ӨМІРГЕ ҚАТЕЛЕСУ ҮШІН КЕЛДІК...

КӨКТЕМНІҢ БҰЛТТАРЫ

 

Бір жұтым суға шөлдеген қан тамыр сынды,

Аспанды ары итерген Хантәңір сынды,

Кім түсінеді, ей, бұлттар!

Жерге ынтық сенің,

Бір сәтке тыным таппаған арпалысыңды?!

 

Бақтардан, таудан, өзенен, қыр-белестерден,

Құстардан, аңнан, жануар, үндеместерден...

Аспанға қарай  ұшатын аппақ тілектер,

Оларға бұлай айтуға кім кеңес берген?!

 

Алыстап кетпей, от шардың тартылысынан,

Жан бітіп мың бір сәуленің шарпылысынан.

Күнге «алғыс», бұлтқа жауатын «рахмет» сөзі,

Көктем оятқан тірліктің әр тынысынан.

 

Бұлағай шақтар, тең келмес басқа күндерім,

Орманда құс боп сайрадым, бақта гүлдедім.

Бұлттаған күннің көл-көсір ырыздығы бар,

Бұл бұла сәтке өкпе артпа, аспаным менің!

 

ЖАСЫРАМЫН СӨЗІМДІ

 

Болсам ба екен жаныңның құрбандығы,

Көркін ашып бағыңның тұрған гүлі.

Саған айтқан сөздерім жазған жырым,

Айтылмаған сөзімнің мыңнан бірі.

 

Ұмытам деп өзімді әуре етіппін,

Көргеніме аман-сау,тәубе етіппін.

Мына өмірге мені іздеп келгеніңмен,

Адастың-ау, қайтейін, сәл кешіктің...

 

Жаным қылдай болады «кетем» десең,

Кетерің бар кездестің бекерге сен.

Сенеді екем сен түнді «күндіз»десең,

Нанады екем өмірді «шекер» десең!

 

Осы екен ғой бір болар той дегенің!

(Өңім бірдей түсіммен кейде менің).

Не айтқаның маңызды емес, бірақ,

Маған қарап  керегі сөйлегенің.

 

Қажеті жоқ, ешкімді шақырмағын,

Тыңдамаймын, біреудің ақылдарын...

Мына әлемнің елеусіз нүктесінде,

Керегі тек жанымда отырғаның.

 

Жаралғансың сезіммен тербетуге,

Қозғамашы!

Құлқым жоқ ержетуге...

Жасырамын сөзімді естір болсаң,

Бір өзгеріс болардай жер бетінде!

 

АУЛАДАҒЫ КӨКТЕМ

 

Мамыражай мамыр мынау,

Таң  нұрымен көрістім,

Алатаудан көлбей түскен,

Ақ сезіммен өбістім.

 

Құйқылжыта бір әнге сап,

Торғай ұшты басымнан.

Сәске түсте,күннің исі,

Бұрқырады шашымнан.

 

Көктен түскен жұмсақ ине,

Емдеп жатыр тәнімді.

Қырдан келген қызғалдақ та,

Алқап жатыр тәңірді.

 

Үйге кірмес болып кеттім,

Күн сезімін жиі аңсап.

Күреңітіп шығ келді,

Ақ білегім ұялшақ.

 

Милион шөп,жел тербеген,

Жасыл теңіз-шар тарап.

Бақ бақ гүл де масайрайды,

Өзің-өзі хан санап!

 

Кеше ғана отырғызған,

Бүршік шықты жас талдан.

Тек әтіргүл міз бақпайды,

«Су ішем»деп «аспаннан!».

 

Көктемдегі  бұлт жылауық,

Келе жатқан ескі жыр.

Ашулы екен,төпеп берді,

Қамшысымен осты бір!

 

Әтіргүлдің паңдығы бұл,

Шарт қоймаса сыйлы еді.

Жаңбырдан соң,жапырағы,

Дір-дір етіп биледі...

 

Күн нұрына ессіз ғашық,

Бар тіршілік мас күйде.

Мұның бәрін көрген жақсы,

Отырған да жақсы,үйде!

Карантин!

 

КЕПТЕЛІС

 

Отырсыз ойға батып кептелісте,

Несіне қарайлайсыз өткен іске?

Өмірге қателесу үшін келдік,

Біреу бар қателеспес, тек – періште!

 

Сол шақтың әр секундын мыңға балап,

қайтесіз,

Асылсатмақ, сырғанамақ...

Үйге кеп, ас іштіңіз, жарыңызға,

Көзбенен жақтырмаған бір қарап-ап.

 

Көзғарас үйреншікті,бірақ оған,

(Бір үйде неше түрлі тұрады адам). 

Өзіне ұрынбаса болды әйтеуір,

Мәнісін зерттемеген,сұрамаған.

 

Кете алмай жүрсіз бе сол мәңгі бақтан?

Арнадан өзен емес әңгіме аққан?

Жоқ еді жарыңыздың еш жазығы,

Сізді сол,сағыныш қой қалжыратқан.

 

Бұл күйді қор қылмайын шертіп бекер,

Ән керек мұнар күйден серпіп кетер.

Қайрат жоқ,сол үйге оқыс кіріп барып,

Жетелеп қолыңыздан ертіп кетер.

 

Тіршілік даңғырлатсын барабанын,

Берілу үнсіз ойға бар амалым.

Осы жұрт кептелісті жек көреді,

Сол кезде ойыңызға ораламын!

 

МИ  ПАТШАЛЫҚ  ҚҰРҒАНМЕНЕН

 

Жаны – жақын, тәні – жырақ,

Жұрттың бәрі біздей ме екен?

Қолым сізге хат жазады,

Көзім сізді іздейді екен.

 

Қанатынан қиялы ұшқыр,

Құстың бәрі біздей ме екен?

Қоштасқан боп кеткенменен,

Үмітімді үзбейді екем.

 

Сарғаюдан жеміс күткен,

Қараңызшы күздей ме екем?

Сағынышым – сағым сынды,

Көзден моншақ тізбейді екем.

 

Тоңған күзді қымтайды қар,

Ол да бір күн бүрлей ме екен?

Ми патшалық құрғанменен,

Жүрекке әмір жүрмейді екен!