***
Тағы бір жаңалық күтеді алдыңнан,
Бұл өзі қандай ай? Ал бүгін нешесі?
Тек жаңа босаған үздіксіз жаңбырдан,
Нью-Иорк шаһары, Уолл стрит көшесі.
Таксиден түскен жан Ford Fusion маркалы,
Бұл жаққа келмейді жүрісі, қылығы
Басына кигені Armani қалпағы,
Ауызында тістелген Marlboro шылымы.
Қолында Генри Фордтың кітабы,
Таққаны Guess-тің көшірме сағаты.
Үздіксіз шылымның түтінін жұтады,
Алаңдап, таусылып тұрғандай тағаты.
Визасыз келген-ау бұл жаққа шамасы,
Police онсыз да тағдырын тәтті еткен.
Түріне қарасаң бар әйел, баласы,
еруге қауқарсыз, ел жақта қап кеткен.
Мына бір бойжеткен prada сөмкелі,
Тұрмысқа шықпаған, бай және бағалы.
Болмысы о қандай тәккаппар, ерке еді,
От тиген ағаштай ойнақы жанары.
Фаст-фудта мезгілсіз тамақ жеп отырған,
Бұл жігіт британдық көзі ашық, білімді.
Кеп жеткен беті осы шыққан соң оқудан,
Андеркат үлгіде өзі қыр мұрынды.
Excuse me mister деп әлдене сұраған,
Суретші немесе музыкант бала бұл.
Алғашқы азанын бастаған сырадан,
Өмірі күрделі, тағдыры сәл ауыр.
Уолл стрит көшесі, Нью Йорк шаһары,
Туристер іздеген бұл маңнан көп қызық.
Әртүрлі адамдар ағылып жатады,
Бір көше бойында өмірін өткізіп.
***
Адамның барлығы ұнайды,
Іздеуім керек тек неге мін?!
Мен содан көремін құдайды,
Құдайды мен солай көремін.
Тәңірдің сыйлығы жан нұры,
Сондықтан пенденің тілегі ақ.
Әлемде күнәнің барлығы,
Іздесең шынымен біреу-ақ.
Күнәсіз–Хақ шебер жан үрген,
Ал, күнә, Адам мен Хауадан.
Ал, Адам мен Хауа Тәңірден,
Қалғаны күнәдан тараған.
Күнәсіз болса егер жанары,
Күнә жоқ болса егер тұсаған.
Періште керексіз қалады,
Ібіліс жылайды құсадан.
Адамнан алғашқы қателік,
Қателік ең дұрыс о бастан.
Жұмақтан тозаққа әкеліп,
Қайтадан жұмаққа жол ашқан.
Ғылымдар дәуірі бұл маңда,
Аспанмен шектелсін ой мейлі.
Дәл қазір дінсіз де, діндар да,
Құдайдың орнына сөйлейді.
Парыз да, қарыз да өзіңнен,
Қорқудан іздеме құдайды.
Ол бәрін жаратқан сезіммен,
Сезімін сол үшін сынайды.
Тәпсірі Тәңірге белгілі,
Дін деген кітаптар шеруі,
Жүрек боп қалады ендігі,
Адамның ең ұлы сенімі.
Адамның барлығы ұнайды,
Сенбесең жанымды тыңда кеп.
Жүзінен іздеймін құдайды,
Сыйпаты сақтаулы тұр ма деп.
***
Қылыштың жүзінен жүгірдім,
Жүректен тіліндім.
Содан ба мұң толы ғұмырда,
Сірескен сіңірмін.
Жасынға жанымды қарыттым.
Бәрібір тағы ұттым!
Күйген жан жалынды сезбейді,
Кеудемді ағыттым.
Үйренгем өзімді қамшылап,
Таспа тіл жаншып ап.
Жетім боп бекігем, жесірдің,
Көзінен тамшылап.
Жатырда жатып-ақ сорды ұққан,
Мінезім орныққан.
... Ғасырлар бойына сарқылғам,
Жасымайтыным сондықтан!
***
Көктем саған ұқсайды.
Көктемнің
Тыныштықта сыр ақтаратыны,
Ойда жоқта жылап қалатыны.
Шуағыменен жанды жылытып,
Ұнап қалатыны
Саған ұқсайды.
Қараптан қарап өкпелейтіні,
Өкпелеп тұрып кетпе дейтіні.
Мұзды ерітетін махаббатына,
Көп бөлейтіні
Саған ұқсайды.
Қызғанатыны, ашуланатыны,
Көзіне тұнық жасын малатыны.
Сезімін ұяң білдіру үшін,
Қасын қағатыны
Саған ұқсайды.
Бір жылы сөзге еріп кететіні,
Ашуын сезім жеңіп кететіні.
Күн өткен сайын құлпыра түсіп,
Көріктенетіні
Саған ұқсайды.
Ойымды айтпай тапшы дегенің,
Ол менің жаным сәтсіз өнерім.
Көктемнің саған ұқсайтыны үшін,
Жақсы көремін.
***
Ардан да биік əппағым,
Ақ жолын тілер ақ таңың.
Бүгінгі бұл той қуаныш,
Бағыңды қалқам тапқаның.
Үйіңе ырыс желімдер,
Қыз қонақ дейді тегінде ел,
Енді өзге адам бегім дер,
Енді өзге ана келін дер.
Өсіргенменен мəпелеп,
Тіршілік балын тат ерек.
Келін боп ғұмыр кешерсің,
Енді өзге жанды ана деп,
Енді өзге жанды əке деп.
Қимай тұрғанмен көңіл құр,
Жалғайды баба жолын дүр.
Қонақ боп келген қыз бала,
Бақытын тапса өмір бұл.
Кеудеңде сезім болатын,
Жүрек боп ылғи соғатын,
Қыз деген жалғыз бақ құсы,
Басына ердің қонатын.
Тектіден келген ары бар,
Өзгеге жар боп табылар,
Екі анасы бар қыздың,
Екі дүниеде де бағы бар.
Бауырдың сырын көп ұғар,
Қызырдың ұлы жолы бар,
Екі əкесі бар қыздың,
Еркелейтұғын жөні бар.
Өмір болған соң ажырар,
Қызы бар үйдің назы бар.
Шалғайда жүріп бақ болу,
Маңдайға бұрын жазылар.
Тік тұру үшін құлап ал,
Отбасы солай құралар,
Еркесіне үйдің көңіл бөл,
Құдағи менен құдалар.
Тағдыр ғой дейін тақсыр күн,
Жары бол ботам жақсы ұлдың.
Тəлейлі болсын деп сені,
Тəңірге ғана тапсырдым.
АЛДЫҢДА СЕНІҢ
(Михаил Лермонтовтан)
Алдыңда сенің кішіреймеймін,
Болмысым сондай не етерміз?!
Кінәмшіл жүрек түсінер деймін,
Екеуміз бөтен екенбіз.
Ұмыттың мені. Еркіндікті мен,
Енді адасуға жол бермен.
Сүйемін деген сертіңді күткен,
Онсыз да жылдар сенде өлген.
Сезімнің асқақ биігімісің?
Үмітті неге боп келгем.
Қаттырақ сені сүюуім үшін,
Әлемді мына жек көргем.
Қалай ұғарсың уақытта соңғы,
Табаныңда еріп өр еңсем,
Алмастырғанмын бақытқа сорды,
Айтшы алмастырдың немен сен?!
Мендегі мүмкін құсни оймен,
Орнатсам әлем керемет-
Тістенер бәрі іші күйгеннен,
Ол бірақ айтшы не керек?
Нәзіктігіңмен қардай еруші ең,
Мен құшағымды жайған күн.
Алғашында айтшы қандай едің сен?
Ал қазір кімге айналдың?!
Асқақпын кешір, өзгеңмен бақ тап,
Сен тіле, мен де тілер ем.
Бұл тағдыр мені езгенмен таптап,
Ешкімге бірақ құл емен.
Өмірден емес бұл ұтылысым,
Көздерден кетем күдер үз.
Бір бірімізді ұмыту үшін
Әттең тым жақсы білеміз.
Ойнақ сап кірем думанға кілең,
Құмарлығыммен ант етем!
Өзгемен ойнап қуанғаныммен,
Жылауды мүлде тәрк етем.
Алдауды жаным білмесе дедім,
Сезім мен сенім жоқ менде.
Құдайсыз күнде кімге сенемін?
Періштем алдап кеткенде.
Дайын ем азап, тіпті өлімге де,
Жақын жоқ енді сендей жат.
Ақымақ едім күтпедің неге?
Барар ем қайта мен бейбақ.
Алдасаң дағы сағынар едім,
Жанымды беріп құрметтім...
Сен мені жақсы таныған едің,
Мен сені мүлде білмеппін.
КҮТЕ АЛАМ СЕНІ
(Эдуард Асадовтан)
Күте алам сені тым ұзақ уақыт,
Есікте қалған тұтқадай.
Күте алам көзден жұлдыз аунатып,
Тіпті...
өмір бойы ұйықтамай.
Күнтізбелердің парағы да ұшсын,
Жапырағындай бақшаның.
Күткенім бекер,
Жаралы құспын,
Бақыты болсаң басқаның.
Жалықпай жаным саған ерер ем,
Тауда да, таста, шөлдерде.
Өзіңмен бірге бара берер ем,
Тіпті жын бармас жерлерге.
Өткерем бәрін,
Бақытты еткенің,
Тағдырыңды тең бөлгенде...
Жолайырықта сатып кетпегін,
Жаныммен саған сенгенде.
Ойланбай саған берер ем бәрін,
...Мендегі бардың барлығын.
Мұң, қайғы, нала,
Көнер ем жаным,
Сыйласа маған тағдырың.
Оны да бақыт деп бағалаймын,
Жанымда болсаң жетер де.
Өмірді мүлде жоққа балаймын,
Мен сүйген болсам бекерге.
КҮТ МЕНІ
(Константин Симоновтан)
Күт мені, келем, жаныңмен күткін,
Барыңмен күткін, жабықсаң -
Мезгілсіз жауған жауынмен күткін,
Көзіңнің жасын ағытсаң.
Ақпанда күткін, ақ қарда күткін,
Аптапта күткін, сөкпегін.
Ұмытып бара жатқанда күткін,
Адамның бәрі өткенін.
Қалмаса күткін күткеннің мәні,
Келмесе хатым күт кері.
Өзіңмен бірге күткеннің бәрі,
Жалыққан кезде күт мені.
Күт мені келем, жан мұңы – Нілдей,
Алқымға келсе жол берме!
Сен ғана күткін барлығы бірдей,
Келмейтініме сенгенде.
Үмітін үзсін ана да, ұл да,
Келмейді десін достар да.
Сен ғана аңсап, қалағаныңда,
Жалықсын бәрі тосқанға.
Шаршасын достар күтуден мейлі,
Еске алып ішсін шарабын,
«Қайран жоқ енді күтуден дейді» -
Сен бірақ сенбе жан әнім!
Күт мені келем, ерегіскенде -
Ажалға жеткен жолдау боп.
Күтпеген жандар сөгеді іштен де,
«Айтады жолы болған»- деп.
Күтпеген жандар түк те білмеген,
Түсінер дейсің ол нені?!
Өзіңнің жалғыз күткеніңменен,
Аман сақтадың сен мені.
Жан мұңын мендей кештің бе бірге?!
Тірімін,
кешір күттірсем!
Себебі жаным ешкімге мүлде,
Ұқсамайтындай күттің сен.
***
Сені қайдам,
Ешкімге де өкпем жоқ менің айнам.
Жалғаныңды жаныммен сүйгім келді,
Өмір айуан десең де өмір айуан.
Кешіре гөр,
Мен мұңайтқан кез түссе есіңе егер.
Сен түгілі бақытты қылмадың деп,
Жүрегімде жылайды жесір өнер.
Кештім мен де,
Есем кетіп қалса да ешкімдерге.
Құламасын деп тілеп тұрған шығар,
Тұсауымды тағдырға кестіргенде.
Мүмкін бәрі,
Өзгермеген шығар ә бұл күнде әлі?!
Жалғыз-ақ кеуде тұсқа батып тұрған,
Абайсыз жүрегімнің жыртылғаны.
Жә, жарайды,
Онсыз да уақыт талай жаралайды.
Арқа сүйеп келгенде артқа тартып,
Менің жасып тұрғаным жарамайды.
***
Мен саған хат жазайын деп ем,
Мекеніңді ешкім білмейді деді,
Пойыздар онда жүрмейді деді.
Мекен-жайыңды сұрағанымда,
Онда адам өмір сүрмейді деді.
Мен саған хат жазайын деп ем,
Ол жаққа пенде бармайды деді,
Хат-хабар ешкім алмайды деді.
Сағынышымды жеткізгім келген.
Қайсы жыл мынау, қандай күн еді?
Мен саған хат жазайын деп ем...