Өлеңдерімді жазушы, сыншы, күйші Таласбек Әсемқұловтың рухына арнаймын.
ҚҰЛАЗУ
Көне бір сурет ішіндегі мәңгілік мезгілден,
Жаурап тоңғанымды сездім мен.
Құлазып қарайды маған өзімнің сұп-суық ежелгі өңім,
Бірақ оның да соғып тұрған сеземін жүрегін.
Жап-жас күйімде шаң басқан айнаның ішінде қартайдым,
Ескірген мезгілдерге сіңді басымда жүрген бар қайғым.
Ғасырлар еңбектеп өткенде уақыттың жасудай көзінен,
Мен де аруаққа айналып тәнімнен безінем.
Ып-ыстық алақанымда тұрғанда тәнімнен қалған қиқым жүрегім,
Сол бір мезгілге жұтылған иіс, үн, реңім.
Уақыт шеңберлеріндегі параллель айналған сағат тілінен,
Оңған өткен шақтарымды көрдім ағаттығыммен.
Жанды мен жансыздың арасында,
Бір ғұмыр аяқталды телміріске толы,
Алдымда жатты жалғыздық сапарының ерлігі үстем жолы.
Бір тамшы салқын көз жасым ескі суреттің ішіне тамды,
Өзгеріп кетті дүние реңсіз бейуақтарға мәңгі.
ӨЛІАРАДАҒЫ ӨҢ МЕН ТҮС
Көнерген қағаз бетіне сілкіген қаламым сиясындай,
Аспан және құстар тізбегі,
Оларда менің дімкәс жүрегімдегі ықтарды іздеді.
Құлазытты мені құлаған жапырақтың күздегі сырабы,
Қия алмай оларды топырақ бетіндегі іздерім жылады.
Арбалған жолдар сансыз қара сызықтарға айналды,
Көкжиекке телмірдім, қос қарашығым лайланды.
Сол қара сызықтар шетінен бір сәуле қылтиды,
Ол менің алақаныма тамды, оған да сосын тіл тиді.
Өмір, өмір, өмірде деп басталды бір ертек,
Мұратына жетпеген тазшаның жанарын тұрды мұң өртеп.
Адамдар жүрді жер бетінде тәңірше ойланып,
Шайтанның өзі сыбырлап тұрды періштеге айналып.
Көзімді көлегейлеген қара қарғалар – іңір қырындысы,
Құрыды менен монтаны сәуегейліктің де ырым мысы.
Өлшеусіз ағаттығым мен күнәм сағаттың тіліндей сілтенген,
Һәм қара тауымдай қасіретімді бұлт емген.
Ой күнәсінен шулы дүниенің тыныштығы бұзылды,
Майысқан сол бір сәуледен көлеңкелерім сызылды.
Құбыла топырағының ішіндегі бір дәнек іңгәлап бүр жарды,
Толқытты сосын жап-жасыл иіс теңіз бен құмдарды.
Алақанымдағы болжам сызықтарының сілтемелері,
«Сен өмірде болған емессің» дейді, кім сенер енді?!
Топырағымның өзі танымай тұрды түрімді менің сол көнбіс,
Күнә мен сауапқа айналды,
Бақи мен пәнидің өліарасындағы өң мен түс...
ТАС БОЯУ
Мен ит жейдемді боядым қынаның нілімен,
Тау мен табиғатқа шағындым тұманның мұңымен.
Дүниеге келгенде мынау, ұшқан құстың көлеңкесінен тоңдым,
Жылытты менің жүрегімді жетімсіреген сол мұң.
Бір тамшы көз жасым домбырамның ішегіне тамды,
Шертілді бір күй көкірегімдегі жоғалған мәңгі.
Сол домбырам аққуға айналды, ол менің пәнилік мұғжизам,
Домбыра, дала, көкірегімдегі күй, құз, жан...
Топырақ бетіне шашылған уық нұрларым,
Қасиетіңмен сенің жүрегіңдегі қараңғылықты жуып тұрғанмын.
Қай жерге батты төбемде тұрған кіші күн-шаңырағым,
Арылтшы менен тексіз адасудың ұшығын пәруарым.
Әжемнің өреге жайған құртындай бөлінген құрлық,
Ішіңде сенің құсалық жатыр өлімнен жым-жырт.
Жүрмін мен қазір ескі ғасырдағы өз тағдырыммен ойнап,
Ішкен асымды ақыл тісіммен ғана шайнап.
Ой күнәсындағы қылмысымды ойлап түскенде менің үнжырғам,
Үнсіздікке айналды тағдыр, ақын, махаббат арасындағы мұң, жыр, ләм...
Мың жылдық міңгірім қалды қас қағым уақыт үніне ілініп,
Шексіз бір құлазу басталды өзіме адамзат екенім білініп.
ТАС ОШАҚ
Салқын бір топырақ ішінде бүр жарды жас ермен,
Мен оның киелі иісінен ояндым сәбилік әсермен.
Қынаның нілмен боялған, әжемнің иісінен тігілген ит жейдем,
Тегімнің мөрі тәнімде жатыр бабамның көзіндей титтей мең.
Әлемдік тартылыс күші аша алмас сәбилік шеңгелім,
Ол дағы мынау қас-қағым сәттік пәнидің ермегі.
Төбемдегі орайым шеңбері кіші ғаламымның құс жолы,
Тосады онда өңімнен де ұзақ түс мені.
Бүгін мен ертең, болмыс пен жазмыш, өзгерді менің иіс, айным,
Алдымда жатқан түзу жолдарым иілді, көкжиегімде қисайды.
Мен осынау ғасырға келгенде тегімді білсем де сойым анық,
Жалаңаш дүниені түсіне алмадым архимедше жалаңаш ойланып.
Бір уыс туған топырағым иен алақанымда тозды,
Қараңғы түнектің қусында көлеңкелерім дүниеден озды.
Сол топырағымның бетіне суретімді сыздым,
Тірілді тағы бір «Мен»,
Сосын өзіммен қоштастым шашымның ағы кірген.
Аттанам ертең суық аспанымның маңдайынан сүйіп,
Туған топырағымды анамының көз жасымен жуылған шытына түйіп.
Ескі құрлықтағы оңған өңімді мезгілдер кезек тойлады,
Ғұмырымда менің бос уақытымның ойнағы.
Тозаңға сіңген тарихым, болмыстың өзінен бұрылған қисын,
Қоңыр далада тас балбалдарға сіңген,
Қаңғырған үнім мен шұбырған иісім.
Қарашығымдай шашырады туған жерімнің тас ошақ-түймесі,
Көшкен жұртында қарайды,
Құрлық пен құрлықты жамаған әжемнің инесі.
Осылай басталған Ертөстігі жоқ ғасырдың ертегі,
Шалқұйрықтың шабысын жоқтап аһ ұрдың жер тегі.
Жолдармен жолдардың арасы тағдырым жайлы болғанша ойланып,
Шегемін сапар тәнім мен жаным тозаң мен нұрға айналып.
КИЕЛІ ЖАҢҒЫРЫҚ
Мен рухымның азаттығын іздеймін мына ғасырдан,
Із-түссіз жоғалған ескі құрлықтағы,
Ол дағы өткен уақыттың ұрлықтары.
Тіліме байланған шешілмес бір үрейлі жұмбақ,
Қалғамын адасып ұйысқан дыбыстарымды тыңдап.
Сосын көнерген жаңғырықтармен ғана тілдесіп,
Отырам жалғыз ежелгі тас қуыстарында мұң кешіп.
Сындырып тастау үшін тән шөлмегімді,
Білмеймін өмірде тағы қанша өлгенімді.
Ала алмай қалған несібесінің бір ұрттамын да,
Мүсіркеп қараймын оның мүлтіксіз сынықтарына.
Кім оны құрайды, сол сынықтарды қайтадан тізіп,
Қара жердің бетіне топырақтың реңін сызып.
Сұлулықты бүркемелейді,
Тәнімнен ұшқан ұсақ тозаңдар гүлдерге қонып,
Қалады ертең оларда солып.
Қалсада тағы нәпсімнің көлеңкесінде қурап,
Кеткен ол кеше жастық көктемімді ұрлап.
Сол гүлдер менің тырнағым көбесіндегі топыраққа өнген,
Оның сұлу көркі еді құмарлық нәпсімді жеңген.
Ей, менің азаттығым,
Еске алам мен сені бүгін үн-түнсіз іштен,
Ескі құрлықта қалғансың меңімнің ғана көлеңкесі түскен.
Бәрі де ұмытылар айтылмай қалған сөзімінің жаңғырығы,
Аяқталмас азапқа тасталған тән күбірі.
НӘРЕСТЕ ЖЫРЫ
Мен дүниеге келмей тұрғанда,
Кеңістігім еді анамның құрсағы,
Әкемнің сипаған алақанының жүзіме түскен нұр табы.
Оның алақаны күн іспетті еді сол кеңістігімді айналған,
Ғажайып жылылығын өткізген маған маңдайдан.
Сездім мен оның тамырындағы қанның ағысын,
Естілді сосын өз бойымдағы таныс үн.
Ауа мен нұрдың көлеңкесінде,
Топырақтың иісін иіскедім ес кірді маған,
Алдымда тұрды жұмбақ дүниеге айналған шексіз бір ғалам.
Естідім сосын тылсым табиғаттың дұға, тілегін,
Мен оны анамның құрсағында жатқанда ұғатын едім.
Киелі құстар қауырсындарын бояп жасады аспан ырымын,
Тыңдадым тағы шайтан мен періштелердің күбірін.
Нажағайдың жарығынан жасалған лездік күндізім,
Көрсетті маған түнекте жатқан дүниенің мұң жүзін.
Жүрдім мен содан сол түнектерді деміммен қуып,
Жүрдім мен содан сол түнектерді жасыммен жуып.
Жарықты күттім туған топырағыма шұғыласын шашқан,
Халімді менің ырыздық шашқан ұғынатын аспан.
Айықтыру үшін ішімде жатқан осы құсамды,
Көзімнің жасы бақсының қызыл тілімен тұтанды.
Қасіретімді үн-түнсіз жанған жас білді,
Жүрегімдегі жарақатым да асқынды.