ӘСЕЛ ОСПАН. АЛАҚАНДАЙ ЖҰМЫР ЕТ, ДҮРСІЛДЕШІ, ДҮРСІЛДЕ!

 

«Керегі жоқ саған садақ, жебенің,

Қылығыңмен өзіңнің өлтіресің, жеңесің...»

Хорезми

Махаббатнама

 

Ай сүйгенде аймалап қара  түннің кірпігін,

Ысырардай сәулесі көңілімнің кіл мұңын.

 

Құтханамның көрігі-қағаз, қалам, от-шырақ,

Сырлы тостақ ішінде шайқалады көп сұрақ.

 

Күндерімнің көшіне тәуба дедім, иә, Құдай!

Миымдағы ой қайнаған, қайтеді енді тасымай.      

 

Тазару да дүр меһнат, кетсең егер бір кірлеп,

Дүнияның мың даусы жүрегімде күмбірлеп.

 

Бара жатыр биіктеп, шыққан сайын әр төбем,

Жаратқаным, жар болшы, биіктесін мәртебең!

 

Сағынышты тербейтін жазайыншы бір дастан,

Таңырқасын менімен ғаламшар да, түнгі аспан.

 

Шаштарымнан сипасын самала боп жылдарым,

Мені өртеді мәңгілік кеудемдегі жыр-жалын.

 

Бозторғайдай шырылдап жаным кезді жаһанды,

Бұлбұлдарым толғасын ғашық жайлы мақамды.

 

О Хорезми, көрейін мен де өзімше толғанып,

Берер бәлкім, жыр-дастан өміріме мол бағыт.

 

Сансыз мадақ, Аллаға жер мен көкті жаратқан!

Һәм сұлулық салтанат махаббатпен жарасқан!    

 

Күн астында Күнекей секілді ашқан күн көзін,  

Атқан таңмен құс сайрар, гүл жаяды күлтесін.

 

Көкті тізіп жөңкілер қаз бауырлы ала бұлт,         

Ала бұлттың тамшысы Жер-Анадан нәр алып.

 

Бір жұтым су тіршілік тамырына күш берер,

Айдын көлдің ағысы айнадай боп құт келер.

 

Заманалар сәулесі шуақтанып маңайым,

«Махаббатнама» зәмзәмін ішейін де қанайын.

 

Көңілімнің бұлағы-көлсіз шөлдеп қалмайын,

Ішкен сайын Жәмшидтің кесесінен тамайын.

 

Гүлді айналған көбелек ол да дауа таппады,

Ойлар кетті адасып, сол дәуірге бастады...

 

Әмірліктің мекені-Алтын Ордам құбылам,                          

Мажазға ұйып,  хақиқат шертейікші сырынан.

 

*Мұхаммедтен Хожабек өз *дәулетін паш етіп,

Шатырынан сыңғырлап тостақтардың сазы өтіп.

 

*Хұсайынның пернесі жырлап төкті ғазалын,

Сырлы әлем сиқыры аударды елдің назарын.

 

Сұлулығы асқақтап, дәріптеді  қайыңға,

Зуһраның жүзіне Күн де ғашық, Айың да.

 

Толқын-толқын шаштары есіледі ерке жел,

Сұлулықтың патшасы- елестейді ертегі ел.

 

Көрген жанның жанары жарық болған жамалы,

Мың құрсаулы жүректің бұзатын да қамалы.

 

Сол ғажапты бұл жаһан жалау етіп суреттеп,         

Хорезми бар дағы шайыр болсаң түнеп кет.

 

Кеудесінен төгіліп ғазал жыр мен мәснәуи,

Шаһ сарайда шарықтап патша көңіл, патша күй.

 

Ұлықталды даңқымен Мұхаммедтен Хожабек,

Мың *дәбірдің бірі де тең келмеді оған бек.

             

Басқан ізін бақыт деп, жүрген жерін кіл жұмақ,

Тұратындай жүзінен төгілгендей күн шуақ.               

 

«Ирак, Үрім, Хананнан сізге келер пенде жоқ»,

...деген шайыр сырты сау, іші өлген шемен боп.      

 

Мадақтаулар аспандап, шаһ көңілін өсірді,

Қара түнде Ай қалқып ғажап кештер көз ілді.

 

Ұлылыққа бас игін, биік тұрған санадан.                       

Махаббаттың дастаны басталады «намадан».

 

Әр шымылдық сыйқырмен ашылатын секілді,

Әр «намадан» жыр-маржан шашылатын секілді.

 

Мәснәуилер «сабыр» деп басылатын секілді,

Сыр сағасы толқындап тасынатын секілді.

 

Сафаханның сазындай чанг төгеді өз күйін,             

Самаламен ойнасын жібек көйлек, бөз киім.

 

Кірпік қаққан көздер де машұқ жасын төгеді,

Сегіз пейіш сырға қанып, қызығын да көреді.              

 

Падишасы жаһанның танып білген шын шайыр,

Ләззаты жоқ ғұмырдан сүйіп-күйген мың қайыр.

 

«Көңіл Шырын сөзіне Фархад болған» ғашығым,

Нәркес көзге қадалған, қайран менің асылым.

 

Жамалына оранып, жел желпіген қолаң шаш,

Батыр, патша өзге жан аруға тең бола алмас.

 

Сұлулықтың сұлтанына сұқтанады көрген жан,

Ылайланып мөлдірлік, ақса қайтер көзден қан.

 

Табанынан өпкеннің ұзарардай ғұмыры,

Онсыз фәни дүниенің шым-шытырық ұғымы.

 

Тірлігінде сейілтпей көңіл, жүрек тұманын,

О дүниенің көрмессің рахаты мен жұмағын.

 

«Сәлемімді жеткіз» деп Айға, Күнге тіл қатар,

Ғашықтық та пендеге ауыр қастық тым қатал.

 

Көрінгенде көздерінің қарашығы от шарпып,          

Кетер еді жан түгілі балбал мүсін тас балқып.

 

Батты қайғы, шараптан құйшы қане, ей *сақы,

Өр кеудені теседі ғашықтықтың найзасы.

 

Адасар ед Хызыр да көрсе ерінін гүл атқан,

Қызғанар ед *тірі су тама да алмай бұлақтан.

 

Зүбәржат дидарынан гүл майысып балбырар,

Алаулаған от еріннен жәдігөй де шарпылар.

 

Ақылыңнан адастың, көзіңді шел солдырды,

Сұлулық та тым қаскөй, әз жолыңды ор қылды.

 

Біз шаң-тозаң, ол-дария тұнық еді тұмадай,

Басқан ізден күмістей төгіледі кіл арай.

 

Тікен қайғы жабысып, шарапқа бас қояды,

Тұманданған әлемім кімге құшақ жаяды?!

 

Сұлу көркі  қызығарлық, есі де ауар перінің,

Хордың қызы аттан түсер, жанай өтсе керімің,

 

Суретші де ұқсатпайды оның ғажап көркін де,

Жанарындай мөлдіремес Айлы түнгі көлдің де.

 

Көбелектей шарпылып, жалындары күл болған,

Армандары бос қиял, шөлейттегі сұр*бархан.

 

Ей, сақы дос, бал шараптан ішелікші құй бәрін,      

Кім тыңдасын мендей ғаріп мүсәпірдің күй-зарын.

 

*Майхананы иемденіп күнде шарап ішілді,

Жазғырады өзін-өзі көзге ілінбес міскінді.

 

Мәшһүрімді өзімдей түсінеді жайын кім?!

Он бір нама ғазалдың соңғы бетін қайырдым.

 

Мінәжат қып Аллаға, қолын жайған  шайырым,

Салмағы ауыр күнәға болса дейді қайырым.

 

Бақ тіледі Жәмшид ханға, баян етіп өз жайын,

Ғазал арнап талай түндер тауысқан ед көз майын.

 

Қанағатшыл жүрекпен бәрін ұту мың қайыр,

Тілімен де қырқады болса егер шын шайыр.

 

Шарапхана, мешіт те ашық, өз қалауы өзінде,

Сауық құрар сауықшыл да, бірде діндар көзінде.          

 

Қанша биік болса да бай-сұлтанды мал үшін,

Мақтамады, бұл дүниелік істерінің бәрі сын.

 

Тілсіз сезім булығады, айтылмаса базынам,          

Қаріп тізген түндерім, таң толтырған қазынам.

 

Тот баспасын жүректің құлпын ашар кілтін де,

Алақандай жұмыр ет, дүрсілдеші, дүрсілде!

 

Өзгерсе де тірліктің сан мыңдаған ырғағы,                  

Мендік көңіл-сезімнің қайталанбас құрбаны.

 

Көші өтер дүниенің  бүлыңғыр да сылыңғыр,

Бар күнәдан ада боп шапқыласын құлын-жыр.

 

Жанарымнан жаһұттай тамып түскен бір тамшы,

Көңілімді кір шалған жуып-шайып тұрсаңшы.

 

Тікенекті бұтадағы раушан гүлдің тұрпаты,

Суық қолдан қорғаушы, емес оның сырқаты.           

 

Мені құртса құртатын-ол сезімтал от жүрек,

Шаттығыма тең  емес, аз да емес көп тілек.

 

Жаппар-хақтан тіледім, ауса деймін мейірі,

Ғашықтардың тарқамас сауығы мен сейілі.

 

Аққа Құдай жақ болсын,  шапағаты Тәңірден,

Ғадауаты мың жолдың шайыр үшін ауыр ең.

 

Басы сүю ғұмырдың, соңы сүю болсыншы!

Ізгіліктің сәулесі әр жүрекке толсыншы!...

 

Мұхаммед Хожабек-Алтын Орда хандарының бірі.

Хұсайын пернесі- музыкалық аспаптың белгілі бір күйге лайықталған құлақ бұрауы.

Дәбір-аспан жұлдызы.

Сақы-даяшы жігіт.

Тірлік суы-Шығыс аңызындағы мәңгі жасартатын су.

 

Қайда екен, қайда, сол ақын?!

« ...Келемін қайтып, өлеңімді айтып,

Қайда екен, қайда, дариға сол қыз?!»

Қасым

 

Шабыттың  қонған құсы ма екен,

Күн шыққан сайын

күтетін көп іс.

Өңі ме екен,

түсі ме екен-

«...Күркіреп күндей өтті ғой соғыс».

 

Кезің келгенде

жолға шығатын,

Түсіп бермеді-ау

жолдасың атын.

...Дариға сол қыз, қайда-деп кеткен-

Қайда екен,

қайда, сол Қасым ақын?

 

Өмірің сенің,

ертегі, шері,

«...қаһарын төгіп тұрса да соғыс».

Өлеңнің өрті өртеді сені-

Қайда екен,

қайда,

дариға сол қыз?!

 

-Айым дер еді,

күнім дер еді,

Аялап ақын армандай қызды...

«...бір нәзік сәуле

дірілдеп еді»-

кешірді бастан жалғандай күзді.

 

Тербейді сол ән

қайықта мені-

Баян боп қонған бақтай ұлыңа,

...Дариға сол қыз,

Жайықта ма еді-

Жетісу жақтың ақ қайыңы ма?!

 

Ән қанатына байланып қалам,

Менің де кезім

жолға шығатын.

...Дариға қызға айналып барам-

Қайда екен,

қайда, сол Қасым ақын?!

 

Түтін-ғұмыр

баллада

 

Көк түтінге көмілгенде өмірім,

Көк түтінге жегілгенде жегі мұң.

Көк түтінге араласып ойларым,

Көк түтіннен жерінеді көңілім.

 

Будақ-будақ бұлт секілді көшеді,

Ирек-ирек сағымдардай кешегі,

Құрақ-құрақ күрсінеді жүрегім,

Ал біреулер бәрі өткінші деседі.

 

Көк түтіннен түрлі сурет көремін,

Көк түтіннен шуда жіп те өремін.

Көк түтіннен қоңыр әуен төгіліп,

Көк түтіндей будақтайды өлеңім.

 

Тағдыр-әжім сүріндірер сан қатпар,

Түтінде де ащы, ауыр салмақ бар.

Сездірткісі келмейтіндей дірілін,

Темекінің күлін қаққан саусақтар.

 

Білеуленіп көк тамыр да ісінген,

Жүдеу кейіп,

жүдеу өңі күрсінген.

Тұманданып көз ашытар көк мұнар,

Әуен құрап құрақ-құрақ күркілден.

 

Мынау кейпі суық еді, не деген,

Сол әйелді көрсем өзім көнерем.

Жанарынан жаз көшкенін көремін,

Шұға жаумас жақын күнде төбеден.

 

«Затым әйел жараспайды білемін,

Ішім өлген көк түтіннен, тірі өңім.

Адаспайды бұл ғұмырда адам жай,

Адаспасын тірі жандар-тілегім».

 

Таңдайымда қалғаны да осы дәм,

Анау бұлт та ақ түтін ғой жосыған.

Самаламен тілдесемін кей-кезде,

Сыр ашуға жан адамнан тосылам.

 

Кеше басқа, бүгін тіптен басқамын,

Еріте алмай жүрегімнің тастарын.

Ішім тұман, толып кеткен түтінге,

Жерде емес,

көкте де емес басқа өмір.

 

Ғұмырыңды сүре берші өлеңмен,

Мен ақылы аз пенде едім, өрем кем.

Тәйірі, біздер үшін бұл да өмір ғой,

Тән ысталып, «көсегеммен көгергем».

 

Жарты жолда

шөлмектей боп шағылдым,

Сел боп аққан сезімімнен жаңылдым.

Құдай сүйген пендесінің жолы ауыр,

Ғұмырымды иектейді лағыл мұң.

 

Мазасыздау күндер өтті түтіндеп,

Тыншымадым, жүрегім де лүпілдеп.

Жусан иісі жұпар шашқан бал кезім,

Осы күні бәрі ертегі, түсім тек.

 

Қайран күндер қанатынан қақты ма?

Сайран күндер балағынан қапты ма?

Мұңаяды мың жалғыздың біріндей,

Түтін-ғұмыр өтіп жатыр білінбей.

 

Көз құрғаған, жаңбырын да төкпеді,

Өкпе кепкен, бозарады гүл ерін.

Күлсалғышта тұқыл шоқ та өшпеді,

Өмірзая, таба алмасам бір емін.

 

Түтін «шаңын» қақпаладым әрірек,

Шыдам құрғыр үндемеші, сабыр ет.

«Маңдайыма сынақ берсе бес елі,

Бұл да тағдыр,

таңдайымның дәмі»- деп.

 

...құрбы әйелді түсінуге тырыстым,

Сылдыры ащы күйрейтұғын сынықтың.

Сақ-сақ күліп сайтан түтін будақтап,

Әтір сепкен түрден әрмен былықтым.

 

Ол ғұмырды жырламайын нұсқа ғып,

Армандары табанына түсті анық.

Өмір емес өмір өтіп барады,

Темекінің тұқылындай қысқарып...