НҰРКЕН НҰРҒАЗЫ. ТАҒЫ ДА БІР МЕКЕНГЕ ТАП БОЛАР ЕДІҢІЗ...

шам

 

біздің шағын ғана қалашықтың

көше бағаналарының əрқайсысына

Исаның денесін іліп қойғандай

шам жарығы əлсін-əлсін дем алады,

болар-болмас сəуле шашып.

құдайдан бейхабар көшедегі

балалардың күлкісінің нұры

шам жарығынан қуаттырақ.

 

***

 

жо-жоқ,

о не дегенеңіз?

ол шылым шекпейді.

ол жай ғана, қорапта жазықсыз

қамауда жатқан шылымдарды

бостандыққа шығарады. ұқтыңыз ба?

шылымдардың бостандығы үшін,

түтіннің еркіндігі үшін

күн сайын бір түрме сатып алады.

және өзі бостандыққа шығаратын

шылымдардың түтінін

өзі қапсыра құшақтайтыны болмаса,

ақыл есінен алжаспаған жігіт.

 

 аманат

 

жарығым,

менің күртешемнің

сол жақ жанқалтасында

өткен түннен қалып қойған

қараңғылық бар.

қазір ол бұлқынып,

тырбанып

жұлқынып жатыр

басына орамал салынған қыздай

еріксіз...

сол қараңғылықты

келер түнге жеткізуім керек,

күннің сəулесіне талатып алмай

оттың ыстығына құлатып алмай.

тек қараңғылық

жүрегіме сіңіп үлгермесе болғаны,

жарығым...

 

түрме

 

адамдардың бəрі де жүріп барады

жолдар ешқайда апармасын білсе де.

түрме

өмірінің мағынасыздығын

өрмекші де білетін еді.

бірақ

біраз бұрын

ол өрмекші асылып өлді.

сағат тіліне.

уақытты тоқтатам деп ойласа керек.

 

***

 

күн – оттық.

ай – күлсалғыш.

менің жанымды

ішіне құшырлана тартып,

аспанға əлдене үрлеп тұр

уақыт.

 

мейрамхана

 

даяшы қыз мəзір ұсынғанда неліктен қобалжимын осы

тағамдар тізімінде менің есімім жазылып тұрғандай?

мəзірді дереу шолып шығам сосын. есімім жазылмаған.

иə, менің жанымды қомағайлар əлдеқашан жеп тынған.

 

айна

 

сіз күн сайын айнаңыздың шөлін қандырасыз

сұлулығыңыздан аямай құйып.

айна опа мен далап дейтін

дəмдеуіштерге де үйреніп қалған.

сұлулығыңызға көз жасыңызды қосып

беретін кештерде мас болып қалады ол.

күлкіңіздің де дəмін татқан

бірақ айна əжіміңізді көргісі келмейді,

сіздің де оған көрсеткіңіз келмейді.

қам жемеңіз, сіз қартайғанда

айнаны қызыңыз суаратын болады.

 

***

 

далаға қолшатыр ап шықсаңшы,

бүгін ауа райы

мен болып тұр.

 

***

 

айдың сəулесі мен

күннің нұры ұйқаспайды ғой.

ендеше неліктен ұйқас

іздейді

жұлдыздар?

 

***

 

сіз қазір менің ойға бататын жерімде тұрсыз.

одан əрі қарай екі қадам жасасаңыз,

қиялдайтын жеріме тап боласыз.

сол жерде тұрып, басыңызды оңға бұрсаңыз,

болашаққа көз тастайтын жерімді көресіз.

тағы да үш қадам жасасаңыз,

тағы да бір мекенге тап болар едіңіз,

бірақ ол жерге аттап баспаңыз, өтінем,

себебі ол менің сəби шағымды

сағынатын жерім.

 

əшкере

 

біз əлі өлмедік қой,

мына жалпақ жердің бетінде

тағы не істеуге болады?

миымның сыртына:

«келісімді бағада ойлар сатылады, -

ұрлауға қатаң тыйым салынған!» -

деп жазып қояйын ба?

өйтсем, ұрылар да миының сыртына

дəл осылай жазып қоятын шығар.

 

***

 

бұл мекенге оралған сайын

кеудемде бүлкілдеп тұрған ет

қайтадан жүрекке айнала бастайды.

 

***

 

бүгін таң атпай

оянып кеттім.

қызық, енді байқадым – біз кеше түнде

жастыққа бас қойып өткізіп жіберген өмірімізді

бүгін қайта жалғайды екенбіз ғой, қызық.

кешегі бөлме, кешегі терезе, кешегі есік.

тысқа шықтым. кешегі көше жəне кешегі

көшедегі жолбелгілер. кешегі ескерткіш,

(иə, иə, кешегі ескерткіш. Бірақ бүгін аздап

қарны ашып қалған сияқты), кешегі бағдаршам,

кешегі газеттерде былтырғы жаңалықтар.

кешегі дүкен мен дүкендегі сатушы қыз.

бəрі ғажап. бəрі өз орнында. бəрі ойдағыдай.

тек бір ғана нəрсе жетпей тұр –

ауада қалқыған шылым түтіні.