РОЗА СЕЙІЛХАН. ЖЫЛАТАДЫ ШЫНДЫҚСЫЗ МЫНА ҒАЛАМ...

 

***

 

Дәлелдемек боламын кімге нені,

Күн артынан ілесіп күн келеді.

Мен әйтеуір елегзіп күтудемін,

Шын бақытқа ұқсайтын бірдеңені.

 

Бірдеңені иә, рас, бірдеңені,

Көргім келген... жоқ оның бір дерегі.

Ол жайлы айту ыңғайсыз болар білем,

Құрғыр жүрек өйткені сыр береді.

 

Өмір жүйткіп барады қалай ғана,

Қарауға да құлқым жоқ шарайнаға.

Онсыз-дағы жүргенде басым қатып,

Қинағанды қойыңыз, жарай ма, аға!

 

***

 

Сезім іздедім, төзім іздедім,

Таппадым одан тұрақ түк.

Есіме алсам, ең ізгілерін,

Жанардан кетті құлап шық.

 

Өзімнен өзім жерініп тегі,

Жетімнің күйін кешкемін.

Тап бұлай жаным езіліп пе еді,

Мен, Тағдыр, саған не істедім?!.

 

Күлемін, рас, жылап тұрып-ақ,

Соғады жүрек дүрсілі.

Қайрылмай кеткен ұнаттырып ап,

Көңілдің солды бүршігі.

 

Сынаптай сырғып барады күндер,

Бұ дүние кімнен қалмаған.

Кетеді кімдер, қалады кімдер,

Өкінбей өткен бар ма адам?

 

ЖАНЫ АУЫРМАС

 

Жаны ауырмас біреудің біреу үшін,

Жанашырдың аздығын біледі ішім.

Жақсыларды жаныма жақын тартам,

Жақсы көре алатын жүрегі үшін.

 

Шын мейірімге шөлдегем, зарыға тым,

Жарық күннен мен емес жалығатын.

Сыймай кетіп өзіме

кездерім көп,

Мұңдарымды моншақ қып тағынатын.

 

Тазарғым кеп мен солай жылап алам.

Жылатады шындықсыз мына ғалам.

Бір-біріне кінә артып жүрген жоқ па,

Туғандар да бір әке, бір анадан.

 

Пенделер көп өмірде соры қалың,

Неге мұнша жүдеймін, қорынамын.

Күннің нұры жарқырап шыға келсе,

Жер де жібір қыстан соң тоңы қалың.

 

***

 

Нұр тілеп көлеңкедей күн аңсаған,

Көктемдей көңілім бар гүл аңсаған.

Мен сені ұмыта алмай қойдым десем,

Біртүрлі естілетін шығар саған.

 

Біртүрлі естілер-ау, біледі кім,

Жыласам мазақ етіп күледі кім.

Санама кеп түнейді сені ойласам,

Қияли қонақтары түн елінің.

 

Сен жайлы өлең жазам тұрып түнде,

Дейтіндей сенің кейпің «ұмыт мүлде».

Жазған-ау, шын ұнатып көрмедім ғой,

Боларын дәл осылай біліппін бе.

 

Жаз ба еді, есімде жоқ, көктем бе еді,

Астасып бір-бірімен көк пен жері.

Күз өтіп, қыс та кетті бір алапат,

Көп болды бір сезімді өткергелі.

 

Әйелмін, азабына көнген күліп,

Қол берем, соңыма ылғи ергенде үміт.

Ақылдан айырмасын деп тілеймін,

Ілесіп бұл көктеммен келген бүлік.

 

Жаныма талғажау ғып өлеңімді,

Дал болғам, білмей сенбес, сенерімді.

Сен кеткен жаққа қарай мен де ұзадым,

Көктеммен бірге жайып желегімді.

 

Өлара, «құсқанаты» жапты жерді,

Жаныма әппақ қардан таптым емді.

Өбектеп менің әппақ сезімімдей,

Ай нұры сүйіп жатты ақ кілемді.

 

***

 

Жылт етпей қойды жақсы үміт,

Есалаң күйден мезі еді ол,

Қатпарын мидың тарсынып,

Санасыз ойды кезеді ол.

 

Ақылды жеңіп мұң деген,

Арманды кетті ада ғып.

Өзімді өзім күндер ем,

Дұшпанға қойса таба ғып.

 

Аңсамас едім түкті мен,

Қолымнан келсе саналы іс.

Күндердің бәрі күп-күрең,

Шын күткендердің бәрі алыс.

 

***

 

Тарылды тынысым, демім,

Қаладан безуге шақ қап.

Тірлігі құрысын дедім,

Жығылсаң кетеді таптап.

 

Несіне құмарттым екен,

Қатыгез мекенге мына.

Ес жисам жылап тұр екем,

Арқалап кетем бе күнә.

 

Ұғындым осында келіп,

Адамның аласы барын.

Көп жерде тосылған едік,

Сезінбей жаны ашығанын.

 

Жасыған көңілдің жасын,

Көрсетпеу керегін ұғып.

Болады өмір болғасын,

Адамға керегі де үміт.

 

***

 

Сүйдің бе демен, сен мені ұнаттың ба екен,

Түспейді маған өзіңсіз шуақ, нұр көкем.

Білер ме екенсің, өзімшіл өмір өткелден,

Өтем деп қанша құлап тұрды екем.

 

Ешкім де оны ұқпайды, ұқтыра да алман,

Жек көріп кетем көзімді шық тұна қалған.

Мен үшін бақыт алыста, ал біреулер үшін,

Шаттыққа бөлеп көңілін тік тұрады арман.

 

Сағына да алмай шаршағам сағынып болғам,

Қызығы жоқтай түктің де бәрі ұмыт болған.

Бақыт құс ұшып келмей ме, бәлсіне бермей,

Бәдәуи жанның басына жаңылып қонған.

 

Қызғаныш емес, бұл менің нала бір өкпем,

Сауалым көп-ақ, жоқ бірақ жауабы көптен.

Сағынып жүрмін даланың самалын өпкен,

Оралсаң етті өлердей күтумен жүрмін,

Өзіңсіз тағы қол бұлғап барады көктем.

 

***

 

Жүрегімді өзіңе жұлып бергем,

Үміттерге толғанда тұнып кеудем.

Бақыт дтиеген сағым ба, елес пе еді,

Жеткізбеді, соңынан қуып көргем.

 

Өзгелерден мен сені дара деп ем,

Жүрегімнен тамшылап тамады өлең.

Сезім атты шаһардан қайтарымда,

Саған да бір нала, мұң ала келем.

 

Сонда бәрін айтпай-ақ түсінесің,

Шоғы түсіп сезімнің ішіңе шын.

Иілмейтін басыңды иіп талай,

Еңсеңді де сан мәрте түсіресің.

 

Бағалайсың сол кезде бәрін де сен,

Мағынам да емессің, мәнім де сен.

Қабылдармын өзіңді жақсы адам деп,

Сондықтан да барлығын, бәрін кешем.

 

***

 

Сығандардай пал ашқан алақанға,

Ойларымды жан-жаққа таратам да

Өзім болжап, өзімнің өмірімді,

Аласұрам ұйықтамай ала таңда.

 

Өмір болса өтуде қарайламай,

Құлап тұрған кезім көп абайламай,

Алдамшы арман қайда енді апарады,

Жалғыз соқпақ бастайды қалай қарай.

 

Ит те дедік, өмірді басқа дедік,

Жанарларды кінәсіз жасқа көміп.

Мейірленсе шынымен Тәңірім-ау,

Гүл-бәйшешек шықпай ма тасқа да өніп.

 

Керексіздей ешкімге аласұрдым.

Барын ұқпай жанымда жанашырдың.

Ғажап күндер күтеді алдан әлі,

Күйін кешіп қайтемін шарасыздың.

 

Қай қимасым бар еді бұл қалада.

Күн кешкенім жақсы еді-ау құм далада.

Торғай екеш торғайдың ұясы бар

Жындана да алмаймын мұңдана да.

 

Есіркеулер меңдеді жерінетін,

Жеңімпаздар мәреде жеңілетін.

Айналаның бәрі де әділетсіз,

Талантсызы талантты көрінетін.

 

Сығандардай пал ашқан алақанға,

Ойларымды жан-жаққа таратам да,

Өзім болжап, өзімнің өмірімді

Ұйықтап кетем әйтеуір ала таңда.

 

***

 

Көктен жұлдыз бір құлайды.

Күндер жейді үңгіп Айды.

Көлеңкелі тірлігімнен,

Бір бақытым бұлдырайды.

 

Таңда жаңбыр себеледі,

Іздегенім өлең еді.

Көрінбейді неге жаздың,

Қызыл-сары көбелегі.

 

Жанымның бір жыртығы бар,

Арманымның сырты мұнар.

Таудың қызы тауды аңсайды,

Атсейістей жылқы құмар.

 

Таң шапағы шыңға асылып,

Шабыт тұрды жырға асығып.

Неге еркек боп жаралмадым,

Жалықтырды ұрғашы үміт.

 

Бақытымды аңсамаймын,

Азығы бар жан сарайдың.

Сонша бақыт күн кешеді,

Бар болса егер қанша қайғым.

 

Төзімімді тұмар етем,

Сұлулыққа құмар екем.

Өмір өтер бұлаң етіп,

Салғанымыз бір ән екен.

 

***

 

Сұрағым да көп,

Жауапсыз лағып, сенделген.

Жыладың ба деп,

Аяйтын сезім менде өлген.

 

Барлығы жым-жырт,

Былығып біткен тірлігім.

Бір-бірін құл ғып,

Жер бетін кезді жынды мұң.

 

Арғымақ мініп,

Адыр-адырмен желген күн,

Балқұрақ тынып,

Соғатын еді жел де еркін.

 

Елеске айналды,

Көңілім шалқып, күлген күн.

Егес қайдағы...

Күрсініп, білек түргенмін.

 

Санада ой көп,

Бірі бар, бірі жоғалған.

Қалада той боп,

Ауылдың көркі тоналған.

 

Айнала ың-жың,

Беймаза болған тірлігім.

Пенделер ым-жым,

Ұқсастар тауып, бір-бірін.