ӨРКЕН САЛУБАЙҰЛЫ . ЕРТІС ЕҢІРЕМЕСІ

АМАЛНАМАДАН



Тастанды ауа, Тастанды аспан, Тастанды топырақ...
...........................................................................

Ежелгі тау қуыстарында жабайы жаңғырықтар лықсыған,
Күбірлеп тұрады ғарышпен кіндіктес ішкі мән.

Алақан сызығым түскен топыраққа да бал аштым,
Бесігімнің тегін іздедім әжімді тамырларынан ағаштың.

Домбырамның тоғыз пернесінде тоғыз ғаламшарым қалғыды,
Ескі молаларда шулайды тірліктен жалыққан уақыттар қалдығы.

Аяни болмыс, О, Аққан жұлдыздар, Тәңірінің жазуы,
Сені де солғын көрсетер кінәлі пенделердің азуы.

Алты үркерімнің жарығы алты құрлығымды жылытады,
Жер бетін шиырға толтырған рухсыз адамзаттың кіл тәні.

Жеті қарақшымның жарығы жеті материгімді қымтады,
Маңдайым аспанға тиіп, табаным астындағы топырақты ұмытамын,

Түнекті сейілтем дейді жаһанға жиналған жарқырауық қоңыздар,
Сұп-суық түнектер түбіндегі жүзімді шарпыды көне ызғар.

 

Аққан түймештің астында қалды қоп-қоңыр тарихым,
Жүрегімді менің де қыналы тастардың киесі қаритын.

Ұш қараңғылықтың ішінде, Алланың құдіретімен жаралдым,
Шарана, жатыр, құрсақ... Жан, Ар, Мұң.

Адамзаттың тұңғыш ұяты оянған жерде туылғам,
бір алақанымда – от, бір алақанымда – су, сәждеге жығылғам.

Мен дүниеге келмей тұрғанда Батысым түсімде, Шығысым өңімде еді,
алмисақ пен қямет күні де бір-бірінен бөлінбеп еді.

ТЕК ТЕРГЕУІ

Жалаңаш адамдар топырлап жалаңаш оттарға үймелейді,
Жалаңаш ай көкжиектің бір түймесін түймелейді.

Жалаңаш сулардың бетінде жалаңаш сәулелер ойнақтайды,
Ғарыштың терең түкпіріне сәбилік санадағы ой батпайды.

Зілдей бір самалдар жапырақтарды жаншып өтеді,
құмырсқаларда баһадүрлер топырағын мансұқ етеді.

Нажағайдың жарығында адамдар тек өз мүрделерін таниды,
Ескермейді мынау бес күндік жалған пенделік пәниді.

Тік тұрған мүрделер жер осінің тартылыс күшінен жығылады,
Жаңғырық біткен үрейленіп жартастар қуысына тығылады.
Сол жаңғырықтардан құралып шыққанда бір аян,
Ашылар алдыңнан ұжымақ қақпасы – раян.

Құстардың көз жасын ішіп ержеткен ақындар еркін ойлы,
Алмисақтағы құрлықтан бір уыс топырақ іздеп тентірейді.

Жалаңаш теңіздер үнінен жалаңаш жағалар жауыр боп,
Ескірген іздеріме айтады көбіктер аспаннан ауыр деп.

Жалаңаш гүлдердің қып-қызыл ернін жалаңаш ауалар қажаған,
Жалаңаш көбіктер жамырап, жалаңаш демімді қамаған.

Қызыл дүниенің қылығынан момын қоянның да көздері қызарды,
Құбыладағы күннің мимырт аяңынан көлеңкелерім ұзарды.

Тозаңдар топырлаған әуеде ең ессіз саналар қалқиды,
Зымыран шеңберлер ішінде сағаттың тілдері балқиды.

Сол сағаттар үніне арбалып жүрегім қайтадан қағады,
Әлжуаз өзендер тағдырлы алақанымның сызықтарынан ағады.

Біз бисмилләсіз құрлықта жүргенде, Ес ең кір еді,
Пенделердің көз жасынан жауған нөсер де есеңгіреді.

Қас-қағым қараңғылықтар ішнде Қаңғырдым, қаңғырығым түтеді
алжыған уақыттар адамзаттың тегіне қайтқан күнін күтеді.

Жаңғалақ жазмыштарымда жандүнием жатады мың кірлеп.
Шақырады сосын қоп-қоңыр оттар міңгірлеп,

Киелі топырақтарым сүртеді, Аспанға аққан оттардың көз жасын
Жоғалтқан «өзімді» ықылым замандардан жоқтаймын өз басым.

ТАҒДЫР ӘПСӘНАЛАРЫ


Кеңістіктегі қиялға шыланған құс қауырсындары,
Сендерді ойлап, Туылмай кеткен ақынның ауырсын жаны.

Ол менің өңсіз болмыстарымның нәзік образдары,
Шексіздіктер ішінде, қып-қысқа ғұмырым созылар мәңгі.

Аспанның түпсіз шыңырауында суыған құс көлеңкелері,
Сендерді жылыту үшін де ықылым замандарда түс көрем тегі.

Бір шөкім бүлтпен күнәмді жауып, Аспанның қалар төсі ашық,
Ертең мен оған жауап беремін еркіндігімді босатып.

Нажағайлар таңырқап өткенде сол аспанымнан қас-қағым,
Бір уыс топырақ ұялып қызарды, Келместің сапарын бастадым.

Маңдайымнан өбеді дұғалар, Жанарларыма нұр сүңгіп,
Тәңірсіз топырақтан тағы, Айғайлап оянады бір сұмдық.

Жеті ғаламшарым тұр құстардың тамған көз жасына сүйеніп,
Құлаған қауырсындай құлазып жатамын көкірегіме бір күй еніп.

Табиғат тіксініп қарайды адамзаттың иісінен сескеніп,
Бесігінен түскен сәби ем бес күнгі жалғанға бес сеніп.

Бір жетімнің көз жасы тамса, Бүкіл теңіздер шулайды,
Оның дауысын қасіретке батып періштелер тыңдайды.

Құдай туралы тұңғыш ойланған «адамзат» мен едім,
Үстінде тұрып Нұқ пайғамбар жасаған кеменің.

Сол бір уыс топырақ үшін жерге тигенде саусақтарым созылып,
Оянамын қайта, Қорқыттың ең соңғы ұйқысына көз іліп.

АМАЛНАМАДА

Әкемнің тұңғыш қараңғылығына тығылып отыр ем,
Мінәжат етейін деп, Ұйысқан саусақтарымды жазып,
Күңгірт тағдырыма айналып кетті, Қас-қағым мәңгіліктерім нәзік.

Өлген ақындардың қауырсын қаламынан құстар жамырап тіліңді,
Қамаудағы сәулелердің жұқа пернесі аңырап жырылды.

Сол кезде жаңа оянған топыраққа алақанымды жамау ғып,

Қос жанарымды алмисақ құрлығына жақтым алау қып.

Мен ұялшақ болдым, Жасыл ормандар қаулап өсті,
Болмыстарыма құйылып жатты, Уақыттар да саулап ескі.

Мен ұялшақ болдым, Ақжал толқындар шапшуырлады,
Бәдіздер бетіндегі бояулар тамды, Барсакелмесімді бақсы ырымдады.

Сол топырақта адамзаттың тұңғыш ұяты оянды,
Тегіміз үнсіздік еді, Тағдырымыз тыныштыққа боянды.

Құмырсқаның жіптей аяғының нүктедей ызбынын,
Оянған ұятымен, Обал-сауаптың тірі сызығы етіп сызды кім.

Ып-ыстық бір тамшы қанға, жылыну үшін сиынар ғаламда,
Ағаш тамырлары уыстаған топырақ бұйырар маған да.

Мен өмірге келгенде, Жазмыштан да жылдам, Болмыстан да бұрынмын,
Тотемім – тәңірлік, Қасиетті үш қараңғылықта тірілдім.

ЕРТІС ЕҢІРЕМЕСІ

Қоп-қоңыр, ішімдегі отты бөрінің көзімен тамыздым,
Ертісім, Сен ықылым ертегісі едің, Мен ескірген аңызбын.

Үш тас, Бір от қара өлеңім еді... Байырғы үн,
Иншалла, рухымды оятып, Есімді ескіліктермен қаримын.

Бабамның бас сүйегінен тұр, жаһанның нұры сығалап,
Ұларлы өлкеде, Сары дала қасиетіне етемін мәңгі мінәжат.

Менің жұлдызды аспаным, Әжемнің тонарлы наны еді,
Аспани әпсанам, Ол сәбилік шағымның ғарыштық мәні еді.

Менің құйрықты жұлдызым, Жіпті инесі еді анамның,
Сарпалдаң болып сан ғасыр, Сұлбасын іздедім санамның.

Шыбындай жаным ширығып, Ши түбіндей үрпидім,
Ақиқат алдында, Қоңыр домбыра тартқан сұр күймін.

Қоңыр тірлігімнің қып-қызыл ындыны едіреңдейді,
Ой күнәсі алдында, жанымның бояуы тебіренбейді.

Саусақтарымды санап тауыса алмай, жазмышымнан жаңылдым,
Қарғаның қарқылына қарық боп, Аққудың терісін жамылдым.

Күн мен айды қорамсағыма қондырып, Садағым доғасында батырдым,
Сағымдар жортпас сары дала, Топырағыңды аңсап жатырмын.

Еһ, Менің арқарларым, Тұяғы жұлдыз, мүйізі ай, Көзі күн,
Ажалдан қашып, жерұйық іздеген Қорқыт пен Асанның өзімін.

Еһ, бейіштің құстары, Қауырсындарыңды күрек қып,
Қаншама күнәмізді сауапсыз уақыттармен бүркедік.

Еһ, Ертісім, күмбірлі толқын бауырында күн батқан,
Мен аңызданмын, Сен ықылым ертегісі жұмбақтан.

АМАЛНАМАДАН


Мен алмисаққа ұйыдым, Ежелгі топырағымда қанша уақыт,
Қарашығым ішнен мөп-мөлдір ғаламшар тамшылатып.

Бас сүйегімнің ішінен жарып шыққанда бір түп жусаным,
Бәдіздер күбірлейді, Алтайдың даласында үркіп мың сағым.

Өрмекшілер торын жаяды, Бетонды бұрыштарымды доғалап,
Кигіз үйімді еске алдым, Бұрышсыз дүниелерім еді ғаламат.

Бүл өлкеде жебелі қорамсақ-құйрықты жұлдызын асынып,
Баһадүрлер аруағын шақырған, Найзағайларға қасынып.

Қызылды-жасылды асықтарыма кемпір-Қосақтарымды шөктіргем,
Қызылды жасылды дүние ішінде шашылып қалған көп мүрдем.

«Баяғы жартас бір жартас» мейіріміңді төгіп мекірен таулар,
Адамзат пен табиғат махаббатынан ес, Рең қаулар.

«Күн түбіне жортқан ұл едім» аспаннан бұрын жер беті күркіреп,
Бағзының оғландарындай жанары – жалын, Кірпігі – от.

Ізімнен көктейді, Ықылым ымырасына көндірген іңгәлі қынам,
Менің де тамырым аспанған жайылған, Мықан ағашының мұңдарын ұғам.

Тәңірлік түйсігімді оятқан, Тағылар жортқан түз далам,
Құс жолының құсалы ақыны едім, Балбалдарыңның құпясына мызғыған.


ТОПАН СУ


Тырнағым көбесіне жасырынған құрлық,
Саған да керек шығар топан су қаптағанда бір Нұқ.

Теріп жүрм жерден табаныма батқан ұрғашылар үрпісін,
Болса екен бұл менің өңімде көрген бір түсім.

Еһ, Хауа ата, Хауа ана күнәдан бұрын жаралған адамзат,
Бұйырған сендерге жаратқан тарапынан таза жұмақ.

Қаңғырған пенделерді көрдім, Дүниеге қарап көз сүйегі үңірейген,
Тәнімді тастап қашамын, Рухым шошынып мың үрейден.

Жан дүнием ол дүниедегідей тазарып, Тәндерім қаңғылестеген,
Жұмбақ бір күй ішінде жасаймын, Адамзат мәңгі кешпеген.

Сосын уақыт шүңеттерінде ықылым болмыстарым құлазып,
Бара жатамын күңгірт балқыған айналар ішнде тірі азып.

Қайырымсыз қауымдар еліндегі Қайыршы ыдысының кетігінде ай түнеп,
Құмырадағы шайқалған суды көріп, Ежелгі тәубемізге қайтып ек.

Бесігімді аластап жатады, анамның алпыс екі тамыры иіп,
Саусақтарымды түйіншектеймін, Алақаныма шөкімдей топырағымды түйіп.

Ал маған да жол баста, Аңызға айналған бөрілік тегім,
Жазмыштарым да өткен шақтарымнан тұрады көрініп менің.

От үстіндегі пәруаналар сызған шеңберлерімді шеңбектеп,
әлқисса, сәби кезіме қайтамын, Қара жер бетіне қайтадан еңбектеп.

 

ЫНТЫҚ ТАМЫР


Түссіз уақыттар мөлдір кеңістіктермен аққанда,
Құс ұясындағы қауырсын қаламым, Оянбай әлі жатқанда.
...Басталған өлең
Тау ішіндегі жаңғырыққа сіңген бөрінің ырылын,
Ықылымға табынған ырымдай, Сүйкеп өтеді бір ұғым.

Үзілген құс қауырсынынан шытынаған кеңістік,
Менің қып-қызыл қаныма боялады ең ыстық.

Сол құс қауырсыны көлегейлегенде көзімді,
Тыншытықтың арғы бетінен көрдім, Айғайлап тұрған өзімді.

О, Хұсни сәулелер, қараңғы жанарымды үңгіген,
Мен де амалсыз аққуға айналған, Адамзаттың мұңлығы ем.

Қарғаның қарқылына қанатын малған періштелерім дерт еміп,
Жатады сосын қаңғырған қара бояуларға өртеніп.

Адасқан құстарыма алақанымнан жасап зеңгір көк,
Ажалдың өзіне тұрамын сүретін өмір бергім кеп.

Аққу үнді аңыздарым мен ермен иісті ертегілерім,
Тәнімнің өңінен байқаңдар сендер, Жер-тегім менің.

Қаз дауысты қара өлеңдерім қасиетімен қаңқылдап,
Мендегі үш ғайыпқа айналған... Жан, Тіл, Бақ.

Есту үшін сәби кезімнің жалғыз-ақ рет іңгәсін.
Жетпейді менің де өмірсіз жасаған мың жасым,

Барамын сосын уақыт езгісінен жауыр боп.
Бақсының тілімен тамызған жүрегімдегі ауырды от.

Бұйығы ғарыштан жылқы жалындай қара сәулелер ербеңдеп,
Маңдайым мен табаныма жақындай түседі жер мен көк.

Адамзат санасынан көктеген ой күнәсінен тоңармын.
Аспаннан тамған құс көз жасының көлеңкесіне орандым.