ҚОЖАБЕКОВА ЖҰЛДЫЗ. АЛДЫМНАН ЖОЛЫҒАРДАЙ ІЗДЕГЕНІМ

***

Екеуміз жүрген жол қымбат,

Жүректе қалар ізгі жыр...

Артымда қалды қол бұлғап,

Қызғалдақ ғұмыр, қыз ғұмыр...

 

Қызғалдақ қыздың бәрінен,

Қызғандым сені жанып іш.

Аңқиды жүрек әнінен,

Сарғалдақтардай сағыныш

 

Қос бұрымымнан білінген

Даланың таза жұпары...

Желменен қырдан жүгірген,

Ерке кезімді күт әлі...

 

Біздер термеген не түрлі,

Қыр жатыр жусап көп гүлден

Қызғалдақ гүлдер секілді

Құшағыңа еніп кеттім мен!

 

Жаңбыр сезімнен нұрланып

Жаныма жылу алайын.

Сен қыр бол кұшағыңдағы

Мен қызғалдағың болайын!

ОЙ

 

Асығып алып ұшқан,

Сабылып сағынысқан

Нəп-нəзік жүрегім-ай,

Жаралған сағыныштан.

 

Көңілде кіреуке мұң,

Күлкісіз күнелтемін.

Мазмұнды өміріме

Мазасыз мұң ертемін.

 

Мұң, қайғы, күнə, зарсыз,

Түс көрем, түн ажарсыз.

Қас-қағым жалған ғой бұл,

Қалады кім ажалсыз?

 

Алдамас Ар құбыла,

Сенемін барлығына.

Мөп-мөлдір өлеңім-ай,

Жазылған тағдырыма.

 

ҚАРАША МҰҢ

 

Күңіреніп кетті ме күн ырғағы?

Күнтізбемен ауысты ғұмыр мәні...

Күн райы мендегі сезімдердей

Құбылмалы...

 

Бір мезетте көгімнен арай қарап,

Сәлден кейін бетімді қар аймалап.

Қабағынан қар жауған қарашаның

Қасарысқан кейпіне қарайды алап...

 

Қаңғыбас жел таратып қара суық

Айналаны кезеді аласұрып.

Ақ жауыны секілді менің күйім,

Ақ сезімін жіберген таң асырып...

 

Көшіп алып көңілге қараша мұң,

Көшкен елдей кетірді қала сәнін.

Қайтып келмес күндерін еске алады,

Қайтқан құстар көшіне қараса кім?

 

(Қар аралас жаңбырдың ұш тұнбасы),

Қия алмаған аспанын құстың жасы.

Қазанменен күз соңы бұл қараша,

Желтоқсанмен жалғасқан қыстың басы.

 

Қара суық құрсаған бар алапты,

Қары қарып, жанымды жаралапты.

Қарашамен тағдыры егіз ару,

Көше бойлап көңілсіз бара жатты...

 

ЖАЛҚЫ СӘТ

 

Кездесіп қалған жалқы сәт,

Кеудеме бақыт сыйлайды.

Еріп кететін қар құсап,

Қимайды жүрек, қинайды...

 

Көкейде жатыр көп сырым

Көзімнен оқы...

Күліп тұр.

Өткен күндердің өксігін,

Көктем күлкіңмен ұмыттыр!

 

Беймезгіл жеткен сезім бе?

Бейнеті көп қой бес күннің.

Кездескен Сізбен кезімде,

Ғаламат күймен кештім мұң...

 

Кешерміз бір сор, бір бақты,

Кешігіп тағдыр көшінен.

Жүректе жұмбақ сыр жатты,

Махаббат деген осы ма ең?

 

Жадырау сосын жабырқау,

Түсіну тағы түйсіну.

Тағдырыңызға таңырқау,

Суретіңізге сүйсіну.

 

Жаным деп жазған жазбаға,

Жаныммен менің жалғанды ой.

Алданайықшы аз ғана,

Өмірдің өзі жалған ғой...

 

МЕН СІЗДІ САҒЫНҒАНДА...

 

Мен Сізді сағынғанда...

Күрсінтіп тұнжыр түнді таңға ұрамын.

Көңілім-көмілген бұлт...

Жаңбыр-əнім...

Жалт етсе жанарыңыз, жанымда жаз

Қайтемін өзгелердің сандырағын.

 

Мен Сізді сағынғанда...

Таң атсын, көш бастасын керуен күн.

Сезбеймін, бақыттан да жерігенмін.

Суалған еңлікгүлдей еміреніп,

Қош айтып елік күнге егілермін...

 

Мен Сізді сағынғанда...

Көмкеріп қызғаныштың көрпелерін.

Өзімнің отыма өзім өртенемін.

Бар мұңды сілкіп тастап,

Сізге барып,

Келеді алдыңызда еркелегім...

 

Мен Сізді сағынғанда...

Алдымнан жолығардай іздегенім.

Күрсініп күрең жолмен күзге еремін.

Алқынып жүрегімнің алып ұшқан

Дүрсілі естілмей ме Сізге менің?!

 

Мен Сізді сағынғанда...

Көмескі көңіл суып, налыдым-ау.

Күз келіп, қайғы əкелді тағы мынау.

Соншама сағындырмай, сабылдырмай

Жаныма жетпейсіз бе, жарығым-ау!

 

ШАРАСЫЗ СЕЗІМ

 

Тұрады менің өлеңім мөп-мөлдір көздің жасынан,

Қаяу түскенде көңілге қайғымды қайда жасырам?

 

Көлеңкемнің де көзінде өзіңіз жайлы көп елес,

Ақылым менен ;үрегім жасайды ішімде төбелес.

 

Өмірде өзіңмен мен мүлде кездеспей кетсем не істер ем?

Жомарт тағдырдың жолында жоғалтар жоқ қой ештеңем.

 

Шынайылық жоқ бұл күнде...

Көз жасым түгіл күлкімде...

Ұғынбай кетті екен деп ұмыту мені мүмкін бе?

 

Есалаң қыздың кесірі: сезіміңіздің есі ада

Қия алмай...бірақ сүйе алмай жүрсіз бе мені?

Не шара?

 

Жуымай қойды жаныма тек сізге ғана іңкәр жыр,

Шын сүйгендерді қоспайтын қиын ғой қиын бұл тағдыр!!!

 

ШАҒЫНУ

 

Көнбiстiк қамшы салды­рмай,

Жомарттық жеттi түбi­ме...

Әдiлет атын шалдырма­й,

Ақиқат өлдi күнiге..­.

 

Тобамыз қысты тақымы­н,

Топ жарды Тәттi Өтiр­iк.

Арбалып Жынға Ақылым­,

Жылады-ай...кеше өкi­рiп.

 

Ағарған шашын Шер жа­йып,

Тiрiлдi биттей Мұңым­ мың.

Өтер де кетер Желқай­ық –

Тәуекелден де...түңi­лдiм.

 

Көлеңкесiмен Көлгiрс­у,

Зорайып шықты әудемн­ен...

...Сабырға бәрiн жең­дiрші,

Айырма, Алла, Тәубем­нен!!!

 

СЕН КЕЛДІҢ!

 

Көміліп қалғанда, көңілім Ар құмға,

Айналып кеткенде, көз жасым жаңбырға.

Жүрегім мекен боп жүргенде бар мұңға...

Жабыққан сəтімде жақыным жара сап,

Сен келдің... мендегі тағдырға...

Өткеннің есігін жаба сап:

"Көзіңде бір мұң бар, қарызы өтелмес,

Көңліңде кірбің бар, қара жер көтермес"

Дедің де жаныма сыйладың жаңа сəт.

Ал мені тəнті етті сендегі Парасат!

 

Жақыным жат болып көзге жас үйрілді,

Адамның барлығын деп жүрсем мейрімді.

Бұл қоғам қатігез, қатал боп кеткен бе?

Өлермен өкініш өзекті күйдірді.

Өлердей сүйген жан айналып өткенге...

Керемет сезімдер келмеске кеткенде...

Сен келіп, жылылық сыйладың тағы да,

Мендегі көктемге...

 

Бақытсыз күндерді өткенге жерлермін,

Іргесін тым аулақ салса екен шер мен мұң.

Еңсемді тік ұстап, кемсеңді азайтып,

Мен енді бақытты боламын!

Сенгенмін!

Өйткені мендегі тағдырға сен келдің!

 

ТОЛЫБАЙ

 

Жандары жайсаң, адамдарының тым аңғал,

Қонақжайлылық деген оларда ұран бар!

Мен туған ауыл қасиетке ие осындай

Сенбесеңіздер, көзкөргендерден сұраңдар!

 

Өрлігіңменен өркениеттен жырақсың,

Өзіңе бүгін Өлкейік құсап жыр ақсын.

Өзгелер үшін жер шетіндегі тұрақсың,

Ал өзім үшін жер бетіндегі жұмақсың!

 

Жырымды дәуір шегіне әкетті ой-ана,

Көкжиек нұрға бояла берді, бояла!

Қасиет бар-ау топырағыңда әйтпесе

Ханның сүйегін көрінген жерге қоя ма?

 

Қасірет толы, қасиет толы сүйемің,

Қойнына алған Әбілхайырдың сүйегін.

Шалғайда жатқан аулыма менің бір баршы,

Ұлылығы жайлы ұғынғың келсе киенің...

 

Толыбай десе толғанып кетер жыр-ғалам,

Сағыныш шайлы шырмауық ойға шырмалам...

Ауыр ойлардан арылар едім әттең-ай,

Ауылға қарай жасасам егер бір қадам...

 

ҚҰСА

 

Құс қайтқанда сағыныштан құсалы ем.

Жасым түгіл жанардағы күлкім мұң.

Құс жолына бəрін тастап ұшар ем,

Құшағынан шыға алмадым бұл түннің...

 

Аспандағы Ай да жалғыз, Мен жалғыз,

Аңсарымыз Күн мен Сіз ғой... О, тоба!

Ешкім еркін айта алмаған енді əнбіз.

Сыймай кеткен сегізінші нотаға.

 

Мақпал түнде мағынасыз бар бір мұң,

Жасырамын жан адамнан сыр етіп,

Алдына кеп тізе бүгіп тағдырдың.

Тақсыр айттым, тағы бүгін, дұға етіп.

 

Жетім көңіл...жетім жүрек ол да мұң...

Өзге бақты аңсап бүгін нетейін.

Иығыңыз болсын менің қорғаным

Басым сүйеп, ұйықтап мəңгі кетейін.

 

Қара аспанға қарап жатып, қамықтым,

Тілегімді Тəңір бергей сол бір кеш.

Сонаау көктен көзге түскен жарықтың,

Сөнбегені... үмітімді сөндірмес...

 

Құс қайтқанда сағыныштан құсалы ем.

Қарашықта қамалады сыймай мұң.

Құс жолына бəрін тастап ұшар ем,

Жер бетінде жалғыз Сізді қимаймын.

 

ТЕМІР ТАБЫТ

 

Заман ауып,

Келді ме заманақыр?

Әскердегі әшкере санада тұр.

Өрімдей ұл өмірмен қош айтысып,

Темір табыт теңселіп бара жатыр!

 

Темір табыт!

Жек көрер, жери адам,

Жоқтау өлең күрмелді көмей одан.

Бейбіт күнде айрылған перзентінен,

Аңыраған анаға не дей алам?!

 

Не дей алам?

Әкеге сағы сынған…

Жанайқайы жаңғырып жан ұшырған,

Ел қорғайтын Ер болды деп жүргенде,

Қапияда айрылған арыс ұлдан….

 

Деп жүргенде:

“Ер жетті ұлым батыр!”

Тағы ерлердің тағдыры бүлінді ақыр.

Бабалары жауымен жағаласса,

Балалары бір-бірін қырып жатыр.

Не болғанын кім, бірақ, біліп жатыр?

 

Ақ-қарасын айырар жоқ Әділдік!

“Өз-өзінен өлді” деп, тоба, күлдік!

Өр намысты ерлердің мекені еді,

Қорғанысты қорлайтын “қора” қылдық!

 

Жүрсеңдер де билікті зор ынта ғып,

Әскердегі өлім көп, өмір қауіп…

Қорқау тектес басшылар қорқыңдаршы,

Темір тиын, темір тақ мәңгі емес қой,

Түбі жатар жерлерің – Темір табыт!

 

ЖЕНЕВАҒА ХАТ!

 

Женева!

Ән қаласың!

Паң қаласың!

Талайлар тапқан сенен жан дауасын.

Ұларын Ұлытаудың ұғасың ба?

Альпінің басынан бұлт аумағасын…

 

Көре ме ақын жүрек Альпіні тау?

Қасқайып тұрған кезде қарт Ұлытау!

Қапаста қаңтарылып қалғанменен

Мүмкін бе, қаңтардағы қарды бұрқау!

 

Женева сияқтысың төскей керең,

Көңілдің көкжиегін көксей берем.

Төбеңде шақырайып күн тұрғанмен,

Көшеңде Жүрсін айтқан өксиді өлең!

 

(Жаманға жорығанға сайтан ерсін!

Іңкәр жыр жан сырымды айта берсін.)

Женева дауа беріп абызыма,

Дидарын дүниенің қайта көрсін!

 

Женева!

Ән қаласың!

Паң қаласың!

Талайлар тапқан сенен жан дауасын.

Жүрсіннің жүрген ізін іздесе елі

Ізгілік осы ма деп таң қаласың!

 

Өлеңі Леман көлдей терең ағам,

Шертілсін сізге арналып серенадам…

Болып жүр көңіліміз елең-алаң…

Сүйінші хабар күтіп Женевадан

 

ПЕНДЕЛІК

 

Қараңғылық құшпайтындай күніміз,

Мəңгі көкке ұшпайтындай күліміз.

Ей, пенделер! Біз неліктен құмармыз

Жазғыруға бірімізді-біріміз?

 

Бақ тапқандай өзге жанды тілдесең,

Кектенесің, кетіп еді кімде есең?

Тозақта да қызыл тілің лаулатқан,

Өсегіңмен өртенесің бірге сен.

 

Бір тынымын табатындай тілдеп іш

Неге біздің көңіліміз кірлегіш?

Жоқтықтан ба? Жоқ тоқтықтан бұл күні...

Қиын болып бара жатыр күнкөріс.

 

Балалық та, жастық, қарттық сəт өтер.

Дүние шіркін жақыныңды жат етер.

Бағланға да, кепшікке де кебіннен

Басқа ештеңе жоқ ол жаққа əкетер.

 

Асып кеттім деп мақтану далбаса,

Шашып төктім деп шаттану далбаса

Ей, пенделер өмір сүріп не керек?

Жүрегіңде бір мейірім болмаса...

 

ҮНСІЗДІК

 

Үнсіздігіңіз қинады мені,

Үмітсіздік пе?

Шексіз мұң...

Мендегі жанның беймəлім емі,

Жүрегіңізде ғой тек Сіздің

 

Сізсіз үміттен тоналған жырдың,

Өн бойында жоқ тамаша əн.

Үзіліп түсер жанардан бір мұң,

Үздігіп Сізге қарасам.

Жол жатыр бөліп арамызды алшақ,

Ұқсамас жұртқа əн біздік.

Екеу болуды қаламыз ба аңсап?

Жар болып жанға жалғыздық.

 

Түсіме ылғи кіресіз неге?

Жамылып мұңды күз кейпін.

Мендегі күйді білесіз бе, не?

Тек Сізді аңсап іздейтін

 

Қайғылы əннің қамықтыратын

Қайырмасы боп шырқалдық

Мендік жүректе соғып тұратын

Тек Сізге деген іңкəрлік!

 

Аңсайды жаным келмейтін жанды,

Жанардан төгіп жаңбыр жас

Мендегі сезім сөнбейтін мəңгі

Жұлдыздарменен тағдырлас!

 

Жетім көңілім күрсінулі ме?

Жабырқатты ғой мұң Сіздік.

Кеше де, бүгін, бүрсігүні де

Қинайды мені... Үнсіздік...

 

КӨКТЕМІМ

 

Толтырғандай дүниенің кем кетігін,

Желегімен бермейді жел де тыным.

Көктем келді, аймалап бөктерлерді,

Жасыл бағын жасартып жер бетінің.

 

Өткергендей мұңымды өткен күнде,

Күлімдеймін көз салып, төккен күнге.

Күбір етіп тілеймін тек ішімнен:

«Кетпесе екен, кетпесін көктем мүлде...»

 

Мен мұңайсам, жапырақ жер құшады,

Қайта үміттің бүр жарар келді шағы.

Уа, көрікті көктемім, көк бел ассаң,

Мен боламын қимасың ең құсалы.

 

(Жасап жатыр табиғат не кәдені?!)

Көркемдікті көмкеріп жер әлемі.

Мен – әйелмін, нәзіктік иесімін!

Егізіңмін, көктемім, ең әдемі!