* * *
Жағасында өзеннің өспедім мен,
Тас қаланың төрінде көшке ілінгем.
Содан болар, даладай кең болғанмен,
ауыл иісі шықпайды ескегімнен...
Өзен-көлге бала боп шомылмадым,
Жыңғыл әнін білмеймін, тобылғы әнін.
Тай-құлынның соңында жүгірмедім,
тағдырымнан көрем бе соның бәрін!?
Күнге арқасын күйдіріп өспеген ем,
Күн сәулесі маңдайдан иіскемеген.
Маған куә болған жоқ көшкен құмдар,
Маған куә болған жоқ өскен емен.
Көршінің де қарбызын ұрламағам,
бір көрмеген қызықтай бұл да маған.
Тілім-тілім табанмен өскенім жоқ,
...ал жүректі қайтемін жұлмалаған?
Қайтем бақты қолын да бұлғамаған!?
...малын бағып барады жолдағы адам.
Балалықты сағынып кетем кейде,
Ауыл жайлы бір әнін жолдамаған...
(9 тамыз, 2020 жыл)
ҰЛЫМА
1
Сен жоқ кезде... күйіп тындым,
Жырым да көп өшірген.
Құрсағынан сүйіктімнің,
Жарып шыққан көшірмем!
Сен жоқ кезде... кім едім мен?
Не мəн ұқтым өмірден?
Сені дұға-тілегіммен,
Сұрап алғам Тəңірден.
Саған, ұлым, тілегім мың,
Жоқ сезімнің өлшемі.
Жұдырықтай жүрегімнің,
Кіп-кішкентай бөлшегі...
(Байтақ жерге, құсым, мынау,
Ұл болмаса... кім еге?)
...Мен əкемді түсіндім-ау,
Сен келген соң дүниеге.
Сен туғанда... толқып жүрек,
Жырға сыймас тылсым көп.
Жылады əкең ең соңғы рет,
Сен жыламай жүрсін деп...
(16 сəуір, 2017 жыл)
2
Құдайдың маған бергені -
Әкеңнің сені көргені.
Шаттығым менің ойдағы,
Бақытым менің жердегі!
Өрісім менің өркенді,
Еркін өс ботам, ерке үнді.
Жұбаныш болған бүгінгі -
Үмітім менің ертеңгі!
(30 қараша, 2019 жыл)
3
Ұлтты ойлаған ұлтандарда сор қалың,
Аяғымды аңдап басып жортамын.
Сенің аппақ жүрегіңе жұғар деп,
Мен арымды кірлетуге қорқамын.
Саған ұлым, әлі айтатын сөзім көп,
Жұрт алдында төмендеген кезім жоқ.
Мен өлеңді өмірім деп ойлаймын,
Ал өмірді елестетем өзің деп.
Саған ұлым, әлі айтылар сөзім мың,
Өзіңсің ғой қарашығы көзімнің.
Басқан ізге үңілемін зер салып,
көшірмесі болар-ау деп өзімнің...
(19 шілде, 2020 жыл)
4
Өмір бізге берілген бір-ақ рет,
Жаның нені қалайды, сұра жүрек!
Кепілдік жоқ дүниеде, айта алмаймын -
Күн мәңгілік күлімдеп тұрады деп.
Өмір бізге берілген бір-ақ рет,
Шыда жүрек бәріне, шыда жүрек!
Әкең емес бұл өмір, тәттілермен
жұбататын құлыным жылады деп...
Өмір бізге берілген бір-ақ рет,
Өлмей тұрып біреуге ұна, жүрек!
Сен жауапсыз қалдырма ештеңені,
Себебі бұл өмірдің сұрағы көп.
(24 шілде, 2020 жыл)
ЖҰЛДЫЗДЫ ТҮНДЕГІ ХАТ
1
Сырымды сақтап жүрген гүлдесте едің,
Мен сенің қадіріңді білмес те едім,
Жолығып қалдың маған қапияда,
Әдемі өрнегі боп жыр-кестенің.
Жап-жарық жұлдыз ба едің айдан туған?
Мен де бір шайыр едім қайғы аңдыған.
Басыңа бақыт болып жазылмасам -
Қандай кінәң бар еді, қандай күнәң?
Жанымды жадыратып тұрар бағым,
Жолында тағдырымның жыр арнадым.
Екеуміз кейіпкері секілдіміз,
Жалғасы жазылмаған шығарманың.
Уақыт та зымырайды ернеуі жоқ,
Өмір бұл алуан-алуан кермегі көп.
Жолығып қалдың маған жылдарымның
үзілген өрнегі боп...
(23 желтоқсан, 2020 жыл)
2
...шаршадың ба мендегі дүрбелеңнен?
Менің күйім осындай күрделенген.
Жанға жылу табам ба енді сенен,
Жанға медет табам ба енді өлеңнен?
Менің жаным ұлы тау ұлар ұшқан,
Саған ғана көрінер нұры алыстан.
...зілдей ауыр сөздерге тапталып қап,
Тырнады ма жараңды бір арыстан?
Дертім едің күнде айыққан,
Жанымызды ешқашан қылмайық паң.
Осы хатты қабыл ал,
Бала кезден
танысың, ақын Нұрбол Ыбраевтан.
(30 маусым, 2021 жыл)
3
Жапан түзде өзі өскен құба талдай,
Тағы бір рет тағдырдың оғы атардай,
Сен еңкілдеп жыладың құшақтап ап,
Үнсіз ғана тұрдым мен жұбата алмай.
Еленбей-ақ кездерің кек кернеген,
Ұмыт болып сол күндер өкпелеген,
Кірпіктегі көлдей жас сіңіп кетіп,
Кеудеме кеп қонды ма көктегі өлең?
Төзім нұрдан жаралған, сезім гүлден,
Уақыт-бесік тербеліп көз ілдірген.
Маңдайыңа жазылған ауыр мұңды,
Қарашығы көзіңнің сезіндірген.
Таң қылаулап атқанда жылатардай,
Алдаспаны тағдырдың құлатардай,
Сен еңкілдеп жыладың құшақтап-ап,
Үнсіз ғана тұрдым мен жұбата алмай.
Қайдан ғана бұл кезге тап болғанмын?
Өмір жайлы, сен жайлы көп толғандым.
Уақыт тоқтап қалғандай қандай ауыр:
...сенің әкең сол күні мерт болған күн.
(5 шілде, 2021 жыл)
ӘКЕММЕН ӘҢГІМЕ
(цикл)
1
Əке, сонша берілдің ғой сан ойға,
Өмір саған құрды ма əлде тағы айла?
Шылым шегіп отырасың күрсініп,
Ұл-қызыңды жеткізем деп қалайда.
Бақытты еттің, жетеледің, жеткіздің,
Өтелмейтін парызымыз көп біздің.
Күні туса өкінетін болады,
Сен сүрінсең қуанатын көп құзғын.
Төбедей боп үйілгенде шылымың,
Қабағыңнан көрем əке, мың ұғым.
...Көкке апарып тірейді ертең төбеңді,
Екі ұлың - сенің екі сынығың.
Өміріме өрнек болып өнегең,
Сен қуансаң мен де баққа кенелем.
Том-том өлең жазар едім, бірақ та,
Бағаңды əке, бере алмайды көп өлең.
Қадіріңе жетсем көңіл жай табад,
Қуантам деп ғұмыр кештім ой талап.
Ризамын мен өліп кетсем егер де,
Сенің ғана тағдырыңды қайталап...
(20 тамыз, 2013 жыл)
2
Алаңдама əкешім, алаңдама!
Еңсеңді көп түсірме маған бола.
Жақсылардың алмаймын жағасынан,
Жібермеймін есемді жаманға да.
Қапаланба, əкешім, қапаланба!
Сөз дарыды анадан, атадан да.
Саған бақыт елден тек алғыс алсам,
Өзіме сын - қарғыс не бата алам ба!?...
Шыңға шықсам - қуанған баладайсың,
Сәл сүрінсем - шер толы данадайсың.
"Шындық айтқан ақындар мықты" дейсің,
Ұлың шындық айтқанды қаламайсың...
Апарар ем Меккеге көтеріп ап,
Мекке деген балаңа өте жырақ.
"Менің ұлым ақын" деп қуанасың,
Мен қуанып жүргем жоқ, әке, бірақ.
Жиындарда өткір сөз айту ғажап,
Өктем-өктем сөйлесең қайту да азап.
Бұл Отанға керегі - өлген ақын,
Ал қоғамға ақындар сайқымазақ!
Түсін әке, сен мені түсін әке!
Удай ашып кетеді ішім өте.
Өміріме өкпелеп жүргенім жоқ,
Өлімге де болмайды өшім, әке...
Қаңқу сөздер ерсе де аты жаман,
Мен сыйымды тағдырдан тартып алам!
...көрсем деймін "ақынның әкесі" деп,
Тұрғаныңды гүл алып сахынадан.
(4 ақпан, 2019 жыл)
3
Әке, сен ең бірінші сенімді адам,
Сен берген тәрбиемен өнімді алам.
Кеңдіктен аяқты алшаң басып жүрмін,
"Кең болсаң кем болмайсың" дедің маған.
Қаныңмен жұққан шығар тапқан әдет,
Кейде отты өшірмеймін жаққан үдеп.
Ала-құла жүргенде айтып жүрдің,
"Ала жіпті өлсең де аттама" деп.
Өмірден алған жүлдем бар ма менің?
Басынан көрінбедім әр бәленің.
Өмірлік сабақ болып қалды маған,
"Ешкімнен бір сабақ жіп алма" дедің.
...ешкімнен бір сабақ жіп алғаным жоқ,
Аттауға ала жіпті барғаным жоқ.
Кең болып жүрсем болды дүниеде,
Сен бәрін көрсең болды, арманым жоқ!
(16 тамыз, 2020 жыл)
БІР ӘПКЕМЕ ХАТ
"Сенің жүзіңді көрсем менің өмір сүргім келеді. Жамандығың болса, ішіңде. Күйінішің болса, ішіңде. Сағынышың болса, ішіңде. Ал, сыртқа сенің нұрың ғана тарайды..."
(Саған деген ойдан)
1
Қашанда жалған үміт мыңды арбаған,
Білемін жаралмаған мұңнан ғалам.
Пенденің пешенедей дəптеріне,
Алланың жазбағанын қылған ба адам?
Аңсадың бақыт құшқан көк теңізді,
Қия алмай қайрылмастан кеткен ізді.
Күз болып көрінгенмен ғұмырнамаң,
Орнады жүрегіңе көктем ізгі.
Толассыз ойлар толып мида мына,
Сеземін, тағдыр берер сый барына.
Үміттің өлмейтінін көремін мен,
Үңіліп сенің аппақ дидарыңа.
Қоғамда ардан безген өлексе көп,
Жақсыны ұлықтауға керек себеп...
Жүрегім тоқтап қалар сəтке дейін,
Мен саған жүрем əркез тілекші боп.
Ешкімге тілемесін жаты қайғы,
Есіңе ал ақын іні хаты жайлы.
Үмітті өлтіретін қу тіршілік,
Сенің сыңғыр күлкіңе татымайды...
(23 қаңтар, 2016 жыл)
2
Ақ таңдарың - асқақ арман,
Сыр жасырып басқалардан,
Айлы түнің көп пе сенің,
Жанарыңды жасқа малған?
Көп пе кезің сендіретін,
Мен білмейтін, сен білетін?
Тамшы сырды үзіп алып,
Терезеден телміретін?
Есіміңді ескеріп пе ер?
Естен танып кеште бектер,
Күнтізбеде жай күн болып,
Қалды ма əлде естеліктер?
Қашып суық сұрақтардан,
Жылытты ма шырақты арман?
Көзің сенің мөлдірейді,
Кезің көп пе жылап қалған?
Қанша сырды білді ғашық?
Күлімдесіп... тұнжырасып...
Сенің ГҮЛің солмасыншы,
Жүре берші НҰРды шашып.
Ақ таңдарың - асқақ арман,
Сыр жасырып басқалардан,
Айлы түнің болмасыншы,
Жанарыңды жасқа малған...
(10 мамыр, 2017 жыл)
* * *
Бомбадай кейде жарылып қалам,
Баладай кейде жабығып қалам.
Көңілім менің даладай кең ғой,
Неліктен осы тарылып қалам!?
Тамшыдай түннің кірпігіндегі,
мұң көрдім екен бұл күнде нені?
...жаным ауырса жылай да алмаймын,
Жыламағаныма күлкім келеді.
Өзеуреп жүрген өзім сияқты,
Керегі сабыр, төзім сияқты.
Көзім мөлдіреп күн кешіп жүрмін,
Көктемде қалған сезім сияқты.
Мінезім менің құйын секілді,
Мұңсыз күн кешу қиын секілді.
Өмірде өзі қандай мəн қалды,
Шығармадағы түйін секілді?
(1 маусым, 2019 жыл)
* * *
Өлеңші ме, жоқ әлде ақын ба едік?
Жарар еді кетпесе ақыл кеміп.
Өмір қанша өпсе де өлмей жүрміз,
Тағдыр қанша тепсе де тақым берік.
Төбе болып қалам деп төкпеледік,
Төре болар балаға кет демедік.
Аламаннан қағылсақ сыр бермей-ақ,
Жұрттың аты сүрінсе өкпеледік.
Жұрт дегенде желпініп жолдамыз қай?
Ақын кедей қоғам бұл, молдамыз бай.
Қырсық шалып кетпесе болды мені,
Орда бұзар жасымда орда бұзбай?!
Қажет болмай алтын тон, жаһұт етік,
Уақыт өтіп барады, уақыт өтіп...
Сәттерімді дәл осы қойсам ба екен,
Маңдайыма жазылған бақыт етіп!?
(13 ақпан, 2021 жыл)
ШЕР
1
Ниетіндей сұмпайы, сұмырайдың,
Кейде лай боп кетеді өмір-айдын.
Шимайланған тағдырдың дəптеріне,
Не жазамын енді мен, не құраймын?
Ерлер қайда кешегі маған үлгі,
Мұңға бояп қойдым ба қабағымды?
Неге менің көңілім аш жүреді,
Жарым жасап қойса да тамағымды.
Бəлкім мен де ұлы ақын бола алмадым,
Қаламадым жанымның тоналғанын.
Балағына Уақыттың кетті оралып,
Баспалдақ боп құрылған бала арманым.
Мен де бір күн біреуге кектенермін,
Мен де бір күн біреуді жек көрермін.
Еркелігі болмайды ешкімге де,
Туған жердің төсінен кеткен ұлдың.
Бірі алдымнан шығады алғыс айтып,
Бірі артымда тұрады қарғыс айтып.
"Елге керек жансың" деп өзеурейді,
Аламаннан жүрмейін жалғыз қайтып.
Өмір - бəйге, ол күнді өткерермін,
Ақтаймын ба сенімін күткен елдің?
Басындағы бағы мен соры қанша,
Қазақтың маңдайына біткен ұлдың?
...Əлихандар - қадірсіз, сыйлы - мыстан,
Тышқан аулап жүрмейді күйлі арыстан.
Мең-зең болып шақшадай басым менің,
Шығып бара жатырмын жиналыстан...
(22 мамыр, 2018 жыл)
2
Сетінеу керек осы неге сенім?
Ала жіпті аттаған емес едім.
Жер үсті, күн астында өмір сүрдім,
Елемей жұрт пікірін, ел өсегін.
Шеңберге де сыймаймын, қалыпқа да,
Бар сосын айтар сөзім халыққа да.
Ең бірінші көз алмай бақылаңдар,
Ең соңынан берілсін анық баға!
Жалынан ұстап алып жорға күнді,
Қайтейін бəйге қылып құрғанымды!?
Атбегі-өмір тұсаулап қоймаса екен,
Құлагердей тепсініп тұрған ұлды...
Көңіл сандық ішінен сыр аштым да,
Ұлы күннің көшіне ұластым ба?
Құлагерді құлатар құба түзде,
Батыраштар бар шығар қыр астында.
Батыраштар!
Айналдым Батыраштан,
Не айла көп, немесе ақылы асқан.
Сенің де дәл астыңда топырақ тұр,
Менің де дәл төбемде жатыр аспан...
(25 қараша, 2018 жыл)
* * *
Қарашаның иісі келіп мұрынға,
Қараша жұрт мұң шағады бір ұлға.
Көкірекке бар қайғысын толтырып,
Көкжиекте күн батады Жұрында.
Маған бөтен Бұхара мен Қырым да,
Менен алыс Ақжайық пен Сырым да.
Күн мен түнге арманымды жалғаумен,
Көкжиектен таң атады Жұрында.
...Босағаңнан аттағанда бір ұлың,
Көңіліңе нұр төгеді жыры оның.
Саған қандай бақ беремін мен осы,
Маған қандай бақ бересің, Жұрыным?
Отау тіктім, от сөнбесін десе де,
(Хабарласпай алаңдаған шешеге.)
Алшаң-алшаң келе жатыр бір ақын,
С.Батпенов атындағы көшеде.
(4 қараша, 2019 жыл)
ҚАЙЫРЛЫ ТҮН
Ұлы ойлар торлап санамда,
Зарымды айттым заманға.
Бір мұңын артып қойды ма,
Бұл тағдыр саған, маған да?
Көзіңнен сенің от көргем,
Кезім жоқ сені жек көрген.
Баладай тыныш ұйқыңды,
Күзетемін деп серт бергем.
Сөндіріп үміт шырағын,
Кетпеймін сенен бір адым.
Сергелдең сезім кештім мен,
Сен неге сонша жыладың?
У көп пе жаным, мен ішкен,
Сүйгенім сені неге үстем?
...Қайырлы түн, тəтті ұйықта,
Тəп-тəтті менің періштем!
(7 шілде, 2016 жыл)
ҚОРЫМ БАСЫНДАҒЫ ОЙ
Ей, өлгендер, өлгендер!
Әзірейіл төбесінен төнгендер.
Мен сендерге жазғым келді бір өлең,
Жұлдызы ерте сөнгендер...
Өмір мәнін білмедік пе, білдік пе!?
Не кештіңдер тірлікте?
Бәрімізге ашылады бір есік,
Бәрімізге қойылады бір нүкте.
Қабір деген өлгендердің тұрағы,
Көп бола ма тірілердің сұрағы?
Өлім жайлы еске алсам,
Қобыз-мұңым күңіреніп тұрады.
Қорқамын ба өлімнен?
Кезім де жоқ ақиқаттан жерінген.
Бірді-екілі жоспарларым бар еді,
соны орындап, көрінейін төріңнен...
Айналамның бәрі алып,
Жүргенім жоқ баға алып:
...мен өлгенде жыламайды-ау бұл қазақ,
Кеңсай жақта жатпайтыным тағы анық.
Жазылса да ғазалым,
(Әке мұңы - таза мұң.)
Құшақтайтын сәтін күтіп төніп тұр,
Құм сағатын қолына ұстап Ажалым!..
...мен өлемін, ол өлер,
(Баспанаға жарар болса көр егер.)
Оны-мұны ойлап кеттім, Құдай-ай,
Бір нұрыңды бере гөр!
(14 маусым, 2021 жыл)