ЖЕЛ
Тереземнің түбінде жел үреді,
Не біледі, не айтып егіледі?!
Қасат қардың астынан аршып алып,
Көктем қыздың сүйегін кеміреді.
Есалаң жел, ерке жел, тұрағы жоқ.
Жанары жоқ және де құлағы жоқ.
Жүрегі бар алайда мұңға толы,
Тереземнің түбінде жылады көп.
Доғар деймін дауысым тарғылданып.
.............................................................
Қайта оятып қайтеміз көктем-қызды,
Намыс өліп жатқанда, ар былғанып.
Махаббат жоқ онымен сырласатын.
Ғашықтар жоқ құмарын бір басатын.
Мен ғанамын түндерде мұңдасатын,
Сен ғанасың жетелеп қырды асатын.
Оята көрмеші енді көркемімді.
Ерке назды, ерке жан, ерке мұңды.
Пәк қалпында аттансын мәңгілікке,
Ақ қалпында қалдыршы ертегімді.
...Тереземді тырнайды, егіледі.
Жұлмалайды жүйкемді, кеміреді.
Жетелеп ап жеңімнен бара жатыр,
Сорлы жел-ау, сорлы жел, не біледі?..
НОВЕЛЛА
Ажарланып гүл өңі,
Аласұрып жүрегі,
Қайда барсақ бірге жүрді ол бізбен,
Ажырамай бір елі.
Бізбен бірге түзге де иен түнеді.
Біз бақытта болсақ – оның тілегі.
Бізбен бірге қуанады, күледі,
Бізбен бірге жабырқады, жүдеді.
Жаз келгенде мекендеді жүректі.
Күз келгенде көңілдерге гүл екті.
Қатуланып қыс та келді, ол бірақ,
Жанарыңда... жалғыз рет дір етті.
Біз кеткенде екі басқа жол таңдап,
Қала берді қос жанары жаутаңдап.
Сен ұзадың іңірменен ілесіп,
Мен жоғалдым жалғыздықты жар таңдап.
Өзгертсе де өмір соқпақ танабын,
Мен де өзіңдей әлі күнге «баламын».
Сол, сол Көктем бүгін келіп алдыма,
Бөліп ішті удай ащы шарабын.
Есіне алып өткенді,
Өксіп-өксіп көп жылады. Кектенді.
Жүрегімді жұлып жеді өкініш,
Аяр сезім тепкіледі өкпемді.
Ғашық жандар, алдамаңдар Көктемді!
***
Көктем де өтті, тулаған арғымақ-ты.
Дүрліктіріп нар тауды, бар қыратты.
Менің дағы боз қырау жүрегімнен,
Биылғы жыл қаншама қарғын ақты.
Сол көктемнің көзіндей мөлдіреген,
Көкірегіме қонақтап ең бір өлең,
Есім кетіп, жүгіре берген екем,
Арманым деп ойлаппын желді үдеген.
Сезбегенмен салқындық сақарадан,
Нәзік болғаны үшін де қатал адам...
Жолығамын қашан мен жылы сөзге,
Жылдар бойы жаным дүр қаталаған.
Гүлін теріп, қыраттың, төр бөктердің,
Жұбанбадым,
жыр толы жолды өткердім.
Маңдайымнан сипашы жалғыз рет,
Самалы деп ойлайын сол көктемнің.
КҮЗ
Кеше көңілді қала-тын.
Қызығы өтті ме жаздың да?
Мезгілмен мұңдаса алатын,
Мейірбан жандар аз мұнда.
Кер бетегелі кең дала,
Көңілім соған зәру-ді.
Сарғайып күтер мен ғана,
Сары шашты сол аруды.
Қабағы ауыр қорғасын...
Жетеді білем ол да есен.
Жырдың да бар-ау жорғасы,
Төгіліп түседі сол десем.
Тоңдырса қала ақшамы,
Жез қанаттарын жамылам.
Мұңайсам соның сап-сары,
Құшағынан ғана табылам.
Көңілі оның далада.
Сезімі сүлей-сел еді.
Мейірімсіз мына қалаға,
Мені іздеп қана келеді.
***
Құрғап барады жылғалар,
Құбыла соғар жел енді.
Қайтайын деп жүр тырналар,
Қайтер екенмін мен енді?!
Өз шашын өзі жұлмалап,
Солып та қалды тал-бүрген.
Тораңғыл жаққа бір қарап,
Торығып неге қалдым мен?!
Айтады бір ән жүрегім,
Айтылмай қалған сыр жайлы.
Білемін қалқа, білемін,
Бұл дәурен баста тұрмайды.
Ал қара жаңбыр сібірле.
Алтай аспаны не демек?..
Гүлдермен мен қызыл іңірге,
Бауыр баспауым керек ед.
Торғын бұлттармен таласа,
Тырналар төкті өлеңді.
Қайырымы аздау қараша,
Келемін десең кел енді!
***
Қазтамақтың гүліндей,
Құбыласың дәурен-ай!
Жылдар біздің білінбей,
Жылжып жатыр, сәулем-ай.
Қол бұлғайды балдәурен,
Сықылықтап сайда анау.
Жалт беруге жан дәрмен,
Жетер ме екен, айнам-ау!
Ұстара тіл жүзделсе,
Ұсынар сізге тілек бар.
Тобылғы меңді күз келсе,
Торығып тұрар жүрек бар.
Пар бұлтты жез күймелі,
Ханша да болған күз еді.
Өңірі алтын түймелі,
Күрең бешпетті қыз еді.
Алыста жаным шөлдеген,
Сөзі де алтын, дедім-ай.
Ауырсам желмен емдеген,
Өзі де алтын, дедім-ай.
Мөлдіреп тұрған, мөлдіреп,
Қайрылар ма екен, шағым бұл.
Құстар да салған соңғы рет,
Сәулем-ай, менің әнім, біл!