НҰРГҮЛ ОҚАШЕВА. САҒЫНЫП ҮЛГЕРМЕДІМ...

***

Сезімдерді Күздей суық еткен кім?

Көңілімнен күңіренген күй ақты...

Сіз жанымнан тым жырақтап кеткен күн,

Әлем мені тастап кеткен сияқты...

 

Ақша бұлттай арманымды мазақтап,

Моншақ қылып мойныма ілді мұңдарын.

Өмір менің жүрегімді азаптап,

Сұғып жатыр сояу-сояу тырнағын.

 

Күйреткенде бақыт, уақыт жайлы арман,

Ессіз қыздың ақылы да ауыспақ.

Сезім менен Сізді теріс айналған,

Жоқтасам ба, іздесем бе дауыс сап?..

 

Сезімдерді Күздей суық еткен кім?

Көңілімнен күңіренген күй ақты...

Сіз жанымнан тым жырақтап кеткен күн,

Өлең мені құтқаратын сияқты.

 

***

"Қараша, көшесің бе?"
...Қойдымба ауыр сұрақ?..
Сезімнің көшесінде,
Қалам ба, қайыр сұрап?

Бейбақтың бірімін ғой,
Бақытсыз шағым – үстем.
Мен әлі тірімін ғой,
Сап-сары сағынышпен.

Қараша – Жаным емі,
Күрсінткен түндерге мұң.
Кетпеші, Әлі Оны,
Сағынып үлгермедім.

Кетпеші, Ол да мені,
Сағынып қалар бір күн!..
...Шашылған жолда өлеңі,
Жапырақ... хабар, мүмкін.

 

***

Жылағанда жұбанышым сен ғана,

Хат жолдайсың сұрап-біліп халімді.

...Астананың аязына мен жаңа,

Тұнжырадым тоңдырып ап жанымды.

 

Сарышұнақ сарсаңға сап не түрлі,

Көңілімді қалдырып жүр күн суып.

Алмағайып ауа райы секілді,

Бұл мекеннің адамдары тым суық.

Мендей мүмкін мейірбан жан табылар,

Амалдаған ардың ғана сотымен.

Саған деген сезімімді сәруар,

Сақтап жүрмін сағыныштың отымен.

***

Жүрекке  мұңның мөрін таңба қылып,    

Тағы да алдадыңыз.

Алдады үміт...

Суалып көңілімнің гүл-реңі,

Жанымда қала берді арман ұлып.

 

Шарасыз шердің шарлап шартарабын,

Өкпелеп кімге кінә арта аламын?

Сүйсініп, ессіз сүйіп сізді ғана,

Ғаламның ғазал мұңын арқаладым.

 

Сіз енді сезім жайын сөз етпеңіз,

Біз енді бірімізге боз өкпеміз.

Мендегі сезім өлген...

Өлгенді айтып,

Қайтеміз өрт түсіріп өзекке біз?

 

Жалғамай тілегімді тілегіме,

Мұң сыйлап сезім өлді гүл-өңіме.

Күнәсіз көз жасыма жуындырып,

Жерледім жүрегіме.


***

Өшті бәрі.
Сен де сөнші енді Үміт?!
Жүрмін тағы жылап жиі, кем күліп.
Жалғандағы жалғыз ғана "Жебеушім",
Кетіп қалды...
Келемін деп сендіріп...

Мен о баста-ақ кететінін білгенмін,
Кімге обалы сенген, сүйген күндердің?
"Рас кетті ме?"
Сұрақ қойып арманға,
Үмітіме үміт артып үлгердім...

Сүйген жүрек жабығар көп, жылар көп,
Өткен күндер көңілде тұр мұнар боп.
Кетіп қалды Ол.
Сеніп жүрмін - сол жаман,
"Оралатын шығар" деп...

 

***

Мен саған әлі керекпін,

Сенделтсе сары уайым бар.

«Сүйемін» дедің ерек тым,

«Өтірік» деді қайыңдар.

 

Матаған шақта мұң-керме,

Айналып кеттім ызғарға.

«Өтірік» деді гүлдер де,

«Өтірік» деді қыздар да.

 

Өзгені жазған өз емі,

Өтірік – тәтті жиған мұң.

О, неткен ғажап сөз еді,

Тәңірдей сендім, иландым.

 

От көрмей жүрсек өлеңнен,

Жүректі, демек, жеңді сыз.

Өтіріктер бар – сенем мен,

Ақиқатқа да бергісіз.

 

Жаныңа тастай батады-ақ,

Сезімсіз сәтке сыю көп.

Жазылған шығар махаббат,

Сүймейтінін де сүю боп.

 

Сезіммен ойнап мендегі,

«Өтірік» десіп кек күлген.

«Алдаған» күні сен мені,

Шындықты сатып кеттім мен.

*** 

Бір-ақ сөзің естілді де...

Жандым ба?

Жас арылды көйлегімнің жеңінен.

Менменсіген Бақтың өзі алдымда,

Басын изеп амандасты Менімен.

 

Елемедім Аспандағы Айды да,

Арманыммен ойнап жүрген "Қуыспақ".

Кеше Мені қан жылатқан Қайғыға,

Қуанышты шашып кеттім уыстап.

 

Бір сөзіңнен Өмір кетті өзгеріп,

Өзегінде өткеншақтық Кек күлді.

Қарағайлар болмашы бір Сөзге еріп,

"Мына қыздың есі ауысқан" деп тұрды...

 

Шын бақыттың дәмін солай татырдың,

Әлем тұрды бір-ақ ауыз сөзіңде.

Қуанышты шашып келе жатырмын...

Бұл Менмін бе?..

Түсінбедім Өзім де...