***
Жаратқанның рұқсатынсыз түспес
әр жапырақтың тағдыры ерек...
Жапырағым-ай жанымыз түстес,
Айтып келдің бе тағы бір дерек;
Хақ екендігін өлім көршінің,
Жырлай келдің бе көңіл қонағым?
Еліктейтінім, менің бір шыным,
Ақша бұлттарға жеңіл қонатын,
баяу көшетін...
солармен бірге
мұратын тапқан жан бар ма, сірә?
Жапырақтармен сыңардай мен де,
Қарсы алатыным таңдарды күле...
Сүйсінетінім, қызғанатыным;
Нөсерлі жауын, тәж киген шыңды,
Күн батқан шақта аздаған мәнім –
Еркелетемін әлдилеп гүлді.
Шұғыла қонған сәби кірпігін,
Тәубаға келген пенденің демін,
Бөгде бөлген нан және бір тілім,
Қайықтың үнін желкенін керген.
Терезелерге сіңген іңірді,
Пақырдың әрі сатылмас арын.
Осы бояулы күлгін өмірде,
Ойсыз күндер ме, жаңылтпаш бәрі.
Сәбилік ескен мекенді айтшы?
Көңіл қай жақта мөлдірлік тұнған?..
«Жақсы адам» дейсің, мен енді... қойшы...
Өткен бе? Өткен...
Күлдіріп қалған...
Жапырағым-ай жүрегім түстес,
Тербелген лепке тәнім-бағында.
Жақындап қапты... Білемін... Күз бе?..
Жапырақ түссе Тәңірі «қолында»...
***
Араның ұясындай ғимараттардың бірінде,
бесінші қабат балконынан қарап тұрмын алысқа...
Алысқа,самсаған шәр шамшырақтарына,
олар мені әлдеқайда шақырады –
әне, шақырып жатыр,
400 шақырым ұзақтықта,
18 жылдық қашықтықта ауылда қалған балалығыма,
ол шақта ойлаушы ем мәңгі бала боп қалам деп...
сондағы ермегім атамның қара магнитафоны болатын,
онда әр түні қазақ радиосынан ертегі естіп көз ілетінмін;
ертегіге сенгенім соншалық ерте есейгім келетін...
Ал күндіз терек басына шығып ап дүрбімен алысқа қарайтынмын,
Қараған сайын,
алыстан маған бесінші қабат балконынан әлдекім көз тігіп тұратын,
Жүзінде жұқалау мұң секпілі білінетін,
әлдебір аңсар сезілетін...
Жылдар бойы дүрбімен оны бақылаумен болдым,
Ол да тек мені аңдумен болды...
Сосын өзіме уәде бердім;
«мен өскен соң сол кісіге,
сол балконға барамын» деп...
Сөзімде тұрдым.
Мен бүгін сондамын.
Бесінші қабатта.
Және алысқа,
балалығыма қарайлап тұрмын әлі...
Ол да әлі жанары жәутеңдеп дүрбімен маған қарап тұр –
Шәр шырақтарындай қарашығынан оқығаным:
«Неге мені өзіңмен алып кетпедің?» дейді...
Бала ғой ол әлі;
ол – мен,
Мен – ол екенімді қайтіп түсіндірерсің?..
***
Бүгін көпшілікпен сенбілікке шықтым.
Қураған бұтақтарды тасыдық,
жапырақтарды сыпырдық...
Сонда, алғаш ақылыма келгені:
«Біздің де
шыбықтай – сүйегімізді тасып,
жапырақтай – тәнімізді сыпаратындар
табылады», - деген ой болды.
Бұтақтарды –
табыттай иығымызда көтердік,
жапырақтарды –
кебіндей мүшекке орадық...
Ертеде осы
тасылмаған шыбықтар мен
сыпырылмаған жапырақтардың
тілі – самал,
дауысы – сыбдыры болатын...
Олар сонда күнұзақ хормен:
«Күнді жұта-жұта күн боламыз...»
деп сыңсып жатып көз ілетін.
Ақыры, жапырақтарды, мінеки, күн жұтып тынды.
Күн де – аспан-бәйтерегінің сарғайған жапырағы,
Уақыт келгенде,
ол да пәнидің «сенбілігінде» сыпыралады.
Әлгі мен тасыған шыбықтар мен
сыпырған жапырақтар
ағаш үстіндегі тірі жапырақтардың арасынан сүзіліп түскен шұғылаға – періштеге қарағандай елжіреп қарай берді.
Ағаш басында ілінген маған да көз тастады...
Мен де төменге үңілгенімде
сыпырғысын ұстап,
күтіп тұрған Әзірейілді көрдім...
Жаңа ғана сыпырғы ұстап тұрған
өзім екенім есімде қалмапты...
***
Үйің қайда достым,
дәмсіз, мәнсіз жол жүруден шаршамадың ба?
тоңдың, жаурадың,
есігіңе қайта-қайта соғылып боран,
терезеңді торуылдап бұлыт.
Бөлмеңнің ауасын жұтып тұншыққан қағаздарды
еденде аққан көз жасыңа матырып
тәубе етесің:
астыңғы ернің үсіген жапырақтай діріл қағып,
сонда, көзіңнен ағып жатады Ніл,
батып баратып перғауын
тілге келесің;
«әр сезімдерімнің ақысын Алла разылығы үшін берсем-ші...» - деп,
және
«Ата-анам жолыңа құрбан болсын ақиқат, жалғанға алдатпа...» - дейсің қарашығыңда нажағай шытынап жатып,
басқан адымыңда сәт тұрады үңірейіп,
өртеніп жатып төсің
езіліп-егілесің...
Сәлден соң,
бұлыңғыр түсті айналаң боянып тұрады реңкке...
маңдайыңдағы қос қарлығаш ұшып бара жатады
жаңбырдан кейінгі көкке...
***
Құстарым,
жандарым,
қош келдіңдер!
Сендерді қалай күткенімді білсеңдер ғой;
Әр сәт сайын
мағына берем деп уақытқа сүрініп жүріп –
көкке қарауым,
кеңістікті толтырған қауырсындардың қағысын іздеуім,
сарыла күтуім әдетіме айналды.
Соның арқасында
небір кереметтерді көк жүзінен байқадым,
өзімді де тани бастағанымды жоққа шығара алмаймын.
«Мен кіммін?» – дейтін ем
бұтаның жатырына біткен бүр туа бастағанда;
Сонда ғана өзімнің адам кейпіндегі құс екенімді аңғардым.
Мен де ұшуға құмартып,
«Жылы жаққа» асығамын.
Ием бақшасын безендіру үшін шыбық ұшына қонақтап,
Егемнің Атын қайталаумен күндіз-түні сайрағым келеді...
Ажал-бала тас лақтырады деп қорықпаймын да.
Түсімде қанат қаққан күйі қалғып,
мәңгілікте құс боп оянып кетуім де мүмкін...
***
Мен бейбақ
жұлдыздарды сұлу жанарындағы жаста жиі көретінмін,
мөлдір жұлдыздарын кірпігінен сүртіп, құрғататынмын...
жұбататынмын солай...
Сонда да бітпестей көп еді қарашығындағы дымқыл жұлдыздар...
Мен жұбатудан жалықпас ем, ол сырт айналмағанда егер...
Ал қазір түн баласы қоңыр ойдамын,
Қаперімдегі өткенімнің үзік-үзік әдемі сәттерін үзіп алып,
өзімше бақыт құрап отырғаным...
Ойда жоқта түн жылады...
Ол неге жылады?
Мүмкін түн – сол керімнің қарашығы,
самсаған жұлдыздар – көз жасы шығар деп ойладым;
Баяғыдай жұбатармын деп,
саусақтарымды көкке созып көз жасын сүртуге ұмтылғаным сол,
ескідегідей қолым жете қоймады.
Сонда, сұлудың менен алыстап,
жұлдыздары аспанға тамып кеткенін аңғардым...
Дымқыл жұлдыздар жарығында
жанарыңа қарап тұрған бейбақпын...
***
Үлкен-кіші шеңберлердің бәрі есімде;
Ай-диуана кезіп жүрген күзде ме еді,
бұлт көшетін ақ шатырлар төбесінде.
Баян-айдың* есігінде кезек тағы.
Дамофон да шырылдайды,
күтпеген-ау,
кеңсесінен жар жеткенде өзек талып.
Орын таппай көлік те жүр аула ішінде.
Радиода соңғы хабар; Қарабах па.
Көңілділеу қайтты жастар ән кешінен.
Ыстамбұлым не істеді екен дәл сол сәтте,
Өмер достым шәй ішті екен қанша кесе,
Бұғаз лебі есіп тұрып салқын бетке.
Ал Марс болса қай тарапта айналды екен.
Көрші әжей қан қысымы қанша болды.
Қай баласын ойлап отыр қайран әкей.
Ал мен сол шақ Дантені ме, Жүністі ме
оқыған ем. Аяқ асты көңілім жүдеп;
Елегізіп күндіз-түні
әлденені сағынғанмын, өзге әлемді...
Сондағысы құтқарған-ды екі ақ нәрсе;
Құлшылық пен кітап қана –
түс пен өңді.
Келем жанның соң қабатын көксеуменен;
...Бұ дүниені бөтен көрген өмірім мен
сыймай жүрген жүрегімді қайтсем екен...
* - Дүкен атауы
***
Не үшін өмір сүріп жатқанымды
білер ме атқан таңым, батқан күнім...
«Аһ» деп мен күрсінуге бола туғам
жолыңда жүру үшін Хақ Тәңірім...
Кеудемде сыбдырлайды жапырақтар,
Айналып алақаным топыраққа,
Гүл өсіп,
бұлбұл қонса,
келіп тұрғын
жанымда жайқала өскен ғаріп баққа...
Мен енді ешпін, жоқпын, ештеңемін,
Жалғыз бар –
Сен ғанасың өшпегенім...
Өртеніп,
жанып,
күлге айналамын,
сүріп ап аз ғана жыл, кішкене күн...
Мен Сенмін... Сен боп қайта жаңғырамын,
Көңілім есігін қақ жаңбыр-жауын...
Ай да енді, білте шамым түн баласы,
Күн де енді, аспашамым таңға жақын...
Өлдім мен, өліп келдім Саған Жарым,
Аралап аспан бауын, ғалам бағын...
Бәрінен қашып келдім;
Тән мен жаннан,
Пәниден,
тұтқын едім қамаудағы...
Мән берген жалғандағы –
күресім,
махаббатым,
армандарым,
тынысым,
бәрі-бәрі тек Сен үшін...
түк те жоқ қалған тағы...
***
Күз келсе де, жайқалады жан-рухым,
Бұлт төнсе де, ар ішімде таңғы нұр.
Мөлт-мөлт етіп әйнегінен көзімнің
Сырғи ақты қыркүйектің жаңбыры...
Содан болар, жауын-шашын айналам,
Ауыр бұлттар салып жатыр байбалам.
Қарт Алатау жалғыз қалсам,
қатулы
қарайтындай: «жаяу қара, қай бала?»
Жан секілді жесір қалған күз, мына,
Дымқылданып кірпіктері мұздаған.
Жол бойында қариядай күз отыр
уқалап ап кәрі балтырын сыздаған...
Мейлің «Күз» де, тіпті, «Тағдыр» десең де,
Ішіп алып қымыз толы кесемді...
Масаям да текке жаққа кетемін,
Бақыт жайлы өлең оқып бес елі...
Көктем дерсің сонда, бәлкім, жайқалған,
Қандай жарық, нендей нығмет, айта алман...
Күз жасы ма, сағыныш па, белгісіз,
Жапырақтың кірпігінен жәй тамған...
***
Түн маңында,
көше жақта қар жаууда,
олар аппақ, олар таза арманымдай,
ыстық тағы сәбиімнің тынысындай,
мамық және бармағындай, уысындай,
күлкісіндей шуақ шашад балаң қар да,
ұйқысындай жауып жатыр алаңдамай...
сүйем қардың әрбір ұлпа, түйіршігін,
сезем сонда туғанымды сүю үшін,
армандау мен арпалысу үшін және,
мендік лүпіл қанат болып түсуде, әне!
Қар жаууда...
қардай аппақ болу үшін,
тұру үшін арманымның таңын құшып,
нәрестемнің саусағына тию үшін
жұлдыздардың қауырсыны,
Кейінгісі –
кітаптардың парағында сүру үшін,
жанарларға шағылысып қарау үшін,
түңілместен,
күллі әлемге бақ боп жауам,
Сене көрші, аппақ арман!
***
Мұнарлы күні қар күреп
жолда тұрдым жападан жалғыз,
кірпігім де қалысар емес
күреп жатты
жаныма енді жауған тоңғақ тамшыларды,
күреп жатты ерінім тіліме жауған сөздерді,
Қасым күреп жатты қабағымның әжімдерін,
Бәтіңкем күреп жатты торапты,
сәттерімді
күреп жатты сағаттың тілі.
Күн қарайды – көзілдіріктің аржағындағы суалған қарашықтай,
Жалаңбұт шыбықтар да – жорғалап бара жатқан қоңыздай.
Қар болып кеткендей түгел;
Жауып жатты үйлер,
Талдар, адамдар, күшіктер, т.с.с.
Жауып жаттым мен;
Көзім, қолым, қолғабым, күпім,
жауып жатты қар болып.
Мұнарлы күні қала тынышын бұзып
күредім
өзгені де,
өзімді де жападан жалғыз.
Сонда да үнсіздікке жұтылып кететін үнім.
Бәрінен де ең ауыр естілетіні,
аспаннан жерге жауған қардың құлағаны.
Аспан Шамын айнала жауып жатыр пәруана қар-р,
жынды қар-р,
жауып жатыр құлақ тұндыратын тыныштық.
***
Көзімде – күрең күз бар суықтау,
жапырақтары жалыққан, тоңған.
Кірпігім – ұшы жалаң бұтақтың,
Қыз саусағындай қорыққан...
Солған жапырақтарымды тұтқан
көңіл – діңгегім,
тамыры – жүрек...
Күз жаным атырабында жатқан
мұңды қозғайды ақырын үрлеп...
Жабыққан шаһар қарап тұр менің
жанарымдағы
жаңбырлы баққа,
ғимараттарға да, жел бүркенген;
бара жатқандай жолдарды таптап,
жығылғандай ма сәждеге барып,
алақан жайған қайыршыдай ма,
көздер ме тұрған көктерге қарап –
қазан есімді қайырлы айда
жанар-бағынан қала жолына
жауып жатқан бұ жапырақтарым.
...Сусып түсетін алақаныңнан
бір уыс қана топырақ бәрі...
***
Күзгі таңда салқын соғып тау самалы,
Иіскеймін. Қалды екен қанша амалым?
Қанша шақырым жолдарым?
Біле алмадым...
Шақырады да тұрады күн алдағы.
Күлімдейді шөпке тұнған таңғы шықтар,
аппақ арай, бұрылмас па алға шықсам,
теріс айналып қалмас па екен ауа райы,
әуре болып жүрмесін күз-апатайым,
күн райы да қарағандай көңіліме –
тереземе алғашқы нұр төгілуде.
Мен білмеймін неше ғұмыр асарымды,
Осы тәнде қанша көктем тосарымды...
Содан ба екен, қымбат әрбір
дем алғаным,
ойланғаным,
жек көргенім, сүйе алғаным...
Қалайша мен түсінбегем
өңге айналған кереметті түсімдегі...
Сала алмадым Тәж-Махал мен кесене де,
Сондағысы пешенемде
жазу қалса бұ жалғанның мәні болған...
Атқан сайын таңым алдан,
кешке емес, таңға қарай бара жатам...
жолға емес, жанға қарай бара жатам...
Күрсінуге, ашынуға, одан қалса,
қиялдауға мұрша болмай,
маған салса;
Күн қарсы алып отырар ем күнде, күнде...
...әдемі таң атып келед жүрегімде.
***
Көзімді көкке ашып,
қарағаным пыр-пыр етіп ұшқан сайын,
соңында тұрып қалам
аспанның қай шетіне самғар екен деп...
Құстар – көзімнің қарашығы;
үстіңнен ұшып бара жатқан құстар легін ұшыратсаң,
онда біл,
мен саған көз салып тұрғанымды...
Тіпті, көз ілсем де,
құстар ұшып бара жатады
жаным аспанында,
тоңған құстар қалықтап бара жатады.
Жылы жаққа ұшқан құстар
қайтарда
қауырсындарыңа жылылық іле келіңдерші
жанымның жаурауық аспанына...
Қарағаным –
құстар тізбегімен ұшып бара жатады,
әттең,
таудан аса бере
көзіме қайта оралатыны өкінішті.
Құстарсыз күзде,
Сенің қарағаның менің көзіме,
Менің қарағаным сенің көзіңе
самғап бара жатты...
Тиіспе,
қалықтасын,
жанарымыздың үркек құстары
бір-біріміздің жанымыз аспанында...
Тек, жауратып алмасақ етті...
***
Аспанға қарап, кең болатындаймын,
Жолдарға қарап, жететіндеймін саған...
Тауға қарап, тұрақты бола бастағандаймын,
Күнге қарап, жүрегім барын сезінгендеймін,
Ескен лептен жанымның тыныштығын тапқандаймын...
Не де болса енді,
Бір күн болмасын,
бір күні
мен саған тап-таза жаныммен қарайтын боламын...