САБЫР АДАЙ. ЕЛГЕ ЕҢБЕК ЕТЕ АЛМАДЫҚ ҚАРЫҚ ҚЫП...

 

 

БІЗДЕР...

 

Елге еңбек ете алмадық қарық қып,

Елім деген сөзді айта алмай тарықтық.

Абайламай

Жазып қалсаң дұрыс сөз,

«Жақсы адам,— деп,— жүрмеңіздер жарықтық».

 

Ұрандардан бастау алған балалық,

Өткен күнді өлшеп-пішіп алалық.

Бойымызда

Бодандықтың дерті бар,

Біздің істе болады енді шалалық.

 

Тәуекелшіл буғанменен белді бек,

Жасық жандар жасамақшы енді де еп.

Бір-біріне

Сыбырлайды әлі де,

Тәуелсіздік!.. Тәуелсіздік, келді деп.

 

Өзгелерді өзімсіндім қызықтым,

Өзге бізге жазып жатты тізіп сын.

Измдердің исі шығып тұрады,

Шуаштанған шұлғауынан мұжықтың.

 

Жарық-жарық таңдайым бар қақтанған,

Жүрегім бар көлеңкемнен сақтанған.

Біздің мінез бала сынды баяғы,

«Ағама айтып беремін» деп мақтанған.

 

Пасықтармыз демейін-ақ, мекерміз,

Асылдар бар тастамаған бекерге із.

«Мен Қазақпын!»

Деген сөзді бірақ та,

Бір ауыздан айта алар ма екенбіз?..

 

 

КҮЛКІЛІ ӨЛЕҢ

 

 

Өмірің де,

Өлімің де жоқ деп біл,

Өзегіңнен шықсадағы көктеп гүл,

Жалғаншыны жанған алау от деп күл.

Ақ сағымға.

Басады әне бауырын.

Қанаттарын қанға илеген септеп қыр.

Септесу мен

Ептесуден тұратын,

Өмір деген өкінішті мектеп бұл.

Бір тал шыбық

Тамырынан ағаштың,

Ертең тағы өлу үшін көктеп тұр.

Өмір-өлім сосын тағы өнеді,

Шоқ ғұмырың қоламтада сөнеді.

Қызығыңды қызамық таң ұрлайды,

Ай мен Күн де мәңгі көкте тұрмайды,

Ойласаңыз оған да ажал төнеді.

Жоқтығыңды

Жол-жөнекей ұқтыру,

Құдайға да дәл сол шығар керегі,

Өлімге өмір туған сәтте-ақ көнеді.

Танытпайды тағдыр жылы ыңғай бір,

Қорқыт күйін қоңыр кеште тыңдай жүр.

Жазбаған мен жанға тыншу бермейді,

Өзегіңді өкініш боп кернейді,

Көңіліңде қыңсылаған мұндай жыр.

 

Жыр жазу ма?..

Жыр жазу да күлкілі,

Өзіңді-өзің ол да алдаудың бір түрі.

Фәниіңнен көрдіңіз деп сірә не?

Жүрегіңді нысанаға ап тұр әне.

Ажал деген — ару қыздың кірпігі,

Қара шәлі жамылып ап қыр түні.

Тағдырыңды

Салған сәтте жыртысқа,

Құдайлардың жамалады жыртығы.

Төңкерілген төбелерде кесек құм,

Кесек құмдар мүрдесіндей есектің.

Нәтижесін

Қаңбақтардан сұрадым,

Өмір деген шым-шытырық есептің.

 

 

***

 

Кім қалайша көреді екен өздерін,

Құмарлықтан мен де шыдап төзбедім.

Аржағынан

Азу шықты ақсиған,

Суретімнің сүртіп едім көздерін.

 

Қандай қырсық

Мынау іске бастаған,

Бір көргенге сияқты едім жақсы адам.

Ортам ойшыл

Жандар еді мейірімді,

Көзіме кім азу тісін тастаған?

 

Барлығы да айлаларын асырып, ...

Ар-иманға жатқандары бас ұрып.

Жайылады

Гүл-құшақтар көшеде,

Көздеріне азу тісін жасырып.

 

Өз буыма

Өзім есте піскенім,

Өзгелерге білмедім не істедім?..

Айтпадыңдар

Неге маған ертерек,

Көздерімнің қан-қан болған тістерін?!

 

ТАҒДЫР

 

Қара сөзді ұйқастырып шатып-ақ,

Ақын болды басқа бәле сатып ап.

Өлең менің балам,

Бірақ ол мендей

Болмаса екен деп тілеймін ақымақ.

 

Өлең деген ұстап «майлы кемікті»,

Талай пенде қайғы жұтып семіпті.

Жоқ бақытқа

Жол жөнекей буазып,

Дүниеге келдік, кеттік не бітті?..

 

Өлең деген білмей дерттің сүр-емін,

«Жан қалауын тап» деп тәнді бүремін.

Мен өлеңнің өзін тудым

Дегенмен,

Өлең маған билетпейді жүрегін.

 

Мұңын іштім Фердауси мен Сағдидың,

Кештім бәрін ақынға тән дағдының.

Өлең тудым,

Кесем тағы кіндігін,

Алайда оның туғаным жоқ тағдырын.

 

Айттым міне сүттей аппақ сырымды,

Емес едім есепке бай жырынды.

Мүмкін оның Солай шығар тағдыры,

Оқымай-ақ жыртып таста жырымды.

 

* * *

 

Ақтау тұр

Сұңқар қанат, Барыс бүйір,

Қыз жанар

Қыналы тас, таныс қиыр.

Көгінен

Құладын құс торғай терсе,

Кең Адай

Ду-ду етер шабысқа үйір.

 

Батырдан бақсы шығып астаналы,

Күмбірлеп күй тербетті тас қаланы.

Елілеп епіршігін жыр сапырған,

Түюлі Қашағанның қас-қабағы.

 

Кеудесін көк теңіздің қайық құшып,

Барады қарабауыр Жайыққа ұшып.

Ақырын Алтықұлаш иман тілер,

Сақаңыз сасқан сәтте тайып түсіп.

 

Жорытқан жолаушылы без белесім,

Бұра көр бағытыңның жез кемесін.

Сен оның бөліспейсің қуанышын,

Қайғысын, қасіретін сезбегесін.

Тарихын Маңғыстаудың білмегесін,

 

Ашқанмен

Егіз есік бір ауладан,

Екеуміз не айтамыз іргелесім.

Әрине,

Қандасыма есік ашық,

Жүрегі бауырымның кірлемесін.