САЛТАНАТ СМАҒҰЛТЕГІ. ОСЫЛАЙ ӨЛЕДІ СЕНІМ...

Іздегенге бармын, армын, не дейін,
Өлең басты - Дәлелім!

(Цикл)

 

-1-

 

Бақта отыр бір ақын сырлы,
Құшақтай алар ең көрсең.
Безілдеп жазылған жырды,
Сезім деп бір оқып берсем.

 

Алдайсың өзіңді өзің,
Өмір деп, көңіл деп әккі.
Қиналған болды ғой кезім,
Сезімім боп қалды тәтті.

 

Көргендер жоқ десті міні,
Сәтінде тірлікте тынар.
Өңді деп жүргеннің бірі,
Өлеңдей болмайтын шығар.

 

Ғұмырдың дегенмен нәрі,
(Өмірді депті ғой жалған).
Ұлың ба, пірің ба, бәрі,
Пайғамбар Дәуіттен қалған.

 

Кеудеңді қақтың ба, әурең,
Ал мұның еңсе емес дедім.
Осылай көшеді дәурен,
Осылай өледі сенім.

 

Қалайда боласың қымбат,
Қайтемін дегенін елдің?
Жанымның жарасын тырнап,
Мені де сынап ал, кеммін.

 

Жүремін жүрегім ұшып,
Бір өлең жазылған шақ құт.
Сен сүйген өлеңді құшып,
Сен алсам деп едім жақ қып.

 

Арма дер ақынның үні,
Көзіңнің алдында мұнар.
Өбісіп жүргендер түбі,
Өлеңдей болмайтын шығар.

 

-2-

 

"Бақыт", "байлық" балдан тәтті ұғымдар,
Кімді кімдер алдайды?
Туғанында жазып берген ғұмыр бар,
Одан әрі бармайды.

 

Көп жақыным маңдайымнан шертіпті.
Шуақ күтем әр таңнан.
Бүгін тағы "ақ" адамым мертікті.
Құн төледім қалтамнан.

 

Ақпын, қара... есеп қазір бірде, бір,
Естімемейін, не дедім?
Аула жақта аңдып отыр қу көңіл,
Араша бол, өлеңім!

 

Тәңір сыйы – сезімім бар, санам бар,
Баймын дегем жуықтап.
Айналамда арбасып жүр адамдар,
Бірін бірі түбі ұтпақ.

 

Білді, білді сынақ ғана екенін,
Ұмытқысы келеді.
Ұл мен бұлға толтырғанда мекенін,
Желік шіркін жеңеді.

 

Өлең жазам,
Жақсы жазам – жеңісім,
Түсінеді кім бірақ?
Ақыныңнан, ақылдыңнан мен үшін,
Тілсіз әлем құндырақ!

 

Адал іздеп, қайран көңіл, аспашы,
Айсың деме, күн деме.
Өлең ғана ақ екен ғой, басқасы,
Ала-құла бірдеңе!

 

-3-

 

Өлеңге қарап тұр күнім,
Өзіме өзім боп алаң.
Жаныма жуытпай бірін,
Адамды жатырқап қалам.

 

Ақ арман зуылдап ұшты,
Біреу жүр біреуге ұнап.
Алаңда мен жүрмін сұсты,
Өз кеудем өзіме тұрақ.

 

Пенделер сүйретіп, сүргін,
Иыққа ілінген жүкті.
Бағытын келеді білгім,
Әйтпесе, көңілім күпті.

 

Өмір-ол арбасу көппен,
Амал да, айла да керек.
Аспан мен Жерді ана еткен,
Ал, менің танымым бөлек.

 

Хан болып құрған көп малдас,
Сөзіне етпедім елең.
Хақымды адам жей алмас,
Себебі, Аллаға сенем.

 

Ұлымын дегенді бұлдат,
Өзіңдей адамға табын.
Өнерге төлейсің қымбат,
Ол менің баратын жағым.

 

Ғұмырды қиялдан қашар,
Ақын мен музасы "ұрын".
...Іштегі өртімді басар,
Өлеңге қарап тұр күнім!

 

-4-

 

Жазбаханамда қалғыдым,

Кiтаптар, хаттар, суреттер.
Талабы күштi тағдырым,
Күнде бip арна, күнде өткел.

 

Үндемеудi де үйренем,
"Ақын" болар деп сенiптi ел.
Менi өрге талмай сүйреген,
Өлеңiмдегi кейiпкер!

 

Жан болу керек мағaн нар,
Басымнан б
ұлтым көшпейдi.
Ма
ңайым – мiншiл адамдар,
Қателiгiмдi кешпейдi!

 

Күрсiндiм...
Ұқтым хәлiмдi.
(Жасымды жүр ем үнемдеп).
Шықпағaн шыбын жанымды,
Бipeулер күндеп жүрер деп.

 

Түрлi сын айтты әр айна.
Қатыгез менiн ғaсырым!
Қуанып тұрам алайда,
Мұңайып тұрам жасырын.

 

Жазбаханамда түнедiм.
Байлығым-өлең...
Көп дейдi.
Қағaз бар, қалам,
Жүрегiм.
...Басқағa сөзiм өтпейдi!

 

-5-


Сөздің артық болар сәті келді ме,
Қалам үнсіз,
Парақ - таза, тыныштық.
Таңсам екен бұны қандай белгіге?
Леп келеді бір ыстық.

 

Тылсым күйге бөленуге бекінді.
Үндемейін.
Сөзім "қасым" болады.
Әдемілік іздеп жүрген секілді,
Әлемімнің қонағы.

 

Қасқыр, қыран, тағы айнала қарайды,
Бір рухтың анық барын ұғынып.
Ақындарды  неге айбарға балайды?
Тұра тұрам тығылып.

 

Аңғарғанға көк аспандай Жер меңді,
Тағынғандар бір құндылық Бақ қылып.
Бақыр бастан тәж көргісі келгенді,
Тұрған жоқпын жақтырып.

 

Ол да мені көрмесінші, көрмейін,
Мезгіл алда, ақылым аз, көрік кем.
Көктем емес, қаңтар айы, гүлдейін,
Қалай шығам кейіппен?

 

Құнды қағаз - кітап, хаттар, берейін,
Ессіз жанды елеңетпес әлемім.
Іздегенге бармын, армын, не дейін?
Өлең басты – Дәлелім!

***


Сен көргім келеді,
бір-ақ рет,
Мойыныңа оралып асылмаймын.
Ақ жаңбырды екеуміз ұнатып ек,
Қара желдің мен қазір досындаймын.

 

Қол алысқым келеді жайлап келіп,
Үнсіз қалсақ үндестік орнатамыз.
Қағазыңа қаламды байлап беріп,
Қоштасқалы келемін жолда таныс.

 

Менен биік әлемсің, білінбеген,
Тағы мені ойыңда бар ма сынау?
Тым әдепті, тым суық түріңменен,
Қимасыма айнала алмайсың ау.

 

Тербелем деп сезімнің құндағына,
Тартысып жүр менімен түрі бөтен.
Дүниенің сырына, жұмбағына,

Жұматайдай миықтан күліп өтем.

 

Шағымдансам өзімді қор еткенім,
Өз еркімді өзіме тұсатпадым.
Сәттерімді өлең деп өбектедім,
Дәптерімді өмір деп құшақтадым.

 

Шырқап берсең қарсы алып үнсіз бір ән,
Мойыныңа оралып асылмаймын.
Қимайсың де, қидың де тілсіз тұрам,
Кейінгі кез әйтеуір осындаймын.

 

Сені көргім келеді,
әппақ өлең,
Ақ жүрегім кірледі тұрақ емес.
Сенсіз өтер алдағы шаққа көнем,
Бөлмемде жоқ кофе мен шырақ, елес.

 

Таңдауым сол ендігі күнсіз жарық,
Сені көргім келеді,
Кінәләман.
Үнсіз жүргім келеді, үнсіз қалып,
Енді аманат артпассың сірә маған.

 

Ақыл деді адамдар бағы өренің,
Сезім, сенім жоғалды есімдегі .
Сені сүйдім, қайтейін, ақ өлеңім,
Өмір сүргім келеді,
Кешір мені.

СӘУІРДЕГІ ҚАР

Өлең тағдыр,
Қыздай құбыл,
Сәуірде қар жауғандай.
Музанікі мұздай ғұмыр,
Ақындікі сормаңдай.

Ақын,
Муза.
Жүр мекендеп.
Кімге таныс осылар?
Арлы десем, жарлы екен деп,
Адамдар бар шошынар.

Ақын,
Муза.
Жайнатады,
Өмір сүрмей бір бүтін.
Жұматай мен Ләйлә, тағы,
Тұрсын - Қорлан үлгітін.

Байқалмайды ұрын қылық,
Өлең жазу - іс әппақ.
Муза өтеді сырын бүгіп,
Жыр жинақты құшақтап.

Ақыным-ай, күй ұқтырып,
Күнде құшар музасын.
Музаға обал, күйіп тұрып,
Қалай көзі құрғасын.

Ақын,
Муза.
Тегі мықты,
Кімнің сырын білесің?
Махаббат деп беріліпті,
Екеуіне бір есім.

Өлең - тағдыр,
Қыздай құбыл,
Сәуірде қар жауғандай.
Музанікі мұздай ғұмыр,
Ақындікі сормаңдай.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

.