(Әлихан бастаған Алаш қайраткерлеріне)
Өлміші халықты тірілттім...
- Күлтегін жырынан.
Нар, нар едің, нар едің...
Нар, нар едің, нар едің!
Жел жағында жоқ едің,
Ел жағында бар едің.
Жау алдында ас қамы,
Дау алдында бас қамы,
Бүктірмеген паң едің.
Болмысы бөлек бөз демес,
Қарекеті көзге емес,
Қам ойлаған нор[1] едің.
Білігімен майырған,
Құрығымен қайырған,
Күлем[2] үшін жар едің.
Нар, нар едің, нар едің,
Арды ойлаған зар едің.
Тағдыры жұрттың кермалда[3],
Қылағай[4] көптің әлі едің.
Төбеге шығып жау алып,
Төрде отырып дау алып,
Іс тындырған нар едің.
Аңылжып[5] жатқан бұлдырап,
Құлдиға шапқан құлдырап,
Күліңгір[6] күннің сәні едің.
Күр[7], күр едің, күр едің,
Сусымас даңқы дүр едің.
Дүр ішінде кім едің,
Әуелі жәлел[8] құл едің.
Ұлтына келсе шік едің,
Ырқына келсе бүк едің.
Болсын деп жұрты әмәнда,
Арқасын төсеп табанға,
Қаймана[9] туған ұл едің.
Көпті иыққа көтерген,
Мұң-зарын өзі төсенген,
Бақиға кетер құн едің...
Күр, күр едің, күр едің,
Жүрімі[10] дастан жыр едің.
Басылмай жатқан толқыны,
Ашылмай жатқан сыр едің.
Бірігуі үшін ұлтының,
Жөнігуі[11] үшін жұртының,
Ғасырға кеткен үн едің.
Заманға таңба қашаған,
Құзардан білім қондырып,
Кілкін[12] бағын жасаған,
Біреуде болса мың едің.
Нар, нар едің, нар едің,
Қасқайып туған ар едің.
Ерлерден асып бек болған,
Елдерден асып шеп болған,
Майкүйез[13] патша алдында,
Нөпірдің[14] төккен зары едің.
Құлжазы[15] болмай бағданың[16],
Көнсуде[17] болған талғамың,
Жан шырайы нәр едің.
Рухы, жері, аспаны,
Солардың болған баспаны[18],
Алқалы жұртқа пара[19] едің,
Еңсесі кеткен ел үшін,
Есесі кеткен ер үшін,
Қаузау[20] болған қам едің.
Қаламның қарын талдырған,
Жауына үрей салдырған,
Бар анамның сілесі,
Бар бабамның кәрі едің.
Нар, нар едің, нар едің,
Бір-біріңе мар[21] едің.
Керқана[22] Тәңір сыйлаған,
Біреуің бір-бір хан едің.
Қамбасын көпке сайлаған,
Хан басын оққа байлаған,
Біреуің бір-бір жам[23] едің.
Кегейдей[24] болған ұтымы,
Асып бір туған зыпыны[25],
Ғасырға біткен әр едің.
Елі үшін белін шешінбес,
Кәлала[26] кетсе өкінбес,
Әмме алаштың бәрі едің...
[1] Нор – көп, мол, нөпір.
[2]Күлем – қас дұспан, жау
[3] Кермал – дау, айтыс-тартыс, дау-дамай, т.б.
[4] Қылағай – қоспақ пен айырдан туған әлсіз, осал, бақырауық түйе тұқымы. Ауыс. Әлсіз, әлжуаз.
[5] Аңылжу – құлазу, аңыраю.
[6] Күліңгір – күлгір, бұлдыр, бұлыңғыр, күлдібадам.
[7] Күр – батыл, ержүрек, жаужүрек.
[8] Жәлел – айбынды, ұлағатты.
[9] Қаймана – бейтаныс, ғайбана. Ауыс: өзгеге ұқсамау
[10] Жүрім – өмір, тіршілік, мағишат, паймана.
[11] Жөнігу – дұрыс жолға түсу.
[12] Кілкін – жайнаған.
[13] Майкүйез – сұмпайы.
[14] Көпер – нор, көп, мол.
[15] Құлжазы – құланның асығы, сақа.
[16] Бағда – кей, басқа (Бағда біреу ؎ кейбіреу, басқа біреу).
[17] Көнсу – көнімпаз, көнбіс.
[18] Баспан –
[19] Пара – бір нәрсенің бөлігі, тармағы, бүтіннің бөлшегі.
[20] Қаузау – демеу.
[21] Мар – тұтасқан, бір-біріне жалғасқан, біртұтас.
[22] Керқана – жомарт,, береген, кең пейіл.
[23] Жам – қыр үстіндегі жалғыз аяқ жол. Жам жол.
[24] Кегей – самаладай қол, сұрыпталған әскер.
[25] Зыпын – парасат, зейін.
[26] Кәлала – баласыз, ұрпақсыз.