НҰРТАЙ МӘЖИТ. АРАМЫЗДА ЕНДІ АТЫ-ЖӨНІ ЖОҚ ТУЫСТЫҚ...

*  *  *

Ойым кезіп, ескі сәттер суретін,

Көп ойландым,

Көп сағындым,

Келмедің.

Адасуға құмар тағдыр тарауын

Күй құйылған көңіліңмен тербедің.

 

Таң қылауы - жүрегімнің саңлауына ем болған,

Ұйқы ортайып,

Көңіл мылқау, жанарда жас сел болған,

Сенім көзін, бұлт торлаған бейдауасыз кезеңде

Жолықтың ғой сен маған.

 

Жол мұнартқан, шұғалалы ой жол сілтеп,

Қаламынан жасы саулап, парағына мұң сіңген

Кем дүниенің таласына тұмар жырын тасыған

Менің ақын жүрегімді көрсін бе?

 

Сезім қайда?

Түкпірінде жүрегімнің тек сен, біл!

Оған куә жаңа атар таң, өшкен күн.

Біздер ғашық көп арулар ұқпайды-ау

Өлең болып бір ғасырға көшкенін.

 

Жол шетінде кімді іздейді от көздер?

Ешкім сырдан сыра іштірген жоқ бізге!

Жанар жылап,

Ерін үнсіз күбірлеп

Сүйетінін айта алмайды тек Сізге...

 

Ең күйдіргі шығармадай -

Жігіт жасық, жасқаншақтау, оты өшкен.

Не теңіздің құдіреті,

Не тәңірдің тауқыметі,

Сүйемін деп айта алмадым сол кеште...

Кеш!..

29.07.21

 

*  *  *

Жүрек қалыпты соғысынан жаңылып,

Түндердің азабын кешуге,

Сезімнен ғазал мұң кешуге кірісті.

Ай бетіне уақыттың әжімі салынып,

Ол да өз қайғысын ұмытуға тырысты.

 

Сезімнің ең адалын уысыма толтырмақ үшін,

Түндердің тәтті елесінен айныдым.

Бұл бейуақ менің ең сұрықсыз түсім

Содан ба өзім де, өңім де  қайғылы.

 

Біз кейде сағынар сәттердің тәтті мұң екенін

Ащы көз жастың дәмін татқасын ұғамыз.

Кемесі мұхитқа батқан шарасыз мекеннің

Екеуміз –

Қол бұлғап, қос жағасында тұрамыз.

 

Екеуміз –

Ғаламның сүйкімсіз құдайықонағы

Жыл құстарындай жылы жақ аңсап кетеміз.

Тағдырдың түйінсіз тәуекел сұрағын

Жауапсыз қалдырдық.

Сезімді не етеміз?

 

Сезімді серті бар құснихаттардың құрсауына бүгіп,

Жалған да болса, жазықсызды жар етейік.

Адалдықты аттаған түндердің көз жасын төгіп,

Болашаққа бәйкүнә сәби боп өтейік.

 

Күннің астында екеуміз ғана күнәлі

Бүкіл тіршілік қайғысыз, қамсыз секілді.

Мені бір үміт тастап кете алмай жүр әлі

Мен ойлап жүрмін –

Жанымды азат етуді...

16.10.2021

 

*  *  *

Сен жайлы ойдан үзілгелі де көп болды,

Жаза алғаныммен жазықты ма едім жаратқан.

Жүзіңде сенің махаббатыңнан жоқ белгі

Тағдырды қойшы қара көздерге қаратқан.

 

Сағыныш сіңіп, сезім аңқиды киімім,

Кездесу кейін, қия алмай ұзақ қамығу.

Көзіңнен неге жылт ете қалды пейілің,

Ұмытқан жан деп жыламақ болар жарығым.

 

Сүймеген шақты бақытты дейді барлығы,

Махаббат мұңнан тәтті емес пе еді, ай Алла?

Жаратты деп ем Тәңірім маған жар қылып,

Қай жерде енді қалып барасың аялдап.

 

Киелі сөзге ие таба алмай қоштастық,

Кеудеңе біткен сезімнен не бар құтқарар.

Қарғыста, жек көр, санаңды меннен босатшы,

Тек сүйе көрме!

Сүюден басқа жоқ па амал?

 

Ұяла, ұяң, ұғысатұғын кез болған,

Күйдіріп еді жанымды жасың ып-ыстық.

Жолдас та емес, құрбы да емен сен маған

Арамызда енді аты-жөні жоқ туыстық.

2.07.21

 

*  *  *

Сен сезесің бе?

Күз келді ғой.

Көптеген қоштасулардың куәсі.

Көк құрсауына еніп кететін сәтті іздеп

Аспан астындағы жолды асып,

Екеуміз жүрген шақтарға жеткім келеді,

Менің жазықсыз жолдасым...

 

Төзу қиын ба?

Тағдыр сынына, сүрінген сәтте мені ойла.

Қоштасу ғана сүйгендер үшін шын жаза.

Сенің тәңірің бізді бақытты қылмаса,

Мен де жалынып көрейін,

Жағынып көрейін болмаса.

 

Күз келді дейді,

ессіздеу көңіл сағынып өткен соқпағын.

Бір мазар көрдім махаббатқа ұқсас,

Дұғамды оқыдым, тоқтадым.

Өлгендер қайтып келмейтініндей

Сезім тірілген жоқ жаным.

 

Шылым тұтаттым,

Кең дала түсті көзіме.

Күз келіп қапты сағынышы бар қойнында.

Жүрек дауасыз, қолым байлаулы,

Батылым бармай естеліктерді жоюға.

Тағы ұзақ қарап, суық кеш, күзді жыр еттім,

Түбіне жетіп ойдың да.

 

Қалауы жанның

Қас қабағыңнан титтей сезімді сезіну,

Серт берген қыздың сөздері желге ұшты ма?

Куәгерісің кіршіксіз, айқын кезімнің,

Сені де тағдыр құшты ма?

 

Жаңылтып мені шұбалған ұзақ жолдардан,

Миықтан күлді-ау, күз өмір.

Жалыну менің келмейді енді қолымнан,

Сүймеймін десең өзің біл!

12.09.21

 

*  *  *

Қазір,

Қош десең сағаттардың тіліне мұң ілініп,

Екеуміздің естеліктеріміздің жүзіне діріл жүгіріп,

Суреттер сағынатыныңды білдіреді,

Ауада аңқиды көңілсіздік.

 

Қазір,

Қош десең саған апаратын жолдар шұбатылып,

Екеуміз сүйіп жейтін тағамдар жүрегіміздей суып,

Сәттерді есіңе түсіреді,

Кеш мұңайып батады жұбанып,

сенің енді ұзаққа жанында болатыныңды білгесін.

 

Қазір,

Қош десең жанарың мөлдіреп, ерінің қуарып,

Екеуміздің ұйқысыз түндеріміз жүр ауып,

Түн қайғыға айналады,

Менің өлеңдерім сені аңсайды жылауық.

 

Қазір,

Қош десең, күнтізбелерден ауғандай болып күн қанша,

Екеуміздің бақытымызды бауырымыздан жұлғанша.

Ешкімге бұйырмайтын махаббатымызды айтып,

Жүректерде жыр қалса,

Менің саған жылдардан жетерім анық.

 

*  *  *

Менің екеуміздің кездесуімізді асыға күткендей,

Сен мені күтпейсің сарылып, сағынып.

Жолдардың шетінде мен тұрамын,

Жазғы күн кешінде мен тұрамын,

Сені күтіп.

 

Кездесуге уақыттың кеш болатыны,

Болмайтын нәрселердің есті алатыны,

Бәрі тағдырдың тұзағы емес,

ол сенің мені көруге ынтаңның жоқтығынан,

Көкірегіңде көркем сезімдердің мүлде болмағанынан,

Маған деген ойлардың жұтаулығынан.

 

Кездесуді асығып армандамайтының,

махаббаттардың аласарғаны,

тағдырдың жүректерімізге таласы бары-

суыған көңілдердің кесірі.

 

Мен саған ынтызар болсам,

мелмиген түн жатар ұйықтап,

сезімімнің сырын тыныштық тұйықтап,

Кездесуге асығатынмын.

 

Сенің мені сүймейтінің өкінішті.

 

Кездерге өкпелеу көңілсіздік кемесі,

Мен сүйген адамдар дәл мендей болып,

шынайы сүймейді неге осы?

 

Күндерге көмілді көңілді кездер,

Түндерге тығылды тамаша түстер,

Арайлап атады ақ таң,

Жарықтың шапағынан,

Мен сенің кездесуге келгеніңді күтіп жүрмін.

 

АҚТАРЫЛУ ХАТЫ

Екеуміз екінші мәрте жолыққан шақта, алғашқы рет қар жауған.

Ұмытпайтын шығарсың...

P.S

 

Тағдырдың маңдайға жазғанын ұрлап оқысақ,

Күнәһар атанамыз ба, қайдам.

Сенің жүрегіңді жалғыздығынан айырсам,

Күнәлі болуға дайынмын, айнам!

 

Албырт жүзіңнің жылуы тәңірден сыйлық.

Ойлардың ойраны шыққанда, сезімің айғақ:

Менің ақын екеніме,

Жүрегіңіздің нәп-нәзік хатын өртеуге дәтім бармайды, қарғам...

Ұнатқанымды ұлылық десем, айтайын:

Мені сіздей ешкімнің ұға алмағанын,

Ер боп тұрып еңіреп жылағанымның

Барлығы түндерге аян.

Сыр ғып шертейін саған, ақынның шерінен шегілген шылым,

Түтін боп тарайды да, түнерген ойларды түйеді,

Сарылған сағынышыңыз сізді де сүйеді,

Тек...

Ақынның махаббатындай ақ адал болса әлем,

Пенделердің іші пысар еді ғой.

Сондықтан, осылай жаратқан болар?!

Сүйсе де айта алмайтын қылып,

Ұнатса ұғындыра алмайтын қылып.

 

Төгілсем таусылатын болып барамын, қалқам.

Сол кеште Жайық та жұбатты мені,

Ал сіз жылыттыңыз.

Көп сылқым ұнатты мені,

Ал сіз ұмыттыңыз.

Рақмет!

Қызғанышымды талайдың тағдырын сөккен,

Құмарды көп бикеш өпкен,

Сіз ұмыттыңыз.

Менің есерсоқ екенімді,

Күз түссе қайтпайтын көңілсіз мекенімді,

Қаласам жаныңа жетерімді

естен шығардыңыз.

Асқақ боп алдымда қалдыңыз содан,

Көкірек соқырға айналды оңай.

Ендігі ұмыту кеш маған,

Қоштасу да солай...

 

Қоштасу сондай – салмағы санадан ауыр,

Шұғыла тарады жанға, ем таптым, жылындым жайдары көздеріңізден.

Сіз сәуледей ойлардың түбіне жетіп,

Керегесі қираған көңілімді көміп әкеттіңіз сезімдеріңізбен.

Қайтармасаңыз болады!

Өйткені менің жоғалғым келеді...

26.11.2020

 

*  *  *

Мен мылқауға айналдым...

Меңіреу түн.

Мардымсыз ой.

Маңғаз мұң.

Қол бұлғаумен қос жағада қалғанбыз.

Симай тәнге, тіміскілеп түсімді

Салқындыққа салғанбыз.

Үн шығады жүрегіңнен сызыла:

«Біз бақытты болғанбыз...»

 

Санам бүгін сансыз ойдың ұйығы,

Еске оралды қарағының қиылып.

Келмейтінін біліп тұрып көп күту -

Күй ұлы.

 

Жолдар жатыр, қала қараң, оты өлген,

Өңсіздігі өмірлермен өтелген.

Жапырақтан жазылмаған жыр оқып

Сен жоғалған көшеден,

Өзімді іздеп кетем мен.

 

Кеше аласың, көнбістіктен жалықтың,

Қош дегенде ақын болып жарыттым.

Қаламына қарымы өткен қолменен

Тағдырымды ұстай алмай қалыппын.

Сен мұнарттың,

Мәжнүндікті жаңа ұқтым.

 

Тулайды жан, көкіректі алға сап,

Үнсіздікті үнсіздікке жалғасақ...

Мәңгірген ой мән таба алмай кей сәттен

Мәңгілікті ұстай алмай қалмасақ.

Жалғыздықтың алды діндар, арты азап.

Мәңгілікті ұстай алмай қалмасақ.

 

Шұғалалы сәттер сөнді, тыныштық.

Саған жазған жолдар ыстық, жыр ыстық.

Бұл ғаламның бұлдыр-бұлдыр бағында

Жалқы жан боп, жабырқаумен ұғыстық.

 

Әумесер жел ән айтады түн бұзып,

Түсті еске, жанды жатқа құрғызып.

Жылымсиды күлге айналған кейбір от

Жұбатады жыл қызық.

 

Ой үстінде ұлғаяды уайым,

Тағдырына табысады жолай кім ?

Жылау жанның бар жарасын жуса егер

Сенің ғана көз жасыңды сұраймын...