
Ұйықтамадым түн орнаған шақта мен,
Сіңіп алып əже сөзі санама.
"Əжем сүтін сен не істеп ақтап ең?"
Деген сұрақ қойдым сосын анама.
Жауабынан қалар ма екем жайланып,
Қиын сұрақ қойып тұрдым рас, білем.
Жауап таппай анам қалды ойланып,
Əлі ойланып жүргеніне бəс тігем!
Анам жауап айтпағасын мардымды,
Енді не істеу керек деп мен ойландым.
Ой үстімен əжем жаққа бардым да,
Оғандағы сол сұрақты қойғанмын.
Түнертті оны мендегі сол балалық,
Нақ жауабын кетем деп ем олжалап.
Жанын езген бір өкініш бары анық,
Кəрі көзден жас ағызды, жоқ жауап.
Жауабы жоқ сұрақтар да болады,
Осы істен ойым ғой бұл өндірген.
Содан кейін сұрақтарды доғарып,
Əжем сөзін екі етпейтін болдым мен.
Кейде зекіп, құлақ етті жеуші еді,
Ақыл айтса Аплатоннан бетер ғой.
"Жаман болсын деп айтпаймын" - деуші еді,
Адам болсын деп айтады екен ғой.
***
Жүргендеймін махаббаттан сөгіс ап,
Ақылым мен жүрек ылғи соғысад(ы)
Қолдарымыз ұсталынбай кеткенмен,
Жолдарымыз неге ылғи тоғысад(ы)
Ашсам да сен, жұмсам да сен көзімді,
Өзіңді ойлап ет жүрегім езілді.
Сүймеймін деп сені алдау оңай ғой,
Бірақ қалай алдай алам сезімді.
Сен үнемі мені ұмытып, жеңесің,
Сендік жүрек тапқан, бəлкім, егесін.
Ең қиыны көз алдымда жүресің,
Ал көзімді жұмған кезде елесің.
(Елес емес, өзің қашан келесің)
Жұбатуға тырысады түнгі ақпан,
Жүрегімді көптен бері мұң жапқан,
Менің бар ғой кетіп қалғым келеді,
Сені мүлде сағынбайтын бір жаққа.
***
Ажырасқан əкесі мен анасы бар,
Сол баланың ішінде наласы бар.
Адам болмас алқаштың баласы деп,
Ылғи оны сөгетін нағашылар.
"Нағашылар бастады қандай бəле,
Адам өз ата - анасын таңдай ма не?"
Деп налыған ұлына анасы айтты
- Көреміз Алла жазса маңдайға не.
Қу дүние қызыл мен жасыл болған,
Бала асыл, əйел де асыл болған.
Туыстары оларды жақтырмайтын,
Себебі олар оларға масыл болған.
Ал баланың бойында сабыры бар,
Аздап өлең жазатын дарыны бар.
Бір қолында Төлеген Айбергенов,
Бір қолында Мырза Əлі Қадірі бар.
Маңызы жоқ оған еш жұрт ойының,
Деуші еді ақындардың крутойымын.
Жеңетін қиындықты сабырымен,
Сенетін боларына бір тойының.
Газеттен өз орынын ойып та алды,
Анасы жылы сөзге тойып қалды.
Кімге тарқан деп еді көрші кемпір,
Нағашысы:
"Мен аузына түкіргем" деп қойып қалды.
Бұл сөзге жыны келіп булығады,
Ақ бетін көз жасына жудырады.
Шайлыққан жүрек бірақ айығар ма?
Жігіттің жан айқайын кім ұғады?
Адам болмас дегенде бұл баласын,
Ана жүрек қамығып мұңданатын.
Ақын болмайд(ы) деп ешкім айтпасын деп,
Қаза қылып көрмеген бір намазын.
Сол жігітті емдеген өлең еді,
Жар сүйіп, көсегесі көгереді.
Алға қойған ендігі бір мақсаты,
Ұлына əке болу өнегелі!
Барлығы оған қарап таңдай қақты,
Тəңірім оның бағын шамдай жақты.
"Əкесі алқаш" деген қандай жаман,
"Əкесі АҚЫН" деген қандай жақсы.
***
Бұл өлеңім өлең емес сіз ұғар,
Себебі оның қанты да бар, тұзы бар.
Үмітім бар бəріненде жоғары,
Жігітім бар,
Бірақ, оның қызы бар.
Сол жігітке біраз өлең арнағам,
Əй білмедім, арнады ма ол маған.
Ал қызын мен жек көргенде емеспін,
Жəй əшейін бір-екі рет қарғағам.
Сезімімді жауапсыздық тонайды, ə?
Түн келгенде малынамын мың ойға.
Мен олардың арасына түспедім,
Адал адам болу енді оңай ма?
Арумын ғой албырт көңіл, жетелі,
Жүрсе жүрсін, болмасын тек некелі!
Сол екеуін бірге көрсем, көзіме
Бірдеңелер түсіп кете береді...