ҚОЗЫБАЙ ҚҰРМАН. СӘТ БАР МА СҮЙГЕН КЕЗІҢНЕН МӨЛДІР?!

***

 

Мен жүрегімді жоғалттым,

Баладай аңғал болатын.

Сен қайтарып берші, о, мәрт күн –

Аташы барар жол атын.

 

Мен сосын көрейін бәрін,

Баяғы көңілімменен.

Ойларға тағы сенейін қалың,

Сол емес пе өзі өмірің деген?!

 

Аңқылдап жүрейін сосын,

Көңілімді хош етіп күнде.

Жарқылдап күлейін сосын,

Жанымды дос етіп кімге?!

 

Дос етіп күнге, гүлге де,

Жүрейін жар естен тана ма?

Шым етсе жұдырықтай бір дене,

Секілді кіршіксіз шарана.

 

Мен сөйтіп табайын нәрді,

Анамның аңқысын сөзі.

Бала боп қалайын мәңгі,

Тәрік етіп тартысын да өзі.

 

Мен сөйтіп табайын нәрді,

Анамның аңқысын сөзі!

 

ТАҒДЫР

 

Мен оның атын атап айға ұшпағам,

Жүректей жүрем, әйтеу, қайғы ұстаған.

Ол болып өзімді өртеп от жүргесін,

Сөйлейді мені сүйеп байғұс қалам.

 

Байғұс  – ол. Мендей, сірә қақ бөлінген,

Не пайда таңдай татқан тәтті өмірден.

Басталған қасіретің түтінге ұқсап,

Топырағыңа қош айтқан сол сәтте бірден.

 

Шеруенде қыр жыласа шерменде емей

Қайткені;

Жусан түсер, ерменге де ой.

Қалбаңдап жүрген сені ерте кеткен,

Дүниені не дерсің сен «керуен» демей.

 

Ұмытқан секілденіп ауыл атын,

Ұмытқан сол даланы, дауыл атын.

Тәрізді тағы ұмытқан ата бейтін,

Жүрегі содан шымшып ауыратын –

 

Мен  – бір жан ештеңесіз, есті ұмытқан,

Тәбәрік таба алмаған ескі жұрттан.

Тамызбаса екен деп ешкім ұрттам,

Бір сарығын іздеген кешкі бұлттан.

 

Мүмкін, онда келер ме жердің иісі,

Шаруа төккен ашы бір тердің иісі.

Отырамын ұзақ-ты. Ештеңе жоқ.

«Жат орданың» елестеп енді мүйісі.

 

Неміз қалды, етпекпіз нені кеңес?

Мазалайды-ау осы ойлар сені де – кеш!

Ол менің – туған жерім болған бірақ,

Ол менің – неге туған жерім емес...

 

КӨКЕМ ТАРТҚАН КҮЙ...

 

Тартты көкем тебіреніп дүрліктіре бір күйді,

Перне бойлап он саусақ биге баса сырғиды...

 

Мөлдір моншақ лезде терезе алды шашылды –

Шашылғанын сүйгім кеп көзім содан ашылды.

 

Бірде анам басқандай бауырына еміреніп,

Бірде әкем тұрғандай әлде неден тебіреніп.

 

Барады, әне, жап-жасыл сәби үнім ніл болып,

Шөп басында сөйлейді – былдыр-былдыр гүл болып.

 

Кеше ғана тұрған ем тілмен, көзбен қаз басып,

Өмір деген емес ау ойлы адамға аз нәсіп?!

 

Көңілімді мен сөйтіп күллі ырғаққа созғасын –

Көк аспанның бүрлеген көрдім ептеп көз жасын.

 

Тоқтады күй нұр көрдім – көкірек содан жылынып,

«Сүю керек» деп қалдым оқыс сонда бұрылып...

 

Тартты көкем тебіреніп дүрліктіре бір күйді,

Перне бойлап он саусақ биге баса сырғиды...

 

БОЛМЫС

 

Күй төгілді тағы да тамылжулы, бір нашты,

Мың тұлпары көңілдің дүбір қосып қырды асты.

 

Пернелерде мың бұлбұл тартқан сайын дүр етті,

Ұлылығын бұл күйдің өз тілінде жыр етті.

 

Бірде алқып сүйеді ол кеудеңді от-дүр жалындай,

Бірде аңқып сөйлейді баяғының шалындай.

 

Күбір болып тамады еріндерге кезерген,

(Боз жусандай бұп-бұйра сөздің нілін сезем мен)

 

Көзесіне құйғандай түннің сарқып гүл шығын,

Сіздің қырда жарғандай бұлттар тамшы – бүршігін –

 

Қондырғандай айдынға өңшең асыл сазды ылғап,

Шақырардай сол маңға қос қанатын қаз бұлғап.

 

Сұлу бола алар ма шайыр жазған жыр өстіп,

Шешендердің аузынан төгілер ме гүл өстіп?

 

Саған, дүние, салмаймын мұндай шақта көз ұшын,

Сеннен көңілім қалады бір-ақ ауыз сөз үшін.

 

Хрусталдың сыңғыры секілденіп өлі, өшкін

Тұрған үнге тамсанар музкант та емеспін.

 

Елтем ерке дауысқа қос пернеде наз айтқан,

Тыныштығын көңілдің соған бола азайтқам...

 

Келді бәрін дүниенің күймен ғана гүл еткім,

Күйден ғана жаралған өзі мынау жүректің...

 

АҚЫН

 

Елітіп жазды, ерітіп жазды көңілді,

Етпек боп жанға нені үлгі?!

Армандар қанша аңқылдап жүрді –

Не білді?!

Жүректер қанша жүрекке деймін сенілді.

 

Аңсарлар сосын аңсарға қанша сарық-ты,

(Аналар біздің сәбиге қанша зарықты?!)

Толғатқан уақыт тудырды сосын тұңғыштай –

Ақын дей-тұғын халықты.

 

Үміттер, бәлкім үмітті жүрді үлгі етіп,

Ақылдар жүрді ақылды ойды нұрлы етіп,

Шайырлар жүрді ақмаңдай ару жанарын,

Жырымен күнде бүрлетіп.

 

Тегін бе еді олар кеудеден күнде от өрген,

Тегін бе еді олар жүректер мұңын көтерген.

Әлемнің мынау мастығын жырлап беруге,

Ару жүзінде гүлдеген жалғыз жетер мең...

 

АТАЖҰРТ

 

Сарғайған көңіл реңі болып,

Боздаған жусан жүрегі болып.

Мен сені сүйдім «Атажұртым» деп

Атамның қайтқан тілегі болып.

 

Алқам да салқам аңғал тауымдай,

Кезерген қырға тамған жауындай.

«Атажұрт» деген жалғыз-ақ сөзден,

Еңкілдеп жылап қалған бауырдай.

 

(Жетпейтін оған жеткізбес жол-дүр!)

Қастерлі сосын сезіммен сол бір,

Аңқылдап келіп аңқаң бір қанып,

Сәт бар ма сүйген кезіңнен мөлдір?!

 

Білмейді, бәлкім

Сезбейді, бәлкім

Сурыла салған сөз дейді, бәлкім.

Ең ұлы сәтті аташы дейді ел,

Атажұрт көрген кез деймін алтын!

 

(Жетпейтін оған жеткізбес жол-дүр!)

Қастерлі сосын сезіммен сол бір,

Аңқылдап келіп аңқаң бір қанып,

Сәт бар ма сүйген кезіңнен мөлдір?!

 

О, ӘМІРХАН...

 

Бір арудың күлкісі ұсап күлгендей,

Мың тұлпардың дүбірі елтіп жүргендей -

Тәтті өмірден неге кеттің, Әмірхан,

Түбінде у жататынын білгендей.

 

Сенсіз шаһар оранды ма мұңға кіл,

Сені есіне алады екен мұнда кім?

Жалғыздығын айға ғана жеткізген,

Көкбөріні келді өзің боп тыңдағым.

 

Сорғалатып сыйлай алмай балын бақ,

(Беті де оның алған, тәйірі, қалыңдап.)

Отқа айналып кеткен сенің ғұмырыңның,

Етегінде біз жүруші ек жалындап.

 

О, Әмірхан, сахи күннен нұр сөнбей,

Шеруенде қыр кеудесінен гүл сембей,

Келте үзілдің бір ғажайып күй сынды,

Күйдің тілін білсем ғой.

 

Бақұлдасқан барқыт белмен келіспей,

Сені өсірген бақытты елмен келіспей,

Сен келер деп «туған жеріңді» елте оқып,

Туған жеріңе ренжігем мен іштей.

 

... «сол Алматы жетімдігін жасырған»,

Сол адамдар ырқына тез бас ұрған.

Себе салған бір Алланың нұры үшін,

Ырыздығы үшін тағы шашылған –

 

Інілерің ірілікті құптасықан,

Сенің асқақ үмітіңмен нық басқан.

Сенің жастық жылдарыңның кейпінде,

Мың арудың түсінде жүр шықпастан.

 

Сағыныштан сызып атқан таңға ұсап,

Сенің қысқа ғұмырыңдай әнге ұсап.

Жанарыма ұялаған мөлдір шық,

Секілді бір мөлтілдеген тамды шақ...

 

О, Әмірхан, сахи күннен нұр сөнбей,

Шеруенде қыр кеудесінен гүл сембей,

Келте үзілдің бір ғажайып күй сынды,

Күйдің тілін білсем ғой.

 

ДАУЫС

 

Күмбір-күмбір дыбыстарды сүйем мен,

Бересің бе ұлы рухым – кием дем?

Жетім шалдың жыры ма еді сол дауыс,

Жалғыздығы жары ма еді сүйенген?

 

Бөрі үні ме тек оқыған ұзақ қарап айға ода?

Бәлкім, құстың сүйініші көктемдегі қайғы ада,

Әлде, бұл күй мекіренген қойдың үні – мейірлім,

Ит дауысы – болар, сірә адалдығы жай ғана.  

 

Түйе даусы-ау бозала таң, бозалатаң боздаған,

Боздаған сөз боз қурайдың боз өкпесін қозғаған.

Бір дауыс бар, солай, досым, бірге туған дәл менмен,

Бір ғұмыр бар бір дауыстан бір қарыс та озбаған.

 

ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗ

 

Тебіреніс,

Толқуды сан рет туғызған,

Сен айнымайсың

Менің бала күнімдегі жұлдыздан.

 

Кеш болса күнде,

Үйден – көзден тұратын жырақ барып,

Мен – сол баламын!

Алатын оны көріп жылап та ауық.

 

Сонда сәби болсам да,

Сол жарық мені жетелеп жүретін.

Менің барлық «азап-мұңымды»

Айтсам көтере білетін.

 

Ол – көкте,

Мен – жерде.

Бірақ бар сияқты

Арамызда жақын туыстық.

Содан бері де

Кешкі дүние мен үшін тым ыстық!

 

Сіз түсінбессіз мұны,

Сіздің жүрегіңіз жұлдыз емес.

Жер бетіндегі жұлдыздар да жұлдыз емес,

Мен бастаймын сол үшін бір күні егес!

ЕЙ, ДҮНИЕ...

 

Бозаң елес,

Бозғыл ой,

Қиял біткен бозғылтым,

Сейілтер ме жүректің алқып шыққан сөз бұлтын.

Бостандыққа ұмсынған ұядағы ұлы арман,

Сақи күннің күтеді түнекті ашар жез кілтін.

 

Жырау бабам сөз еткен тобылғының берегі,

Сол берекке мың тарам нұр үймелер себебі.

Қандай бейғам ұйықтайды

Қандай балғын;

Япыр-ау!

Мынау таңның бөбегі.

 

Бидайлығым бүлкілдеп

Өпкім келер еңбегін,

Өбе алмаймыз адамзат

О, недеген шерлі едің?!

Сосын салқын қараймын алау-далау өмірге,

Безіне алман мұңынан – осалдығым ол менің!

 

Бәтуәсі бітпеген бағзы күнде ертегім,

Баян болар сізге енді келте шаттық, келте мұң.

Шанағына қадалар сан арудың кірпігі,

Қоңыр күйін мезгілдің еңіреп кеп шертемін.

 

Тарихыма тағзым қыл, үңіл еркін бас алман,

Ей, дүние, адамдар азабынан жасарған.

Мен деген бір мүсінмін –

Жан бітірген тәңірісі,

Еркіндіктен қашалған.

Маған бұлай қасарман!