ТІЛЕК
Мейірімге жетелеп санамдағы əн,
Кезім көп-ау жұрт үшін алаңдаған.
Мен ешкімнің шалғам жоқ аяғынан,
Құрмаса екен тұзағын маған да адам.
Ұрынсада көнемін жарға басым,
Мейлі, көл боп көз жасым сорғаласын.
Мен пенденің бəріне тілекшімін,
Мені де ешкім ендеше қарғамасын!
Сөз қылғанның сұрамай еш себебін,
Ұлтын сүйген ұл болу - көксегенім.
Менің атым сүрінсе ештеңе етпес,
Жұрттың аты бəйгеге жетсе дедім.
Болған емес мендегі тілек те кем,
Ақ бақытты халқыма тілеп келем.
Дүниеге дүр етіп алып келді-ау,
Анам мені атымтай-жүрекпенен...
...О, Құдайым!
Көрінбей көзіме көр,
Кеше гөр күнə болса сөзім егер.
Сен мені жазалама, бар болғаны -
Жұртқа тілегенімді өзіме бер!
(26 тамыз, 2016 жыл)
ЖҰЛДЫЗ
(цикл)
-1-
Өртенді сәулем жыр кеуде,
Ой парағына жыр сыздық.
Тағы да тыныш тар бөлме,
Тағы да мұңлы үнсіздік.
Телміріп сорлы гүл-көктем,
Жүрекке орнап сағым мұң.
Өзіңді іздеп жер-көктен,
Жұлдызым, сені сағындым!
Ойладым... Тәтті жыр өптім,
Басылар емес құмары.
Мендегі жалқы жүректің,
Жаным-ау, сенсің сыңары.
Бір қайғы басты еңсені,
Мұңайған түнмен жабығам.
Іздеймін жаным мен сені,
Сүйемін және сағынам...
(17 мамыр, 2011 жыл)
-2-
"Сүйгендер қосылмайды..." деме көкем,
Жанымыз бір, жолымыз неге бөтен?
Сен жоғалып кеткендей жер бетінен,
Жұлдызы жоқ түнге де елең етем.
Жыр жазған соң ойладың саналы ұл деп,
Бақытым деп бағыңа баладың көп.
Сенен басқа ешкімді сүймеймін-ау,
Жүрек солай шешкесін, амалым жоқ.
Мұңға оранған жанымның лебізіне ем,
Сен мендегі жүректің егізі ме ең?!
Қайғың болып жылатып күні-түні,
Бақытың боп кетемін негізі мен.
Кінәмді де кешпеуге тиісті ме ең?
(Өзің барда тозағым пейіш кілең.)
Өмір бойы жібердің шала мас қып,
Бір-екі рет мойныңнан иіскеп ем...
Мен жығылсам жылайтын жақтасым-ай,
"Сен мүлде сүймейсің..." деп айтпашы олай!
Қайғы келіп қаусатты жанымызды,
Батпандап келеді ғой бақ та осылай.
(Кірпіктегі жасыңды айың бүркеп,)
Жүрегіңді бара ма уайым өртеп?
Сен бақытты боласың, реті келсе,
Қалыңдығым болуға дайын жүр тек...
(1 ақпан, 2013 жыл)
-3-
Бағаладым басқа қонған бақ қой деп,
Өлең болып өрілгенде тәтті ой кеп.
Ақ бақытым аппақ таңмен оянды,
Сен күлімдеп киген кезде ақ көйлек.
Тағдыр сені қай бағыма сыйлады?
Арылмайтын ойым болдың мидағы.
Қыз күндегі қырсықтықты қойдың да,
Ата-анама келін болдың ибалы.
Шаттықпенен әрленсін де әр түнім,
Махаббаттың мезі етпесін шарты мың.
Босағасы берекелі үй болу,
Тек еркекке қатысты емес, жарқыным.
Серілікпен шертілсе де сырлы әнім,
Сен туралы жазылады жыр да мың.
Мықты ақынға өмір бойы жар болу,
Ерлікпен тең екендігін біл, жаным.
Көмейімнен тербетіліп өлмей ән,
Менің мәнді махаббатым кімге аян?
Тағдыр берген куәлікке ойланбай,
"Сені өлгенше сүйемін..." деп қол қоям.
(5 қараша, 2014 жыл)
-4-
Ақ ниетін ақтаруда көп халық,
Мойнымызға жүк артар күн жетті анық.
Жібересің көңіліме кірбің сап,
"Мені қатты сүймейсің сен" деп қалып.
...Сені сүйдім жан-тәніммен өбектеп,
Сенсіз күнім қараңдығын біл ептеп.
Еңлігім деп елітпеймін жаныңды,
Сен де мені ойлай көрме Кебек деп.
Жүрегімді қозғады екен қай мұңың?
Еркелеткім келді сені жәй бүгін.
Маған мұңы қажет емес Мәжнүннің,
Саған көркі қажет емес Ләйлінің.
Сезіміме байлана ма енді бақ,
Сенделсем де өлеңімді кем құрап?
Мамыр болып мамыражай күн кешсең,
Қалқаман боп жарытпаймын мен бірақ.
Мейлі өкін, мейлі түсір еңсені,
Сезімнің де бола ма екен өлшемі?
Баяным боп баянды өмір сүрсең де,
Қозың болып іздемеймін мен сені.
Не қылсақ та апармайды өткенге із,
Бұл некеге, куә болсын көктем, күз -
Сенің тәтті сезіміңнен нәр алып,
Менің қатты сеніміммен жеткенбіз!
Сондықтан да... сол қалпы Күн өтеді,
Сол қалпында гүлге оранар етегі.
...Жаным, сені шын бақытты қылуға,
Нұрбол болып сүйгенім де жетеді...
(11 желтоқсан, 2014 жыл)
-5-
Қимасым менің, қымбаттым!
Жолығып албырт шақпенен,
Жүрекпен саған тіл қаттым -
Жүрегімдегі тәтті өлең...
Көзіміздегі сырды ұғып,
(Тағдырға айттық не деп біз?)
Мен сені сүйдім жыр қылып,
Тым шексіз және себепсіз...
Егілдің талай, жыладың,
Көзіңе мұңлы шер төнген.
Қойныңа барып құладым,
Ұшақтай болып өртенген.
Бермесе тағдыр сыйды аса,
Өкінішімнің әні - бұл.
Сағыныш меңдеп қинаса,
Мендегі өртке жанып өл!
Безіндім мылқау қаладан,
Бағыңды тілеп күнбе-күн.
Ақын боп тудым анадан,
Ғашық боп өлу - міндетім.
...Мөлт етіп бір мұң көзіңде,
Жүрегің жылап соғады, ә?
Сендегі ұлы сезімге,
Ақындығым да садаға!
(27 сәуір, 2015 жыл)
-6-
Қасыңнан атпай таңдарым,
Тістелді талай бармағым.
Неліктен бүгін жыладың,
Тəңірім қосқан жан жарым?
Гүлім ең, бақта бол, жаным.
Көрмейін гүлдің солғанын.
Екеуміз басып өтейік,
Тағдырдың тарам жолдарын.
(23 наурыз, 2019 жыл)
-7-
Қалай сені сүймеймін, қалай ғана?
Мейіріммен қарайсың малайға да.
Мен жіберген қателік болған шығар,
Мұқағали, Жұматай, Абайда да...
Жүрегіме орнады ерте көктем,
Жұмыр етті жыр толған өрте деп пе ең?
Ақын жарың тек сені сүйдім деп жүр,
Абай шайыр төрт қатын еркелеткен.
Жастайымнан Абайды пір санадым,
Ессе дедім менің де жыр самалым.
Мен де Абайдай болам деп, екі не үш -
Нысананы дəл көздеп тұр садағым.
Түсін жаным, сен мені түсін жаным,
Жырмен бірге мұң болды ұсынғаным.
Жарап тұрған садақты ату керек,
Жарамайды ақын боп қысылғаным.
Сері болсам сырымды ақтарамын,
Пері болсам өзіңнен бақ табамын.
"Абайдай бол" дегенге ұқсап бақтым,
Тоғжанды іздеп қай жаққа аттанамын?
...солай десем жүрегің дүрсілдеуде,
Сенім жəне сезімге толсын кеуде.
Мен ұлы Абай болмаймын, малым да жоқ,
Төрт қатынның ақылы болсын сенде!
(27 шілде, 2019 жыл)
* * *
Саған қанша гүл барды екен?
Қанша мұңым тыңдалды екен?
Жүрегімде неше гүлім,
Сезім-желмен ырғалды екен?
Саған қанша гүл барды екен?
Қанша өлеңім тыңдалды екен?
Сенде қанша уақыт қалды,
Менде қанша жыр қалды екен?
Саған қанша гүл барды екен?
Қанша гүлім бүр жарды екен?
Көңіл деген жапырағың,
Қайда үзіліп, ұрланды екен?
Саған қанша гүл барды екен?
Сұлуларға гүлзар - мекен.
Саған гүлді жіберетін,
Менде қанша күн қалды екен?..
АППАҚ ҚЫЗҒА
Ақ боз үйдің ішіне,
Ай боп енген ақмаңдай.
...тағы кірдің түсіме,
Аппақ гүлмен жатқандай.
Ақ өлеңнен ақтарып,
Ақ заһардан алсам ба?
Ақ жолыңа бақ дарып,
Бақытың боп қалсам ба?
Ақ боз атым жоқ менің,
Ақ қой бірақ көңілім.
Аққа оранды өткенім,
Өкінішсіз өмірім...
Ақ қайыңға сезімді,
Ақ пейілмен сақтаппыз.
Ақын сүйді өзіңді,
Айдан туған аппақ қыз.
Ақ таң болып атсаң ғой,
Бұйырсын деп жалқы бақ.
Ақ төсекте жатсаң ғой,
Аппақ саның жалтырап...
Өртенер ем, өбер ем,
Ақ кереует - сахынам.
Ақ тілекті төгер ем,
Махаббаттың атынан!
Ақын сүйсе... бұл əлем,
Көрсетпейді жауызын.
Сен де балқып жүрер ең,
Айға қарап ауызың...
Күнің болып батсам ғой,
Неге біздер алшақпыз?
Ақ төсекте жатсаң ғой,
Айдан туған аппақ қыз...
(7 наурыз, 2019 жыл)
САҒЫНЫШ
(цикл)
-1-
Назданып қалдың, бағым болмадың,
Ақын-көңілімді тағы да алдадым.
Өзегімді өртеп өтті ғой жаным,
Іздеумен сені сағым жылдарым...
Күнімді мұңмен өткергенімде,
Қинағаның ба, жек көргенің бе?
Келмедің неге, сенбедің неге,
Сергелдең болып серт бергенімде?
Үміттің жібін үздің əлі де,
Ілесіп кеттің күздің əніне.
Сен маған бəлкім сенгің келмеді,
Жыр арнаған соң қыздың бəріне.
(Сезім, сенімді сай қылмадың деп,)
Айтатын саған айбынды əнім көп.
Есенин болып есірмедім де,
Мұқағали боп қайғырғаным жоқ.
Айтсаңшы енді, кімдерде айып?
Жыр-жүрегіммен бірге тыңдайық.
...Қиял авторы: өзіңсің жаным,
Сезім авторы: Нұрбол Ибраев.
(8 қазан, 2014 жыл)
-2-
Саған деген сезімім алып-ұшып,
Сансыз күнді өткіздік сағынысып.
Жүрегіммен сүйген соң, жүргенім жоқ,
Махаббаттың жолында жаңылысып.
Мен ешкімді мұншалық сағынбағам,
Мен ешкімге мұң шағып жалынбағам.
Үмітімнің өшпейтін сəулесіндей,
Сезімім бар кеудемде жалындаған.
Сағынышым тарқамай жүрегімнен,
Сенің амандығыңды тіледім мен.
Өткен күндер кетсе де сағым болып,
Сені неге іздеймін бұл өмірден?
Сағынышқа айналған сағым ба едің?
Жүрегімде шырқалған əнім дедім.
Менің сағынышымның кейіпкері,
Тағдырға жазылмаған жаным менің!
(18 сəуір, 2015 жыл)
-3-
"Сағындым, сағым Уақыт!",
Жанымды таң жұбатып.
Жас толы жанарыңда,
Қалды арман, қалды бақыт.
Сағыныш - жалғыз өзің...
Сағынған жанды сезін,
Сол бақта бақыт таппай,
Қалдың сен, қалды сезім.
Жүрегім қалжырады,
Күз оны əн қылады.
Уақыттың парағында,
Қалды жыр, қалды бәрі...
(7 қыркүйек, 2015 жыл)
-4-
Білмеймін, сендің бе сен, сенбедің бе?
Мен бірақ махаббаттан өлмедім де.
Сен болмасаң жанымда... шертеді екем,
Сырымды күмбірлетіп енді кімге?
Көңілім аумай қалып алдаспаннан,
Менің мұңлы əнімсің алғаш салған.
Мен саған ғашық болып жүргенім жоқ,
Есіргеннен немесе алжасқаннан.
Жолыма жазылған соң сəт тұғырлы,
(Уақытша деп танысаң тарт тіліңді!)
Баянсыз махаббатпен жетектедім,
Жиырма алты жастағы мəрттігімді.
Махаббат ақын үшін құнды ғылым,
Бұл ғылымды жасымнан білдім, гүлім.
...Жүректің əйнегінен сығалайды,
Жиырма жасымдағы жындылығым.
Сен жайлы жыр оқымай кафелерде,
Сүйдім жаным, мəн бермей қателерге.
Қимасыңды қалдырып кеткен жөн-ау,
Қол бұлғап қоштаспай-ақ кете бер де...
Жүректі жаралаған қорғасын көп,
Жаралы жан жүрегім жырласын тек.
Мен бірақ алаңдаймын, сен кеткен соң,
Сағыныш бүршік атып тұрмасын деп...
(18 қараша, 2017 жыл)
-5-
Сағынғанымды жазайын, сағынатынымды жазайын,
Сенсіз өткен күндерде сабылатынымды жазайын.
Тағдыр саған мұң берсе, сол мұңды бірге бөлісіп,
Қасыңнан сенің өлгенше табылатынымды жазайын...
Сүйгенімді жазайын, сүйетінімді жазайын,
Сенсіз өткен түндерде күйетінімді жазайын.
Ақ көйлек кисең бір күні, орамалыңның шетіне,
Өлмейтін сағынышымды түйетінімді жазайын.
Күткенімді жазайын, күтетінімді жазайын,
Сен болмасаң сиядай бітетінімді жазайын.
Пешенеме жазылған бақ пен қайғыны құп көріп,
Өлгенше сені сағынып өтетінімді жазайын.
Жазайын бәрін жарығым, шыдаса жүрек азаға,
Жүрек шыдаса бәріне, өтеді мұң мен қаза да.
Барлығын саған жазайын, ал сол жазғандарымды,
Менің ғұмырнамама жаратқан Ием жаза ма?..
(23 желтоқсан, 2017 жыл)
-6-
Сен енді мені іздеме,
Мен де енді сені іздемен!
Жабырқап кетті Күз неге,
Сен қайтып келмес ізбенен?
Сен енді мені сағынба,
Сағына алмаймын мен де енді -
Жабырқап жүрген шағымда,
Уақытқа тосып кеудемді.
Көрінбе менің көзіме!
Көрінбей жүрем енді мен.
Кетсе де жүрек езіле,
Тар болып кетпес кең дүнием.
Мен жайлы мүлде ойлама,
Ойламай жүрмін мен де көп.
Сыр айтып кетіп айға да,
Сағынғаныма сенбе деп...
Өтеді менсіз күн, апта,
Іздесе жүрек кім шыдар?
Сағынып жүріп... бірақ та,
Сағынбадым деу жөн шығар.
* * *
Бүгін саған гүл сыйладым... сен алмадың ол гүлді,
Елемедің ентелеген жүрек деген құрғырды!?
Бүгін саған өкпеледім еске түсіп өткен күн,
Неге мені кешірмедің, неге маған кектендің?
Бүгін саған жыр оқыдым, тыңдамадың сен бірақ,
Дəрменсіз боп күй кештім мен, күңіреніп, тұнжырап.
Бүгін саған сұрақ қойдым, үндемедің тағы да,
Ал мен саған келіп тұрмын дидарыңды сағына.
Бүгін саған сырымды аштым, сен бірақ тіл қатпайсың,
Білем жаным, бұл əлемнен енді бақыт таппайсың.
Бүгін саған гүлмен келдім, байқамадың гүлімді,
Тыңдамадың сөздерімді, оқымадың жырымды.
Ертең саған... тағы келем, гүлімді алып қолыма,
(Жұлған гүлді төсеніш қып тастайын ба жолыңа?)
Ерте үзілсе гүлдің бəрі - қасірет пен обал, ə?
Гүлді тағы тастап кеттім.
Өзің жатқан молаға...
(19 маусым, 2019 жыл)
* * *
Жылама жаным, жылама жаным...
Сейілмес қайғы жылаумен.
Ауыр болды ма сынағы Алланың,
(Тіл табыспадың ба Құдаймен?)
Кем емес едің өр емендерден,
Тағдыр ма сені жүдеткен?
Құла жапанда Төлегені өлген,
Аумай қалдың ба Жібектен?
Келмеске кетті сүйіктің сенің,
Ажалға қарсы кім тұрар?
Сен жылап жүрсең күйік кешемін,
Ақында мұңның кілті бар.
Сағаты жетсе Тажал да өледі,
Қоштасу мейлі қиын де...
Шын сүйгендерді ажал бөледі,
Қосылмадым деп күйінбе!
Мəңгі сағыныш жан жүдетпей ме,
Тірлікте мынау тасып қал!
Махаббаттың да мəні кетпей ме,
Қосылса барлық ғашықтар...
...Төлегені өлген Қособадағы,
Жұбата алдым ба Жібегім?
Сенің жаныңмен қоса жылады,
Қоса жылады жүрегім.
(7 шілде, 2016 жыл)
* * *
Балалықты еске алам деп шат күліп,
Жүрегімде буырқанып жатты үміт.
Асқақ-асқақ ойларыммен асығып,
Аңғал бала көңіліммен аптығып -
қанат қаққан жылы ұяма беттедім...
Мен осында ой түзедім, көктедім.
Сол кекілді, қара торы баланың,
Арманына арқау болған мектебім!
Осы ұяда Абай жырын жаттадым,
Осы ұяда қызға арнадым хат қалың.
Құрқылтайдай кіп-кішкене жүрекпен,
Осы ұяда жазылды алғаш тақпағым.
Осы ұяда қалды менен көп белгі,
Сағынышпен жүрекке орап көктемді,
Балалармен жолығуды жөн көрдім,
Көз алдымнан жүгіртем деп өткенді...
(Сол бір қызға өшпегендей əлі өкпем,)
Теңіз-теңіз ойлар кештім себеппен.
...Бір балақай қол көтерді именіп,
"Өлең оқып берейін..." деп кенеттен.
Бала көңіл бітіргендей жырға құт,
Жүрегімді сипап өтті бір бақыт.
Қолын сермеп, жанарынан нұр шашып,
Менің жазған өлеңімді тұрды оқып.
Өлеңім-ай, өлеңім-ай, өлеңім...
Жүрегімді басу керек неге мұң?
Жалғыз ғана оқырманым қалса да,
Ажалыма тіке қарап өлемін!
Астаң-кестең бола берсін дүлей күн,
Өзіне тəн биігі бар сүлеймін!
Мен өлгенше шыға алмайтын шың болса,
Сол балақай шықса екен деп тілеймін...
(17 мамыр, 2014 жыл)
ДЕПРЕССИЯ
-1-
...ештеңеге құлшыныс болмай кетті,
Дəрменсіздік сəлемін жолдай кепті.
Тіл-көз өтіп кеткендей тентіредім,
Шамшырағым неліктен жанбай кетті?
Ештеңеге ниетім болмай кетті,
Өз-өзіме көңілім толмай кетті.
Жүрегіме ұясын салып кеткен,
Шабыт құсы кеудеме қонбай кетті.
Ештеңеге дəл қазір зауқым да жоқ,
Шерімді де айтпадым сылқымға көп.
Дуасы бар адамдай диуанамын,
Жүрген жоқпын сондықтан тау тұлға боп.
Əр қатемді кім енді сұрыптамақ?
Жарыма да жүргем жоқ күліп қарап.
Қолға түскен нəрсені қиратсам ба,
Есігімді ішінен құлыптап-ап?
Ойға шомып жүремін бар білгенім,
Оймен өмір сүру ме мəңгі ермегім?
Таңда ұйқыға жатамын, түсте тұрып,
Бір-біріне көшірме əр күндерім.
Көргім келіп жүрген жоқ ешкімді де,
Көрге кіріп кетті ғой бес күн міне.
Уақытымды өлтіріп босқа жүрмін,
...жүрек азан дауысын естіді ме?
(15 шілде, 2018 жыл)
-2-
Өзеуреп жүрген өзім сияқты,
Керегі сабыр, төзім сияқты.
Көзім мөлдіреп күн кешіп жүрмін,
Көктемде қалған сезім сияқты.
Мінезім менің құйын секілді,
Мұңсыз күн кешу қиын секілді.
Өмірде өзі қандай мəн қалды,
Шығармадағы түйін секілді?
(1 маусым, 2019 жыл)
НЕГЕ?
Неге сенің қабағыңнан мұң көрем,
Айлы түнің көп пе кірпік ілмеген?
Неге сенің көңіліңде бар қайғы,
Неге сені бəрі, бəрі алдайды?
Неге сенің солғын тартқан гүл-өңің,
Мұң жинайтын құмыра ма жүрегің?
Неге сенің сəттерің көп "əттеген",
Оңайлықпен беріле ме бақ деген?
Неге арсыз ой мен сөзге сенесің,
Ұмыттың ба шындық тəтті емесін?
Неге мүлде ілеспедің дүрмекке,
Қойыларын білмедің бе бір нүкте?
Неге сенің маңдайыңда сор қалың?
Сен бақытсыз болады деп қорқамын...
...Өмір тосқан əр дауылға алаңдар,
Өз сенімін жоғалтатын адамдар!
Тағдыр өзі жауап берер сұраққа,
Сеніміңді жоғалтпашы бірақ та...
(14 наурыз, 2016 жыл)
ҰЛЫМА
Сен жоқ кезде... күйіп тындым,
Жырым да көп өшірген.
Құрсағынан сүйіктімнің,
Жарып шыққан көшірмем!
Сен жоқ кезде... кім едім мен?
Не мəн ұқтым өмірден?
Сені дұға-тілегіммен,
Сұрап алғам Тəңірден.
Саған, ұлым, тілегім мың,
Жоқ сезімнің өлшемі.
Жұдырықтай жүрегімнің,
Кіп-кішкентай бөлшегі...
(Байтақ жерге, құсым, мынау,
Ұл болмаса... кім еге?)
...Мен əкемді түсіндім-ау,
Сен келген соң дүниеге.
Сен туғанда... толқып жүрек,
Жырға сыймас тылсым көп.
Жылады əкең ең соңғы рет,
Сен жыламай жүрсін деп...
АНАМА ХАТ
(цикл)
-1-
Мама!
Саған хат жазамын бүгін мен,
Көңіл құсым сағынышқа жүгінген.
Ұлың сенің ұйықтамайды түндерде,
Емдеу үшін ақ жүрегін тілінген.
Өкініштер ғұмырымның өлшемі,
Қателіктер басып кейде еңсені.
Тәңір саған Ақын ұлды сыйлады,
Сондықтан да, қатты аяймын мен сені...
Өсірген ең «балапаным, күнім» деп,
Қарғыс атқыр, жарымадым ұлың боп.
Ес білгелі саған уайым сыйладым,
Сенің нәзік жүрегіңді тілімдеп.
Қоштасар да, жын әлеммен кем-кетік,
Айтып кетер ақтық сөз жоқ менде түк.
Ақынмын деп есірем де жүремін,
Сенің аппақ көңіліңді кірлетіп...
...Қара түнде жаным жылап менің де,
Періштелер күрсінеді демімде.
Жырларымды құлпытас қып басыма,
«Ақынмын!» деп оранамын кебінге.
(18 тамыз, 2010 жыл)
-2-
Тағдырымнан табылар бақ талабым,
Мама, саған не айтып ақталамын?
Не өмірде оқылар өлең болам,
Не көңілден мәңгілік жоқ боламын.
Күзге ұқсаған ұлыңды көктем демеп,
Ой кептерін ұшырам өткенге кеп.
Саған деген көңілде қаяу да жоқ,
Ал өзіме реніш те, өкпем де көп.
Өлең болып жүрекке тиіп ұшқын,
Сағыныштың шарабын құйып іштім.
Сен бар кезде қасымда сезбеймін мен,
Бар екенін қайғы мен күйініштің.
Қашып жүріп мезі еткен ойдан нұрлы,
Жүрегімнің түбіне қойғам жырды.
Сен уайымсыз өсірген ұлыңды өмір,
Уайымы көп ақынға айналдырды.
Сол себепті жүректе жарам да ауыр,
Маған артқан үмітің санамда жүр.
Ақын ұлдың кешінде тілек айтар,
Бақытты өмір бұйырсын саған да бір...
(12 қыркүйек, 2010 жыл)
-3-
Мама, ұлыңның өр көңілі аспандап,
Жүр қалада жүрегінен жас парлап.
Көрген жұрттар «мынау ақын жігіт» деп,
Арманыма салып берді баспалдақ.
(Есіңде ме бала Нұрбол, жас Нұрбол?)
Деуші едің ғой «адам емес, қасқыр бұл...».
Жан біткенді тамсандырып өзіне,
Көшелерде жыр оқиды мас тағдыр.
Сірә, менің көгермейді-ау көсегем,
Мінезімді бетке басып бөседі ел.
Күйікті мұң сыйладым ба, кім білсін?
Сүйікті ұлың бола алмасам, кеше гөр!
Жүрегіме жұбаныш боп текке жыр,
Миығынан күліп тұрып өтті Өмір.
Бақытына қалатындай жете алмай,
Өзің кейіп ұрысатын «жетпегір».
Қақпасы да елестемей Жұмақтың,
Сұм дүниеден өтіп барам сұлап тым.
Әкім ұл боп қуантқаным жақсы еді,
Амал қанша, ақын ұл боп жылаттым...
Балаң жайлы сөз айтпайды ел тегін,
Бақытты боп бітсе екен тек ертегім.
Шаштарыңа ақ кіріпті, ал маған
ес кірмеді. Өзгерген жоқ тентегің.
Өлеңімнің маңдайынан сипалап,
Нені аңсап жүрмін осы, не қалап?
Не ғой... Мама... Келіп кетші қалаға,
Сізді тағы шақыруда деканат.
(14 сәуір, 2012 жыл)
-4-
Анашым!
Мен үшін жаһұт та сен, лағыл да сен,
Гүлім боп жүре берші бағымда əсем.
Сен барда қайғы-мұң да қуаныштай,
Сен барда жазмышымнан жаңылмас ем.
Тұнығым қу тірліктен бүлінді мың,
Тəубеге келгендей ме ұлың бүгін?..
Мен ғана қайғырайын керек болса,
Сен ғана күліп жүрші күнім, гүлім!
Болмыс та осы мендегі, кескін де осы,
Жоқ қой, ана, ұлыңның ешкімге өші.
Жан жараңды алайын жырмен емдеп,
Маматай...
"Ақ сүтімді кештім" деші...
Ұлыңа берген кезде жұрағат дем,
Күнімді өткіздім бе сірə ағатпен?
Жолыңа құрбан болу түк емес қой,
Ақ сүтің ақталмайды-ау бірақ əттең!?.
(21 қазан, 2012 жыл)
-5-
Қайтпасын деп тіледім көштен есем,
Ұлың түнде күнəһар, түсте көсем.
Халық үшін туғаным неге керек,
Анам үшін бір жақсы іс істемесем?
Өмір-тойдан алынған сарқытты, анам,
Ақындық деп бердің бе артып маған?
Ақ параққа жыр төккен жүз түнімнен,
Сені ойлаған бір сəтім артық маған.
Сен туралы ой кернеп санамды мың,
Толқып тұрған жүрегі балаңды ұғын!
Ақын болып күн кешу көк тиын ғой,
Маған қымбат тек сенің амандығың.
Сен күрсінсең себебі, күлкім де кем,
Қандай баққа бөлейін, шіркін, бөтен?
Мейірімін жоғалтқан қоғамда бұл,
Сенсіз ғұмыр кешуім мүмкін бе екен?!
Толғандырып ұлыңды күйің анық,
Сенің күлкің қашанда сыйыма құт.
Қарт болғанша жүрейін мен де еркелеп,
Əжім толы бетіңнен сүйіп алып...
(8 ақпан, 2013 жыл)
-6-
Көлбеңдеп өте шықса көбелек-күн,
Анашым, өмір мəнін сенен ұқтым.
Он шақырым алыстап кетсем болды,
Сен алаңдап жүр ме деп елең еттім...
Бақытқа байласын деп бағымды Алла,
Сендей дұға тілеген табылған ба?
Кешірші, ана...
Кейде ұлың отаға боп,
Сені емес, əйелін сағынғанда.
Тірлікте саған деген тілегім көп,
Өзіңсіз қалай өмір сүремін бек?
Кешірші, ана...
Кейде ұлың өзіңді емес,
Баласын еркелетсе жүрегім деп.
Тізгінін ұстадым ба басқа арнаның?
Уақытымды құрбы мен досқа арнадым,
Кешірші, ана...
Кейде ұлың саған айтпай,
Əкесімен бөліссе жоспарларын.
Сен барда мəн бермеймін дауылдарға,
Сен барда жаурамаймын жауындарда.
Кешірші, ана...
Кейде ұлың саған емес,
Сый-құрметін көрсетсе бауырларға.
...Мені ойладың дұшпаны қас қылар деп,
Мендегі ақын-жүрекке жас тұнар деп.
Сондықтан, ЖҮРЕГІМДЕ қымбат жандар,
жазылған АНА жəне БАСҚАЛАР деп...
(13 желтоқсан, 2017 жыл)
-7-
Табылған күн боп қасымнан,
Анашым менің - асыл жан.
Құдайым жүзге жеткізіп,
Ұшпасын бағың басыңнан.
Айналдым ана өзіңнен,
Мейірім шашып жүзіңнен.
Өмірде жүрміз шаттанып,
Қуат ап сенің сөзіңнен.
Қарақат көзің мөлдіреп,
Ибалы жүрек елжіреп,
Əкеммен бірге аман жүр,
Басыңда жаулық желбіреп.
Амандық сұрап тағдырдан,
Аяулы жансың əн қылған.
Анашым - менің бақытым,
Жолыңда сенің жан құрбан.
Біз үшін биік дара шың,
Қартая көрме, анашым.
Жердегі барлық мақтауға,
Лайықты өзің ғанасың!
Əкемнің ғана теңісің,
Қадірлі болу - жеңісің.
Ақ сүтің мəңгі өтелмес,
Шаттықтың бəрі сен үшін!
Шаттыққа толсын керегең,
Біз үшін мықты емен ең.
Дұға етіп жүрсін өзіңе,
Ұл-қызың, шалың, немерең.
Қарақат көзің мөлдіреп,
Ибалы жүрек елжіреп,
Əкеммен бірге аман жүр,
Басыңда жаулық желбіреп.
(19 тамыз, 2018 жыл)