***
Қолшатырың қайтарайын, келе ғой,
Қолың табын қайтадан бiр көре ғой.
Абайсызда ұмытқан да шығарсың?
Жорға құсап оңды-солды желедi ой...
Жаңбырлы аспан жас үмiттi оятты,
Жаз жамалын жасыл нұрға боятты.
Қолшатырың қайтарайын, келе ғой,
Күрсiнген көк кеудесiнен жай атты...
Абайсызда абайламай «кел» дедiм,
Көктегi үнге ұласады жердегi үн.
Есеңгiреп жүргенiмде егiлiп,
Еншiмдi алып қояды ылғи ел менiң.
Селдетуге серт берген бе мына аспан,
Қозғалмаған қолшатырын кiм ашқан?...
Бұл үйректей бұлқынады жүрегiм
Жалт ойнаған нажағайдың үнi осқан..
* * *
Мен жалғызбын.
Ол жалғыз.
Сен де жалғыз.
Жағалаудан таппадық емге жалбыз.
Бiздiң жалғыз жазымыз жалбыздайын
Жоғалыпты жұлмалап келген əр күз
Жоғалады,
Бəрi де жоғалады...
Жанымыз да жоқтауды доғарады.
Құс ұйқысы бұзылмай ұзақ таңға,
Бұлақ байғұс бұйығы боп алады.
Күн сəулесi құлап кеп күлiм-күлiм,
Емдер ернiн жағаның тiлiм-тiлiм.
Менiң жаным емдейтiн сен бармысың,
Сен бармысың, басылмас шын ынтығым?!
Түн жарығы селбесiп ай нұрына,
Айналады алып тау айбынына.
Мəңгiрмей-ақ, мəңгiлiк ұмытсам-ау,
Кеудемдi алған көрiскiш қайғыны да...
Жалғыздықтың бары да жанға уаныш.
Басу айтып, бас изеп қалды таныс.
Арамызда теңiз бар арпалысқан,
Толқынына көмiлдiк – сол қуаныш.
Оқ кетiре бiлмедi жетi белiм,
Үн шығара алмады жетiгенiм.
Көктiң тасы, көмескi Ай сияқтанып,
Күн-күн сайын күмəнмен кетiлемiн...
***
Жапырағымнан жаз ұшты,
Қанатымнан қаз ұшты.
Ирек те ирек су бетi,
Сұлулық сырын жазысты.
Көкiрегiмнен күн ұшты,
Көздерiмнен түн ұшты.
Мен тата алмаған тұманың
Балдайын толғап кiм iштi?
Бақыр басымнан бақ ұшты,
Тапталып қалды тақ үстi.
Уыты қайтқан уақыт
Кеудемнiң отын жағысты.
Жылысып өткен жазым-ай,
Қаңқылдап ұшқан қазым-ай.
Қолымның қысқалығын-ай,
Қайырлас күннiң азын-ай...
***
Сiздi көрдiм,
Түсiмде Сiзді көрдiм –
Төбеме кеп түнерген күздi көрдiм.
Аспан жаққа алаңдап, аңқам кеуiп,
Бəлкiм, тағы бiр ғасыр үздiгермiн...
«Не айтасың, – дедiң, – не айтасың?»
Тiл ұшында қалған сөз, мұңайтасың.
Көрдiм мен көкiрегiмнен кептер ұшып
Кеткенде кердеңдеген түн ойқасын.
Бақтым да қараңғының қас-қабағын,
Мың шауып ала алмадым тас қамалын.
Көзiмнiң жарық нұрын жайдым сосын,
Болмады басқа амалым.
Сiздi көрдiм,
Түсiмде Сiздi көрдiм,
Қызыл суы жүгiрген мұзды көрдiм.
Қызыл сирақ күнiмнiң белгiсiндей
Мұз бетiне мөрленген iздi көрдiм.
Немдi айтамын,
Мен Сiзге немдi ашамын?
Жұмбағы мол жүрекке тең басамын.
Жүгiм ауып қалғанша, күнiм ауып,
Тулап жатқан теңiзге көл қосамын.
Тұз-дəмiмнiң татамын бұйырғанын,
Миға – нəр, жүрекке əл боп құйыл, қаным.
Қара жолдың бойына қар жауғанда
Қара шаштың көре қал сұйылғанын...
Сiздi көрдiм,
Түсiмде Сiздi көрдiм –
Баяғы баяны жоқ қызды көрдiм...
Баяғым бағзы заман болғанынша
Мың жылап, он ойланып, жүз күлермiн...
* * *
Саған деген махаббатым өлген бе?
Сенiң көзiң көре алмадым көлден де.
Тұңғиыққа батып кеттiм тұнжырап,
Тыраулаған таңғажайып келгенде.
Көз алдыма келмей қойды келбетiң,
Ендi немен толтырамын Жер бетiн?
Орманы жоқ, орыны бос көңiлге
Қойныңдағы қасiреттi берме, түн.
Кеудем босап қалыпты ғой – жүрек жоқ,
Уақыт қана уайымнан жүр емдеп.
Елестете алмағасын өзiңдi,
Елжiретiп мен айта алмадым «сүйдiм» деп.
Жыл құстары жылы жаққа ағылды,
Қайда ұшырдым басымдағы бағымды?
Жыл құсындай жылап жүрмiн мен ендi,
Күзгi желге күңiрентiп жанымды.
Елестете алмай өттi күнiм құр,
Сенiң бейнең түсiмде де бұлыңғыр.
Сен – сен емес, өзге бiреу сияқты
Кездейсоқта көрiп қалған бұрын бiр.
Саған деген махаббатым осы ма?
Құлай сүйген күндер бездi шошына.
Мен қайтейiн құдiрет бiр кеткесiн,
Қайта оралып соқпай қойды-ау қосыма...
* * *
Қорқам кейде: мен осы көпке барман,
Алып жейдi-ау кеудемде кеткен арман...
Өмiрiмнiң өзегiн жалмаған от
Жүрегiмдi жарылған өтке малған.
Iшiмде толған удан iрiдiм бе? –
Түңiлсем де түйiлмен тiрi күнге.
Кеудемдегi көмбемдi алам дейтiн
Айтпай келер ажалым, құры мүлде!
Кейде «тағдыр – осың» деп назаландым,
Пəрменiмен пəк күйде жазаландым.
Кейiн қостым кiнəнi, күнəнi де –
Бiр күн кебiн кигенде тазарармын.
Айлар бойы қарайтын аспандағы Ай,
Бозарғанда боз шағыл қашқан қалай?
Бозiнгенi боздамас боз адырдың
Қарасудың қан жұтқан қасқалдағы-ай...
Көкiрегiмде көл жатыр тыншын алар,
Ту сыртымда жел жатыр тыншын алар,
Тулағанда толқыны тұншықтырып,
Ойдым-ойдым орманым сыңсып алар.
Өзiм салған өмiрiм соқпағын-ай,
тағдырымның тезiне тоқтадым-ай...
***
Айныды,
Адастырды өз құдайым,
(Көңiлдiң қай қалғанын сөз қылайын)
Өзгенiң құдайынан үмiтiм жоқ,
Үзiлген тамшыдайын тез құлайын...
Топ етiп топыраққа сiңiп кетем,
(Əлде де əлденеден үмiттi екем...)
Тiршiлiк тұтқасына табынушы ем,
Нелiктен тəңiрi менi ұмытты екен?
Елеусiз көз жасындай үзiлермiн,
Майсаның шығындай боп тiзiлермiн.
Көзiне бу боп ұшып көрiнермiн
Аяусыз айыр тiлi ұзын елдiң.
Тентiреп қосылармын теңiздерге,
Теңiзге төнген бұлттар менi iздер ме?
Тамшыдан тамшы айнымай жарасқанда
Күрсiнiп көз сүзбей ме егiздерге...
Он сегiз мың ғаламның ғажабы мол,
Ми қорытқан мақамды жазады қол –
Тəңiрi адастырған ашық күнде
Қайдан тапсын даланың қазағы жол...
Ұмыт қалған ұланның ұраны бар,
Аузында – иман, қолында құраны бар.
Шөлден ұшып өлерде кете алмастан,
Ащы боздап қасында тұрады нар...
Өзiң құтқар, о, тəңiрi, адастырма,
Ажалменен бейбақты жарастырма.
Үмбетiң боп үнiңе құлақ асқан
Аяушылық жаса бiр алаш-құлға.
Бұл қалай, тəңiрi, менен айнығаның?
Қамығып, қара түнде ой қыламын.
Көңiлдiң қай қалғанын сөз етейiн,
Көре алмай күдер үздiм Ай құлағын...
***
Қолымның өнерi ме,
Жүректiң сенерi ме,
Жанымның жылап аққан сызашығы –
өкпелей көрме, қалқам, өлеңiме.
өлеңiм өртi бəсең, мұңы басым,
Қалқажан, оған неге құнығасың?
Айбарым азулыға көштi бiлем,
Жан дүнием жалғызсырап ұлығасын...
Жан дүние бəрiмiзде жалқы ғана,
Жалқыны жылатпайтын халқы ғана.
Бұлттарға ерiп бара жатамын да,
Жалғызсырап қараймын артыма да.
өкпелей көрме, жаным, өлеңiме,
Татымас тал бойыңның төлемiне.
Жарқ еткен найзағайдың жарығымен
Көз жетер бiр үмiттiң сөнерiне...
өлеңiң – өлең екен, өмiр – бөлек,
Оны да сүретұғын көңiл керек.
Жанымның жылап аққан сызашығы
Мен жайлы бере алар ма небiр дерек?
Өлеңiң – өлең екен...
Сау бол, жаным,
Қажет пе саған асқар тау болғаным?
Мұқағали – Муза жүр маңайымда,
Жаратпай жалғыздықтың жау болғанын...
***
Перiштелер қонып жатыр,
Оқиыншы бiр аят.
Жерде думан болып жатыр,
Барын қалсын кiм аяп...
Қанаттарын қағып-қағып,
Қонады кеп қолыма.
Жанның отын жағып алып,
Үмiт арттым жолыма.
Перiштелер қонып жатыр
Ұлпа қардан жаралған.
Жерде думан болып жатыр,
Той тiзгiнiн қар алған...
Аударылып, төңкерiлiп,
Қонғанынша мың аунап –
Ай нұрымен көмкерiлiп,
Қар жауып тұр қылаулап...
***
Көңiлiң мүлдем қалды ма?
Көре алмадым-ау қайтадан.
Ар-ұятыңның алдына
Бара алмай басым шайқадым...
Қойныңа енген қоңыр түн
Қоңыр əнiңдi құптаған.
Жүрегi темiр тəңiр кiм
Көзiңнiң жасын жұтпаған?..
Өксiгiн баспай түн құсы,
Бұлақтың тiлi шықпаған...
Сен едiң көңiл мұңлысы,
Мен едiм жаныңды ұқпаған...
«Құдайым басқа салдың», – деп
Құлазып, қурай жиналың.
«Ошақта от өшiп қалды», – деп,
өзiңдi өртеп, қиналдың...
Құлазып қалды қу жаның,
Көзiңнiң отын ұрлаттың.
Өзiңдi өзiң уладың,
«Кiнəлiмiн...» – деп тiл қаттың...
Аңырған Айға қол жайдым:
«Айырма,– дедiм,– арманнан.
Жолыңа жаным жалдаймын
Жоғалғанымша жалғаннан».
...Көрместей болып қалдың ба?
Көре алмадым-ау қайтадан.
Ар-ұятыңның алдында
Албырттық басын шайқаған...