САҒЫНЫШ МҰХИТҚЫЗЫ. МҰҢ ҚҰШТЫРҒАН КҮЗГІ ӨЛЕҢ...

 

ТУҒАН  ЖЕРМЕН  ТІЛДЕСУ

 

Күнгейге шықты Күн-патша бізге сәлем деп,

Шадыман сәт пе көкейге әлде  өлең  кеп,

Көз көрген менің әр мезетім көкейде ,

Төгіліп міне, жазылып  жатыр  өлең боп .

 

Армысың,арда ақ бұлты  ерек  аспаным,

Қарасам түсер тәй-тәйлап қадам басқаным

Мен бүгінде қара бас ойлар жан емен,

Ойымда хәлі  халқымның һәм басқаның.

 

Жанармен барлап, сеземін күйін жүрекпен,

Осындайсәтпен үнсіз боп талай жыл өткен,

Ертеңін  елдің  елеңдеп еске алатын,

Мұң  құшар қызбын хәліне түсер, үдеп дем.

 

Желіңмен желпіп жатсың ба иен ен дала?

Халқымның бары, байлығы нары сен ғана

Қап-қара жерім қап-қара менің байлығым,

Өзгеге қиман, бере алман жалға да!

 

Бағдарлап бізді тұрмысың төбе, төбешік,

Соқса да самал, көшсе құм, көнесің,

Әр төбем тәж, әр белім менің лағыл  тас,

Далада жатыр қараусыз өзге демесін!

 

Аман ба мына маңдайдан ескен самал жел?

Сайын мекен бабалар жортқан далам ең ,

Даланы сүйер, ақ нұрға ғашық жан болсаң

Жырлайық бірге, маған кел!

 

ТОЛҒАУ

 

Асау төл тұсаулыққа бағынбайды,

Ақылды жаңылтқанға жаңылмайды,

Бастағы қонған кіттай бармақ бақты,

Барында ебелектеп, баптамасаң...

Бұлдырап,көзден ұшып, сағымдайды.

 

Шідерлі босатпасаң, шабылмайды,

Жоқ дүние ізделмесе, табылмайды,

Енер есік ашылмас  оңайлықпен,

Қолды созба ештеңе қағылмайды.

 

Асыл ой ой  түбінде таңылмайды,

Қамал да Еңбексізге алынбайды,

Дос түгілі Туғаның да Жатқа айналар

Үлкені жол танытпай барылмайды.

 

Жаңғақ та соғылмаса, шағылмайды,

Арамнан арам ойлар арылмайды,

Есті адам Ессізге ештабынбайды,

Жөнсізге жөнді жолдар салынбайды.

 

Ойлы Жан жөнсіз іске сабылмайды,

Еңбекқор мақталмаса, налымайды,

Алтынды көмкергенмен тот баспайды

Шын Жалын су сепсең де жалындайды.

 

Сәйгүлік шапқан сайын арындайды ...

 

СЫР

 

Шертілер Сізге сырымды,

Кеше емес, бүгін ұғындым

Сіз де бір жұмбақ әлемсіз!

Мен де бір жұмбақ ғұмырмын.

 

Біздегі өлке – мекен түз,

Тілдеспей үнсіз  өтерміз,

Шерімді шерттім  самалға

Одан өзге енді не етерміз?!

 

ПЕРЗЕНТ СЫРЫ

 

Армандарым бет алғанда  қияға,

Ой- сапармен барам өрген ұяма,

Аңсап барған ақ көңілге дем беріп

Жақындарым құшақ ашар жиі алдан.

 

Беттегенде  күй  кешкмін  «ертегі»,

Қас –қағымда сыйым болған ертеңім,

Бал күндерді балдай етіп еске ала,

ЖҮРЕГІММЕН ҮНСІЗ ӘУЕН ШЕРТЕМІН.

 

Іздейтінім – төрдегі әкем  бейнесі,

Көрген сәттен кештім  бақты  күйді  шын,

Менің мұнша аңсарымды түсінген

Қыз балаға теңдесі жоқ сый десін.

 

Ендігі «сый» жанға таныс тосын үн,

Ғұмырыма берер  дәйім  шешімін,

Жайсаң анам – тағдырымның бағдары

Перзент үшін биік сенің есімің!

 

Міне осылай жанның шөлін нұр еттім,

Іңкәр күйлі үр жаныма  гүл ектім,

Бәз біреуге сыр алдырмас түнекпін,

Ал, біреуге жүрекпін.

 

АЙ

 

Көтеріліп келеді ай дөңгеленіп,

Мұндай сәтті көп болды көрмегелі,

Толған айды қызықтап  қараушы  ем

Ауылдағы биіктеу дөңге келіп.

 

Ғажайып сәт далама нұрын төкті,

Айды көріп кенеттен  күлімдеппін,

Айды көріп «бұл менің мұңім» деппін,

Үнсіз ғана «айлы уақ - сырым» деппін.

 

Бала күннен ұнайды ай бейнесі,

Ай тудырар адамға ой күймесін,

Көрген айды теңеймін ақ аруға

Жұлдары жарасқандай һәм түймесін,

 

Есейсем де тосамын айдың нұрын,

Ай туғаннан бүр жарар ойдың гүлі,

Айлы түнде жол алар ойдың легі,

Айсыз аспан- мен үшін жәй түндерім.

 

Үнсіз бейне нұр төге  жымияды,

Сұлбасынан тілекші досты көрем,

Аспан айсыз болса мен мұңаямын,

Айлы аспанды, әйтеуір, жақсы  көрем.

 

ДОСЫМА 

 

Ақтарғым кеп тұр, өзіңе досым, бұла сыр,

Сағынғанымнан тізбек тізіліп жыр асыл,

Досым деп сен ардақ тұтамын, ардақтым

Жазған лебізім жүректегі үннің расы.

 

Біздегі достық белгісі іспетті көктем ғой,

Іздесең егер   жанымның жарты жақұты,

Күйімді ұғар сен барда қалмас бөктерде ой

Есен жүрші, мендік әлемнің бақыты!

 ***

 

Мен Сізді  әр сәт күліп қарсы  алам,

Күліп қарсы  алам, Замандас!

Қаламың қолдан түспей жүрші аман,

Жүрші аман дәйім,Қаламдас!

 

Кейінгі толқын дәл Сіздей бола алмас,

Бола алмас өзімдей көргенмен,

Құшақты Сіздердей ашуға  жаралмас,

Сеземін шынайы сенгенмен.

 

Көңілден төр беру достық хақым ғой,

Жүректің кірбіңін Сен көрме,

Үнсіз    кейіпте    тілдесу   датым   ғой,

Ойыңды оқыдым өзіңді көргенде.

 

ҒҰМЫРҒА  ҒАШЫҚТЫҚ

 

Көңілімді  көшіре  алшы  көшкін  қып,

Жүрегіме  жәй жіберсең  тосқын  қып,

Көкке қарап  бой  түзеген  әз  жаным,

Үнсіздікпен тылсым күйде  өссін  тік.

 

О,Тәңірім,  тірлік бердің бағым ең,

Жалындайын аз ғұмырға жалын  бер,

Сын кезеңді сый деп тарттым өзіме,

Жүрегіммен сыр төкпекші тағы мен.

 

Сындарыңды сертімдей тостым  құп,

Жанарымды жасытпадың бос құм қып

Тіршілікке тоймай бәлкім өтерміз,

О,Тіршілік, Сені  сүйемін, бес күндік!

 

ҚҰС БОП  ҰШЫП КЕТЕМІЗ...

 

Ғашықтар  ек таусылмас жыр  дастаны,

Сырласудан  білмейтін еш  басқаны,

Көріспесек  іздейтінбіз  жүрекпен,

Қайран, уақыт қас қағым!

 

Қимаушы ек қимастардай  біз деген,

Еш уақытта үміт  жібін  үзбеген,

Қоңыр күзде қоңыр көңіл орын  ап

Мұң құштырған күзгі өлең.

 

Содан бері орта маған тас ғалам,

Жүрек сырым арнасынан аспаған,

Мен ғаламды бұрнағыдай сүймеймін

Сүйе алмай, жасқанам...

 

Сол уақтан соң тәтті мұңға ғашықпын,

Тағдыр тіпті  еңсені  езсін, жасытсын,

Ғұмырымның жазған жолын  кешейін

Бекер бақыт тосыппын...

 

Сен де, Мен де армандарға жетерміз,

Кезігіп жолай изеп те басты өтерміз,

Өткен күндер түскенмен еске амал не?!

Біз түбінде құс боп  ұшып кетеміз...

 

ӨМІР ...

 

Өмір деп ұқтым жанардың ақ - қарасын,

Өмір-  ау шығар таң менен кеш  арасы,

Күндерім  сырғи, жылдарым  жылжи  өтуде,

О, мөлт тамшы неліктен кенет тамасың?!

 

Өмір-ай деймін, айтылмай қалған сырым бар,

Сұрамаңдаршы, жанардан үнсіз  ұғыңдар,

Кеудеде тұнған тылсым да,талай  деректі

Жұмбақ күйінде ұзады қанша ғұмырлар .

 

Ой тұнған жанда көңілмен бірге дерт егіз,

Санамда неге жаз емес, неге келте  күз?..

Неліктен біз  себепсіз мұңға ғашықпыз?

Өйткені, біздер жұмбақ әлемді  өлкеміз.

 

Өмір де шығар мұңдылау мендік жанарым

Бұл жанарыммен өрге де,төрге бара алдым,

Өмірде мына тосқауыл болған сан арым,

О мендік тілім, мен үшін сен де жаралдың.

 

Өмірім менің - сәттерім құлап, сүрінген,

Сын шағыма төгілген мендік сырым ем,

Алғыс айтамын ізгі оймен ғұмыр жолыма

Өйткені, бақты еншіледім бұл өмірден.

 

ШЕР

 

Жолығып жолай жанарға жасап жалын,

Үздіккен үміт, алайда  қасаң жаным ...

Кезігіп тұра көркемдеу күй кешсем де,

Махаббатта басымырақ қашанда мұң.

 

Сезімнің қайда бақытқа бөлейтіні?!

Қуаныш семіп,кеудемде өрлейді мұң,

Уақыт  сырғып үнсіздікпен  сырласамыз

Белгілі ғой, сол сәтте не дейтінім?!

 

Жаттығымнан сыр шертуге баталмадым

Ақтарам бір күн жаныммен жаһанға сыр,

Жүректерге жат қылған сіздік кінә –

Мейір жаттай, бүржарған қатал ғасыр...

 

НАЗ

 

Сорлылыққа қимаймын ешкіміңді,

Өкпе артарсың, алайда кеш біріңді,

Бірін мақтап, бірін даттар бұл жалғанда

Өткізерміз бұйырған бес күнімді...

 

Мейірімсіздеу сұм заман, жалған кейіп

Ой кеземін... қоямын... солай түйіп,

Аяз шақта жылыну қандай бақыт?!

Қатқыл шақта жылы жүз қандай биік?!

 

Құлақ түрем әр лебізге жүрекпенен,

Сөз ұсынсаң, жол алар тілек менен,

Кең заманда тар кейіп көргенімде

Шошына қап, жаныммен дір еткен ем.

 

Ғаламаты мол ғұмырға жанар ғашық

Сұм іс көрсем, мұңаям, қалам жасып

Қоғам жақсы болмайды бір білгенім

Өсектесіп, сөз етіп, жамандасып,

 

Таңқалмаңдар, өлеңі сезімді деп ,

Жақсы көрем, расында  өзімді  көп,

Сын етіңдер дәл қәзіргі кезімді кеп

Неткен сезім, неткен жан төзімді деп?!

 

Сыйдырамын бар бақытты жанарыма,

Ғашықпын рас, ғұмырыма, ғаламыма.

Өз өзінен өрілді осы өлең...

Артықтау сөз қажет болмас саналыға.

 

Бәрің маған  сыйымсыңдар, түсінгенім,

Күліп тұрам, алайда ішімде мұң,

Бір білерім, жақсылық жаршысымын

Солай болам жеткенше күшім, демім!

 

СЫРЫМ

 

Өмір кейде лақтырғанда жағалауға,

Күй əлемін болмай шама аралауға,

Дос тұтқандар сын сəтте алыс жүріп

Қас дегенім хəлімді  бағалауда...

 

Кірбің көңіл.Суық бейне.Жүректе мұң.

Еске түсіп өзгенің сын еткені ...

Ой   əлемді   əлімше   тазалаймын

Барады, əттең, реніштен үдеп демім.

 

Орын бердім бұл күйге қалай ғана?!

Сын сəт үшін санаммен сан ойланам

Сен айта бер, адамзат, өкпе айтпаймын

Бетім тура қарайды ар – айнаға !

 

Дəлелдеуге мен өзімді келмегенмін,

Қажеті аз ешкімнің де сөнбегені,

Өзім жəйлі сыни сөз жол алғанда...

Кей жандарды жүрегіммен жерлегенмін.

қалды ...

 

БІР  СӘТ

 

Жанарда мұң қалқып барады,

Қалқып барады жырым боп,

Ақ парақ, дос деп ақтарған саған

Ақтарған мендік сырымды ұқ.

 

Əн көшіп барады жүрек көгінде,

Əуелеп барады тыным боп,

Мендегі көңіл, мендік мейірім...

Ұғына алсаң... ғұмырлық!

 

***

 

Кезіктің...

Сыр айтқың кеп оқталғаныңды сезіппін,

Жабырқау тартқан жұмбақты жанарым

Жүр ме екен біздей тағдырға төзіп кім?

 

Сыр ашпа...

Мен емес, жүрегім езіле  жыласқан,

Үлбірлі  сезім ғой  лебін  іздеген ,

Көгім де сарылып, егілді мына аспан.

 

Жабықтым...

Көңілден мөлтілдеп  тамып  мұң,

Дүнием  елжіреп  ерекше езілді  

Ғашықтығымды жаңа ұқтым.

 

Өтінем...

Тірлікке төзгенмен жүректе жетім ем,

Баһадүр шығармын әрдайым сынайды,

Бірінен құтылсам, бірі шығып шетінен.

 

Оралма...

Қажыған күйім бар  тоналған

Серпіліс сəтімен сапарға жол шектім

Күткейсің, алғаусыз ақ арман!..