РАВИЛЬ АШЫҒАЛИЕВ. КҮДІК ОСЫ ҮМІТКЕ НЕГЕ ҚҰМАР?..

 

***

Көзге ілмей жолдарды ұзын асықтық жолығуға,

Сағыныш сезімімен жабығу, торығу бар.

Бақытты болу үшін ғашықтар міндетті ме

тағдырға табынуға?

 

Санамда сенделіп жүр ғаламның сан сұрағы,

Сөнбесе екен деймін сезімнің шамшырағы.

Жастықтың жаны ауырад(ы). Түн іші үзілгенде

көзіңнің тамшылары.

 

Жайықта жаңғырып тұр сен салған баяғы әнің,

Ол неге көңілсіздеу? Күтеді қай адамын?

Мен жазған жырларды оқып, серуендеп күнде өтесің

«Жерұйық» саябағын.

 

Тоңдырды сені күнім тағдырдың түнгі ызғары,

Жолыңда көп кездесті жалғанның мұң, мұздары.

Мен ессіз! Мойныңдағы қияр ем бір мең үшін

ғаламның жұлдыздарын.

 

Өткенге өкпеміз көп, көңілді көншітпеген,

Мезгілсіз жаңға батты мұңымда меншіктеген.

Күт, қалқам! Сен тұратын өлкеге өзімменен

көктемді ертіп келем!

Уәде...

 

«FEAR AND DOUBT»

 

«Может, я украл чужое счастье?!»

(автор неизвестен) 

Мүмкін...

Сен оның бағы шығарсың басына берілген,

Тәңір теңің деп таңдаған жан болдың...

...сеніммен қарайтын қашанда,

Сүйетін кемінде.

 

Мүмкін...

Сен оның әні боп айтылдың кештерде,

Оқылдың жыры боп бақтарда.

Терезе пердесін шешкенде таңдарда,

Ақ қарда,

Ақпанда,

Ең аяулы шақтардан сені іздеді?!

 

Мүмкін...

Оның қателіктерін кешіргеніңді,

Өткенді өшіргеніңді.

Тағдырдың жазбаларынан ұрлап, сені

қойын дәптеріме көшіргенімді.

айтуға қорықтым...

 

Мен біреуді бағынан айырған шығармын

Мүмкін...

 

* * *

Сен ең көркем өлеңсің...

Ең алғашқы кездесуде ұсынылған гүл сынды,

Мұң сынды ақынға алғаш өлең сыйлаған.

Қымсындым сені көңілге қондыра алмай,

Ғашықтар уәдесін естіген түн сынды.

 

Сен ең ғажайып өлеңсің...

Ең алғашқы жаңбырындай көктемнің,

Хош иісті гүлдеріндей бөктердің.

Өрт демнің жылытқанындай жүректі

Ұзатылған пәк қызындай текті елдің.

 

Сен ең ұлы өлеңсің...

Тудыра алмаған талай ақын қаламынан,

Жанарынан мөлт еткен жас секілді.

Үміттің ұшағы алысқа ұшып барады ма?

Қабылдай алмаған қала мына, ақынмын.

Ал, сен өлеңсің...

 

АУТОФОБИЯ

 

«Разве можно стать чужими, после стольких откровений?»

Ф. Достоевский

Жалаңаштадым жанымды,

Сыр бүкпестен алдыңда ақтарыла.

Көшірдім де тағдырдың шатпағынан саған жаздым өлең...

...бақытты шақтарымнан.

Ең сүйікті сәттер ме?

Кеше де өлген.

Қол ұстап кеш жақын көшелермен

серуендейтін едік қой.

Ал, қазір...көшелерден сенің салған әуенің естіледі

-деседі елдер.

Иісіңде шығады көз жасыңды көл қылған жағалаудан,

Сиқырыңа арбалып сана ма ауған?

Қиын нәрсе жоқ шығар қу тірлікте

Бұрылып қарамаудан сүйіп тұрып...

...жүректі жаралаудан.

 

Өлеңге еріп кеткен секілді ме?

Күзгі аспанның астында жан сіз ұққан,

Олда бүгін, көктемге салғызыпты ән.

Өткізген таң қызықтап, сырыңды айтып.

Сағындың сәттерді алыс...

Ал, мен болсам қорықпаймын жалғыздықтан,

Қорқамын сенсіздіктен...

 

recklessness

 

Мен кеше байқадым...

Сенің жанарыңда үміттің іздері бар екен,

Сенің жанарыңда күдіктің іздері бар екен.

Өр кеудеңнің артында жасырынған

Сенің жүрегің ақ екен,

Сосын, пәк екен маған деген сезімдерің...

Жазмыштың желі де өбе алмай жаныңды сандалды,

Аңғалдық ақынның жазылмас жарасы.

Біз бірақ, таңғалдық...

«Сүйіп тұрып та қосылмауға болады екен-ау».

 

Мен кеше байқадым...

Сенің жүрегіңде наз үн бар екенін.

Сенің жүрегіңде назың бар екенін.

Қалай қашсаңда тағдырдан «мені» бағыңа

жазылған екенін ұрланып оқыдым...

Сенің алдыңда кінәлі екенімді,

Сенің алдыңда күнәлі екенімді оқыдым...

Дөкір күн ажалдай араны айырды бір сәтте

«Өкіндім сені жоғалтқаныма...»

 

Мен кеше байқадым...

Сенің сөздеріңде жалғанның барын,

Сенің көздеріңде арманның барын.

Сорғалап көз жасым ұйқысыз қарсы алдым

Таңдардың бәрін...

Білтесі таусылған шамдар куә!

Сенсіз сенделіп серуенге шықтым сазарып,

Жаз әні айтылды бақтарда, естілді бақыттың базары.

«Ол, кетіп барады көктемге» дедім, мен!

Өзенде менен сені сұрады,

Кезеңдер менен сені сұрады.

«Ал, сен үнсіз кетіп барасың көктемге...»

 

МАҒЫНАСЫЗДЫҚ...

 

Қала...

Көшелері ымдасып бір-бірімен,

Шамдары да елемей түнді мүлдем.

Күз артынан сен кеттің бұл өлкеден

Өлең үшін сұраймын мұңды кімнен?

Өлең үшін сұраймын мұңды кімнен?

 

Сен кеткелі...

Суындым, жанып, үстім,

Қоғамның да дерті бар. Сабылыс тым,

Сәті сондай тәтті ме қауышудың?

Дерті сондай ауыр ма сағыныштың?

 

Аспан жылап жетімдей,

Дауа дерсің жаныма.

Тамшы жерге тас бауыр тамады ерсі.

Келеріңе сенемін күзбен бірге

«Күтем қалқам!»

Ал, жаңбыр жауа берсін!

Алланың нұры ғой...

 

***

Сен маған өкпелісің,

Түннің де бар маған мөлдір өкпесі,

Көз ілмей өткен үшін де болар көп кешім.

Қараңғылыққа жетімек ұлдай жалғыз қалдырып

қайта орал деп қабылдадың кеш шешім.

Емешегі үзіліп іңір мені тербейді құшағында,

Жаңа ғана көргендей жалғыз ұлын.

Арды бүгін өлтірдім...

Махаббатымды мойындаймын деп.

Не болар екен арғы күнім?

Тағдырға мәлім...

 

Күледі күн миықтан,

Жапыраққа жазған жырымды оқысам,

Қаласың тәтті ұйықтап,

Иықта басың...

Пейіш төріндегі ең мамық көрпе секілді.

Сандырақтайды біз туралы санасыз қоғам.

Не түрлі сөгістер айтады.

Жетілдім жүрегі жоқтардың сөзінен...

 

Жандым, күйдім лапылдап,

Бағзы күннің жетегінде кетті бағым да.

Мүмкін, маған...

...сағым да сенен жиі көрінетін шығар.

Жаным бар жыртылған, мезі болған.

Салмақсыздығына сертіңнің,

Жел түннің мұң, шерін тыңдайды.

Ал, мен...

Дәмін сағындым ерніңнің.

 

-Ақын болғандығымда кінә бар ма?

-«Бар...»

-Білемін!

Шатасқан шағым, суынған сезім, кез бөтен,

Сөз шекер қаламнан туған.

Төзсе екен сенің жүрегің қиындықтарға,

Төзсе екен...

Сосын,

О, тәңірім...

Мен оны әлі құлай сүйетінімді сезсе екен...

 

*** 

Көрдің бәрін...

Қирағанын қабырғам,

Жазда арманым көкке ұшқанын келмеске.

Вокзал маңы,

Сені күттім, сарғайдым әр кеште...

Түтіне алдандым бұ қаланың,

Ақ бұлттар деп адасып арасында.

Жүрегімнің жазылмас жарасы бар

Өтінемін...

...қасымда қаласың ба?

Келесің бе?

Үнсіздік билеген көшелерге,

Адам қашқан.

Жанарыма қарайды-жылайды өлең

Қараңғы аспан...

Мұңданамын бұлай неге?

Сағыныш па?

Сағыну да ессіздік осы күні,

Сағыныштың білмейді құнын ешкім.

Тағдыр бізге жазбаған қосылуды

Күнім, кешір...

 

***

Көзіңнің жасы деймін жаңбырды бізге жауған,

Мұң да еріп шаршады арттан

Ол отыр түзде қалған.

Іштегі дұғамды айттым іңірге.

Қашан, енді...

...қосады бізді жалған?

 

Дәптердің шимай бетін жанардың жасы ұғады,

Есіл мен Жайық егіз...

арамыз қашық әлі.

Қаламды жылатам да, ғайыпқа

жазған жырды оқуға асығамын.

 

Көлбеңдеп көз алдымда қара түн жүк көтерген,

Жәһаннам жалынындай жанымды өртті етер мең?

Пейіште періштелер некесін қиғаннан соң,

Қосылмай кеткен бізді айтады жұрт бекерге...

 

Өткеннің еншісінде өрескел қателік көп,

Өкініш өртемеді... өтпелі жәй тамұқ деп.

Тағдырдың тостағынан жазылған шарап ішіп

Өлеңнің әр жолдарын бақыт қып қайтарып бер...

 

Жаныңа медеу іздеп келесің кеш көпірге,

Егіліп, есем кеткен күндерді ескеріп көр.

Өз-өзін жұбата алмай жылайды көше шамдар

Боздайды естеліктер...

 

Қымтанып алыпты ғой көрпесін, дала мұңнан,

Суретің өшер емес сақталған жанарымда.

Мен сенің тағдыр атты пешене дәптеріңде

Нүктесі қойылмаған өлең болып қаламын ба?!

 

 

***

Өксік сіңген, сарғайған, ала жастық,

Қайғы жұтып, қан жылап қара ағаш тұр.

Өлең жаздым сен жайлы,

өзімді алдап

Қамы үшін деп қара бастың...

 

Жегідей жеп жанымды түнде мұңым,

Мұңның ішу шарабын-күндегі ырым.

Тосын сыйын тағдырдың жырға қоссам

Жылап қала береді күнделігім...

 

Не үшін? Белгісіз...

Бірақ, неге жүрегім айыпты әлі?

Хаттарымның тиді екен қай ықпалы?

Еркелейсің Есілге есің танып,

Шақтарды еске алғайсың Жайықтағы

 

мен жыр оқыған, мен сүйген

қойнауында қап кеткен өткен күннің.

паң ғұмырды,

Жылуы жоқ ендігі, жан нұрыңның.

Ақынсың деп кеудемнен кері итеріп

Досы қылдың біржола мәңгі мұңның.

Cәттерге алыс көз салып уақыт тұр ғой,

Сосын, сосын...

...тыңдамады жақұт жырды ол,

Мен ішерде оқығам...

Тек, есімде соңғы жолы хатыңның:

«Бақытты бол!»

-Сен де...

 

***

Мұң кешудің өзіндік дерегі бар,

Күдік осы үмітке неге құмар?

Жаныңды азаптайтын махаббаттың не

керегі бар?

Қойшы, бәрін...

 

Сәулесімен сыңарсың ақ таңдардың,

Астанада білемін ақпан қарлы.

Бәрін-бәрін отқа өрте,

тым болмаса...

жүрегіңді жылытсын хаттар әлгі.

 

Сонда мені...

Бұлыңғыр бақ елеп тұр,

Көрмедім ғой көріктім мәпелеп бір.

Біз өмірге бір уақта келгеніміз

Тағдыр жазған ең ұлы қате деп біл.

Сосын...

Бәрі кездейсоқтық дей саларсың.

 

Сен білетін жаныма мұң ыстық, ар,

Таң атырып, жүрекпен ұғыстық.

Ал, сен

қиялымда қаяусыз ғұмыр кешкен

Музам болып қалғаның дұрыс шығар...

 

***

 

Күз...

Келді де көздерден жас тамғызды,

Ұшып кетті ұлы ойлар аспанға ізгі.

Мұңайғанда қараймын көкке

Көркем!

Сосын...

біз туралы оқимын дастанды ұзын.

 

Қайғырамын,

қашқандай бастан бағым,

Көріп тұр ғой көңілшең аспан бәрін.

Айырбастап мұңыңды бақытыма

Қаламадым көзіңнен жас тамғанын.

 

Сен, әрине білмейсің...

Рас па күнім?

(Жанарында жұтылдым асқар мұңның.)

Сары уайымға салынам кейде, сені...

...айналама деп жырына басқа ақынның...

 

Ішім ашып, өлердей түнеремін,

Көп аңсаймын...

әлсіздігім міне, менің,

Егер, сені сағынсам, ұшқан құстың

қанатына хат байлап жіберемін.

 

Жырақтадың...

Кішірейіп көзіңде өлке.

Сөнбейді деп сенесің сезім де ертең.

Тек, сырымды көңілшең аспанға айтып

Тек, алыстан сүйейін өзіңді еркем...

 

***

Елестейсің...

Көз салсам түнгі аспанға,

Жалғыздықта сол түнмен сырласқаннан,

Моншақтарың көзіңнен тоқтай алмай

Жанарыңды мұң басқан ба?

 

Әлде, сен де жүрсің бе жалған күліп?

Тағдырыңның көтеріп салған мұңын.

Көктем келе құстарды күтіп едім

Әттең, мені тағы да алдады үміт...

 

Жұқарып жүр жүйке мен шыдамда анық,

Қала берді жанарым тұманданып.

Кейде, отырам(ын) жолдас боп масаң түнге

Сырымды айтып, қолыма сырамды алып.

 

Тағдыр...

Солай, бейбақ қып таңданған-ау,

Қалды бәрі, сезім мен жанда қалау.

Менің шерім кешкілік көшеге аян

Менің сырым сақтаулы шамдарда анау...

 

Көңілімдей түнерген аспан да ала,

Жаңбыр...

Сосын, тығылды жасқа жанар.

Мұнартқан мұңымды үгіп бір жолаға

Мен бақытты болар ем,

Астана бар...

(Астанада сен барсың)