СҮНДЕТ СЕЙІТ. МҰҢЫМДЫ СЕН САҚТАШЫ!..

НАЗАРБАЕВ көшесі

Қыл арқанын іле сала мойынға,

Ұрпақ өлді тәуелсіздік тойында.

"Базарлайық" деп шыққан жұрт жер құшты,

Назарбаев көшесінің бойында.

 

Ширек ғасыр ішінде өлген шыдамы,

Жылауды естен шығарған ел жылады.

Өз басына би болған бір қиқымның,

Ескірмей-ақ, ескерткіші құлады.

 

Атилласы сол болғандай қазақтың,

Қолмен жасап, жеті атасын азаптың.

Ширек ғасыр иректелген сорлы жұрт,

Ләззатын сезе алмады ғажаптың.

 

Ғажап деген — бейбіт өмір, сорлы рух!

Және өмірді сүре білу оңдырып.

Бар сенімім өтірікке құрбан боп,

Жүрегімнің ернеуінен толды үміт.

 

Айқайым мен атойымды салып тек,

Солыңқы жүз, солғын тамақ, солық бет,

Аярларды аямаймын деп едім,

Тарихымды қарсы қойды алып кеп...

 

Қыл арқанды салған сәтте мойынға,

Қасиетті тәуелсіздік тойында.

Құдай бізді құтқарады азаптан,

Назарбаев көшесінің бойында.

 

БҮЛДІРГІ

Туыт шеше болмады ол туғанда,

Бапкерсіз жүгінді де ер-тұрманға.

Күннің көзін ер жетті көлегейлеп,

Өзін-өзі жасырды жел тұрғанда.

 

Туа сап, ең әуелі көргені адам,

Өмірі өмір болды шөнге ораған.

Кешердей бір жан болды ғажап ғұмыр,

Жатардай пенде болды көрде де аман.

 

Жұққаны қайдан қалай зәнталақтық,

Өзіне жан жарасын сан жалаттық?..

Өскені содан шығар тәкаппарсып,

Жауыздық үйреттік пе шартараптық?

 

Еліне оқ үзердей не еткен жан бұл,

Барлығы іште өртенген кектен бе әрбір?

Халқыңды мерт қылардай қоздырған ба,

Төбеңді қырық тесік еткен жаңбыр?

 

Жарық-ау, оғын үзген заман төлі,

Жауыз қып неге туды анаң сені?

Өтеусіз халық па еді қалар кегі,

Сен бе едің қызыл қанға қанар шөлі?!

 

Ұялар ұрпағың да пәкпіз деуге,

Күн кешер тірі өліктей қап күздеуде.

Әлемді жаңа буын жарытады,

Зәреңді зәр түбіне жеткізгенде!

 

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ

Сұрмергеннің көздегені дөп түсті,

Менің досым арпалыста оқ құшты.

Қызыл қаны ішіне ақты сол түні,

Кеудесінен жаны да ұшты ақ түсті.

 

Бес күн жалған — оқтың ұзындығындай,

Мен шықсамшы, құтқара алсам, тығылмай.

Мен шықсамшы сүрінбей де, жығылмай,

Ол сонда аман қалар ма еді ұрынбай?!

 

Ыза-кегі сыздауықтай жарылып,

Тұла бойы қорқыныштан арылып,

Қаңғып келген оққа қалды жолығып,

Қаңғып кетті дәл сол сәтте тағы үміт.

 

Қанжоса боп дүниенің сүзегі,

Дірдек қағып түз иесі, түз елі.

Қаңтарұрған арпалыста сол досым,

Қаңтарылған жер-жаһанды түзеді.

 

Арандадың, арандадың, ей, досым,

Сенің кінәң жоқ, сенсе де ел, сенбесін!..

Бұ қоғамды түзете алдың, жаным-ау,

Сол қоғамның қарс айырып кеудесін.

 

Кешір мені, кешір, бақұл бол-дағы,

Омыртқасы түзу елдің оғланы.

Кешір досым, мына жалаң тәніме,

Жаннан тәтті азық-түлік болмады!..

 

*  *  *

Ел ішінде алауыздық болмаған,

Ел басына бағың да жоқ қонбаған.

Ел ішінен әруақсыз, қайраусыз,

Жекпе-жекке шығып па еді өр бабаң?!

 

Патша – Алланың көлеңкесі екен-дүр,

Патшаға айтсаң, үлкен күнә екен-дүр.

Бақсығұлдың қырық жыны соны ұрсын,

Жер-жаһаннан көр таба алмай, еті өлгір!

 

Халық деген — ол Алланың аты емес,

Жаратқанның дәл өзі ғой, жат емес!

 

Залым билік өз дегенін бұлдайды,

Көлеңке емес, періште емес, жындай-ды.

Кімде-кімнің елге адалы болмаса,

Түшкірігі — сау бол деуге жарамай,

Ысқырығы — жалт қарауға тұрмайды!

 

 

Бұл қазақтың түп-тамыры — Алашта,

Жер өзінде; ары асса да, бері асса.

Уа, әруақ, ағзам жұртым, қорғашта,

Уа, Бақсығұл, жын-жыбырдан аласта!

 

ҰМЫТПАС

Көктемгі алма гүлі сияқтанып,

Өмірің — өмір болса бір апталық.

Көбелек саған ғана қызығардай,

Күлтеңе қонар ма еді, үзіп алмай?

 

Ұмытпас, сені ұмыттым, алма кескін,

Өзіңдей әлемде гүл бар ма дестім.

Сұлуға гүл сыйларда есім ауып,

Барыңды ұмытамын, жасым ағып.

 

Мен бүгін бір аңызбен сәттес болдым,

Патшамен өткен екен өтпес мол күн.     

Сол патша: сені ұмытпай, ойлап өтем,

Атыңды "ұмытпас" деп қойған екен.

 

Ұмытпас, мені ұмытпа, мен — адаммын,

Сен жыныссыз, мен болсам — ер адаммын.

Жұрынсыз өтпеспін-ау, өтер болсам,

Мұңымды сен сақташы, көтере алсаң!

 

Қызуың көтерілсе, тынысың боп,

Өмірімді сүрейін гүл үшін деп.

Басыңда қата қалам құлыптас боп,

Өзіңдей атақ алам "ұмытпас" деп.

 

Ұмытпас, сені ұмытпас мен бармын ғой,

Мен де бір ұмытшаққа алдандым ғой.

Мен сені, мені кетсе ел ұмытып,

Құлыптас боп, жатамын сені күтіп...

 

БІР СЕН ДЕСЕДІ…

Ойлаймын сені жолменен жүрсем кешегі,

Бақыт кім? - десем, адамзат бір сен деседі.

Бақыт не? - десем, бар ғылым бір сен деседі,

Ол қыз кім? - десе, сол бақыт,

- бір өзің деймін,

Бір өзің деймін, мәрия-ау, бір өзің, мейлі!..

 

Барлығы бір сен деседі - жердің жүрегі,

Сезімім ақыры ырқына көндірді мені.

Бір сен деп, мына ғалам да жолынан ауды,

Адамзат “бақыт” деп жүрген ол қыз кім еді?

 

Ол қыз кім еді? Айналып кетейін, айтшы!

Сен айтқан күйі ойланып кетейін, айтшы!

Айтамын десең, қазір-ақ, бар дүниемнің,

Жетіден алты бөлігін берейін, айтшы!

 

Ол жайлы айтам дегендер - жарамсақ болды,

Бүгінгі менің күткенім келер шақ болды.

Ол қыз жоқ!, - дейді өмірде ғылымның бәрі,

Ол қыз жоқ!, - дейді өмірде адамзат сорлы…