РАХЫМЖАН АСҚАРҰЛЫ. АҚЫЛ АЙТҚЫШ ҚАЙТЕМІЗ ЖҰРТТЫ МЫНА?

***

Күймеуге себеп: шыдам,

Өлеңде зор дауысым.

Сүю де керек шығар,

Қатыгез болмау үшін.

 

Қайтеміз назды өкпені?

Кезсе егер қиял айды.

Көшенің жаз, көктемі,

Көзіме ұялайды.

 

Мендегі күйге сай үн,

"Музам" ғой деп көремін.

Біреуді сүйген сайын,

Біреуді жек көремін.

 

Ғажапқа теңейікші,

Танытпай салқындықты.

Сезіммен жеңейікші,

Елдегі сатқындықты.

 

Күймеуге себеп: шыдам,

Өлеңде зор дауысым.

Сүю де керек шығар,

Қатыгез болмау үшін.

 

***

Мені неге жазғырасың осы сен?

Саған деген сезімімді өшірсем...

Сағыныш-жыр жазу үшін аспанның

Көзіндегі мөлдір мұңды көшірсем...

Сұрамастан жаудырасың жаңбырлы ой,

Мұңаймашы, мұның аты-ТАҒДЫР ғой...

 

Жүректегі сөздерімді назды қып,

Арнайтынмын.

Сен де қойдың мәз қылып...

Жүргенімде бақытымды баста ұстап,

Кенет тағы кінә тақтың жазғырып.

Жәй бұлтыя салсаң еді,

Көңіл ғой...

Жабырқама, мұның аты-ӨМІР ғой..

 

Сосын жаңа басталғанда тәтті күн,

Қадамымда қылаң берді әккі мұң.

Ұмыттым-ау дегенімде, жолығып,

Өткен күннің еске салдың шаттығын.

Бұрынғының маxаббаты аз күшті ед,

Өз-өзіме басу айттым "Жазмыш" деп.

 

Бірге жүрген әр сағатты, әр айды,

Ұмыт енді.

Шағымызды арайлы.

ескі жара бетін тырнап қайтеміз?

Жарайды!

Не де болмаса жазмышымнан көрем ғой,

Жек көрмеші, мұның аты-ӨЛЕҢ ғой...

 

ЕСКІ ӨЛЕҢ

Ләззәттің иісі аңқыған кештерден,

Өзімді жоғалтып алудан сескенем.

Ессіздеу елірген етекте ес-түссіз,

Ентігіп өлмесін ескі өлең.

 

Ескі өлең –

О, менің әкемнің мас күні,

Анамның қайтадан оралмас жастығы.

Қара Өлең-қайғы мен уайымның Тағдыры,

Ескі өлең-ақынның өлгенше бас мұңы.

 

Уақытта сынақ һәм сұрақтар жең түрген,

Безініп кеткенмін күндерден, мен түннен.

Содан соң "Өмір" деп аталар саxнада,

Ескі өлең оқыдым ескілеу жемпірмен...

 

Жалығып сезімнен, тарылып...

Жан ұлып,

Күн талып жатқанда періше қағынып.

Ескілеу дәптерге ескі өлең жазғанмын,

Ешбіреу жаза алмас ескі  ойға бағынып...

 

Ескіше дәстүрден алшақтап жанымыз,

Ескіше жолдардан адастық тағы біз.

Бір сәтте келмеске кетпесін барымыз...

Сары қыз-мен үшін ескірмес ескі өлең,

Ескі өлең-мен үшін баяғы Сары қыз...

 

***

Бағаланбай келді ғой бақ құны көп,

Жақсы емес жүректің назы артқаны.

Сенсіз өткен күндердің шаттығы жоқ,

Сенсіз өткен түндердің азап бәрі...

 

Білсең бізді бірнеше жайт сынаған,

Жігер керек жүректі емдетуге.

Сенсіз қалай күлемін, айтшы маған,

Сенсіз қалай жүремін жер бетінде...

 

Мені тосар, жарығым, тағат бар ма?

Тым жырақта кезігер күн шынында.

Сенсіз кеткен жетімек сағаттар  да,

Саған деген сезімім тұншығуда...

 

Секемшіл санама кеп нұр тұнады,

Түсімде көретіндей сірә, бүгін.

Сенің жылағаныңа кім кінәлі?

Менің құлағаныма кінәлі кім?

 

***

 

Түсінік аз, біздер де ұғыныс кем,
Тағдырымның толассыз мұңын ішкем.
Бір күндері жарылып кетердеймін,
Жүргенім де жабығып, тынып іштен...
.
Көрсеткен де кей-кейде қырсық қылық,
"Сүйем" деймін өзіңе ұрсып тұрып...
Құдайдың да күніне сенімім жоқ,
Сезімімді тастардай тұншықтырып.
.
Қара бұлтқа айналған үмітті аспан,
Сан сынақтан білесің күліп қашқам.
Көңілімді қайтемін уайымы көп?
Өмірімді қайтемін күдік басқан?
.
Мұның бәрін өткінші қабылдармын,
Шынайысы- өткенді сағынғаным.
Мен құламай жүрмеймін - анығы осы,
Сен жыламай жүрсең ғой жаным, жаным..

 

  ***

 

Іштей құса боп жүрмін...
Білмедің бе?
Мұң шағамын ай менен күнге, гүлге.
Сені сүйіп қалайын жүрек бар да,
Мені сүйіп қалсаңшы жүргенім де...

Ақыл айтқыш қайтеміз жұртты мына?
Тырыспаймын, сезсеңші, сыртты ұғуға.
Көкке қарай самғайық, кеңшілік қой,
Айналғанша жүректің тұтқынына...

Тек алыстан көруге бұйырған қыз,
Құлдық ұрып Құдайға сиынғанбыз.
Өмір жалғыз!
Жыр жалғыз!
Жүрек жалғыз!
Жаным жалғыз!
Ой жалғыз!
Миым жалғыз!

Қосып әкеп қоямыз өлімді арға,
Махаббат бар, басқасын көңілге алма.
Сені сүйіп қалайын миым бар да,
Мені сүйіп қалсаңшы өмір бар да...

 

  ***

 

Алдарқатқанмен көңілді,
Жазмышымнан да көрем ғой.
Өлең қып қайтем өмірді?
Өмірдің
өзі өлең ғой.

Жанымның көпке сыры әйгі,
Маңайым тегіс шынайы.
Бәрі де осы қалпында,
Ұнайды маған, ұнайды...

Қадірін, шіркін, білсе екен,
Жадырап-жайнап жүрсе екен.
Ақжарқын осы адамдар,
Ұзақтау ғұмыр сүрсе екен...

Сынақты жеңген кезі үлгі,
Үйреткен шыдап, төзуді.
Әлемге тыныс беретін,
Адамның ұлы сезімі.

Ақ қардай аппақ тілекпен
Келемін. Болма кедергі.
Өлеңді сүйген жүрекпен,
Өмірді сүйгім келеді...

 

***

 

"Ауыр" деп сырмен бөліспейікші,
Үнсіздік керек. Керіспейікші.
Өткен күн өлді, өтірік күліп,
Көріспейікші...

Таңдаған жанды жылытайықшы,
Болса екен бастың мұңы ғайып шын.
Осының бәрі үрейлі түс қой,
Ұмытайықшы...

Жаңа жүректен қорықпайықшы,
Ескі ес бітті... Солып қайғысы...
Тағы да жанар жылап қалады,
Жолықпайықшы...

Таныстан хәлді сұрамайықшы,
Биіктеміз ғой. Құламайықшы.
Тым тәтті күліп жүрміз екеуміз,
Жыламайықшы...

Хаттарың болмай шын менен күткен,
Сағынышымды күндеген көктем.
Біз жайлы болған киноның соңы,
Мұңменен біткен...

Режиссер күпті. Не деді сонша?
"Жалғасы бар" - дың дерегі болса...
Кино бітті қой, камера қоспа,
Керегі қанша?

 

 ***

 

Сезіну-сезбеу бір өткел,
Түсінбей жүрсе мұңдылар.
Сүйе алмай жүріп жүректер,
Жек көруге де тым құмар.
.
Сен үшін дұға тілеуді
Шығардым. Болар мәңгілік.
Сағыну үшін біреуді,
Қоштасу емес заңдылық!
.
Хәлімді менің сұраман,
Күбірлеп қоям тек іштен.
Ақтағым келед күнәдан
Жер басып жүрген, періштем!
.
Мекендеп жүрсе тасаны ой,
Жәйім бар менің алаңдар.
Адамдар қайғырмаса ғой,
Жыламаса ғой жанарлар!
.
Жанымды елтіп елес - үн,
Төнуге қара бұлт құмар.
Өмірдің ертегі емесін,
Жан бар ма маған ұқтырар?!

 

***

 

Ол бәрін біледі,
Мен білмей мұңайдым.
Ол неге күледі?
Мен неге жылаймын?

Ол тағы кектенді,
Мен жырға ие едім.
Ол неге жек көрді?
Мен неге сүйемін?

Ол жанда күз әлі,
Мен қашан жылимын?
Ол неге ызалы?
Мен неге жымидым?

Пері
сіз, сірә, сіз!
Оқымас дұғаны.
Ол неге күнәсіз?
Мен неге кінәлі?

Мен қалай кете алам?
Салқыны-ай сары күздің.
Ол неге екі адам?
Мен неге жалғызбын?!