САЙРАНГҮЛ ДАХАН. САКУРА ГҮЛДЕГЕН БЕ?!

***

Паң - Сеул,   күнде көркем, қала гүл боп.

Жүрсемде ,   бір Сағыныш барады үдеп.

Мен қайда,əкей қайда аңыз оқып,

күй тартып отыратын "бала күн"- деп.

 

Өзен-көл, Орман-тоғай тастың бəрі.

Толқытты,  тебірентті,  жатсынбады.

Мен қайда, анам күнде отыр ма екен?!

Сандыққа  сақтап дəмді астың бəрін.

 

Паң-Сеул,  қысың –көктем, жазың – жырдай,

Досым көп сеннен тапқан жаны нұрдай.

Тек қана бір сағыныш кеудемде жүр...

Əкейдің жұрт күзеткен қазығындай.

 

Паң -Сеул,  мәшһүр  атың, сана  сүйген,

Қарт ана " қанша құрсақ" бала сүйген...

Сен маған ауылымдайсың! Жатсынбадың.

Келгенде арман алып,

Қараша үйден...

 

***

Болмысы бөлек, тамаша лебі,

Жаныма жақын аға сəлемі.

Ата-жұрт жақтан сағынышпенен,

Хат жазып тұрса жарасар ма  еді...

 

Сағынып жүрмін...несін алдаймын,

Тілдесе қалсам, тосылар қайғым.

Дəм-тұзы жұмбақ...өмір ғоой мынау,

Үнсіз күндерді кешіре алмаймын.

 

Сеулдің күні қосылам жырға,

Өзімді тосып нөпір ағынға. 

Аңсадым десем, сенер ме екенсіз,

Сіз жүрген Жұрттың топырағында.

 

Уақыт мінген зулап көлігін,

Арбамаса екен аға сені мұң.

Сеулдің тұнық теңізі сынды,

Кірлемей жүрсін дара көңілің.

 

Болмысы бөлек, тамаша лебі,  

Жаныма жақын аға сәлемі.

Ата-Жұрт жақтан сағынышпенен,

Хат жазып тұрса жарасар еді...

 

***

 

Азаптап қайда барасың,

Ауыртып өкпе тұсымды.

Ұға алмай ардың бағасын.

Төзiмiм тоңды... ұшынды.

 

Көктемiм жаңа келгенде,

Бозамық тартты гүл-өңiм.

Ұлиды үмiт кеудемде,

Өксидi қолқа, жүрегiм.

 

Жүзiмнен сынық не күттiң,

Бар ма еді әлде, айтарың? !

Сезіммен сері сен ұттың,

Ақылдың шағып қалқанын.

 

Тым жақын біздiң арамыз,

Және де алыс...бiлгейсiң.

Ғашықтық дерттің бәрi-аңыз,

Ұмытпай соны жүргейсiз.

 

***

Үстінде жорға күннің,

Сезімім шайқалады.

Сағынып зорға жүрмін,

Сен қалай байқамадың?

 

Өкпе жоқ...келмесеңіз,

Тағдырдың түсінде едік.

Өмір қап,біз-кетеміз,

Ал,неге күрсінбедік...?

 

Келер деп,асығып па ем,

Келмедің,түн алдады.

Жапырақ жасыл көктем,

Үзілді шынардағы.

 

Алты қыр асып кеткен,

Əуенге құл еттіңіз.

Жапырақ шəшіп кеткен,

Дауылға дір етті...күз.

 

Үстінде жорға күннің,

Сезімім шəйқалады.

Ақ бұлттай арманымның,

Көзінен ай тамады.

***

 

Ағатай...гүлдің қалын сұрамаңыз,

Нəзікпіз,күнəкарміз,күнəданбыз...

Ар сотына ақталып отыр..əне,

(Бөлмеде теріс қарап жылаған қыз)

 

Белгісіз бір сапарға асығардай,

Құмары ...кімді көрсе басылардай.

Ұяңдығы тым жақсы...үнсіздігі,

Тұрғанда құпиясын шашып алмай.

 

Жалғанда жазар екен жараңды кім?!

Аян ғоой,ақ жүрегің,адалдығың.

Достан қайыр,бауырдан бақ таба алмай,

Отырғаның ағажан,маған қыйын...

 

Дүние-қарағай ма,шынардан ба?!

Сарғайған жапырағы жыл ауғанда.

(Бөлмеде теріс қарап қыз жылайды)

Ұйықтамай сіз отырсыз түн ауғанда.

***

 

Жылап тұр.Сеул аспаны,

Күз келді.міне күреңдеп.

 Ұй жасап,илеп батпағын,

Ауылда төңіп жұрер ме еді.

 

Арбаған арман,мың құмар,

Көфе ішкен мынау не теңім.

Жатар ма ед  тəтті ұйқы-бал,

Оранып əже етегін.

 

Ақ жеңгей:"іңір кір үйге"

Деуші еді.жүрген қай бала.

Құбылған мұнда дұние,

Есепке,  кілең айлаға.

 

 Жауратқан Сеул жас талын,

  Күз өтіп міне барады ə?!

  Інілер тартып ат жалын,

  Оқысақ деп жүр қалада.

 

Ел көшті дейді күзеуден,

Кұлазып жүрген менде бір.

Паң Сеул! сендей түнерген,

Құбылады екен кейде өмір...

Сеул хаттары

 

***

 

Тəңірге құл, құлшынған  жаны нұрға,

Табынудан һам алыс жабығудан...

Жүрегіңіз тартады жүрегімді,

Тектілігін күзеткен тамырында.

 

Досымнан да,таппадым қасымнан да,

Мұнша байлық кеудеңіз жасырған ба?!

Сіздегі өрлік тартады өрге мені,

Пенделіктен жігерім шашылғанда.

 

Сіз туған күн, төртінші шілде бүгін,

Тəңір берген күн екен сұйген ұлын.

Ақ қанат періштесін ілестіріп,

Кім құттықтап келді екен үйге бүгін...

 

Сіз туған күн!!!

 

***

 

Көктемдей келте...сезімді бүрлетпейікші,

Бақытқа сараң өмір-бұл, білмеін күнім.

Қауышу соңы қоштасу жүздеспейікші,

Еркіндігімнен бағалы ,шідерлі мұңым.

 

Сағынған шақта, жылатар, шер көшкен -өмір,

Жырласам сөзім жетер ме?

Қауырсынындай құстардың жеңіл- ау,көңіл,

Құмар күн ,тəлкек етерге...

 

Жанымның көркем күлтесін дір еткізерге,

Сағыныш-жетеді əлің.

Төзімнен қорқам...Əні бір жүрекпіз деуге,

Өтінем, ұмытшы бəрін...

 

***

Сакура гүлдеген бе?!

Алматыда тұр дейді, 

-Шие гүлдеп.

Түсініксіз мың түрлі күйде менде,

Мен қаншама жыр жаздым ,

-Сүйемін деп...

 

Еркіндемін, кеш мені, мына менің,

Əр қыйырға сүйреген тағдырымның.

Мың шаттығы жетпейді-ау, мына əлемнің,

Иісіне – Алматым  жаңбырыңның

 

Сиреніңсіз,сал қуған, сері күннің,

Шұғыласы тарқайды,оралмайды...

 Бұл көктемдей Құбылған көңілінің, 

Құбыласы -сен жақта жоғалмайды.

 

Сакура гүлдеген бе?!

Алматымда көгерді -ау!

Тал ұштары .

Бір ботаңды боздатып əкелуге, 

Құдыретің жетеді -ау. ..ғарыштағы. 

 

Сакура гүлдеген бе?!

Алматым да тұр дейді,

-Өрік гүлдеп.

Сүйдірерміз,  сүйерміз. .. гүлде ,мен де,

-Одан өзге өмірден не ұқтым деп...

Сакура гүлдеген бе?!