БІР ҚАСІРЕТ
Күлкісінде қулық бардай достардың,
Жан біткенге жақындауға жасқандым.
Мен бақытқа жеткен күннен, ішімде-
Бір қасірет басталды...
Сырын ұғып бола алмассың пенденің...
Сырын ашып айтқанға да сенбедім.
Еркелігімді көтермесе де бұл ғалам,
Қателігімді көтереді екен жер менің!
Кейіпкер көріп шошимын кейде айнадан,
Тек жүзім менің жасанды күлген, жайнаған.
Босаңсый кетсем зілдей ойларға күрмелем,
Сытылып шығып жүрсем де небір айладан...
Тағдырым дода, тартысқа толы күрделі,
Жазмышым жұмбақ, жазуын оқып білмедім..
Қайсібір күні, қай мезеттерде, қапыда
Шалып қалар деп сақтанып жүрем кім мені!
Бір алаң әйтеу бұралаңдарға беттей ме?
Тынымсыз мынау тіршілігім де жетпей ме!
Қуыс кеудемде көлеңке де бар, күнде де бар,
Төбесін иіп бататын ылғи беткейге!
Көздерден қорқам сұқтанып тұрып қараған,
Сөздерден қорқам сыртымнан айтқан әр адам...
Өзгеден бұрын өзімнен қорқам кейде мен!
Алпауыт ойлар төгіле кетсе санадан...
Жанарыма сыйдырып бұл қаланы,
Сыймай тұрмын ғаламның пердесіне.
Күлкімді де бір күдік ұрлап алды,
Мына түн салмақшы екен нені есіме?..
Көңілді де себепсіз тербеді мұң,
Көлеңкемде қалғандай қуанышым...
Бәрі мұңлық па екен осы жердегінің,
Түннен ғана іздейтін жұбанышын!
Әр парағы күрсініп күнделіктің,
Естеліктер сөйлейді...
Үн қатардай...
Мен осыншама уақыт сенделіппін,
Ақылымды еркіме тыңдата алмай.
Ойларым да шашырап қырын кетті...
Кеуде ішінде бір дерт бар, асқынады...
Самайды өпкен желге де сырын шертіп,
Аспанның жанарынан жас құлады...
Осылай болатынын білген едім...
Көз алмай қарап тұрдым үндемедім...
Менен де, қаладан да ұйқы қашты,
Тағы да жаңбыр жауды түнделетіп...
* * *
Бал көңілдің жүретін түзеп кемін,
Балақ шақ неден ізетті едің.
Бала қаздар қоштасып мекенімен,
Қақ жарғандай қимастық күз өткелін.
Қарап тұрмын қызығып көктемеден,
Сәби талшық гүлдерге көктемеген.
Балалыққа шек қойып шөлдеттің-ау
Қайран уақыт басқасын шектемеген.
Кеудем толы сағыныш, қараша мұң,
Дегеніммен биікпен таласамын.
Әкем мен анам құшып әлдилеген,
Мынау үйдің алдында аласамын,
Мынау үйдің ішінде бала шағым.
Мынау үйдің сыртында кешегі күн,
Кешегі күн ескегін еседі кім?...
Қария да қалмады-ау қамығатын,
Шалыс бассам «балам» деп кешетұғын.
Тағдырларын қынадай тасқа таңып,
Туған елдің жанарын жасқа малып.
Құс ғұмырда қаздардай тізбектеліп,
Қайда аттанып барады асқан алып...
Дара шыңдар бастары түйіспейтін,
Жоғалтып-ақ бара ма кей іс кейпін.
Анам қайда ұлым деп әлпештейтін,
Әкем қайда басымнан иіскейтін.
Қайда сол бір кешегі бала дәурен,
Бірге алысып ойнайтын балалармен.
Көрші әжейдің тыңдайтын әңгімесін,
Әзілдесіп жүретін ағалармен!
Кеудем толы сағыныш, қараша мұң,
Дегеніммен биікпен таласамын.
Әке мен анам бағып, әлпештеген,
Мынау үйдің ішінде бала шағым.
* * *
Өрекпісем...
Жан бар ма өбектейтін,
Адамдардың көрсем деп ерек кейпін.
Кермек күннен керемет іздеп едім
Сенің осы кейпің де керек дейтін...
Көріп едім дауысын тыңдап тағы
Пейілі тар ғалам да үн қатпады...
Пейілі кең жаңбыр да жаумай өтті,
Қара бұлттар тамшысын құндақтады...
Әлем сонша кең десем, тар ма еді,
Шегінуге артта жол қалмап еді.
Тірлігі үшін тырмысқан мың ішінен,
Түсінетін бір адам бар ма еді?..
Жалғанның шын жүзінде сынық бардай,
Пенденің пәрмені үшін құныққаны-ай!
Тәңірін мойындаған көк бөрідей,
Айға қарап тұра алам ұлып қалай?..
* * *
Қуанған сәттерімде құлазыған
Мұң іркілсе жанардың жырасынан.
Жан біткеннің жанынан алыстадым,
Достарымның бас тарттым біразынан...
Қайсы бірі қойса да бағаламай,
Жанымды жүрсе болды жараламай.
Мен оларды:
Қолымнан келгенінше қуантамын,
Мен оларды сыйлаймын алаламай.
Сыртымнан сөз де айтылды, ғайбаттар да,
Айғақсыз құр сөздерде айбат бар ма!
Құлағанның демедім иығынан,
Құталқысы келсе де тайғақтарда!
Жігерім бар кеудемде жасымаған,
Өміршең өлең-өмір осы болар!
Кешіксем де қаймықпай күте алатын,
Түнделетсем жолымнан тосып алар!
Өкпелеуге, құрбым-ау, қысқа уақыт,
Құс қанат ғұмырыңды ұста бағып.
Байсалды болмасаң да, байыпты бол,
Ақылмен жең ашуды тысқа барып.
Ойға кейде көп нәрсе оралады,
Жабырқайды көңілің тоңалады.
Табаның тайып кетсе де төзімді бол,
Бәрі құрбым сәтімен оңалады.
* * *
Арпалысып жүргенмен талайменен,
Жазыла береді ғой жарайды өлең.
Кейде ұзақ телміріп тереземе,
Әкем келіп қалар деп қарай берем.
Суреттері тұр әні сөрені алып,
Соған қарап өзімді көрем анық.
Біреулер жүр шалқайсам шалу үшін,
Сенде кеткен есесін менен алып.
Соққан дауыл, құйынға желпініп кей,
Қарсы тұрып аламын тентіректей.
Қасқыр мінез қаныңнан жаратылғам,
Айға қарап ұлитын бөлтіріктей...
«Балам, біл - деп алыс пен жақыныңды»,
Бауырыңа тартушы ең жат ініңді,
Сен төріңе шығарған сол жақсылар,
Танымай жүр бүгінде алтыныңды.
Әке, тірлік кешетін осы ма адам,
Не жетпейді білмеймін осы маған.
Досың тұрмақ, дұшпаның текті еді ғой,
Дұшпан түгіл ұлыңның досы надан.
Арманымның шимайлап ақпарағын,
Өз-өзімді жүрмін-ау ақтап алып.
Көтерген биігіңде қала да алмай,
Бола алмай-ақ жүрген соң мақтанарың.
Еркелік деп кешіріп келте күнді,
Кір шалдырмай көтерген етегімді.
Сонда да жұртқа айтқым-ақ кеп тұрады,
Әке, сенің ерке ұлың екенімді.