Шымкент қаласы.Әдеби жыл қорытындысы

Көңілді жайлы күнімді,

Азапты, қайғы мұңымды.

Өзіммен бөліскенің үшін,

Мені мынау қиындау тағдырым болып,

О баста көріскенім үшін,

Өлең, мен сені аялап өтем! – деп өлеңді өміріне өзек еткен Фариза Оңғарсынова жырлағандай, сөз өнерін серік еткен ақындар шығармашылығы – поэзия жайлы қорытынды баяндама дайындау жауапкершілікті талап ететін іс.

Белгілі  əдебиет  зерттеушісі,  академик  З.Қабдолов өзінің  «Сөз өнері» еңбегінде:  «…  өлең    еркін сөйленетін  жай  сөздер  тіркесі  емес,  ырғағы  мен  ұйқасы  белгілі  қалыпқа түскен,  шумағы  мен бунағына  дейін  белгілі  тəртіпке  бағынған  нақысты    сөздер  тізбегі»  деп тұжырым  жасап,  «…  поэзия    -  өлеңді шығармалар» деген болатын. 

Осыдан алты жыл бұрын – 2016 жылдың 11 наурызында өткен сол кездегі Жазушылар Одағының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының әдеби жыл қорытындысында жас ақындар поэзиясы туралы баяндама жасаған едік.

Бүгінде Шымкент өз алдына мегаполис қала атанып, облыс орталығы Түркістанға көшкен. Ақындар да шымкенттік һәм облыстық болды. Ол кездегі жас ақындар бұл күнде сақа ақынға айналды.

Батырхан СәрсенханСолардың бірі, өлең үлгісінде тәуекелге көп баратын Батырхан Сәрсенхан – Алматыдағы «Қазақ әдебиеті» газетінде табысты қызмет етіп, жақын арада елордаға, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға»  ауысты. Журналистік қызметімен қатар қолынан қаламы түспеген Батырдың 2021 жылы «Мәңгілік гүл» атты жыр жинағы жарық  көрді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығын иеленді.

Ал Айдар Сейдәзім Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы болса, Мұқағали Кенжетайұлы -  Түркістан Облыстық Мәдениет Басқармасы мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы лауазымында.

Есепте кезеңде шымкенттік бірнеше ақынның Қазақстан Жазушылар Одағына мүшелікке өтуі – қуантарлық жай. Олар - Дәркен Танабай, Абай Қалшабек, Дәурен Айманбетов, Әлімжан Әлішер, Сүндет Сейітов, Арайлым Мұраталиева, Ақбота Бейбітбек, Салтанат Айдарбекова.

2019 жылы «Түркістан түлектері», «Жаңа ғасыр әуендері» атты жас ақындар антологиясының жарық көруі – пандемия алдында ақындарға серпіліс сыйлаған елеулі  еңбек болды. Жаңа ғасыр әуендері» атты жас ақындар антологиясына 12 жас ақынның түрлі тақырыптағы өлеңдері топтастырылып берілген.

2021 жылы Дәурен Айманбеттің «Аялдама», Сүндет Сейітовтің “Икигай”, Салтанат  Мадиярқызының “Шахмат”,  2022 жылы Абай Қалшабектің «Томаға тұйықпын» жыр жинақтары жарық көрген. Өкінішке орай, бұл жинақтардың ешбірі қолымызға түспеді. Кітапханадан табылмады. Ақындардың өздеріне хабарласып, фейсбукке пост жазып жүріп,  ғаламторды ақтарып, есепте кезеңде жарияланған өлеңдерді жиып-теріп, 14 ақынның шығармашылығына тоқталғанды жөн санадық.

Осы жылдың ақпан айынан бастап Шымкент қаласындағы Қазақстан Жазушылар одағы филиалының төрағалық тізгінін қолға алған, «Қазығұрт», «Ана - жер ана», «Таңғы шуақ» «Ғашық жүрек» тағы басқа кітаптардың авторы  Дәркен Танабаев поэзиясында балаларға арналған жырлардың орны бөлек. Өткен жылдың желтоқсан айында «Өзгеріс» сайты ақынның балаларға арналған бірнеше топтама өлеңдерін жариялаған екен. Кішкентайлардың үлкен әдебиеті – балалар әдебиетінде қалам тербеп, көркем дүние жазу екінің бірінің қолынна келе бермейді. Себебі, балаларға арнап жазу – бала боп ойлай білуді ғана емес бала боп ойнау алуды талап етеді. Балардың жас ерекшелігі мен дүниетанымын ескере отырып жазылған шынайы дүниелер ғана кішкентай оқырманның ықыласына ие болады. Сондықтан болса керек, балалар әдебиетіне қойылар талап тілек те өзгеше.  Сол тұрғыдан қарағанда ақыннның балаларға арналған өлеңдері қай деңгейде деген сұраққа жауапты шығарманың өзінен іздеп көрейік.

Сайтта жарияланған  «Елтаңба», «Менің Қазақстаным», «Ақ тауық», «Ақ бұлттар», «Ала мысық», «Қозы мен лақ» өлеңдерінің тақырыбы әралуан. Алғашқы екеуі патриотизмді дәріптеп, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақырса, «Ақ тауық» - ауыл өмірін суреттеп, «Ақ бұлттар»- табиғат сырын тануға, «Ала мысық» пен «Қозы мен лақ» жан-жануарлар тіршілігін танытуға арналған.

Ақынның балаларға арналған өлеңдерінің ұтымды тұсы қарапайымдылыққа құрылуында.  «Менің Қазақстаным» сөзінің әр шумақ соңында қайталануы өлең мазмұнын арттырып тұр. Эпифора тәсілімен әдемі өрілген бұл өлең жаттауға ыңғайлы және марштық екпінмен айтылатындықтан балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

Қала баласына ауыл өмірін таныстыруды мақсат етпесе де жас оқырман «Ақ тауық» өлеңін оқып отырып, тауық пен балапанның іс-әрекетіне ғана куә болып қоймайды, ондағы ала мысық пен жас төбеттің тіршілігімен танысып, кең пейілді ананың аяулы қамқорлығына, мейіріміне шомылады. Балалардың сөздік қорын молайтатын, қала балаларының қолданысында жоқ сөздер жас оқырманның лексиконың байытары анық.

«Ақ бұлттар» өлеңіндегі «балмұздақ-бұлт» метафоралық тіркесі балалар үшін тосын сурет. Қолындағы балмұздағы мен аспандағы ақ  бұлттарды салыстырып, ақын суреттеуіне тамсанса ақынның мақсатына жеткені. Өлеңдегі кейіпкердің тәтті қиялын достарымен бөлісуге ұялуы да сәтті шыққан.

Ақынның эстрадалық жанрда жазылған «Ала мысық» өлеңі төрт бөлімнен тұрады. Ауыз әдебиеті үлгісінде жазылған жалқау мысық жайлы ертегіні еске түсіретін бұл өлең де ақын шығармашылығындағы табысты туынды. Тек балаларға арналған өлеңдерге лаконизм, яғни, қысқалық тән екенін ақын естен шығармаса дейміз.

Әйгілі «Теке мен қошқар» мульфильмін еске түсірген «Қозы мен лақ» өлеңі де үш бөлімнен тұрады. Сауатты болуға шақыратын бұл өлеңнің идеясы тереңде жатыр. Оқы дегенді дидактикалық сарынға салмай, қозы мен лақтың Алатауды аңсап, Қызылқұмның шөлінен безіп, Ақтауға топ етіп түсуі арқылы жеткізуі ұтымды шыққан. Мұнда да ақын ойды жинақтап, қысқартып берсе деген тілек бар.

Дәркен Танабаев лирик ақын ретінде де танымал. 2021 жылдың шілде айында республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жүрек» деген сөз шығар ең әсерлі…» деген тақырыппен шымкенттік бірнеше ақынның өлеңдері жарияланған. Сонда Дәркен ағаның «Таппадым тіршіліктің басқа амалын», «Көптен бері мен қуанып көрмедім» деген екі өлеңі бар. 

Тағдырымды өр дауылдар тербеуде,

Таусылар  ма күте-күте тағатым.

Мұңға оранып тұрған кезде шер кеуде

Жүрек құрғыр таба алар ма бақытын?!

 

Күндерімді шуақ шашар көріксіз,

Бар ма дәру басар асау қанымды?!

Кімнің жаны сүйсе өзгені еріксіз,

Тек сол Мәжнүн ұғар менің жанымды.

Ақын осылай деп ішкі сырын өлеңге төгеді. Көңіл-күй лирикасы ақынның жан дүниесіндегі арпалыстан хабар береді.

Ақынның метафоралық тізбекпен өрілген «Түркістан десем» атты толғауы тарихи жер-су атаулары мен оның маңызы, есімі алтын әріптермен жазылған атақты ұл-қыздары туралы туынды. Мағжан ақынның атақты «Түркістан» өлеңін еске түсіретін толғауда ақындық темп, қуат бар. Оқырманға серпіліс  сыйлайтын бұл толғауды ақын толықтыра түссе дейміз.

Аудармашы, зерттеуші, шебер педагог Абай Қалшабектің «жүрек ішіндегі өмірінің» қағазға түскен нұсқасы – «Томаға тұйықпын» кітабы – ақынның тұңғыш жинағы. Жинақ қолымызға түспегенімен, ақынның кітабына атау болған өлеңмен бұрыннан таныспыз.

Томаға тұйықпын,

Мен өзі жүректің түбінен өртеніп шыққан күйікпін,-деп тосыннан басталатын өлең қара өлең ұйқасымен өріліп, буын саны сан түрлі болып өрілген. Ақынның портреті көрінетін бұл өлеңнің лирикалық қаһарманы оқырманмен шынайы сырласады.

Соңында:

Тасынып барып, талықсып қалам кейде мен,

Жүрегім жанбай еріннің сөзін сөйлемен.

Жалғанда мынау желігіп кетем кейде мен,

Жалғаннан мынау жерініп кетем кейде мен,

Жатырдан шығып жалаңаш күйде жалғанға,

Кетем бе бір күн жалаң бір қабат жейдемен,-

деп ойын ашық айтады.

Аллитерациялық тәсілмен берілген– кілең «с» әрпіме басталатын «Сырым осы құбылған» өлеңінде ақын өз көңіл-күйімен бөліседі. Оқырманын шүкіршілікке шақырып, иманын арттыруды ойлайды. Көптің көңілінен шығып, көкейінде жатталып қалған, әуен де шығарылған «Мені де жаратты бір Алла» деп басталатын өлеңі баршамызға таныс. Құран сөздерін әсерлі етіп өлеңге көшіруі және оқырман санасына сыналап ұялата білуі – ақынның шеберлігі деп танимыз. 

Метафоралық тәсілмен күздің көркем картинасын жеткізетін «Күз» өлеңі төрт буыннан тұратын оқуға жеңіл болғанымен оқырманға салар ойы бар мазмұны терең туынды.  

Абай Қалшабектің өлеңдеріндегі философиялық ой-ұғым түсініктер поэзия ернеуіне симай төгіліп жатқандай әсер қалдырғанына қарап, мүмкін автор келешекте прозаға ойысса қалай болар екен деген ой туғаны рас. Өз бетінше ізденіп, зерттеу жұмыстарын жемісті жүргізіп жүрген Әбеңе келешекте мол шығармашылық табыс тілейміз.

Дәурен Айманбет – бүгінде толысқан ақын. Осы баяндаманы жасау барысында ақыннан соңғы үш жылда жазылған 7-8 өлеңін жіберуді сұранған едік. Ақын «Қамығу», «Жасасын адамдар – періште», «Кісікиік», «Сәтсіздік», «Мейірім», «Өрік гүлдегенде», «Тұманды күн», «Қысқа көше жайлы қысқа өлеңін» жолдапты. Ақын өлеңдеріндегі лирикалық қаһарман қоғамның мұңын, адамның сырын жырлайды. Мейірімге шөлдеген ақын қамығып отырып іштегі шерін тарқатады:

Төсегені тағдырдың нендей кілем,

Ойлағаның боп шыға бермейді үнем(і).

Маңдайыңнан бір сипай салса нетті,

Әй, білмейді бағаңды өлмей бұл ел.

... Қадіріңді қайтейін еленбейтін,

Мойын бұрар көз жетпес тереңге, ей, кім?

Әлденені тұрамыз тосып алдан,

Аялдамада аялдап, "өлең" дейтін.

Өлең оқырманды ойға қалдырады. Лирикалық қаһарманмен бірге оқырман да қамығады. «Өзге емес өзім айтам өз жайымды» деп жырлаған Қасым мен «күпі киген қазақтың қара өлеңіне шекпен жауып қайтарған» Мұқағали мұңы еске түседі. Десе де ақындық мұңды жүрегімен жеткізген авторға «қамықпа, еңсеңді көтер, тік ұста» дегің келеді. Себебі Дәурен не жазса да шынайы жазатын жүрекің ақыны. Егер олай болмаса:

Періште емеспін, пендемін,

Татқаным бар еді күнәдан.

Қиянат жасасам - өлгенім,

Жақсылық жасасам – қуанам,-

деп ағынан жарлымас еді. Философия ғылымында онтология деген ұғым бар. Яғни болмыс туралы ілім. «Болмыс» ұғымының және болмыс жайындағы ілімнің (онтологияның) төңірегінде философияда қызу пікірталас толастаған емес. Болмыс - дүниеде өмір сүретіннің бәрі: материалдық заттар да, құбылыстар мен процестер де, қақтығыстар мен байланыстар да, яғни бәрі - бәрі. Тіпті адамның қиялы, ертегі, аңыздар, ауру адамның сандырағы сияқты рухани өмір көріністері де болмысқа жатады.

Мұны неге айтып отырмыз?! Біз талдағалы отырған ақындар шығармашылығы тұнып тұрған онтология.

Сөз етіп отырған Дәурен ақыннның «Кісікиік» өлеңіне назар аударсақ:

...Дүние айыра алмай ақ-қарасын,

Сырыңды көрінгенге ақтарасың.

Маңдайың тасқа тиген сәттен бастап,

Өзге емес, өзіңнен де сақтанасың.

 

...Қалғандай қанатының ұшы күйіп,

Қойды ұшпай арманымның құсы биік.

Кісіге келгенімен сырт келбетім,

Жан-дүнием осы менің - кісікиік.

Ақын болмысын сипаттап тұрған бұл өлеңде өмір бар, тіршілік бар. Өмірдің қалтарысы мен бұлтарысы бар. Жалғаны мен шындығы бар.

Ақынның басқа өлеңдеріне тән осы мазмұн автор қолтаңбасын айындап тұрғандай. Ол айналасынан жақсылық пен мейірім іздеп, «тұманды күнде айырылысқан ғашықтарды қайта қосқысы» кеп жүретін үлкен көңіл иесі. Біз қарастырған сегіз өлеңдегі бірді-екілі сәтсіз шыққан өлең жолдарын есермесек, Дәуреннің дәурені туған екен деген пікір қорытуға болады.

Арайлым Мұраталиева есімі оқырмандарға жақсы таныс. 2016 жылы жасаған баяндамамызда 2015 жылдың жаңа есімі ретінде аталған Арайлымның өлеңдері бүгінде еліміздің бас газеті «Епгемен Қазақстанда» «Көктем келіп оятты бүгін мені» атты мерекелік топтамада Гүлнәр Салықбай, Жанат Әскербек, Танакөз Толқынқызы сынды тағы басқа апаларымен бірге шығуы ақын өлеңдерінің көркемдік қуаты артқанын білдірсе керек.

Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Өмір маған ұнайды соңғы кезде» деп басталатын өлеңі мен «Бақ ішінде деп аталатын туындысын талдап көрейік.

Өмір маған ұнайды соңғы кезде,

Соңғы кезде жібіді тоң мінез де.

Сені ғана ойлаймын бұл күндері,

Керегі жоқ секілді жанның өзге.

Жо-жоқ… керек; дос, бауыр, ана керек,

Және сенің орының алар ерек!

Бұл – алғашқы өлеңім өзің жайлы,

Өзім жайлы бұл да бір жаңа дерек.

Автор сыршыл сезіммен жүрек сырын өлең арқылы жайып салуының өзінде ұяңдық бар. «Керегі жоқ секілді жанның өзге» десе де «Жо-жоқ… керек; дос, бауыр, ана керек» деп түзетуі Арайлымдағы аңғалдық пен балалықтан хабар беретіндей. Лирикалық қаһарман өзіне тән еркелікпен наздана отырып, болмыс-бітіміндегі «кемшілікті» де жасырмайды. Мінезіндегі өзі қиын деп танитын тұсты да ескеруін сұрайды. ««Жүрек» деген сөз шығар ең әсерлі /

Жүрек деген – сезімнің  астанасы» деген жолдар ақынның алғаусыз көңілін білдіреді. Жастыққа тән албырттық, сенім, максимализм Арайлымда да бар. Сосын да ол:

Сендік құрмет бағамды биік еткен,

Көңілімде жиі жаз, жиі көктем.

Өмірің ұзарады, білесің бе,

Осы өлеңнің авторын сүйіп өтсең…,- дегенді батылдықпен айта алады.

Арайлым өз болмысын өлеңге боямасыз шынайы көшіре білетін ақын. «Кешкі бақта» өлеңінде:

Қылықты емен, қызға тəн жоқ бұрымым,

Бір жүректің сонда да от-жырымын.

Мені ақын деп ойлайды ел, шындығында –

Тағдыр ғылымдарының докторымын!,-десе де, ол мұңаюды ойламайды, өмірдің анықтамасын  іздейді. Табады да. Арайлымның ойынша «Жел дегенің –  Өмірдің күрсінісі, Өмір деген  – Жүректің əңгімесі». Ойланарлық дүние. Құдайдан алыстамауды өмірді сүю деп ұғатын ақынға қолыңнан қаламың түспесін, жаза түс дегіміз келеді.

Әлімжан Әлішер 2018 жылы «Мені құшақта» кітабын шығарған. Таныстырылымы өткенде облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне шағын пікірімізді жазғанбыз. Одан беріде екінші университет бітіріп, үлкен өмірге жолдама алған ақын бүгінде «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде шәкірт тәрбиелеуде. Ғаламторды ақтарып, өзімен хабарласып жаңа өлеңіне қолымыз жетпеген соң айтылған ойды қайталағымыз келмеді. Келешекте кітап шығарып жатса, пікірімізді білдіруге дайынбыз.

Сүндет Сейітов -  «ШАМ» жас ақындар орталығының жетекшісі, шағатай тілінен орта ғасырлық Хафиз Хорезми, Мухаммад Салық, Мухаммад Шайбониханның ғазалдарын қазақ тіліне аударып жүрген еңбекқор ақын. Бүгінгі талқылауда басқа ақындардан тақырыптық тұрғыда өзгешеленетін ақын өлеңдерінде қоғамның үні, мемлекеттің мүддесі, азаматтың жан айқайы бар. «Назарбаев көшесі», «Бүлдіргі», «Қаңтар оқиғасы», «Ұмытпас», «Бір сен деседі» атты өлеңдерінде қоғамда болып жатқан оқиғаларға баға беруге тырысады. Ақын өлеңге өмірді көшіруде соны ізденіске, жаңашылдыққа  баруға ұмтылады. Сүндетке әлі де шығармашылық шеберлікті арттыра түссе деген тілек айтамыз. Тағы бір айта кететін мәселе, бұқаралық ақпарат құралдары мен портал, сайттарға берген сұхбаттарында Сүндет ойындағысын жасырмайды. Тіл ұшына келгенді іркімейді. Бұл шынайылық тұрғысынан дұрыс та шығар, десек те ақындарды өздеріне үлгі тұтып, оқитын жас ұрпақтың тәрбиесін де ойлау керек. Оқырман үшін, әсіресе кіші жастағы өлеңсүйер, әдебиетші болсам деген жастар үшін ақын айтқан әрбір сөз – маңызды. Сондықтан сұхбат беру барысында, ойланып, толғанып, жастық шақта айтқан сөзге қарттық жаста ұялмайтындай жауап беруге тырысқан дұрыс болар.

Өз сұхбаттарында «есімім – Өтірікші» дейтін бір ақын бар. Ол - Нүркен Нұрғазы. Нүркеннің өзі қандай жұмбақ болса, ішкі жан дүниесі де сондай тылсым көрінеді. Көпшіліктен оқшау жүретін ақын өлеңдерінде де оқшау ойлар көп кездеседі. Ақ өлең үлгісін байқап көріп, сонылыққа барыңқырап жүрген Нүркеннің қаламынан туған жырлар «Қасым.кз.» порталында жарық көрген екен.  Оқып көрелік:

 ажал айтып келер болса:

есікті таулармен бекітіп қояр ем…

жер бетіндегі сəбилер мен гүлдерді,

сыңғырлаған күлкілер мен

былдырлаған тілдерді

жүрегімнің ең түкпіріндегі бөлмеге кіргізіп,

алақаныма мəңгіліктен сарай тұрғызып,

əзірейілді аула сыпырушы етіп қояр ем…

эй, өмір, недеген баяу ең!

эй, өлім, недеген таяу ең!

/біз бəріміз жардың шетінде екенбіз…

біз бəріміз желдің өтінде екенбіз…

мейірімді адамдар салмақсыз келеді екен,

ал, құдай бүгін қаттырақ үрлеп жіберді…

Түсіндіріп талдауды қажет етпейтін осы 14 жол өлеңең ақынның болмысын байқауға болады. Осы топтамада жарияланған «ДӘРУMAN», «Пәк пейзаж», «Бақылау», «Аққу» тағы басқа өлеңдерін оқығанда ақынның өмірге деген көзқарасы мен өлеңдеріндегі пікірдің тоғысы бірдей ме екен деген ой келгені рас. Шынайы екендігіне «Аққу» өлеңін оқығанда көзім жетті. Аллегориялық тәсілмен өрілген өлеңде ақын аққу бейнесі арқылы өмірдің кей сәтін суреттеуге тырысады. Өз мұңын, сырын аққуға айтқызу арқылы ашылғандай да болады. Бірақ:

Көздің жасын жөн шығар төгіп те алған.

Аяп кетті аққуды көріп қарға…

Мүмкін біздің шынайы сезіміміз

Бір күмәннің ішінде өліп қалған?,-

деген түйіндеумен одан сайын жұмбақ бола түседі.

Ақынның фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасынан көзімізге түскен «Өзгеру», «Іздену» Сансара» атты өлеңдерін оқығанда ақындағы іңкәрләк пен құштарлықты және өзгеше бір беймәлім мазасыздықты сезінгендей болдық. Сенім бар, үміт бар. Десе де, реніші мен өкпесін де жасырмайды. Жастыққа бәрі де жарасымды.

Құдайсыздау жағдайымдай қазіргі

жан-жүректі жылататын əзіл бұл –

осы түнде дінге айналып кетсеңіз,

сізді қабылдауға əзірмін,-деген Нүркендегі сыршылдық таусылмаса екен, сезімі ақ параққа өлең болып төгіле түссе екен дейміз.

Ақбота Бейбітбек - ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. "Көңіл күйсандығы" жыр жинағының авторы, 2021 жылы дәстүрлі қала әкімнің 29 жасқа дейінгі “Үздік жастар” премиясының “Үздік ақын” номинациясының иегері. Ақботаның ақындық кредосы – оның сезімі. Нені сезінеді, соны жырлайды. Оның болмысындағы аздаған тәкаппарлықтың өлеңдерінен болар-болмас байқалуының өзі әдемі.  «Қарайып кетпесін деп жұдырық ет, Айналып кетпесін деп көңіл тасқа. Күресіп келемін!» деп жырлаған Ақботаның мұңы – тынышсыз, ол жаңарған һәм көнерген. «Сырты – жас, іші – қарт / Ғұрпы – хас, ісі – мәрт». Бекзада әрі бегім мұңын сүйетін  Ақботаның көңіл жасы – қария. Ақбота жастығына қарамастан философиялық ой айтуға ұмтылады:

Тұрғыздық есігі жоқ ойдан қамал,

Бір күні сәт туады бейғам болар.

Бақ ішін көлегейлеп тұр көлеңке,

Келер деп қайдан сәлем, қайдан хабар…

Кейде осы өлеңді жазған отызға да толмаған жас ақын ба дейсің таңданып..Бәлкім, бұл ақынның өмірді ерте танып, басқаша қабылдауынан шығар, кім білсін?!Атақты француз жазушысы Виктор Гюгоның қызы Адель Гюгоны жырға қосып, онымен диалогқа түсуі Ақботаның ізденімпаздығын көрсетеді. Жауапсыз махаббаттың құрбаны болған арумен бүгінгі күн тұрғысынан сырласуы, оны бәрінен биік қоюы бір қарағанда түсініксіз көрінуі  мүмкін. Бірақ өлең соңындағы Адельдің аузына салған ақынның:

Сүю –бақыт, сүю –азап, сүю –сор,

Ақтамаңдар, аямаңдар, дұрысы!,-

деген екі жол ол сауалдың түйінінің күрмеуін шешіп береді.

«Менің жазым – сен» деген метафоралық тәсілмен өрілген өлеңнен ақындағы еркелік пен наз қылық көрініс табады. «Сен үшін таңда оянғым келген» өлеңін алғаш оқығанда неге екені белгісіз есіме Фариза мен Күләш ақындардың жырлары түсті. Араны ғасыр бөліп тұрса да махаббат тақырыбының бұлайша жырлануы сезім ортақтығынан болса керек.

Сен үшін қайта жаралғым келген,

жаңарғым келген сәт сайын,

О, шерлі көңлім, фаруаз мұңым патшайым.

Ақын қыз дедің,

Атың Күз дедің, Көктем ем,

Мезгілінен кеш көктеген… Ия, Ақбота Бейбітбек – көңіл-күйдің ақыны. Онда мұң да бар, сағыныш пен сезім, қуаныш пен шаттық та бар. Өкініш жоқ. Бұл бізді қуантады. Бақытты болашаққа деген берік сенімнің сезілуін де жақсылыққа баладық.  Себебі, сөзде кие бар. Ақындар өз болашағын өлеңмен өретінін ұмытпағанымыз жөн. Әрине, Ақботада кемшілік жоқ емес. Кей өлеңнің бір жолдарындағы сәтсіз тармақтар мен ұйқас үшін алынған бірі-екілі сөздер оның ақындық қуаттылығына көлеңкесін түсіре алмайды. Ақынға шығармашылық табыс тілейміз.

Зәрлі түннің ышқырына шер толтырған келесі ақынның өлеңдері өзгелерден бөлек. Мүмкін әлемі бөлек. Сосын да болар қолтаңбасы ерек. Түнді салт басты санап, серігін іздеттіріп, жарықты аялай күтуі де өзгеше. Шерлі түннің өзінен сұлулық іздеген бұл ақынның есімі де әдемі. Сезім. Ия, Сезім Мергенбайды оқитын оқырмандары жақсы біледі: ол нағыз сезімнің ақыны. Оның өлеңдеріндегі тосын теңеулер мен эпитеттер, метафоралар мен метонимиялардың орын-орынында, жөн-жөнімен тұрғаны соншалық, талдау барысында байқалмай да қалады. «Үмітімнің ақ сырғасы», «қоздауық – қызғаныш», «сыздауық – сағыныш», «қоңсы мұң», «жалған жатыры», «тақуа таң»....осылай жалғастыра беруге болады.

Ақын өлеңдерін оқып отырып, ондағы синтементализмді аңғармау қиын емес. Бірақ ол қайғырып қара жамылған, тұңғиыққа түскен шақта емес - жақынын жоғалтқан жанның Құдаймен тілдесуі, Құдайды еске алуы,  «Шетінеп кеткен сезімдерімнің / Басында аят оқыңдар!», «мола қазғанмын / Жұмыр етімнен қуықтай» дейтіндей сарында берілген. Тек тереңдемесе екен деген тілегім бар. Ақынға сөзді Алла салады десек те байқаса екен деймін.

Сезінудің де өзі бар ғажап! Өзі бар ғажап күй кешу!

Сүйіктілігіңді сезген сәт- деген жолдардағы «Сүйіктілігіңді» сөзін «Сүйікті екеніңді» дегенмен алмастыруды ұсынған болар едік. Сондай-ақ, «жек көрініштер», «көп төгілістер» деген сөздердің де қолданылуы мен жазылуына назар аударса дейміз.

Қатарынан оза туған хас талант, өмірден жыл бұрын озған марқұм Аягүл Мантай таныстырған таланттың есімі – Салтанат Мадиярқызы. Өткен жылы тұңғыш жыр жинағы жарық көрген ақынды өзгелереден айрықша дараландыратыны  – оның асқан сауаттылығы мен санасының биіктігі, өрлікке толы оптимизмі дер едім. Неге екені белгісіз, Салтанаттың өлеңдерін оқығанда оның даусы қоса естіліп тұрады. Жалғыз маған ғана солай көрінетін болар десем, фейсбукке жариялаған бір өлеңінің астына жазылған пікірлердің бәрі де осылай депті.

Салтанаттың болмысындағы еркелік, батылдық, өр рух пен намыс, табандылық – барлығы да оның өлеңдерінен көрініп тұрады. Тіпті осы аталған қасиеттер оның өлеңдерінен әуен боп естілетіндей.

Ақынның паспортына айналған өлең деуге болатын шығар, «Шахмат» жыры – ақынның өмірлік кредосын айқындап тұрған отты жыр. Бейнепоэзияға сұранып тұрған өлең кәсіби мамандардың қолына түссе дап-дайын сюжетті бейнеролик болғалы тұр. Метафоралық тізбекпен өрілген өлеңде  көркемдегіш құралдарды жөнімен қолдана білген ақын үні алыстан талып естілмейді, тау-тасты жарып анық та айқын естіледі. «Көп күмән – қара, Мендік ой – аппақ», «тақта да – көне», «патша – көңіл», «шегіну де бір, жеңілу де бір – жеңілдеу», «күмбез –көк», «тау-ойлар», «дұға-күнделік»  тағы басқа толып жатқан мысалдарды көптеп кездестіруге болады.

Қазіргі қазақ поэзиясында ақындардың Құдаймен тілдесуі, Құдайды іздеуі  әртүрлі мазмұнда екенін байқауға болады. Салтанат та бірде «Емші» Уақыт, алдымен өз дертіңді емдеп ал! / Мендік көзбен қарасаң, Құдай барлық жерде бар» десе, келесі өлеңінде «Өз жолыммен жүріп өтер бес күнде, /Құдайдың да аяғанын күтпеймін!», ал енді бір өлеңінде «Жолданған хатқа бір жауап бере алмайтындай, Құдайда уақыт жоқ па, әлде, Уақытта құдай?», -  дейді шорт кесіп.

Мұндай тосын түйіндеулер Салтанатта молынан кездеседі:

Бұлт бүркеніп керім күннің жанары,

Күмбез — Көктің ашылмады қабағы.

Сауал да емес, кейде жаңбыр

Бізге Аспан

Өзі қойған сұрақтардың жауабы!

немесе

«Өмір — күрес» деген елді аңғардым,

Жеңілістің өзі жоқ қой, мен үшін.

Әлі күрес алаңында Мен бармын,

Сабақ болған әр сынағым — Жеңісім!

Салтанаттың поэзиясындағы сезімнің өзі оптимисттік күйге құралған. Ол сағынса да, мұңайса да, азап шексе де еңсесін түсірместен өмірге тік қарайды. Өлімнің өзіне батылдықпен үн қатады. Оның өлеңдері қуатты. Серпінді. Көңілге сенім сыйлайды. Сезім Мергенбай екеуінің бір-біріне арнаған өлеңдері олардың болмыс бітімін, бүкіл жаратылысын жеткізеді. Өлеңді Өмірден бөлек қарамайтын олардың  сыйластықтарына сызат, сенімдеріне селкеу түспесе екен деп тілейсің іштей.

Бәрін жазып қайтейін, түнгі сырдың.

Ең Әділ Құдыретке құлдық ұрдым.

Берешегім бар әлі келешекке,

Алашағы бар менен бұл ғұмырдың!

Шын ұқтым!

деп жырлаған өр рухты ақынға өлеңінмен өмірді сәулелендіре түсші дегім келеді.

Маржан Әбіләзімова – мен үшін жаңа есім.

Менің өзімнен көп мылжың көзіме қара,

Құшағына сезіммен жиірек алатын.

Сен өзіңе менің көзіммен қара

Өзіңмен қоса әлемді сүйе алатын,- деп жырлайтын жас ақынның өлеңдері нәзік лиризмға құрылған. Лирикалық қаһарман – өмірге ғашық, өлеңге ғашық, бозбалаға ғашық бұла бойжеткен. Өмірді ғашықтық сезімімен өлшейтін автор өлеңдерінде оқшау ой, тосын тұжырымдар жасауға талпынады. Онысы нәтижесіз де емес. Десе де ақынға әлі де көп ізденіс керек. «Жер» атты өлеңінде ақын ойлы, мазмұнды жыр жазуды мақсат еткен. Ондағы әр шумақтың соңында айтылар философиялық ойдың да салмағы ауыр. Десе де ой шашыраңқылығы басым. Сөздерді ұйқас үшін емес, мағынасына сай етіп орынды қолдану ақындық шеберлікті талап етеді. Ал ол уақытпен, еңбекпен келетін жеңіс. Авторға сәттілік тілейміз.

Сабыржан Ахан атты жас ақынның өлеңдерімен баяндаманы дайындау барысында таныстым. Жастығына қарамастан алғашқы шығармашылық кешін өткізіп үлгерген жас ақынның өлеңдерінде жастық максимализм мен оптимизм, махаббат, сүйіспеншілік, көңілдің кейбір сәттері  бейнеленген. Сабыржанда сәтті шумақтар мен тап-тұйнақтай тармақтармен қатар шашыраған ой, стильдік ауытқулар, ұйқас үшін алынған сөздер кездеседі. Қазақы ұғымда шалдың баласы деген абыройлы атақ. Ал Сабыржан оны «Мені "шалдың баласы" дейді адамдар, Күлейінбе қайтейін, жылайынба?..» деп қабылдайды. Мүмкін ақын ата-анасының  қартайып, шау тартқанын жеткізгісі келген болар?!

Күндер өтіп барады, жыл жаңарып,

Сазардым ба білмеймін, бозардым ба?..

Ата-анамның ажарын ұрлап алып,

Өмір өтіп барады көз алдымда…

Әйтсе де, жас ақынға бұлай деуге әлі ерте деп ойлаймыз. Сабыржанға өмірде де, өлеңде де өсу тілейміз.

«Маңдайына біткен елдің бақ гүлмін, Жырлай білу – шаттығым....» деп өлең өлкесіне енді қадам басқан жас ақын Жүрсінбек Жамалдың бірнеше жырын сәуір айында облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті жариялады. Жас ақынның өлеңдеріндегі махаббат тақырыбы нәзік сезімталдықпен жырланады. Онда лирикалық қаһарманның сыршыл лиризмге толы сезімімен өрілген өлеңдермен қатар «Құлын махаббат» атты сюжетті туынды да бар. Ұрланған биенің қорада қаған құлынына оралуы шағын өлеңде шынайы берілген. Жамалдың қаламына сыршылдық тән. Алдағы күндерде де автордан ақындық шеберлігін шыңдай түсіп,  сыршыл лиризмге толы нәзік жырлар жазады деп күтеміз.

 

Тағдырын балгер шешпейтінін кеш те болса бағамдаған Бақжан Мақаш – ОҚМПУ-дың биылғы түлегі.

Баянсыз махаббатты жырға қосқан Бақжанға махаббат та да, өлеңде де жолы болсын деген тілек айтып, көп ізденіс пен шығармашылық шабыт тілейміз.

 

Аталған авторлардан  басқа қалам тербеп жүрген өзге де  ақындар атымыз аталмай қалды деп ренжімесе екен. Қысқа ғана уақытта хабарласып, қолымызға түскен өлеңдерді хал-қадірімізше талдаған болдық. Өз ой пікірімізді білдірдік.

Жалпы, барлық ақындарға тақырыптық тұрғыдан болсын, идеялық, композициялық,  стильдік тұрғыдан болсын ізденген үстіне іздене түссе дегенді айтқым келеді.

            Шығыстың ғұлама ғалымы Жалаладдин Руми қалдырған жазбаларының бірінде: «Құраннан Алланың иісі, хадистен – пайғамбардың иісі шығып тұрады. Ал біздің сөйлеген әр сөзімізден, әр істеген ісімізден өз халқымыздың иісі шығып тұруы керек» деп жазыпты дегенді оқығаным бар еді. Өлең шіркін өсекші жұұртқа жаядының кері емес. Өлең – біздің ішкі сырымыз бен жырымыздың, мұңымыздың, қуанышымыздың сыртқы көрінісі. Өлеңнен өмірдің, жастардың поэзиясынан жастық максимализм мен оптимизмнің, өрліктің исі, ұлттың мүддесі аңқып тұрса дейсің. Төрт аяғын тең басқан, жұп-жұмыр, жып-жинақы терілген сөз маржанын күтеміз.

 

Сөзімнің соңында филиал жұмысын жүйелі жүргізіп, жақсартуға қатысты бірнеше ұсынысымды жеткізгім келеді:

-  Филиалдың әлеуметтік желілерден арнайы парақшасын ашу және тұрақты түрде жүргізу (барлық ақын-жазушылар, әдебиетшілер жазба қалдыра алатындай мүмкіндік жасау);

- бір кездері жақсы жұмыс істеп тұрған «Қаламгер» сайтын қайта жандандыру немесе қайтадан филал жұмысын көрсететін жаңа сайт  ашу;

- ақындардың өлеңдерін бұқаралық ақпарат құралдарына, сайттарға аға буын қаламгерлердің пікірімен қоса жариялау;

- бұрын өте жақсы тұрақты түрде жұмыс істеген «Оқырмандар отауының» жұмысын жаңғырту;

- ақындардың өлеңдеріне бейнеролик немесе клип түсіру және оны филиалдың ютуб каналына жүктеп отыру (оны арнайы маманның көмегінсіз кез келген жақсы смартфоны бар адам да жасайды);

- Филиал жұмысын белгілі бір даталы күндерге немесе әлдебір ақын-жазушылармен кездесуге ғана қатысты емес, тұрақты түрде жүргізілуін дәстүрге айналдыру;

- өңірдегі драматургия жанрының дамуын қолға алу, жастарды тарту.

 Жазушылар Одағының Шымкент қалалық филалының жұмысына табыс тілеп, баршаңызды өңіріміздің әдеби тыныс-тіршілігін танытуда бірлесе жұмыс атқаруға шақырамын. 

Филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш САПАРБАЕВА

11.05.2022 жыл

Шымкент қаласы

Қазақстан Жазушылар Одағы Шымкент филиалы

Әдеби жыл қорытындысы