САЯН ЕСЖАН. БІЗДІҢ ӨМІР – САНДЫРАҒЫ ҚАЛАНЫҢ

 

* * *


...Жұлдыздар көріп тұр,
Кімнің ақ екенін.
Аспан да төбеден төніп тұр,
Көріп тұр – ненің хақ екенін.


Нені көрмеді бұл Аспан?
Нені көрмеді бұл Түн?
Шексіздікті де шетсіз қиырға ұласқан –
Жанардың жауа алмай кеткен бұлтын.


...содан қанша жыл өтті, санашы,
Өзгерді кім?
Қарашы,
Жүрек – жұлым-жұлым.
Сөздер – бүтін.


Антқа айналған жүректі көрдің бе?
Сертке айналған санадан не пайда?!
...Қ
исық қоғамға қор мүлде,
Біздің Өмір мен Сіздің Өмір де – «көк айла»!


...Жұлдыздар көріп тұр,
Кімнің кім екенін.
Аспан, айналайын, сен ұқтыр,
Бұ жалғанның басы – от, соңы – күл екенін!

 

* * *

 

Жалғыздық та жаңғырады бөлмеде.
Түн – аяқталмайтын симфония сияқты.
...Адам жаны – сол бөлмеден қараңғылау «көмбе» ме -
Жанарына жасырған Ар менен Ұятты?!


Қара түннің ақ қардай сәтіне шомып Ой,
Тоқтаған сағаттың тіліне байланған Уақыт.
...Дәл осы түн – жетім бөрідей,
Көзіне ай тұнып, қарашығында айналған жаһұт.
Түнде сурет жоқ.

Бейне жоқ түнде...
Қараңғылықтың өзі түнді жасырған.
...Ал, оны жүр екен бейнелеп күнде
Ақындар мен суретшілер

мұңдылау «мұңлы» ғасырдан.


Түн мен Жалғыздық – егіз ұғым.
Тылсымы оның – жан дүниенің сиқырлы әуені.
...Ақыры һәм бастауы адамдық негізінің –
Сол үшін сүйеміз, Түнді, Жалғыздықты...


Әдемі!

 

МЕЗГІЛ КӨШІ


Күз – Өлеңнің соңғы нүктесі,
Мен үшін.
...Белгілі  жолды күтпесім –
Келісім.


Көктемді өлтірдім өзім
Түнде қоңыр.
...өлді жəне сол түнгі сезім.
Сүрген өмір.


Ғасыр сандырақтайды,
Уақытқа жұтылып.
...Қосайырық.
Жол жырақтайды –
Іште Күн тұтылып.


Күз – Өлеңнің соңғы нүктесі.
Соңғы жазба.
...Өзгені енді күтпеші,
Қалды Жазда...
 

ҚАҢТАРДАҒЫ МОЗАИКА


Айдың әлсіз жарығы.
Қаңтар. 
Соқпақ.
Күміс қар.
Қысқы тірлік сарыны –
Үнсіздік һәм дыбыстар.


...Ұйықтамайды бұл қала 
қақпас бір сәт кірпігін.
Асфальт жолдар сұрлана
Күтер Көктем "дүмпуін".


Айдың әлсіз жарығы –
Түн жанары қыраулы.
Дүниенің қалыбы 
Дүниедей тұманды.


Мезі қылған мезеттен,
Уақыт та жалыққан.
Күн қайтады кезекпен
Күнделікті «сауықтан».


Айдың әлсіз жарығы.
Қаңтар.
Соқпақ.
Күміс қар.
Түн...
Уақыт үнсіз ағады –
Уыстан...

 

ТҮНГІ АБСУРД

Ақпан түні. 
Шамның жарық көз жасы құйылады әйнектен.
...Төрт қабырға төрткүл дүниеге ұмсынған.
Тереземнің түбіне қатқан суық ақ қар тірі –
Буланады даурыққан кіл қоғами былшылдан.
...оны мәңгі ұмыттырар қай Көктем?!


Жалыққандай Мезет Сәттің өзінен,
Ғасыр Жылдан шаршаған.
Ақ қар тілі ұшынған дертті қоғам Сөзінен...
Төртбұрышты ойлар жадын қоршаған –
Тереземнің көзімен.
Ақпан түні.

Ақпан түні.
Ақ кебіндей суық әрі ызғарлы.
Жалқы сәтте көрінді алғаш ақ қар кірі –
...Тереземде Қоғам кірі сіңіп кеткен із қалды. 
Әр тұрғынның жүрегіне қатқан түбі.

Ал не дейсіз, Сіз жарлы?!

 

* * *

 

Түсініктен жалықтық па, таптаурын,
Ережеден шаршадық па, ескірген?!
...Біздің өмір – арасында «жоқ-бардың»

Кеше, Бүгін, Ертең...
Иә, бес күнмен!
...Біздің Өмір – Көзқарастар майданы.
Адалдықтың оғы болып атылғым
келеді-ақ;
Батпан түскен тастай бірақ уатылдым,
Мықтылық та керек-ақ.
Жаңбыр мұжып, жел тоздырған жартастай –
Сананы.
Тоқ бұрымын түн жалғаған қалқаштай,
Өміріңнің сендірері шамалы.
...Миығынан күліп Уақыт, бөлек тұр,
Оған енді не дейін?!
Өзгеріс те керек бір –
Ол бір күні келеріне сенейін!

 

 * * * 

Тас үстінде тамыр жайған самырсын,
Тасқа айналып кетті ме адам жүрегі?!
Оны ұғынар жандар қайдан табылсын –
Құлқынының қамын ғана біледі.

Тас үстінде тамыр жайған самырсын,
Тамырымыз – бір Топырақ әуелгі.
Екеумізге екі бірдей әмір шын
берілген соң,

Тағдыр да оған тәуелді.

Тас үстінде тамыр жайған самырсын,
Тасты бұзып, жол табамыз дегенмен!
Тас дүниенің тас жүрегі шағылсын –
Табиғатпен...Өлеңмен!

Тас үстінде тамыр жайған самырсын,
Тамырыңды жалға,

терең Ғасырға!
Білем, білем...ауыр – шын.
Бірақ, бізге болмас сірә жасуға!

Тас үстінде тамыр жайған самырсын!..

 

БІЗДІҢ ЖАЙ


Қалды, білемін – қиырда көп із,
Тағдырдың жолын шиырлап.
Бүгінім...
«Республика 29».
Шағын мемлекет.
Түйір Бақ.
Шайқалған теңіз толқыны сынды
Өмір –
Тоқтау жоқ күресін.
...Мысқылдап мыстан-күн алтын ұсынды,
Құны жоқ құн-жұн ол,
Білесің.
...Базарда мынау баз кешіп кетпен,
Шайқысы көп онсыз шәрінің.
Көңіл орнында.
Жаз көшіп кеткен.
Басқа түк те жоқ, бауырым.
Түйінсіз қалған Өлең секілді,
Қисынсыз қисап күндер көп.
Өзгердік бүгін, Әлем секілді
Өзгесін енді білгем жоқ.
Ойлар көп, Ойлар...
Көнерген қоста.
Рас, қызық емес басқа дым.
Сүйенішің жоқ Өлеңнен басқа
Өмірде мынау қас-қағым.
Қалды, білемін – қиырда көп із,
Тағдырдың жолын шиырлап.
Бүгінім...
«Республика 29».
Шағын мемлекет.
Түйір Бақ.

 

* * *

 

Қарашаның қабағында бір мұң бар,
Қара шалдың қасіретіндей тым қалың.
...Түсіне алмас бұл қалалық тұрғындар,
Ұғына алмас кіл баянсыз жылдарың.


Қоңыр түнде Күз күрсінер, түз емес,
Жапырақтар сыбырлайды нені осы?
...Бұл қалада адасқан жан біз емес –
Біздің өткен шағымыздың елесі.


Біздің өмір – сандырағы қаланың,
Сен бəрін де білесің ғой, Қараша?!
...Бір сауалдың табу үшін жауабын –
Жетіп жатыр шексіздікке қараса...

* * *

                            Әр адам айналасынан өзіне қажет Ақиқатты ғана іздейді.

 

Арды күзетпек болдым –
Арсызға айналдым.
Жанды түзетпек болдым  
«Жансызға» айналдым.
Сан сұрақтарға сансыз байландым...

 

...Сізді әлі тірі дейді,
Ақиқат, Сіз, барсыз ба, айбарлым?!

 

...Жан – Нұрға, ұмтылады Көңіл – Күнге,
Қараңғы қапас Тірлік, 
Өмір – Түрме.
Құйылған құдіреттің қаламынан
Сөйлейді бір Жалғыздық қоңыр түнде.


Бір Жалғыздық сөйлейді ақ қағазда,
Көп Жалғыздық көмілген "көк қағазға"
Тап пенен топ күресі – Өмір деген, 
Бөлінген Көп пен Азға.

 

...Қаланың санасындай тұманданған,
Тірлік мәні белгісіз.
Күмән...Жалған...
Уытты, салқын Сөзден жан тұмаурап,
Ақылдың жанарына қырау қонған.

 

...Соқпақпен құлдыраңдап бағыты жоқ,
Тән тозды,

Ар қажыды,

Жан үһілеп,
Дертті қоғам демінен құйылып тұр
Әлі түнек.

 

Маңдайдың бар мазмұнын Тәңір жазып
Қойса да, қу тірліктен сабыр қажып,
Анығы – дүр дүние адастырған  
Бағыт пен бағдары жоқ Темірқазық.

 

Арды күзетпек болдым –
Арсызға айналдым.
Жанды түзетпек болдым
«Жансызға» айналдым.
Сан сұрақтарға сансыз байландым...

...Сізді әлі тірі дейді,
Ақиқат, Сіз, барсыз ба, айбарлым?!