НҰРБЕК НҰРЖАНҰЛЫ. ЖАНАРЫМДА ДІРІЛДЕП АЙ СӘУЛЕСІ...

 ЖАЗ ЖАНАРЫНДАҒЫ ЖАС

 

 

Ауада – жауын исі.

Інжуі жапырақтың тамады.

Аспанның неткен ыстық сүйісі

сұп суық жапыраққа жауатын...

 

Қалада: бұлыт исі, мұң исі.

Жаздың да алақаны сарғаяр

сүртем деп күздің жасын...

бұ несі,

көзімде – бір ғана түс, бірбояу!..

 

Аспанның айнасы –

жаңбырды,

иіскеші, қарашы.

Жапырақ пен бұлыттың арасы –

Бір ғана жас, біртамшы...

 

Аспанның кірпігін сүртеді,

Ақ қайыңжеңімен сызылып...

Жаңбыр ол –

жапырақтың бүр демі,

тамыздың жасы түскен үзіліп...

 

***

Уақыттың жасы демімнің сары бүрінде солды...

жапырақтардың арасынан Көк ығыса түскен

жүрегімнің жұқа қабығына,

дірілдеп қолдың

бұтақтарында бүрсиді жаным

дұғаға ескен...

 

Жаз –

сенің ғана жапырақтарың аз емес,

және

мен ғана емес, аспанға жасыл саусағын созған...

сосын,

аяусыз мыжып барады күз екеш күзде

табан астында қанаттарымның қаңқасын тозған...  

 

жапырағымда – кіші аспан бар, бүрінде – тағдыр,

еркелер билеп,жауынның демісүйіп, өпкесін.

Кірпігімнің сар жапырағына ілінді жаңбыр

жанымның ұшы аспан ерніне тиіп кеткесін...

 

***

Ханым,

аспан не деген кең...

Көзіңдей терең –

Қыркүйек түні жылайды іштен булығып.

Қарағаш тірі –

Бұлғап тұр әне қолына ұстап сулығын...

Алып аспанның аспашамына мен де шырағымды жаққым келеді

сәл кекілімді самал тербетіп тұрып...

одан соң

шаттық өлеңін оқығым келед көзіңе...

Бірақ, кешіктім...

алыс көзіңе жетпеген жолда

кір жапырақтар жауып тұр әлі төкпелеп талдан...

 

 

 

***

 

Сені ойлау ғажап сезім мың түрлі –

Сипағандай таңғы нұрдың білтесін,

Ауаға гүлдер еккендей түр-түрлі,

Сәби жамылғандай жылы көрпесін...

Бірақ,

 біздің арамызда қашықтық...

Арамызда – таулар, шәрлер, теңіз бен

ұзын аспан бар,

ал, енді асып көр?

Сонда да күт

ізің қалып дәлізде,

ыстық демің өрнектеп терезені...

Гүлім, білсең жаралымын шалғайда,

Тән мен жаным арасын жел есетін

бір бостық бар, бір алаң бар...

Сол маңда –

күнде соғыс, күнде өлім.

Қорықпа,

сол мекенге көңіл бағын егермін

ол өседі жүзін тосып шарыққа

сосын, гүлдегенше мен де келермін...

Мен – зат болудан шаршадым, әлде зат –

мен болудан жалықты ма, кім білсін?

Сен – мен, мен – сен болу үшін сәл тағат,

сәл сабырлық керек, қарғам, бір білсем...

Күт.

 

***

 

Жан, көз, қар және жаңа жыл жауып тұр...

Жауып тұр екі мың он тоғыз...

Келмеген көше және кетпеген...

Қар қимастығы қойныма тығылады кеп ауық бір...

Әр қар ұшқынын қарындасымдай қос иығыма

көтеріп алып;

«Жұлдызым бол!» деп,

лақтырам ана-а-а-у аспанның жіпсіз тәспиыхына...

 

ЖИҺАД 

 

Рухытәнін

табыттай иығына көтерген,

шапандай іле салған бәдәуи –

Жанның киімінен мағына күткен қоғамнан алыстап кетіп,

Әр заттың тәнінен жаніздейді...

Ақиқат шағылысқан айналардың нұрына қызығып,

үнсіз, сәт ішіне жұтылып тұрады...

Тәні – көлеңкесін,

Түні – жалғыздығы азғырып

Үйі – медресесінен алып қашқысы келеді ұзаққа...

Бәдәуи терезенің пердесін ашты;

Жаны әжімді саусақтарымен, аппақ шаштарын салалап

Ауыр жөтеліп, түннің ең терең өткеніне қарады; 

Тәнмың әскерімен түннің кең алаңында басқыншылық жасап,

Жанның кішігірім ауылымен соғысқалы замандар өткен...

Алақандай ауылдың отқа оранған шаңырақтары,

керегелері,

бесіктері,

қаһарман сүйектері күлге айналып кеткен...

Бірақ, бір ғана тамшы Нұр ауылдың шетінде

жапырақтың бесігіндеіңгәлап қап қойған...

Жан ғасырлар бойы сол бір жұтым Нұрдың ер жеткенін күтті...

Оны аялап өсірді, қоғамнан жасырды,

Ол Нұр өскен соң, «бәдәуиді өзгертем» деді...

Ақсақал қауғадай сақалын жас тарап,

Терезенің аржағындағы түннің әскері бұлттардай күркіреп,

Нажағай қамшылары аспанды тілгілеп, келе жатқанын есітті...

Көңіліндегі Нұрдан тауыс қанатындай шұғыла шашырап

түнге ұшып бара жатты...                      

Қария іштей күрсініп «бұл соғыс бітпейді» деді...

 

Ал бәдәуи, терезенің пердесін жапты... 

 

 

***

 

Біз – естелік жинаушылармыз;

Жүзін суалған бір кеиуана – жердің ең шетінде,

Ең соңғы «Ғұмыр» көшесінің

Ең соңғы қиылысында,

Ең соңғы пәтерінің қуықтай бөлмесінде,

Аспашамның әлсіз жарығымен

Ауыр, шаң басқан, тотыққан

Қаперінде, жүрегінде сақталып қалған

Том-том естеліктерін жазу үстеліне қойып,

Шаңын әжімді саусақтарымен сүртіп,

Көңіліндей нәзік парақтарды

жыртып алмайын дегендей абайлап ашады әр күн.

... үсіді, тоңды, сүрінді, тұрды содан бері,

Жұлдыздардан қылау гүлдей-арман теріп,

Тағдырының бір көшесінде, бір ауласында

қап кеткен Бөтенді –

неліктен әлі күнгесағынып келеді?

Сол сарғыш суреттегі Жат,

Пәнилік жап жас қалпымен сүгіреттен жұп-жұмсақ, сүйрік;

Жастықтың шақтарындай –

Көктемнің жасыл саусақтарын созып,

Қолыңның қағаздай терін,

әжім жүзіңді, қырау шашыңды,

Сол наурыз кешіндегідей сипаладыма тосын!..

Сол Бөтен жас қалпында өміріңнің бір көшесінде қалып қойғаны

немесе бұрылып кеткені белгісіз... сосын

ойлаудың өзі азап...

 

Өмір –

естелік жинау ма –

Ең соңғы «Ғұмыр» көшесінде, ең соңғы пәтеріңде,

терезе алдында ұза-а-а-қ парақтап отыратын?..

 

 

***

 

Таудан ескен қоңыр леп

Қайыңнан қарағайға секіріп,

сәбилердің иығында аялдап,

сүрініп-талып қара шашыңа әзер дегенде жетіп,

кекіліңді аялап келіп

ақ дидарыңа көтеретін еді,

мен соған жүз жыл, бәлкім ғұмыр бойы қарап тұра беретін бе едім,

шашыңды қайырмағаныңда егер...

Сөйтіп,

ерке леп екеумізден гүлзарға кетті,

ендіге, қалқатай

ұшырып алма жүзіңе қонған әдемі сәтті!.. 

 

 

***

 

Дөңгелек тереземде шәр бояуы еріп жатыр, әрі

құмырысқа-тамшылар жүгіріп жүр илеуін іздеп;

ұясы көзім екенін білмейді олар;

Бағыты –

теңіз орналасқан жүрек –

Оның кең шеңберінде күндіз-түні ұшатын сенім-шағалалары

әлемнің ең шеткі шекарасына және

ең биік көгіне дейін қауырсынын ашуға құмар...

Сөйтсе де, жанарымдағы кішкене әйнекке соғылып қалатын

үркектігі тағы бар...

 

Айнам, жастық шағымды қартайып кетпесін,

шуақты қанаты жеті қат көкке ашылсын десең;

Аспанда қиылған неке шеңберін,

Гүл-саусағыңа тағып,

жаңбырдай адымыңмен себелеп кеп,

иығыма басың мен жаныңды сүйесең...

Содан, менің де жаным жай тауып,

сенім қанатын қақса шұғыласы шашылып,

Саусағым сақинасында айналып тұрcа

жүрегің ғаламшары!..

 

 

***

 

Аспан гүлдеді, онысы – Күн...

Құс оралды, ескі танысым.

Тал алақанын жайды – жапырақ;

Дұғалары бүрлеп ақырын...

Бәрі де бар – Жар, сүйіктім де,

Бір арманым әлі биікте...

Әр зат, әр реңк өз қалыбы мен

өз мекенін тапқан –

жүрек пен

гүлдерден...

Көктем деп жанымды

қоярға жер таппай,

бояулы

әлемге әзер жеткенде,

Күз боп кеткенің не, аяулы

Өмір?..

 

 

***

 

Жүзіп бара жатқан қыз ауада,

Білем, саған шексіздік қана жағалау...

жаныңды иіскеп тұрған саябақ.

құстар да саған құштар о бастан.

сәбиіңді емізіп, жұбат.

көзіңде аспан...

Сенің бақытсыз болуға хақың жоқ,

Нәзіктік!

 

 

***

 

Күн суыды, суыды нұр...

үсіген бе,

жұлдыздарым дірдектеген?..

Қанатының ақ сәулесін жылыта алсам

балапандай жүрекпенен...

Кірпігімнің қағып қалсам қауырсынын –

Ай пердесі тербеледі баяу ғана

өңіріме нұр шашағы есіп өтіп...

Шал жүрісті – жапырақтар жаяу.

Торап.

Гүл жүрісті ару.

Сосын мен –

Теректей қатып қалған...

шашым ғана сыбдыр етед

қарға қонса.

«Дір» етеді сәл жүрек те,

күнтізбемнің жапырағы сарғайғанда...

Гүл де жүрді...

мен де жүрдім...

аспан жүрді...

Мияулады жаппа;

қақпа алдында ақ мысық...

Мазар маңында ит;

тастар үріді...

Көлеңкем тұр, көшем жүрді...

«Өмір дегенің не?» деді таныс құрбым шәйін ұрттап,

«Үсіп қалған гүлге терезеден қарау» дедім «тоңып тұрып…»

 

***

 

Суықты сүйетінім несі екен

Жылытқым келгенінен болар.

Үп еткен лепке жапырақ тоңғақ

үсіпті күз қабығында қанап.

Жауын. Қолшатырлар. Жаяужол.

Жаңбырлар өтіп барып плащымнан

Ішіме тамып кететіні несі

Тәп-тәтті һам ащылау?

Ару қолшатырына қорғанды,

керек жоқ оған жауын...

жүрісі –

жаңбыр ғой, тұрысы да.

Таранған

шашынагүл қадағанжансыздау...

Астында қолшатырдың жауын-қыз,

жауыңыз дала асып, тау асып...

адымың – моншақ-моншақ тамшылар

мөлт етіп баяу басып барасың...

Қараша қарғалары таниды

досындай мен бейбақты...

неге ме?

Өйткені, менен ұшқан;

қарғалар –

қарқ еткен қарашығым, керегем,

бәтіңкем,

түнге жұтылған бөлмем...

Жаңбырдың жол кірлетті балағын...

Қолшатырыңнан сырғып бара жатқан

Қараша қарашығы ғанамын...

 

 

 

ШАҚЫРУСЫЗ ҚОНАҚ

 

Сатып алған күніңнен бері саған ұқсаған

жиһаздар мен киім кешектеріңе толы

естеліктер сіңген жалдаған пәтеріңе еріксіз кіресің...

Бүгінді, түнді,

     көше шамдарын,

           күз ызғарын,

ып-ыстық һам мұздай – ойларыңды,

әріптестеріңнің әзілдерін,

        сүйіктіңнің жылы сөздерін

жүрген жеріңдегі бүкіл баққалдар,

базарлар,

     ағаштар,

        терезелер мен

            оқылған,

                 оқылмаған кітаптарыңды,

таныс, бөтен пенделерді,

     шаһарыңды,

        мемлекетіңді,

          жер шарын,

             пәни мен бақиды түгелін иығыңа тасып,

ұзақ сырғыта шешіп,

әзер дегенде ілгішке ілесің...

Сосын, терезеңнің пердесін ашып,

өзің сүйетін мезгілді тамашалайсың...

Тіленші теректердің қолында қалпақтай қарғалардың

жыламсырап жатқанын көресің де

төс қалтаңның тесігіне қолыңды сұғып

жаныңнан басқа жұбатар ештеңе жоғын сезесің,

Ол да сенікі емес-ті...

Сосын, шарасыз ғана шәйіңді демдеп,

асыңды әзірлеп, дастарханыңды жайып

ілгіштегі бүгінгі қонақтарыңды,

жиһаздар мен киім-кешектеріңді

бәлкім кешкі,

 мүмкін таңғы асыңа шақырасың...

Дастархандастарыңнан шәйіңді ұрттаған болып

«мен жалғыз емеспін» дейсің, ойыңды жасырып...

осы сөзіңді олар да іштей қайталап тұрғанын

суыған шәйларын қайта-қайта үрлегендерінен сезесің...

Ал төрдегі жалғыздықтың «мен де жалғыз емеспін» -

деп, дауыстағанынан селк ете қаласың...

 

 

***

 

терезем алды жанары боталап,

іңгәлап жылайды жапырақ – шақалақ.

Бүгін тағы түн шөгіп, зәрреге сіңді...

Маусым, уақытты кешіп келеді,

жапырақтарды қоңыраулатып.

Сәт іші. Түн қасымда отыр. терезе –

Көзім мен көк арасындағы көпір...

Аспан – руханилар дәргахы.

Сол маңнан, бір періште

Аспанның дәні –

Мөлдір тамшыны көтеріп әкеп,

солған жүрегіме құя салса –

жайқалар ма еді, жаным...

Түн сыртымнан ағады баяу,

жүзе алар емеспін, Раббым...

 

***

 

Биылғы жазда,

келешек жаздарда

саған хабарласпаймын,

былтырғы маусымды

әлі жылыта алмадым...

жанымызды тоңған

мамырымыз ұмыта алмады...

Жүрегіміз тас боп кетпесе екен...

қайтемін,

ұйқысызәр таң

еденге шөккен түнді

басып кетемін...

Биылғы жазда солмайықшы,

онсызда тоңғақпыз...

Жапырақтар аз кезде,

жүрегімізді құлатып алмайықшы.

Жанымызды жұбату үшін

жазымызды жылатып алмайықшы,

онсызда кінәліміз...

 

КҮНДЕЛІК

 

Аяулым,

кешеден қалған күніме

бүгін, пешінде ояндым.

Жинадым

түскі шуақты,

 ойларымды

шашылып жатқан төсегім-

де... Жудым

жүзімдегі түнді, кешені...

теледидар қарадым,

газеттер оқыдым,

Жалғызсырадым,

жып жылы өлең тоқыдым,

Сосын, жазды жылаттым...

...Таңым,

көре тұра жанымды басқан

шаңды,

тозаңды,

бөлмемде шашылған өмірімді

жинамақсың қашанғы?..

 

 

***

 

...айкезбелік,

ауада ұшқан ән киелі,

Түн ішіне тамшылаймыз

Мөп-мөлдір әйнекке еріп...

Бірі үстіне бірі мінген

парақтардың

селт етеміз түшкірігінен.

Көңілсіз кейіпкерім,

үстелімдегі қалампыр кейпіне еніп,

Үрейленген мені отыра тұр

сәл жұбатып,

қалғып кеткенімше

түн соңына

аяғымды салбыратып...

«Қайырлы түн» демеші...

 

***

 

Алматым,

аңдаусызда маған ұқсап қалғаныңды біліп пе едің,

бүгін тағы

кәрі ағаштар еңіретіп сүйектерін

дірілдеген саусақтары жүрегімнен түртіп қалса

түк етпейді,

тіленшінің қолындағы әжіміндей тыртық қана...

ойларыма тұсауланып көптен бері,

ілтипатсыз кеткен едім,

төмен қарап

ең көріксіз кінәм үшін,

жанарымның алақаны жайылмады:

аспан еді – о, кінәмшіл...

Міне, тағы балдақ қылып маңдайыма бағананы

өкінемін, 

Сүйген едім...

Енді ернімді жалап қойып

күйігімді түкіремін...

Ғафу ет, Алматым!..

 

 

      ***

Терезе алдында сарғайған,

жапырақтың деміне билеген

пердемнің

тербелер шуақты етегі...

...аяулы, әппақ әлемім.

Қарашы,

жапырақтарға қадалған күн жебесі.

...ағылған мінәжат көресің.

Қашанғы,

шыбындай қарашығым әйнекке соғылар,

Аппақ пердемнің ар жағындағы аңсар,

қашан есесің?

 

***

 

Ай сияқты бейкүнә бола алмадым,

Көлеңкем де түн кезер Айға ілесіп...

Кірпігімнің желкені жағалауда,

...Жанарымда дірілдеп Ай сәулесі.

 

Бола алмадым жап жасыл жапырақтай

Ай иегін сипаған.

Тәнім әлсіз –

жасы тамған өмірдің, топырақ па?..

...Ештеме жоқ өмірде мағынасыз.

 

Күміс нұрға қанаты малшынып ап

Ұшып, қонад жапырақ.

Бақ қарайған...

Іле салып тәнімді тал шыбыққа

Айға айналып кетер ме ем,

аппақ Айға!..