СЕЙІТ НАУРЫЗБАЙ. НЕ ҚҰДІРЕТ ТЫРСЫЛЫНДА ЖАҢБЫРДЫҢ...

ТАМШЫ

 

Терезе... Баяғы біздер көрген балалық,

Радио-НС. Күн сайын еститін жаңалық.

Тырс-тырс. Ақ жауынға ұласып айналам,

О, Ұлы Өзгеріс. Көз тоймай қарадық.

 

Һәм... Үмітім ұласып ақ нөсерге,

Аңсары ауып келеді көшкен елге.

Ақ шатырдың үстінде жасын төгіп,

Бура бұлтты сағынып көш келе ме?!

 

Қысқасы.

Жер. Күн. Аспан. Көк майса бәрі айғақ,

Үрей. Сәби де көз жасын бұлай қап.

Жотада малмаңдай су ескі ауыл,

Тәңірінің нұры жауған бұл аймақ.

 

Түйін:

 

Бір суыдық... Күн нұрындай жылыдық,

Уа, жер ана, тамшы бақтың сырын ұқ.

Не құдірет тырсылында жаңбырдың,

Бәрі-бәрі қалад (ы) екен тығылып.

 

РАУШАНГҮЛ

 

Тағы да түн,

Қайда өртеніп барасың сабаз күнім?

Менің күткен Ләйлілерім теріс кетті,

Ширақтығымды жасырып маңғаздығым.

 

Аңғал басым,

Ешкімде бұл күнімді аңғармасын.

Сенің дағы сүйріктей саусақтарың,

Раушангүлді өпкендей заңғарласын.

 

Қайран үміт,

Аспанда айда менен жасырынып

Ыстық күн тоңып барад (ы) жалғыздықтан,

Жылулықты зәу көкке алып ұшып.

 

Өңім десін,

Көктем келсе жер беті гүлдеуі шын.

Тамыр үзіп берейін мына саған,

Мәңгілік Раушангүлдің өлмеуі үшін.

 

АУЫЛ ИСІ 

            

Исі аңқып тұғырында балалықтың,

Мая үстінде  қозы-лақты санап ұқтым.

Кең табаным киіп ап керзі етікті,

Содан қайтып келмейтін  далалықпын.

 

Алтыбақан қасында алты қыз ән қып,

Жауынды күн жастықтың самалы аңқып.

Жасыл майса қосылып күй тартқандай,

Жүргеніңде тарайды ауадан құт.

 

Ал біздің үйден шықпайды келген кісі,

Содан болар озып жүрер елден ісі.

Қымызы мен айранын жұтамын деп,

Шекер бар деп қалмайды ертеңгісі.

 

Қандай  ғажап қарт анамның құрт-қаймағы,

Көңілі күндей жайнап ортаймады. 

Қаладан сағынышпен келеміз деп,

Әйтеуір біздің үйден жұрт таймады.

 

Ауылда басталды алғаш баспалдағым,

Пейіліңнен айналдым асқар бағым.

Біздің жақтан қыз алған Төлегендер,

Ұшпайды мәңгілікке бастан бағың. 

 

ҚАРЫЗ

 (Анама)

Алданып арбалғандай тәнім нұрға,

Жұмағымды жаза алмай жаңылдым ба?!

Ал ішімде Қадірдей өлең жатыр,

Сорақысы айналған нәрсіз жырға.

 

Жауабына бойлай алмай ісімнің,

Көбелектей сансыз ойлар ұшырдым.

Мен ауылдан шалғай кетсем сәл жүріп,

Сағыныштың не екенін түсіндім.

 

Текке қуанып алданып жүрміз барға,

Өлең арнап Ай-Жұлдыз, түнгі ызғарға.

Көңіл ауған достарға дастан арнап,

Раушангүлді сыйлаппын кіл қыздарға.

 

Неге жылдам өтіп жатыр Ұлы күн,

Ей, өмірім аз тиді ме құрығың?!

Құндағымда мамық тисе басыма,

Тас тисе де тірі жүр ғой құлының.

 

Мені қоя берші сол баяғы әнгүдік,

Атымызда шықпай кеткір жаңғырып.

Күлкісінен көрем де әлем мөлдірін,

Тәңіріме тәубе қылам мәңгілік.

 

НАЛУ

 

Сырымды ашса тағдырым,

Санамды сан-саққа бөлейді.

Өзіме белгілі паңдығым,

Өзгелер не десін о, мейлі.

 

Өмірде өкініш сан қилы,

Бұл менің сағыныш көктемім.

Мен осы лирика оқысам,

Күлімдеп тұрады көкте күн.

 

Ғұмырды сүрем деп сүрінгем,

Өзімді  күн сайын тергейді.

Сан жерде тұтығып түнелгем,

Тұтанып өртенген өлеңмен.

 

ӘЛДИ ЖЫР

 

Сарыарқам менің шоқпар және құрығым,

Құз-жартасыңда қасқырың болып ұлыдым.

Өз жеріңді өгейсінбеген арланмын,

О, туғаным сендерде жатыр ұлы ұғым.

 

Суреттесем  аша алмаймын- ау бейнеңді,

Жаурамаймын ау шешсем де жалғыз жейдемді.

Біз екеуміздің сырымыз бөлек  секілді,

Мендік әлемім сендей ғажапты жеңбейді.

 

Көкте ұшып ән сап жүрген қандай құс?,

Риясыз болып не шырқады ол байғұс?.

Вокзалыңда кейде жалғыз ойланам,

Біз осы пендеміз және қандаймыз?

 

Мұқановтың көшесінде бір мұң бар,

Ол кейпіңді көргім келмейд, құртыңдар!

Жүрген сайын ізің қалып артымда,

Тұзағыңды бәз біреуге құрдыңдар.

 

Саябағыңда жырмен жалғыз сөйлесем,

Ғашығымды сағынамын көрмесем.

Мендегі пәс еркелікті еңсеріп,

Құшақ жайып көтересің  төрге сен.

 

Біздің өмір шексіз екен мәңгі аспан,

Мың ойланамын сені жыр қып жазбастан.

Жалғыз көкжал жартасыңда ұлиды,

Өзің жайлы жазамын деп хан- дастан.

 

Қаланы да досым сияқты көремін,

Сәби жырды құлағыңа төгемін.

Мен өлермін сен мәңгі бол өлеңім,

Әлди - әлди бесігіңе бөледім.