Махаббат формуласы
(Құлазу)
Бір ыдыстан екі рет тамақ ішпеген –
Дәруіштей қаңғырдым.
Ойды кездім бір алпауыт күшпенен,
Өзімді - өзім таң қылдым.
Көнетоз, жамау,
Шәмсі күпісі кигенім.
Ақ қанат қағып, дәруіш биін биледім.
Кербездің мысын
Бастым жолымда жолыққан.
Алқызыл гүлдер – ғашықтық келіп тобықтан.
Мен бірақ,
Сәттерді іңкәр, көңілдің хошын сақтадым.
Дүниеге де, қошеметке де сатпадым.
Оңаша
Мұң жамылып,
Басыма кітап жастадым.
Дос болдым.
Ешкімге бауыр баспадым.
Тіл табысуға керекті менде жоқ ұғым,
Өзгені ұқпай өзімнен қалды көңілім.
Жылы жүректі салқын жүздерге талатқан,
Сәттерде дедім:
«О, жаратқан! Жаратқан...»
Кезіп келемін, ашылып ойда ел небір.
Зарықтырады ғашықтар,
Жалықтырады пенде құр.
Өлеңім болса, күн сұрамайтын кәдімгі –
Тереземдегі теңгегүл.
Жалықтырмаймын, зарықтырамын жай ғана.
Ойларым көрді көміліп, қонып айға да.
Өлең жазушы, өлең күтуші – өзіммін,
Мен Мәжнүн болдым, және де болдым Ләйлә да.
Пендеден небір, пендеден небір жырақтап,
Кетейін осы, жүрегім, жырақ қырат тап.
Достарым мейлі, айнала берсін жауға да,
Дәруіш жүрек жалғыз кетеді тауға да.
Ұмытқым келіп өлеңдерімнің әлегін,
Қалтырап тұрып естідім жүрек әуенін.
(Жүрек әуені)
Махаббат па бұл?
Сенуге болады, сенбеуге...
Жауабын тәңір жасырады екен теңдеуге.
Шешім амалын бақылап тұрып хақ санар,
Бір білетінім,
Алғашқы амал - жақшалар.
Бір білетінім – бақыттың жолы алыс, ұқ.
Ашылғанымен жақшалар,
Таңбалар кетер ауысып.
Талғамдар кетер ауысып,
Сезімді түгел тауысып.
Анық қой, анық «жазмыш» дегенде мән бары.
Математика – махаббат, өлең, ән, бәрі...
Теңдеуде күллі әріптер –
Тәңірдің жазған сандары.
Шимайламай-ақ,
Шимайламай-ақ өмірді,
Жылытып тұрмыз,
Жылытып тұрмыз көңілді.
Құлпырып тұрмыз, мұндайды ешкім көрмепті.
Ойша шешеміз, «махаббат» дейтін өрнекті.
***
Даламды кермиық,
Шыңдарды ең биік.
Жарасыменен, зарымен,
Мұздықтарымен, қарымен.
Сүйеді күн қалай?
(Ешкімді тыңдамай..)
Көңілдің киесі,
Дегенін қылар күн жүйесі.
Талғамдар жанасып.
Көңілдің көңілге жаны ашып.
Зердеме қарайды күн болып.
Көздегі қарашық.
***
Жылт етіп жадымда қалады-ау,
Бұл әуен мен үшін даралау.
Дауысқа,
мейірім қылады кім жырға?
Осынша төзуге бола ма шынжырға?
Ұша алмау - өзіңді аралау.
Мүмкін бе аспанға қарамау?
Еріксіз күлімдеу,
Төзімді тілімдеу -
Оңай ма, білінбеу?
Ойыңмен оңаша күн кешу,
Орманда қалып қойғасын -
Жұлдызбен тілдесу.
Саршұнақ аяздар - мұздыкі
Сардала атырап - күздікі.
Сарғалдақ әуендер аяулы -
Біздікі...
Біздікі...
Жүрек.
***
Бір сезім келеді.
Сауатты.
Көңіліме.
(Өміріме бәлкім жауапты.)
Мендегі
Мүдірмей оқитын мәтінді,
Тауыспай тағатты.
Бір сезім келеді.
Данышпан.
Әдеппен келіп табысқан.
Ғарыштан емес, жүректен,
Бақылап жүріп алыстан.
***
Баритон.
Сені естідім.
«Ғаламсың» дедің маған,
«Сұлусың» демес бұрын.
Бұл жүрек...
Алдамшы күй кешті мың.
Өлеңге үйлесті мұң.
Зердеме тамсанғансың,
Бетімнен сүймес бұрын.
Жазмышты...
Оқи алмадым, ежектедім.
Жүрегімді іңкәрлік тез өпкенін,
Біліп тұрып жырларың жойқын дедің,
«Жүрегің өжет» дедің.
***
Өзгеше
Әлемім үшін жасқанбай.
Көңілде тұнды ой небір.
Өмірде
Расталмай.
Ал көздер
Неге айтып қояды барлығын-
Ештеңе басталмай.
Бейдауа күй кештім.
Дос көрмей,
Жауды да жаусынбай.
Жүрегім икемсіз кейде тым,
Нотаға түспеген даусымдай.
Неге айтып болады барлығын-
Сезімдер таусылмай?
***
Өмірді
Келтіріп әлде,
Түсіріп қалыпқа.
Жағуың үшін жақынға,
Ұнауың үшін халыққа.
Аша бермейсің аңғал көңілді ақтарып,
Шаша бермейсің жауһарларыңды мақтанып.
Солайша,
Көңілден бояу, түс кетті.
Ал сезім - тәттіні тәтті дер,
Дәм сезу рецепторларым іспетті.
Ішкі дауысты,
Өзіндік үнді елемей,
Елжіремеуді құп қылсақ;
Жүрек-ау, кәдімгі болғың келе ме ей?
Қайтейін, өлең - жұтқыншақ.
Жоқ оның «әттеңі», «бекері»,
Тулады неге бүгін іш?
Жаныма сіңіп кетеді –
Өлеңнен өткен құбылыс.