ОҢАШАДА КӨЗ ЖАСЫ ТАМҒАН БОЛАР...

 

 ЖИЫРМА ЖЕТІНШІ ЖЕЛТОҚСАН

 

Ақтөбенің табиғаты баяғы,

Кері қарай өзгергенге саяды.

Жаңбыр жауды таң алдында себелеп,

Қыс ішінде, желтоқсанның аяғы.

 

Қарға сіңіп қатып жатты тамшылар,

Аппақ әлем қара етікпен жаншылар.

Көктің жасы жаман ырым болмағай,

Көк тайғаққа тән үйреніп, жан шыдар.

 

Асыққан жұрт күтіп жаңа қаңтарды,

Демін ішке алып бір сәт аңтарды.

Алматыдан жетті хабар алапат

Таң алдында аппақ қарға қан тамды.

 

Таң алдында аспан жерге құлады,

Талай жанның көктен болды тұрағы.

Періштелер демегенде тәніңді,

Жердегілер қадіріңді ұғады.

 

Қыршындардың «құнын» төлеп жерлейді,

Өксігеннің жанын сөзбен емдейді.

Көкте ұшқан рухың жерге келмейді,

Тозған темір енді аспан көрмейді.

 

Жер бауырлап жатқан ұшақ ұшпайды,

Әзірейіл қос бүйірден қыспайды.

Көк аспанда қалып қойған қыршынды,

Енді ешкім құшағына қыспайды.

 

Өсетін ел тірі жанды ойлайды,

Пенде көзі дүниеге тоймайды.

Болса ғана адам қымбат ақшадан,

Көк аспанда ешкім қалып қоймайды.

 

ҚАТЫНЖАНДЫ

 

 

Ернін бір сылп еткізіп тамсанады,

Әнекей айғайлап тұр аңсағаны.

Елуге келген ері, қараң қалғыр,

«Қатынымды сүйем» деп жар салады.

 

Құшса да айдай сұлу, асыл жанды,

Талай ер ел көзінен жасырған-ды.

Айғайламақ түгілі арланатын

Бір ауыз сөзге жігіт: «қатынжанды».

 

Мыналар өзі даяр толғатуға,

Қызыл сөзден ескерткіш орнатуға.

Сары қарын бәйбіше екендігін

Білмесең ынтығасың сол қатынға.

 

Айғайына адам көп алданатын,

Бұрындары бет сызып, таңғалатын.

Ел ұйқыға кеткенде еркелетіп,

Айтылар сөз еді ғой таңға жақын.

 

Қаныңда жоқ қаңғы әдет қорлайды екен,

Ессізге ештеңе ем болмайды екен.

Не қылса да, мейлі, өз қатыны ғой,

Бірақ... үнсіз сүюге болмай ма екен?

 

БАУЫР

 

 

Бір әке мен бір шешеден туғасын,

Сынамайсың мінезі мен тұлғасын.

Саған жақсы болсыншы деп жаныңды

жүдетсе де айтатын сол турасын.

 

Қисық тағдыр қарағанда қырындап,

Ит өмірің балақ қапса ырылдап.

Арашаға салып барын қолдағы,

Сол бауырың жүгіреді шырылдап.

 

Жаман басқа қонған кезде жақсы бақ,

Бақыт бұлттан нұр жауғанда тамшылап.

Көбейсін деп қуанышың еселеп,

Сол бауырың жүгіреді шапқылап.

 

Мәз-мейрам боп шыққан гүлге қылтиып,

Көшедегі бар жүрекке нұр құйып.

Бақытты боп жүрген кезде ұмыт қап,

Сол бауырың отырады бұртиып.

 

Ренжітіп алса өмірде өтпелі,

Сақтамайсың ұзақ уақыт өкпені.

Еске түсер сыздағанда балтырың

Сол бауырың мейірімін төккені.

 

Көтерісер жеңіл менен ауырын,

Бұл өмірде арқа сүйер алыбың.

Өзі берген, өзің таңдай алмайтын

Баға жетпес байлық - туған бауырың.

 

КӨЗ ЖАСЫ


Өзгерген бе құндылық өмірдегі?

Мөлдірейді қарашық көзіңдегі.

«Жігітсің ғой, жылама!»

Бала кезде

Естімеген, білмейтін сөзің бе еді?

 

Ащы өксікке толған ба «тұлып» денең?

Намыс бар десе ондайда күдіктенем.

Маған солай үйреткен көкбет тағдыр:

«Көз жасын көрсетпейді жігіт деген!»

 

Мұңға қонса көңілдің құсы барып,

Өзгертпейтін кемсеңдеп түсін анық.

Мен білетін жігіттер сыр бермейтін,

Жылайтыны болмаса ішіп алып.

 

Жусанға айтып қайғысын құр түңіліп,

Отырғанда құтқарып қыршын үміт.

Оңашада көз жасы тамған болар,

Мөлдіреген моншағын құм сіңіріп.

 

Менмендік пе, намыс па ұға алар кім?

(Абыройды Құдайдан сұрағанмын).

Қазіргілер жай ғана айта салад(ы),

«Толқыды да көңілім жылап алдым».

 

Өзгерген бе құндылық өмірдегі,

Осыдан ба ер ұрғашы сезінбегі?

Менің тастай намысым өліп барад(ы),

Тамшы жасқа тұншығып көзіңдегі.

 

 БІЗ ЖАҚТА


Біз жақта күн бораса құм көшеді,

Ши сыңсып жусанменен тілдеседі.

Өркеш-өркеш шағылдар дөңгеленіп,

Ортасына тал, жиде бірге өседі.

 

Біз жақта құлаш қазсаң су шығады,

Ерінді кебірсітер күн шуағы.

Шекшек ата астауды малшыласа,

Жарықтық жылқы ішпей қырсығады.

 

Көктемде бізде інген бошалайды,

Басқа түлік болмайды онша қайғы.

Малына биік жерге қора салып,

Үйлерін құм басад(ы) деп қоршамайды.

 

Түзде аң, қорасынан мал өреді,

Шілдеде көлеңке деп тал егеді.

Күн сүйген құмы алтындай жылтырайды,

Ай сүйген ауыл қандай әдемі еді?!

 

Біздің ел құмға түсіп емделеді,

Пейілі ағайынның кең келеді.

Құмыңа кіндігімнің қаны тамған,

Өзіңе қандай мекен тең келеді?!

 

АЛТЫН МЕН БАҚЫР

 

Салт-дәстүрін қадірлейді ел көктейтін,

Азаматтан тарайды асыл тек дейтін.

Бала кезден көріп өстік, біз жақта

Ер адамның алдын кесіп өтпейтін.

 

Ұлттың, елдің ұйтқысына балайтын,

Отбасының бәйтерегі санайтын.

Тоқсан сөздің тоқетерін айтарда,

Ел абызға, әйел ерге қарайтын.

 

Елу жылда жаңарды ма ел деген?

Көзім көрді, құлағыма сенбегем.

Билік, мансап қуған кәрі қыз шықты,

Қатын шықты тайталасқан ерменен.

 

«Байтал шауып бәйге алса» бағың ба?

Кей ошақтан жоғалды ана, жарың да.

«Алтын» басты ханым қазір көбейді,

Бақыр басты досым соның жағында.

 

Жалғыз басты ана бұзды сәнімді,

Жолдан бала табу болды «сән», «үлгі».

«Қатын қазан қайнататын» долданса,

Қазір менің қайнатып тұр қанымды.

 

Әзәзілдің үлгісі осы, арбайды,

Тұқым азса тегіңді кім жалғайды?

Азаматым бір күн үшін сақтаған,

Бір түн үшін сәлемімді алмайды.

 

Салт-дәстүрін қадірлейді ел көктейтін,

Ер адамның алдын кесіп өтпейтін

Біздің жақта, ұмытпайық осыны,

Азаматтан тарайды асыл тек дейтін.

 

 АНА

 

 

Досым Айбар Уәлиге

 

(Боқ жиғанға өмір деген күресін),

Құлпытасқа жазылғанда бір есім.

Көңіл айттық. Түсінген боп дос жанын

«Өз басыңа түскен кезде білесің».

 

Деді досым. Қоштасарда қол қысып, 

Кірпіктерде содан қанша тоңды шық?!

Күресінде жүрміз әлі бұйырған

ризық теріп, 

боқ кеміріп,

сорды ішіп.

 

Бала-шаға шулауынан ұлардай, 

Осы күзде сақтап қалды бір Алла.

Өкпесі өшкен қырық төртті шұбатпен

Жетпіс жеті бағып кетті бір айдай.

 

Сонда ұқтым дос сөзінің жұмбағын,

(Өмір қанша игенменен сынбадың).

Ізгілікті жүрегіңнен алдым да

Мейірімді жанарыңнан ұрладым.

 

Күні кеше. Ұзатып сап анасын

Тұрған досқа көңіл айттық. Жарасын 

жазбағанмен қасіретін түсіндік, 

Жасырады бізден көздің қарасын.

 

Қатал өмір алып қойған есеңді,

Қайтаруың мүмкін емес, кеш енді.

Бейуақта құлыныңды құшақтап, 

Үнсіз ғана сағынарсың шешеңді.

 

ДОС

 

 

Жанарынан сені көрсе сыр ұшып,

Бір анадан тумағанмен туысып...

Кеткен жанды көрген кезде қайтасың ,

Көңіл деген құдығынан су ішіп.

 

Шөліркеген аңқаңа су сепкендей,

Күй кешесің арманыңа жеткендей. 

Мұндай сәттер жиі орала бермейді,

Ақтөбеме кеш келетін көктемдей.

 

Сарсаң көңіл соған ғана сенеді,

Жасандылық жоғалады себебі.

Қыстан қалған біраз шерің тарқайды,

Әлгі көктем... кеш болса да келеді.

 

Көктем сыйлар сезімдердің тұнығын,

(Арды биік қоятынның бірімін.)

Аптап-өмір шөліркетсе, достарым,

Су ішіңдер ашық көңіл құдығым.

 

АУЫЛ

 

 

Шөбі сирек, құмы ирек жер еді,

Қызы сұлу, жігіттері өр еді.

Сол ауылда еркелеу боп ер жеттім,

Мен әжемнің баласы едім себебі.

 

Бақытты еді Жылтырдағы балалық,

Жүруші едік қыста ғана ағарып. 

Үш-ақ арна көрсететін ауылда,

Кітапхана кітабы еді бар азық.

 

Қой айырып жарығымен іңірдің,

Бұйра құмда жалаң аяқ жүгірдім.

Тәрбиені әжем берді,

Рухыма 

Қажеттіні топырақтан сіңірдім.

 

Жаны жайсаң жандар еді тұратын,

Ақсақалы айтқаныңды ұғатын.

Ортаға алып Сәрсенбайдың құдығын,

Келіншектер мәслихат құратын.

 

Сонда қалды қозғаған қыз сезімді, 

(Сағындым ба бүгін бала кезімді?)

Сол ауылға барған сайын көшеден,

Құмда ойнаған көріп қайтам өзімді.

 

БІР КҮНІМ ӨТТІ

 

 

Ақшамның сұсы буындырғанда жарығын, 

Бір күнім өтті, қадады түнек қазығын. 

Жазылмай қалған жырымды түнде тыңдайды

Қазылмаған қабірім.

 

Тербеліп жатам төсеніш қылып өлеңді,

Жыр сүйіп жарық күн сүйген тықыр төбемді.

Шапақпен бірге түнектен шығам сүйретіп 

Көмілмеген денемді.

 

Беймаза таңмен оянар тағы бір күнім.

Ақ бөзбен орап лақатқа көмген шындығын

Жалғанның өлмес мейіріміне жылынам,

Өлеңмен жамап сұмдығын.

 

Келеді дейсің ажалдан басқа ұрын кім?

Туу мен өлу ақиқат, соны ұғындым.

Таңы шуақты, тал түсі аптап, кеші арай,

Түні тымырсық ғұмырдың.

 

Тігінші-тағдыр фәниге қанша жас піштің, 

Ұшатын сәті мөрленіп тұр ма ақ құстың?

Ақ құспен бірге аппақ жыр ұшар, 

Қазақтың

дейтін күнінде жақ түсті.

 

Жылусыз тәнде жазусыз өлең қалады,

Айсыз аспаннан сол күні жұлдыз ағады.

...Топырақ бетін шимайлап тағы отырмын,

Бір күнім өтіп барады.

 

АҚЫРЗАМАН 

 

 

Фәнидің аяқтайды жолын ажал,

Басы бар дүниенің соңы да бар.

Күн келеді әйтеуір тірі жанға,

Жан алғыш періштенің қолын алар.

 

Дүниенің соңына жақындаған,

Қауымбыз. Түсінеді ақылды адам.

Көктен түскен киелі төрт кітап та

Болатынын айтады ақырзаман.

 

Күнін ешкім білмейді, таласады,

Көріпкелдер әр түрлі бал ашады.

Дүниенің оқуын тауысқан жұрт,

Көне тайпа жазбасын қарасады.

 

«Дүниенің түбі – ойран» ұғып қалдық,

Өмір сүре алмаспыз Ұлықпандық.

«Қытайдан індет шықты» деп шулайды,

Құдайдан келетінін ұмытқан жұрт.

 

Өлімсіз өмір мәнін ұғар ма адам?!

Сәт тумай кеудеден жан шығармаған.

«Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең,

Сонда да күдер үзбе бір Алладан!»

 

 Сәтжан Дәрібай