СЕН ЖӘНЕ МЕН

***

 

Менің сұлу кезімде,

Менің ару кезімде,

Жанарымды ешқашан жас шалмаған кезімде,

Өлеңімді күлкімен астарлаған кезімде.

 

Жүрегімді күндіз-түн ән билеген кезімде,

Сезімімді жұлдыздар әлдилеген кезімде.

 

Дүниені әлі де түсінбеген кезімде,

Шәрбат болып ешкімге ішілмеген кезімде.

 

Жасын шалған қабағын ерте көктем кезінде,

Бал-бұл жанып ажарың еркелеткен кезіңде.

 

Құшағыма аспаннан Ай құлаған кезімде,

Қара көзің мөлдіреп жаудыраған кезіңде,

Сәуір түні сансырап, маужыраған кезінде.

 

Әлемімді сен менің жарық еткен кезімде,

Жанарыңда мен сенің жанып кеткен кезімде.

 

Маxаббатты бір ғажап тылсым деген кезімде,

Сені ойлап жымиып, күрсінбеген кезімде,

Ақ жаңбырға шомылып,

Көкірегім толы үміт,

Сіз, біз деген кезімде,

Кезіккен едің.

Менің бақыттан басым айналған,

Арулығымның сезіп беделін.

Сен және мен...

 

***

 

Сұлу болған екенмін ғой,

кеш ұқтым,

Жүре бердім,жүре бердім,

кешіп мұң.

"Сен сұлусың" деген сөзді

сонан соң,

Қаншама рет,қаншама рет,

есіттім.

 

Өмір ғажап,өкпегіне шырмалып,

Жылдар өтті, жылдар өтті,

бір қалып.

Махаббатқа ғашық болып

сонан соң,

Ақ қайыңдай шыға келдім

ырғалып.

Жүрегімді тербетті де

жаңа әуен,

Ал жанымда пайда болды

жаңа Мен.

Ал жұлдыздар қарап тұрды

аспаннан,

Жүз жыл бұрын,сөнген сірә,

шамамен.

Сен келдің де, теңселдім де,

ілестім,

Көңілімде көктеді де,

гүл өскін.

Не екенін сездім сосын,

қызығы,

Күн нұры мен Күнестің.

Талай сұлу талайыма

тең келмей,

Келем әлі,келем әлі,

өң бермей.

Күнге қарап мен күлкімді

көремін,

Айға қарап жол табамын,

сенделмей.

Қолыңды бер,жолсызбен де,

жолмен де,

Жүре берем,

өзің іздеп келгенде.

Мен сұлумын,бақыттымын,

ғажабы,

Ал уақыт өкпелейді

шерменде...

Сұлу іздеп,менен төмен,

басқадан,

Қанша ғасыр шырқады ғой,

аспан ән...

Мен өзгергем,мен ғашықпын

өмірге,

Заида шайыр,бүгін енді,

басқа адам.

Сен келгенде,

көктемі не,күзі не,

Көкте құстар қуанады

тізіле.

Гүл төсейтін менің

жүрген ізіме,

Жанарыма шым бататын

сүзіле,

Сен аман бол!

Қуанышым жердегі,

Жүрегімнің табылғандай

енді емі.

Мен арумын,қадіріме

жетерсің,

Ай бейнелі,

және жұлдыз перделі...

Сен және Мен.

 

***

 

Мен гүл сағағындағы тамшымын,

Айдың түсіне кіремін.

Жұлдыздардың шөлін қандырады жан сырым.

Бала құстай талпынады жүрегім.

Мен мұңмын гүлдің некесіндегі,

Мен аңызбын Айдың түсіндегі.

Ауаға таралады сенің күлкің

тек есімдегі,

Айналамда билейді балбалдың

мүсіндері.

Мен шындықпын Айдың

жанарындағы,

Мен маxаббатпын құстың

xабарындағы,

Мен тылсыммын түннің

жамалындағы.

Мен өмірмін уақыттың

амалындағы...

Айлы түнде,жұлдыздар

жусағанда,

Жүрегім сусағанда,

Мұxит толқындарының

әжіміндегі дауыспын.

Мен сені сүйген едім,

Төзімімді тауыстың.

Сүюді мен сенен үйренемін,

Енді менен раxым күтпе,

Мен гүл суретіндегі ауышпын...

Есімнен тандырды,

Жұлдыздың жүрегіндегі

кекесін мені.

Мен маxаббатпын гүлдің

некесіндегі.

Мен көлеңкесімін сенің

көз жасыңның,

Сені сүйе беремін,

тозбасын Күн.

Сен және мен...

 

***

 

Мен сенің құшағыңа құлағаным жоқ,

Алдыңда басымды иіп, жылағаным жоқ.

Бірақ, сыртыңнан өмір бойы ұнатып келемін.

Содан ба, көктем болып бүр атып келемін.

Білмеймін, сен сездің бе, сезбедің бе?!

Бір сәуле ойнайды ылғи көздеріңде.

Білесің бе, менің көш-керуенім көкжиекке сіңіп барады,

Сирек жұлдыздар тісін ақситып, күліп қарады.

Сенімен бірге болу арман еді,

Жүрегімде орны толмас бір нүкте қалған еді.

Сол, сол жиында саулық сұрап, қолымды алғаның,

Менің мәңгі-мәңгі жолым болғаны.

Сен мөлдіреп маған қарағансың,

Білемін, сен нар адамсың.

Сен армандап тұрдың,

Мен де армандап тұрдым.

Құшағыма сол сәтте жалғанды ап тұрдым.

Аһ! Далаға шықтық!

Жеткізбейтін қала қашықтық.

Жұлдыздар қонақтады Айдың миығына,

Мен үнсіз сүйендім сенің иығыңа.

Мен дем шығармадым.

Сен тұрдың бөлек болып шығар жаның.

Түн. Түн. Түн-тыныштық.

Тыныштықты бұзды сыңғырлап күлкім ыстық.

Іштей ғана бұлқыныстық.

Ал, сосын... айналсоқтап айналада жүр тыныштық.

Құшақты ақ арманға айқара аштық,

Еһ! Армандадық. Жәй тарастық.

Арманға мен сенемін.

Теңіздегі толқын ұрған қайықтай теңселемін.

Маxаббаттың шарабын түн ұрттапты.

Мен мызғып кеттім.

Тереземді қолымен ымырт жапты.

Сен және мен...

 

***

 

Көз жасымды сүртпе менің,

Тамшысында көктем бар.

Мен келмеймін, күтпе мені,

Саған деген өкпем бар.

Телефон да шала берме,

Мықты болсаң кел өзің.

Ғашықпын деп жана берме,

Сондай менің мінезім.

Жүре берем жанып іштен,

Қолдан келсе өшіргін.

Өзімді-өзім тағы күшпен,

Бірер сәтке кешірдім.

Құшақ-құшақ гүл әккелдің,

Қызылын да сарысын.

Мен көзіңнен сұрақ көрдім,

Сағынышың жарысып.

Мендегі арман ғашық саған,

Сағынышым сары гүлде.

Көрінбесең жасып қалам,

Жанарыңмен жарығым де...

Сен және мен...

 

***

 

Сен менің жүрегімдегі жұмағымсың.

Досымсың.

Сарғаятын күнә-мұңсыз.

Көктемсің күліп келетін,

Жүрегін жұлып беретін.

Сен менің естияр есімсің.

Өлеңнен ес жияр кешімсің.

Сен бірақ өлеңге емес,

Маған ғашықсың.

Сенің сезіміңнің жанында,

Сілейіп қалар жасып Күн.

Сен бір жасыл көктемсің,

Ай астындағы.

Арманым сені көріп жәй

асқынбады.

Тірліктің тосырқатты баянсыз әні.

Мені қызғандыр, қызғана берейін.

Тағы да өмір сүріп көрейін.

Аяма мені, құштарлығымды оят,

Іштарлығымды оят.

Көктем кешейін.

Биыл кеттім қатты "есейіп".

Әнімді де ұмыттым,

Сәнімді де.

Сарғайып кеткен қарашы,

Жаным міне...

Сен күшті бол, сұсты бол,

Болмаса саған бағынбаймын.

Таудан аққан ағындаймын.

Жазда көшкен сағымдаймын.

Мені өшірме,

Жанарыңа көшір де,

Жүрегіңе жасыр.

Мен бір диуана шайырмын,

Тобығынан келмес ғасыр.

Бірақ әйел жүрекке

Әлім келмеді.

Мейірімге жаным шөлдеді.

Кешір...

Алматыны тұман басып барады,

Жанымды күмән басып барады.

Сыбызғы сазы жылап тұрды.

Сезімімді сұм тағдыр лақтырды.

Жылдар, жылдар өтті,

Ақын жүрегі ғашық екенін,

Бірақ, білді...

Сен және мен...

 

***

"Праздник нужен душе!

Праздник! Я его долго жду."

В. Шукшин

 

Еһ! Өмір кештім қиялыма сүйеніп,

Анда-санда армандармен табысып.

Көз жасымнан шарап жасап, киелім,

Түнім суып, таң ысып.

Еһ! Өмір сүрдім. Жылап. Күліп,

Күндерімді лақтырып,

Желдің көлеңкесінде.

Көңілімді күз ғып көктем.

Сырымды айттым,

Түнді оятып, мызғып кеткен.

Таусылма,

Бір жылылық бар ғой сенің даусыңда.

Бір мереке керек боп тұр маусымда!

Сен доссың ба, жаусың ба?!

Бір мереке керек боп тұр маусымда!

Ашсыншы бір жан құшағын,

Оралсыншы таңғы шағым.

Тербетеді тал бұтағын,

Ал, мен болсам, көз жасымды жұтамын.

Теңіз болам, толқын ішіп,

Сейілмейді қорқынышым.

Өмір сүрдім ғасыр бойы үреймен,

Қашып барам, қашып барам, тағдыр деген дүлейден!

Тоқтат мені!

Жетелейді соқпақ келіп.

Енді арылдым.

Мен ғой сенің енжарыңмын!

Серпілт мені! Серт берем!

Ғасыр бойы алыстым ішімдегі өртпенен!

Жарық күнде дерттенем.

Сен бақытсың.

Мен бақытқа ғашықпын,

Қасына мені ертпеген.

Бір мереке керек боп тұр маусымда!

Таусылма!

Таусылма!

Сен және мен...

 

 

Заида Елғондинова, ақын,

Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты,

"Құрмет" орденінің иегері