СЕЗІМ МЕРГЕНБАЙ. ПЕРІШТЕГЕ ДЕ АЙНАЛА АЛМАДЫМ...

***

 

Сорғалап көздің жасы,

Көктің жасы,

Үзілді үмітімнің ақ сырғасы.

Ол аңсар сұлу жерде жүрген шығар,

Мен аңсар мағыналар жоқтың қасы.

 

Жоғалтып мағынасыз күн дерегін,

Жамалсыз жаным жасып, жүнделеді.

Қоздауық – қызғанышым қара басып,

Сыздауық – сағынышым сыр береді.

 

Көңілі 

көңілге сай күй ұқтырмай,

Әзәзіл жүрегімнен биік тұрды ой.

Сезімім – сөзге сыймас,

сазға сыймас,

Мөлт еткен бір тамшыға сыйып тұр ғой.

 

Абайсыз аса аяулы сәтке үңіліп,

Сыядай сырбаз сырым көп төгіліп

қалғаным қалбалақтап,

жауратып ой

сорғалап көзден уыт,

Көктен уыт.

 

***


Уа, уақыт!
ілесе алмай саған қалып кетсем ғой,
Болып кетсем ғой беймәлім...
Жалған жатырын жарып кетсем ғой,
Бақұл боп кетсе ойларым.

Бәріне түгел талақ айтсам ғой,
Еркін болсам ғой сендей-ақ.
Апама марқұм бара қайтсам ғой,
Бара қайтсам ғой өлмей-ақ.

Сағынулардан мақұрым қалсам,
Жан маздамаса бейуақ.
Маңызы болмай шақырымдар сан,
Жалт берсем көптің гөйі қап.

Естеліктерден жат болып кетсем,
Сақтамай қатпар-қатпарын.
Жалған заңдарын ақтарып кетсем,
Төңкеріп кетсем тақтарын...

«Шекті шексіздік» сызығын қиып,
Сүйірлеп сызып кетсем ғой.
Дүниенің мынау қызығын қиып,
Бақұл боп кетіп,
жерлене қалса тепсеңде ой.

Періштеге де айнала алмадым,
Бата алмай тағы күнаға.

Жұт болмап еді қайда қалғамын?
Тәңірлі ме екен бұл ара?!
Қадірлі мекен бұл ара?!

 

КЕЗБЕ

 

Шымкент – шіліңгір сезімдерімнің куәсі,
Зәрезап болған жанарымды аяп,
Сен де бір жылашы.

Мен сені аяйын,
Көз құрсағыңнан үзілген жасқа,
Өз төсімді әкеп жаяйын.
Жолымды тосып өкіріп тұрған,
Автобустарға отырмай.
Тратуарларды аяқ ізіме бояйын.

Кофе ішсем бе екен ащылау,
Шай ішсем бе екен тәттілеу?
Жанымды мынау жас шылар,
Осып алғандай тап біреу
Күй кешіп келе жатқасын
Жасымды жұттым ішіме
Жүрекке қалап көк тасын.
Шараптан ащы, шырыннан тәтті,
Жасымның буы бұлтқа ұшты.
Есімді алатын ыстық елестер,
Айналып жүріп сырт қашты.

Ойкезбе басым жүйесін тапты,
Жүйелі жолдар иесін тапты.

Қош келдім!

 

***


Тарамыс түн.
Тақуа таң.
Тылсым уақ,
Сәуле себер жер жаһанға шым-шымдап.
Түн сүйетін уыт әнеу кірпіктен,
Ада болмақ сусылдап.
Сонсоң қалт-құлт қалтыратып тізесін,
Түн мас күйі кете бармақ қ
орсылдап.

Көк сорлайды ерте сөніп жұлдызы,
Ел зарлайды көктей солып ұл-қызы.
Күн дерттенер,
Құрмет те өлер со күні
Есі ауысып атқан күнге қырмызы.

Дала кезген дәруіштей данагөй,
Қат-қат көкті асып,
Босып барады ой.
("Жан тынышы – жұлыныңды үзу ғой.
Жер тынышы – мола ғой.")

 

СЕЗІМДЕРДІ ЖОҚТАУ



Жылап отырып Құдайды еске алам,
Құдайды еске алам Құдайды.
Жанардан бұлай-бұлай жас тарам,
Шарап ішкен де ұнайды.
Ұнайды маған жек көрініштер,
Кектеніп іштен өртену.
Көз көзесінен көп төгілістер,
Жүйке тамырымды шертеді
Еңкіл де еңкіл күй қылып.
Мінезді мүше шоқты үріп іштен,
Сала бастайды қиғылық.
Алай да дүлей дүбәрә халде,
Өліара кезген қаңбақтай
жүргенім жүрген.
Бірақ әлемге
сезімдерімді қорлатпай
Өлең жазғанмын,
Мола қазғанмын
Жұмыр етімнен қуықтай.
От жалмай салды о қағаздарды,
Сабан кемірген тұлыптай.
Шерім бар менің көзімде күлгін,
Сағынышым бар аһ ұрған.
Шетінеп кеткен сезімдерімнің
Басында аят оқыңдар!
Шетінеп кеткен сезімдерімнің
Басында аят оқыңдар...
(Ағузу...)