* * *
Көресіңді ғұмырда көріп те болмай,
Келіп те қалмай уақытың...
Ерік те болмай,
Бар кеңістіктен келе ме жоқ болып кеткің,
Өліп те қалмай?!
Ауада қалқып жететін сөздер ме суық?
Араша болар түсетін кездер ме сұлық?
Тау – ойларыңнан құлатып күнә көшкінін,
Көңілдің кірін өтетін көздер ме жуып?
Жүректен шыққан сөзіңнен жақұт төгіліп,
Бақыт көрініп түсінен, ақыққа егіліп,
Алысқа әкеткен ойларың ғарышта қалып,
Сұрақтарды азық етеді
Уақыт кеміріп!
Ес білу деген санаңда шам жағылғалы,
Сан дауылдары кез болып,
Таң да ауырлады.
Қорқасың кейде,
тас болып кете ме екен деп
Бір кесек еті кеудеңнің сол жағындағы.
Әзілдерге де күлесің, жылағың келіп.
Ұнағың келіп,
бірдеңе сұрадың делік.
Керегің менен дерегің ақтарылатын,
Құдайға есеп беру ме, дұға-күнделік?
Болмайды айтуға!
Ойлауға жатып та бұлай.
Қалыптан шығу қауіпті.
Бағыт па бұл ой?
Жолданған хатқа бір жауап бере
алмайтындай,
Құдайда уақыт жоқ па әлде,
Уақытта құдай?
Көресіңді ғұмырда көріп те болмай,
Келіп те қалмай уақытың
Ерік те болмай,
Бұ ғаламшардан келе ме жоқ болып
кеткің,
Өліп те қалмай?!
АППАҚ ТҮН
Періштелер үрлеген ұлпасындай
бақбақтың,
Қар билеген.
Әдемі!
Кей пейілдей аппақ Түн.
Аппақ түнде ақ бұлтқа келгендей ме
айналғым,
Құшағына құладым, ең сүйкімді
ойлардың!
Көкке қарап, тіледім,
Көк – Тәңірдей елестеп.
Күбірледі жүрегім: «Құдай көкте емес»,
деп.
Бүршік жарып ақ бұлттар...
Көктем!
Кеткен Көк гүлдеп.
Әйнекті кеп сүйемін, қарға айналып
кеткім кеп!
Жұбата алмас жүректі ең аяулы көздер де,
Сүлейменнің жүзігі мөр ғып алған
сөздер де.
Үнсіздіктің әуенін жаным сүйген,
жақсы-ақ тым.
Ұйқыммен құн төлейін, аялдасын
аппақ Түн.
Емші Уақыт, алдымен өз дертіңді
емдеп ал!
Мендік көзбен қарасаң, Құдай барлық
жерде бар.
Аппақ Түн...
ШАХМАТ
Ала тақтада қара да болам, ақ болам.
Ақ пенен қара – ойлар ғой
тыным таппаған.
Көк тұман мені адастырғысы келеді-ау,
Көп күмән – қара,
Мендік Ой – аппақ.
«Шах» саған.
Тақта да – көне,
ойын ба, ой ма ескірер?
Бақылап Ойды, сағаттар сырғып
кеш кірер.
Бетпердесіндей, көп фигуралар ертеді,
Патша – Көңіліме жақын келе алмай пешкілер.
Уәзірлердің жекпе-жегін де көрейін,
Қолбасы шықсын,
Мықтысы жықсын!
Не дейін?
Қара түске де,
қара күшке де сенім жоқ.
Ақылмен алып, атыммен шауып келейін.
Жайратып келем, жау шебін бұзып, шегінбей.
Шегіну де бір, жеңілу де бір – жеңілдеу.
Төрт бұрыштарда жалғасып жатыр
бір соғыс,
Ақ пенен қара айқасып жатқан Өмірдей.
Жау әскерінің сарбазым алып соңғысын,
Қос баһадүрімнің қалыпты, міне,
жалғызы.
Квадраттардың ішіне қалай сыйып жүр,
Кең дүниеге сия алмай жүрген
болмысым?!
Ала тақтада қара болмай-ақ, ақ болдым.
Ақ болдым дағы, Ақ пейілдерге
жақ болдым.
Патша – Көңілді тұрған тағынан
жылжытпай,
Қаралықтардың барлығына да
«МАТ» қойдым!
* * *
Сездім.
Сізге сыйламады Күз Үміт.
Ал, өткенді мен де ұмыта алмадым.
Жапырақ та жерге түсті үзіліп,
Көтере алмай сағыныштың салмағын.
Мен сол күзде сағынышты хат жаздым,
Өзіңізге жолдағым кеп, жолдағым.
Жапыраққа сырымды айттым
бақта аз күн,
Ол да тілеп бәрі жақсы болғанын.
Қош деместен өте шыққан мезгілдей
Алдады ма өзіңді де арманың?
Сөндіретін сезіміңді сездірмей,
Жөн еді үнсіз қалғаның.
Өзгердім бе?
Өзге едім бе кеше мен?
Үзілгенді келмес қайта жалғағым.
Жүргім келмей сіз жүретін көшемен,
Жалғыздықты таңдадым.
* * *
Жел тербетіп көлдегі айдың сынығын,
Түн өреді мұңның қара бұрымын.
Көз ілгенін кешіре алмай қиялдың,
Сезімдерін қытықтайды қылығым.
Жүзі жайнап, жүрек оты жанғандай
Шат болады, шың бояған таңдардай.
Еркелесем, еркелетсем дейтіндей,
Мен қуансам, мәз болғанын аңғармай.
Жұлдыздардың жарығы бар даусында,
Аңыздардың алыбы бар қалпында.
Өзгешелеу ештеңе жоқ хатында,
Найзағай бар көзіндегі жарқылда!
Алаң еттім қатпар-қатпар мың ойды,
Онда сезім сыналады, сынайды.
Қол бастаған баһадүрдей сол жігіт
Маған сәби жүрегімен ұнайды.
* * *
Мен ұша алмай, көп күмәнге көмілдім.
Ал, балалық армандарым көкте жүр.
Жылдар сырғып, жанарында Сенімнің
Үмітімді ұрлай алмай өтті Өмір.
Жылуын да берер отым сөнбеген,
Күлімдесем, мені сүйген Жарық Күн!
Мықты едім ғой, бәрін жеңіп келген ем,
Енді одан да жалықтым.
Бір үзіліс жариялап бәріне,
Кідірейін. Үңілейін Жаныма.
Мен өзімді іздеп жүрмін әлі де,
Уақыт таппай, Мағына.
Үмітімді ермек еткен сан жылдың
Естелігі – жалғыз ғана бір елес.
Миығынан күліп тұрған Тағдырдың,
Иығына жүгіңді арту – түк емес!
Мін тақпай да,
кінә артпай да ешкімге
Көтеремін, жүрегіме жүктей Мұң.
Өз жолыммен жүріп өтер бес күнде,
Құдайдың да аяғанын күтпеймін!
Ештеңе де сындыра алмас сағымды,
Қайғысын да күліп тұрып шегемін.
Жанның өрті күл қылмаса барымды,
Маған сөз бе, тәннің дерті дегенің?!
Әр түн сайын сәлемдесіп көмескі Ой,
Өзгере ме, көңіл жайлы ұғымым?
Бақ та мендік!
Сор да бөтен емес қой,
Армандардан аласармас ғұмырым.
«Өмір – күрес» деген елді аңғардым,
Жеңілістің өзі жоқ қой, мен үшін.
Әлі күрес алаңында Мен бармын,
Сабақ болған әр сынағым – Жеңісім!
* * *
Жиі айтылар «өтіп кетер бес күн», деп
Сол бес күнде қалып қойған ешкім жоқ.
Балағаттап алатындай ғұмырды,
Ғаламатқа толатындай кешкім кеп...
Сандырақтап,
Болмашыны қиялдап,
Өзімді де, өзгені де жиі алдап...
Текке өлтірген уақыты үшін көңілдің,
Өткен күннен «Менім» ғана ұялмақ.
Тұман түндер өтіп кетті, жаңарып
Ой құштырған таңдар атты ағарып.
Түнегіне түсіп кетпей кезеңнің,
Жүрегіме көшіп келді балалық.
Сол жүрекке салмағын көп сөздердің
Түсірем деп, қаламнан да безгенмін.
Көздердің көп сабақ болған сырлары,
Өзгергім жоқ, өзгергім.
Көп қолпаштап жатқанда деп «жүрсеңші»,
Түйсігіме бір сәт құлақ түрсемші?!
Дұғасымен елеңдеткен жүректі,
Күнәсімен сүйгенімді білсемші?!
Жұлдыз біткен жасырынып, күн шығып,
Бір ұрлығым ашылардай, қымсынып,
Көз ілгенім тыныштықты сыйлай ма,
Сезімдерім жатқанында тұншығып?!
Сансыз үміт жатса дағы мың бүрлеп,
Көп жүректе сөніп қалған бұл күнде от.
Тілегімнің көмегімен, ғұмырды
Жүрегімнің дегенімен сүргім кеп...
Сүйемін!!!