ҚҰНДЫЗ ТҰРДЫҚЫЗЫ. МЕНІҢ САҒЫНЫШЫМНАН БИІК ЕМЕС...

***

 

Ауыр-ауыр бұлт асатын Боғдамнан,

Салқын-салқын жел есетін Жоңғардан.

Кіндік қаным тамған құтты ордамнан,

Арманымның пешенесі сомдалған.

 

Сол ордамның ең бір асқақ келбетін,

Қайталай да алмайды ешбір жер беті.

Жас сәбидей әлдилейді жанымды ,

Аспан көлі айдынында тербетіп.

 

Тәңір жазған тағдырымның биігі,

Сені жырлау қиындардың қиыны .

Бір кісідей тартқан елдің баласы ек,

Туған жерден айрылудың күйігін .

 

Оған куә «Елім-ай» мен «Ағажай»,

Әй,қояйын, кеткен күнді санамай.

Бірақ ,боғда құлазиды мен кетсем,

Ботасынан айрылғын анадай.

 

Бірін-бірі бауыр деген өсер ел,

Солай келдім бағымды Аллам еселер.

Жер бетінде екі Қазақстан жоқ,

Боғдам мені сондықтан да кеше гөр.

 

Жас басыңа шақырма деп мұң қайғы,

Бәз біреулер ақындарды сындайды .

Сарыарқаға сыймай жүрген жоқпын ғой,

Тек Боғдамды қимайтыным қинайды.

 

***

 

Алматыны жек көрем жүректі алған,

Мені қимай өзі де жүдеп қалған.

Әр көшесі оңбаған құлпырады,

Торғын қайың жамылып жібек талдан.

 

Таңның таза нұрымен таласқақ деп,

Бір ұрпағын сөкпесін адасқақ деп.

Менің сағынышымнан биік емес,

Алатауды кім айтты, өр, асқақ деп?

 

Алыстан-ақ жаныма күш беріңдер,

Көңілімің бағына түстеніңдер.

Мен сендерді шаршадым ойлай-ойлай,

Енді сендер мені ойлап түс көріңдер.

 

***

 

Таң нұрына бояп-бояп тағдырды,

Армандаймын суарсам деп әр гүлді.

Қала келсем сағынамын қайтадан,

Ауыл және ауылдағы жаңбырды.

 

Боғдам менің күннен биік тегіңді,

Ешкім қалап ала алмайтын шеніңді.

Қай өлеңге сыйдырамын айтшы өзің,

Қыз көзіндей мөлдіреген көліңді.

 

Балға шыдап қойғандай-ақ бақтары,

Маусым жаздың балдан өткен тәтті айы.

Жанымменен бірге екенін өлеңнің,

Білмейтін тек туған жердың аспаны.

 

*** 

 

Көзден – көңіл, сөзден жүрек жаралы,

Бұл аймақтың дауасы жоқ, дерті бар.

Таудан асып бұлттар маңып барады,

Найзағайдан садақ тартқан серті бар.

 

Ақ қайыңдар жапырағы жап-жасыл,

Хан қызының сәукелесі інжулі.

Не көрмеген біз едік деп сан ғасыр,

Сұр жартастар сазарады мың жылғы.

 

Тәңір еккен таудың сансыз орманын,

Пенде сорлы қиып, сосын қорғайды.

Көкте ұшқан бозторғайдың бір жанын,

Жерде жатып жылан арбап ойнайды.

 

Құстүбекте өскен дәрі шөптердің,

Америка атын білер, білмесін.

Жерлеп кетіп барады міне өткен күн,

Жерге деген махаббаттың мүрдесін.

 

***

 

Бұлақтары буырқанса тым есіл,

Құрақтары үндемей-ақ  жыр оқыр.

Шың-құздарын ашып тастап тау жатыр,

Жұлдыздарын шашып тастап түн отыр.

 

Жолдар да үнсіз, жондар да үнсіз, түн салқын,

Ұйқылы-ояу жас көңілден күй шалқып.

Қозы-қырат,баян-қырлар жылайды,

Ерлік пенен махаббатың иісі аңқып.

 

Бүкіл елдің тілегінің шырқауы,

Үкілердің үкісінің ұрпағы.

Еміс-еміс естіледі дауысы,

Ну орманды ұйықтатпайды-ау бұл тағы.

 

Отар күйсеп ит пен құстан қауіпсіз,

Шідердегі ат жайылады жарықсыз.

Емін-еркін қонақтайды мына түн,

Біздің тауға таң атқанша тауықсыз.

 

***

 

Қайырлы таң туған жердің бір таңы,

Оятатын тәтті ұйқымның есін ап.

Хақ тәңірдің нұры сүйген қарт Боғда,

Мені сезіп қолдап жатқан топырақ .

 

Ақ ниетті дос-жарандар гүл өндір,

Ақ сенімі арманымның сәулесі.

Сосын менің секемшілдеу жүрегім,

Жас кеудемнің жаны нәзік әуресі.

 

Қалқантаудың баурайында Мориым,

Улы-шулы тіршіліктен алаң бар

Сіріңкенің қорабындай қабатта,

Өлсе ғана танысатын адамдар.

 

***

 

Жүйрік қанша салдырғанмен қамшыны,

Қыран қашан көнуші еді құсаға.

Өміріңнің сценариі –жазулы,  

Көздеген жоқ, көздемеген нысана.

 

Таңнан әппақ нұр жамырап ілезде,

Асқарыңа бұлт қонса да кейіме.

Қабірімнің шыққанымша төріне,

Тәңірімнің жасап берген тойы де.

 

Ренжіме, достан қайыр болмаса,

Жақының да аз қазақтың біреуі.

Сүйенбеші мәнсабы бар біреуге,

Емес қой ол көк аспанның тіреуі.

 

Базар барсаң кім бармайды, алайда,

Кіммен кімнің қатысы жоқ бүгінде.

«өзіңе сен» деп айтатын баяғы,

Абай ғана ес қатады түбінде.

 

***

 

Бір үміттен жарқ еткенде көңілім,

Бұл құдайдың бергені деп жорыдым.

Жолдарым тар көрінгенде бисмиллә,

Құдай бар ғой дедім-дағы кеңідім.

 

Бір соққыдан құлағанда шынарым,

«Құдай салса құл көнер» деп шыдадым .

Көктеместей көрінгенде иншаллаһ,

«Құдай бар ғой, төгер» дедім шуағын.

 

Досым сатып кеткенде де ләм демей,

«Құдайым бар» жүре бердім қам жемей.

Құдай саған Құдайымдай сендім ғой,

Басқа тәңір бар дегенге дәндемей.

 

Туысымнан қайыр жоқта қайыңдай,

Құдай сені сонда да айттым тайынбай.

Оларға да бір құдайым бар дедім,

Балаға айтып қорқытатын аюдай.

 

Дұшпанға да білмей-тұғын бағамды,

Құдай бар деп ұстай бергем жағамды.

Бақаға айтып оған айтпай қалам ба,

Тек құдайым берсін дегем жазаңды .

 

Арманы бар, дәрмені жоқ қоғамның ,

Адамына ренжуді доғардым .

Қан басым да,  талмам да жоқ еді ғой,

Бірақ, бұлдыр тартады ылғи көз алдым .

 

Ал... Ал, құдай,тек өзіңе ұнайын,

Ал, бер құдай, (тек өзіңнен сұрайын)

Мен қай жақтан сұрап жүрмін құдай-оу,

Сен қайжақтан бергелі жүрсің сыңайын?

Барсың ба, өзі құдайым?!

 

СЕН БЕ ДЕДІМ…

 

Өз еңсеңді өзгеден биік еткен,

Сен бе дедім самалды сүйіп өткен.

 

Қасыма кеп айтатын арман әнін,

Сен бе дедім құстардың сайрағанын.

 

Жаңбыр төпеп тұрса егер Ана-жерге,

Сен бе дедім жырына сала берген.

 

Шаңырақтан төгілсе шуақ төрге,

Сен бе дедім жаныма қуат берген.

 

Толық атқан көлдерді қаз қонатын,

Сен бе дедім жымисам мәз болатын.

 

Менің мынау хәлімді ұқпай бірден,

Сен бе дедім түсімнен шықпай жүрген.

 

Мені іздеген телефон шыр еткенін,

Сен бе дедім жүректің дір еткенін.

 

Қол бұлғаса туған жер аңғар-белі,

Сен бе дедім сағынып қалған мені…