ӘКЕ-АНА ҮЙІ
Елестейтін бұл сурет ылғи маған
Уақыт енді зырғи ма, сырғиды ма?
Үлкен үйде әке мен ана отыр,
Қондырып қызды қия, ұлды ұяға.
Қашанда ыстық бізге біздің үй әлі,
Самғады, биіктерге ұшты қиял.
Жалыны, қызуы да өшпейтін еш
Әке-ана үйі біз үшін ыстық ұя.
Биіктейді тауарлармен таласа иық
Әке ол, құдіретің, ана сенің.
Біз түгілі бір жылы мейіріміңді аңсап
Келіп еді ғой сатылған ала сиыр.
Жиі енеді түсіме сол үй маған,
Неге асықтық ұшуға сол ұядан.
Бала деп соққан бар кең жүректерің
Мына әлем сыя ма оған.
Жетті ме даусым саған дала, қиыр
Шырмап алды бір сезім ала құйын.
Біздер үшін ең жайлы бір жер болса ол, -
Әке мен ана үйі.
ГҮЛДЕДІ АЛМА АҒАШЫ
Алыспен алданбашы,
Бол мына таңға ғашық.
Ауламда гүлдеді өрік,
Гүлдеді алма ағашы.
Жайнады, жасарды шық,
Көктемге жаз алмасып.
Үйімнің білші есігі
Жақсыға қашанда ашық.
Жүреміз мінін іздеп
Көре алмай бірімізді.
Шуағын аяды ма.
Аспанның Күні бізден.
Мұңға көп сыр аштыңыз
Жыласақ жыласты Күз.
Адамның Көңіл күйі ол, -
Кәдімгі құрастырғыш.
Сені де шаршатты ма
Сәтсіздік сарсаңға сап.
Адамдар, бір-біріне
Жақсылық жасаңдаршы.
Жүрекке салмаңдаршы
Ауыр жүк.
Арманға асық.
Ауламда гүлдеді өрік,
Гүлдеді алма ағашы.
КҮЗ
Сөндірмедім сенімнің, үміт күшін
Содан ба жылымады суыққа ішім.
Сездірмесе жылу күз сездірмесін
Көңілімнің Күні сен күліп тұршы.
Болары анық білем бір өзгерістің,
Шешімін таба бермес сөздер істің.
Жасаңдылық киімін киіп алып
Келмейді көзге түскім.
Сары жапырақ төгілді сары алтындар,
Күз сенің басқа қандай тағы атың бар?
Мен сенің есіміңді Үміт деймін
Менің де жазды күткен тағатым бар.
Әр нәрсенің өз орны, келер уақыты
Сәл мұңайсам, сенерім
Сен емде ақырын.
Тереземнен қарады сары күзге
Ақ гүлді "Әйел бақыты".
***
Көңілдің керегесін кең ететін
Қуатыңмен, күшіңмен демеп келдің.
Жарасатын күлкіңмен күлші дейсің
Шаттығымның сенсің ғой себепкері.
Сезім деген сездірдің ұлылықты
Ал біреулер бірінен бірі күтті.
Алау қылып, от қылып қайтардым мен
Сен берген жылылықты.
Күдік, күмән болмады күтерімде
Сезіп пе едің
Сен сонда білетін бе ең.
Арманға қол созсақ деп ойлап па едік
Кездесіп қалғанда "Арман" дүкенінде.
Төмендемес көңілде хошы бардың
Бағасы да артады сөзі адалдың.
Өміріме бақ болып жаратылған
Сүйем, мен осы адамды.
***
Қасиетіңнен, айналдым өлең сенің,
Төмендемес сен барда өрі еңсенің.
Көрем сенің
лаулаған отыңды ылғи
Өлең, сенсің ертеңім, сен кешегім.
Тұнығын ай, тынығын мына түннің
Арманы орындалсын мұратымның.
Кешеде өлең жаздым босады ма
Көңілі бір адамның, бір ақынның.
Бір құдірет бар осы, сенде, қалам,
Күшің бар сиғызбайтын кең далаға.
Бүгінгі жазған өлең әсерінен
Қуат алып жүретін мен ғана ма?!
Қиялым бақытыма келеді ұласып.
Алып ұшқан жүрек қой, сол ғой ғашық.
Шабыт келді, оралды өлең қайта
Назерке, өлең жазшы.
САРҚАННЫҢ САЯБАҒЫНДА
Сүйенішім, сырласым, сағынарым,
Сезіміңді серт қылып тағып алдым.
Бармағалы көп болды серуендеп
Барайықшы бағына Сарқанның.
Оятады Күн болып таңы сүйіп
Кіршіксіз сұлулыққа жаным үйір.
Тауларындай,
Биікттікті көздеген қайыңыңдай
Сезімнің де болсыншы бағы биік.
Жүректерге сыйлайтын ең бір асыл
Сұлулыққа болдың ба сен де ғашық.
Күн жылуы өзеннің самалымен,
Сәл салқындау тұрғаны-ай желге ұласып.
Сезейік көктем лебін, құстар әнін
Табиғатың сырына құштар жаным.
Самғасыншы биікке, талмасыншы
Қауырсын қанаттары ұшқандардың.
* * *
Мына жақта қар жауды, ызғары бар,
Сары жапырақ сағындым күз қаламды.
Бақыттымын, тек қана сағыныштан,
Жүрегімнің болмаса сыздағаны.
Сағындым, рас, самалын Сарыарқамның,
Қызарып күн, бозарып таңы атқанын.
Қайғырып жүр екен деп алаңдама,
Көңіліме сағыныш сәл артамын.
Бұл жақ қалай?, - дейсің сен, - ұнады ма?
Шын көңілден жауап күт сұрағыңа. -
Сылдырап аққан Тентек өзені де,
Жетпейді екен Балқантау бұлағына.
Түсімде ылғи жолдарын көрем де оның,
Есімімен бастаймын өлең жолын.
Ел биік деп атаған мына таулар
Балқантаудан көрінді төмен болып.
Тағы кім кеп, қоштасып кетер кімдер,
Қол бұлғап қалып едің кетерімде.
Балқантауды сағынып өлең жаздым,
Жоңғар Алатауының етегінде.
ТЕҢІЗГЕ КЕТЕМ
Теңізге кетем
Шақыршы мені.
Сені іздейді екен
Ақын жүрегі.
Толқының келіп
Тасытты көңіл.
Көркіңе мен де
Ғашықпын дедім.
Теңіздей терең
Сезімді аңсадым.
Сені іздей берем
Келсеңші аңсарым.
Шарықтай шыңға
Шабыт, шалқарым.
Қалықтайсың ба
Бақыттың әні.
Бақыттың көкте
Құсың ұшырдың
Уақыттың мен де
Күшін түсіндім.
Ән қанатыма
тылсым күш бердің.
Сен ғана білдің
Күрсінісімді.
Теңізге кетем
Шақыршы мені.
Сені іздейді екен
Ақын жүрегі.
***
Достардан, туыстан сəл алыстадық
Жатқан жоқпыз бір бақтан қалыс қалып.
Ұмытқан да жақсы ғой бірер сәтке
Қаланың айқай шуы, дауыстарын.
Бір бақыт сыйлап кетті келді де күз
Махаббат, сезім жеңді, жеңді лебіз.
Сылдарып Тентек ақты, мөлдіріндей
Болсыншы біздің сезім, сеніміміз.
Үйге тек сағынышпен ораласың.
Мен бақытты көрмедім одан асыл.
Біздің үйге биіктен тұр көрініп,
Орыс Сергей ағайдың омартасы.
Шаттықтан шарықтайды шыңға көңіл,
Жыласам сағыныштан жыладым құр.
Сенде ешбір кінə жоқ,
мұңайтсын ба?!
Балдың дəмі татыған мына өмір.
АНА
Баласы үшін қашанда жүрегі алаң,
Ананың арманы ақ, тілегі адал.
Тұрғанда еркең тағдырдың Ақжолында
Көзіңе жас алдың сен білем, ана.
Кеткен жоқ, ана, білші текке күшің,
Сен үйреттің ендігі беттерім шың.
Атанды ер азамат адал жары,
Әкесінің бұрынғы ерке қызы.
Қашанда биік білем сенімі ардың,
Ойлайсың, уайымдайсың мені әр күн.
Сезесің көздерімнен, дауысымнан,
Қуаныштың әдемі лебі барын.
Ақылы құлағымда тұрды ананың,
Білесің биік бастау бұл қадамым.
Білші, ана, аяулы сіңлілерім
Әпкесінен тек қана үлгі аларын.
Біз бақыттан әдемі жол жасадық,
Сезім барда сәттіздік болмасы анық.
Сендей ана тәлімін көрген қыздың,
Өзің айтшы қалайша от басарын.