КЕРІ
Кей тілдерде кері оқисың сөйлемді,
Кейде кері көре аласың бейнеңді...
Көз тимесін, сөз тимесін деп қойып,
Теріс киіп алғаным бар жейдемді...
Кері жүру әр адамда бар әлі,
Кері тартса, материалы, моралі...
Бір уақытта махаббатты, достықты,
Қоштасумен бастайтын кез болады...
Білем оны, білем, тағы білемін,
Сен де білсең, кері соқсын жүрегің!
Ит көлеңке таппай жүрген мезгілде,
Үйден шығып, ен далаға кіремін...
Керінің де керегі бар, сене біл,
Сеніп көрші, кері қайтып және бір...
Шын өмірдің ақыреті – тірілу,
Өлімменен басталады әр өмір!..
ӨТКЕН ШАҚ
Оңтүстіктен оңтүстікке барып қайтсам бола ма?
Өмірімнің бір кемесі аялдаған жағаға.
Көкжиектен жан атамның көрінгенде мазары,
Қыр басында көріне алмай неге тұрсың, жан аға?
Домбыраны отын еткен бала едім–ау сол кезде,
Тас лақтырған аларғанға кербез едім һәм кезбе.
Киесі ұрып, күйші болып, күйін шертіп күйлі елдің,
Ойламаппын тербетем деп күйтыңдағыш жанды өзге.
Ол Отанның бұрынғыдай бізге естілер жоқ демі,
Көрінбейді жазы, күзі, қысы және көктемі.
Өткен шаққа айналмайды дәл бүгінгі шақ кері,
Ал, жер шары айналады...
Өмір емес өйткені...
СЫЙЛЫҚ
Айды сыйлай алмайтыным рас енді…
Айды алып берем деген өтірік.
Арусың ғой жалғыз басты, жас өңді,
Ақ бөрідей көп ұлып,
Көк теңіздей көпіріп…
Тұратының маған және күн, айға,
Ұнайды ғой… Құшақтатпай кетесің…
Ай дегенің – нүкте ғана Құдайға,
Ал, мен үшін – зат есім!
Айға қарап отырасың ойланып,
Айға қарағанның көбі жынды емес.
Ал, мен сенің жанарыңа байланып,
Бірде серің, бола салам бірде елес.
Күн көрінсе, ерисің де төгіліп,
Балқып кетер сұлусың ғой себебі.
Ай туғанда барша меңі көрініп,
Жалаңаш қап, өле салғың келеді.
Өлмейсің де… мына қою түн өлмей,
Керексің–ай, түннің де бар керегі…
Алып қалып айға сені жібермей,
Айдың өзін бере салғым келеді…
КҮЗ бен ҚЫЗ
Өмір деген сен секілді пәк болса,
Күнәлардан арылардай сәт болса...
Жыр кітабым жапырақтан жаралып,
Өзің менен періштелер ақтарса.
Құдай берсе, пейіш кілтін бізге бір,
Еритіндей бір-ақ түнде мұз көңіл.
Өмір күзге айналмасын білемін,
Ал, мәңгілік тұра алмайды күзгі өмір!
Күзде сені мұңайтады кім бұлай?
Бар ғұмыры мұңға толы құрбым-ай!
Күздің түсі - сенің сағынышыңдай,
Сағынышың ықтықтырар бізді ұдай...
Күздің үні — сенің үнің секілді,
Күздің күні — өзің сынды кекілді.
Мен жел болсам, мен жас болсам, немесе,
Әкең болсам, сүйер едім бетіңді.
О, құмар-ай, құмарым-ай, қанбаған,
Саған ғана құмартады бар ғалам.
Маңдайыңдағы жазу болсамшы,
Ұлы ақынға дейінгі ешкім жазбаған!
ТАШКЕНТТЕГІ СЕЗІМ
Қатпар-қатпар қара жер, көше маңы,
Бұл көшемен ақындар көшеді әлі.
Шымқалада ана көп бес балалы,
Тасқалада бала көп бес аналы...
Бір баланың кеңескен анасындай,
Бір ананың тел өскен баласындай,
Жолы ашылып қалыпты Шымқаланың...
Тасқаланың жүргенде бағы ашылмай.
Бес ананың қағілез кенжесі едім,
Бес баланың бәрімен теңдес едім.
Құбыланы бағытқа ап жол жүретін,
Құрбан болды арқама енгесерім...
Ғайып болды жан анам осы жылы,
Ал, төрт анам қайғырды есі құрып.
Екінші анам - Отаным, мені өсірген
Үшінші анам - қазағым, есімі ұлы!
Төртінші анам - сағыныш, болар бәлкім...
Бесінші анам - өлеңім, болар бәлкім...
Бірінші анам келе ме қайта өмірге,
Тасқалаға мәңгілік оралған күн?..
Барсакелмес шақырса,
барған адам,
Шақша басы ін іздеп сауғалаған.
Бірақ та бірақ, бірақ, бұл өмірге,
Қайта кеткісі кеп тұрар келген адам.
ҮМІТ
Бетперде таққан адамдар емес,
Адамды таққан бетперде.
Вирусты тапқан жамандар емес,
Жақсылар десем, жек көрме!
Пайғамбарлар-ай, қайда жүрсіңдер,
Үмметің бүгін ашқұрсақ.
Жүректер сосын қайда дүрсілдер,
Кеудені көрге лақтырсақ?
Танауым бітеу, тыныс ала алман...
Дегендей: "Құдай көп көрер".
Қабырға ішіне ығыса қалған,
Ығыры шыққан өкпелер.
Адамдар қазір ентігіп жатып,
Шығысқа күнді батырды.
Келер күн деймін, сол күні бақыт,
Алдамшым болар ақырғы...
Жалғыз емеспін, көппін деймін де,
Қоршауын бұзып үрейдің.
Төрткүл әлемге, төрт бірдей дінге,
Төрт түрлі бақыт тілеймін!
Осы дүниеде қалғым келеді,
Өмір сүрсем де кембағал.
Құдай қаласа, ауру береді,
Құдай қаласа, ем болар...
КЕЗЕҢ
Абақтыға қамалғандай күй кешем,
Дәл осылай күй кешемін сүймесем.
Жаным ләззат алатындай ән салсам,
Тәнім тоят табатындай билесем.
Жыр оқысам елжіреймін ұзақ күн,
Құшағынан сытылғандай тұзақтың.
Өлеңімді бағалайды айналам,
Атымды атап, жатқа оқиды бірақ, кім?..
Жан дүнием бір тасқынды сезеді,
Келеді әлі, соқпақ жолмен келеді,
Ақталмаған ұлы ақындар ақталып,
Жатталмаған өлеңдердің кезеңі!
ӨМІР КӨКТЕМІ
Көктем түнде келеді жұлдыз жарып,
Мен күтемін қасымда бір қыз қалып.
Он жетінші ғасырдан бері жеткен,
Шарапты ішіп, екеуміз... жын қызғанып...
Тар төсекке асығып, толып, тасып,
Ал, мен лаззатқа деген желікті ашып,
Құшақтағым келеді сол періні,
Сол періден сол түні ерік қашып...
Құшағымда талықсыр жылап-күліп,
Ләззатпен өз-өзін лақтырып...
Қиял құшып жатамыз түн ортасы,
Қиялыммен құс жастық, құрақ тігіп.
Құмарымды баса алмай мен көсілсем,
Құмары жоқ, құнарсыз пенде өсірсем.
Жаным, мені кешірме, көктем келді,
Көктем мені кешірмес, сен кешірсең...