СӘУЛЕШ ШӘТЕНОВА. ЖАЗУЫМДЫ ТҰРАДЫ ЫЛҒИ ЖЕЛ СҮЙІП...

* * *

 

Жарығымды талай жарықсыз жанға туралап,

Адастым білем көз байланатын іңірде.

Сәулемді  іздеп, жүректерге кіріп сыналап,

Жоғымды таппай, сонда да мүлдем түңілмей.

 

Сезбедім, сірә, жылуын маған бергенін,

(Кездерім көп қой ызғарда жалғыз үсіген).

Ұсынған қолын қапыда, бәлкім, көрмедім,

Ол- дағы қолын созбады қайта, түсінем.

 

Шапағатын шашқан Жаратқаныма мың алғыс:

Тарту еткен-ді өзімнен аумаған үшемді.

Жарығымды жағып, мыңдарға сыйлап қуаныш,

Бақытымды таудай, шүкірлік, тұтам місе енді.

 

Үш өмірім бар - қылығы балдай, сөздері,

Үйімді менің ұялап етті Күн мекен.

Жарығыңды жағып туралатқанда, өзгенің,

Жарығына, тәйірі, жолықпағаның  да мұң ба екен?!

 

ДОСТАР

 

Жақын дегенімнің көбі жатқа айналды,
Жақындасам жатырқайтұғын сескеніп.
Оңашалықтың отауында қалып қойғанмын,
Жалғыздықпенен дос болып.

Құлазыған сол отаудың керегесінен жел үреді,
Туырлығын желп-желп желпітіп.
Жылап отыр алаңғасарлау жүрегім,
Құлай салған, құшағын жайып көлк етіп.

Жұбатар мені мейірімді созып қолдарын,
Доссыз-ақ келем өмір дейтұғын жолда әлі.
Бәлкім, оларға нұрымды сыйлай алмадым,
Бәлкім, оларға қажетім менің болмады.
 

Бәлкім, тарлау көңілдің қысастығы ма, ей,
Жарты жолда мені кеткені жөн-ді тастамай.
Достық деген- жүректің ұқсастығы ғой,
Бәлкім, олардың жүректерінің түсі басқалау.

 

ҰМАЙ АНА

 

Қара түндей шашы ұзын, ақылы қысқа ол – Ұмай,

Тағдыры да шалыс басса - тайғанақтау айнадай.

Сұлу етіп жаратқан соң топырақтан Тәңірі,

Сұлулығына Күн сұқтанып, сығалайды күндеп Ай.

 

Ошақ беріп, от ұстатқан - Тәңірінің құрметі,

Ошақ жағу, отты көсеу, от сөндірмеу - міндеті.

От жағумен таусылады талқандай бар ғұмыры,

От жағумен тозады ақыр ай ажары, күн көркі.

 

Қоламтаға тығып қойған суырады шоқты алып,

Ақ білегін күйдіреді, саусақтарын от қарып.

Мұз дәуірі орнар еді менің ұлы далама,

Ұмай ана отырмаса киіз  үйде от жағып.

 

Қараша үй от жанбаса тоңазиды, жасиды,

Сыйын оған! От қарыған қолын сүйіп бас ий де!

Ыдыс-аяқ сылдырласа, қайнап жатса қазандық,

Ұмай ана жүрген шығар үйіңдегі асүйде?

 

Ұмай ана- жарың шығар, Күн күледі- ол күлсе,

Түзде де бір тыным таппай, асыңды асып үлгерсе.

Тәңірі оттың иесі қып жаратқан соң, қарашы,

Қараша үй жарқырайды от жаққандай ол кірсе.

 

...Қара түнде бір от көрдім, жанып жатты  от маздап,

Алыстан сан ұшқындары жарқылдап.

Айдалада неғылған от?...Жұлдыз жерге түсті ме?

Ұмай ана отырма, әлде, қазан жағып, шоқ қозғап?...

 

Бақсы қыз

 

Ысқышпен қобызынан сарын үзген,

Ілесіп Күн астында сағым ізбен,

Бақсы қыз күй шалады - әні ерек,

Қыпшақы сәні ерек бәрімізден.

 

Ішекке жанып алып қыл ысқышын,

Қадаған тақияға құс үкісін.

Бақсы қыз қобызымен қосық айтып,

Емдейді жан - ағзаның  мың мүкісін.

 

Дөңгелек жүзі аумайтын сары Күннен,

Бақсы қыз көзді арбайды жарығымен.

Емдейді дерт мүжіген жүректерді,

Биенің саумалындай сарынымен.

 

Шанағы қобызының жылап-сықтар :

-«Аз ба еді адам жасаған қиянаттар?

Мың ғасырда өшер ме Жер мен көкке,

Жағылған жамандықтар- қара дақтар?».

 

Осылай нар қобызы  зар жылаған,

Бақсы қыз Күндей жүзі албыраған.

Жаралғалы тынбаған тас ғасырдан,

Өксиді кәрі қобыз қалжыраған.

 

Жер ұғар, аспан ұғар ұқса мұңын,

Ұқсатқан қиқулаған құсқа үнін.

Бақсы қыз сұңқылдайды, төбесіне

қадаған қауырсын мен құс мамығын.

 

БОЗҚҰРТ

 

Ұрпағы азар жатырынан кезді ұғып,

Қасиет кеміп, асыл жасып, сөз құрып.

Ең соңғы рет көкке қарап ұлыды,

Көк түріктің анасы еді бозқұрт.

 

Тоз-тоз болған көкжалдардың тобыры,

Қырда өлексе, ойда тышқан торыды.

Қаншық қасқыр безді мына ғаламнан,

Қатал әрі қайсар еді ол ұлы.

 

Сезді құртқа бұл қорлыққа төзбесін,

Ұсақтықтан ірі санап өз бәсін.

Құлап түсті түркілердің байрағы,

Бозқұрт ана боз даладан безгесін.

 

Тұран ұлы көздерінде кек ойнап,

Содан атқа қона алмай жүр атойлап.

Үгітілген тарыдай боп шашылды,

Содан бері тігілмеді бұл байрақ.

 

Асыл арман - құр лаққан қиялдай,

Бір төскейге малы-басын жия алмай.

Содан бері біріге алмай жүр түркі,

Тар кеудесі кең дүниеге сыя алмай.

 

Сан ғасырлар тосқан бұл сын- қай сынақ?

Боп-боз болып жаққан кезде Ай шырақ.

Боз тұманнан шығып бір күн келер ме,

Бозқұрт ана азу тісін қайшылап?!

 

***

Соңғы кезде болмай жүр бір дерегің,

Хәлім қиын: сағынам, сенделемін.

Жазу үшін жанымның жарақатын,

Сірә, құшнашты іздеп емделемін.

 

Соңғы кезде бір сәуле нұры жарық,

Бір қырқаның басына шығып алып.

Күннен қуат алмай, көрер едің,

Отырғанын жабырқап, жүзі налып.

 

Соңғы кезде тізе алмай жырын ақық,

Зіл батпандай иыққа мұңы батып.

Өзің айтқан өлеңін жаза алмай жүр,

Көрікті ойлар оралмай ойына түк.

 

Соңғы кезде өмірдің қуанышы,

Құшағына алмайды құрақ ұшып.

Ал уақыт іліп ап қанатымен,

Үйіреді өмірдің ұлы ағысы.

 

Соңғы кезде өткені- арман бүгін,

Естеліктерді талшық қып алданды мың.

Білесің бе, қалтырап жел өтінде,

Сені күткен бір  үміт қалғандығын?

 

Түрік жазуы

 

Қара Жерге сіңіргенде нәрін Күн,

Қара тастан жазуымды танырмын.

Ашық-шашық ол аспанның астында,

Көз алдында және де Көк Тәңірдің.

 

Мәңгі өшпейтін ол – руна жазуы,

Бөрі бабам жазған оны азулы.

Шырақ жағып Ай оқитын түн болса,

Өңкей жазу- Евразия жазығы.

 

Жазуымды жел өшіре алмады,

Жазуымды сел өшіре алмады.

Құс секілді көшкен бабам жазуы,

Құстың ізі секілді ирек таңбалы.

 

Биік тастар тек тұрған жоқ мелшиіп,

Теңестіріп оларменен көрші иық.

Жазуымды тұрады ылғи Күн оқып,

Жазуымды тұрады ылғи жел сүйіп.

 

Қайламенен қашап қара тасқа мың,

«Тек ұрпағым ұға алсын деп астарын».

Жарқыраған  жұлдыздардың астына,

Жазып кеткен ,бабалар-ай дастанын !

 

Бұл жазулар болашақты нұсқайды,

Көшіп-қонған көшпенді нақ құстай-ды.

Оқып көрші жазуыңды тастағы,

Ұшып кеткен құс ізіне ұқсайды.

 

От –Ана

 

Ақ жаулығы ақ бұлттан аумайтын,

Дегдар кемпір отқа майды тамызды.

Қызыл жалын жанарыңды жаулайтын,

Еске салды тайпалық бір аңызды.

 

-О,От-Ана, жас отауды қорғай ғөр,

Пәле-жала, түнектегі жындардан!

О,От-Ана, күні-түні жанғай дүр,

Ошақта от лаулап, өршіп бұл жанған!

 

Сықырлауық, кереге мен босаға,

Жас келіншек оң аяқпен аттаған.

Күс-күс қолмен ағашты иіп жасаған,

Құс секілді көшіп-қонған сақ бабам.

 

Аласалар қарайтындай шалқайып,

Сәукелесі келіншектің тым биік.

Қара қазан ортада тұр қалқайып,

Қақпақтарын аймалайды Күн сүйіп,

 

-О,От-Ана,- дейді кемпір күбірлеп,

Оты үрлейді деміменен: «Суф-суф!».

Керегеден жел үрлейді жүгірмек,

Шаңыраққа шаншылады көп уық.

 

Шөмішпенен отқа майды құяды,

«Аластайын, аластайын»,-деседі.

Аласұрған от сәулесі ұялы,

Кейуананың көздеріне көшеді.

 

От сөнеді жанардағы сөнсе өмір,

Он бес ғасыр – жете алмайтын арамыз.

Ақ кемпірдің көздерінен сарышегір,

Қарап тұрды тиграхауда бабамыз.