Бастау
Ей, Түркінің арыстаны,
отты жыры Тұранның,
Аруағыңнан медет тілеп,
сөз бастауды құп алдым.
Қолымдағы қара қалам,
алдымдағы ақ парақ,
Саған жолдар бастай берді
өзге ойларды қақпалап.
Сені жырла деп тұрғандай
Ай сәулелі құбыла,
Сені жырла деп тұрғандай
аспандағы Күн-Ыра.
Ұлы Тұран сен жырлаған
шақырардай жолға ұзақ,
Барлық сапар тек өзіңе
апарардай жалғыз-ақ!
Ыстық қаным саған қарай
толқып ағып барардай,
Кермектенген кекті жасым
жүрегіме тамардай!
«Алаш!» десем, арыстандай
көз алдыма Сен келіп,
Жырларыңа шөл қандырдым,
тағдырыңа шерленіп…
Ащы өксігің айдаудағы
көмейіме кептеліп,
«Мағжан!» дедім көкте
үннің отты демі леп беріп!
Күннен туған, Ғұннан туған
рухыңа діл суардым,
Ей, түркінің данышпаны,
ер шайыры Тұранның!
Саған қарай жөңкілуде
бұлттар көшіп төбемнен,
Саған қарай жосылуда
ерке өзендер кемермен.
Ұлы Тұран «Мағжан!» деді,
маңғаз таулар жаңғырып,
«Мағжан!» деді төбе, белдер,
тарғыл дауысы қарлығып.
Көкше көлдер шалқып кетті
«Мағжан!» деген үнге еріп,
Бұйра құмдар толқып кетті
көз алдымда түрленіп.
Отты жырың жас кеудеме
жағып алған шырағдан,
Абылайдың ақ туы боп
желкілдейді Тұраннан!
Саңқылдаған көкте сұңқар
қақты мағжан-қанатын,
Құстай ұшты жерде тұлпар
мағжан- тастар боратып.
«Мағжан!» деді сары дала,
«Мағжан!» деді ақ боран.
Қарсы алдымда тұрдың шайыр,
Ғұн боп, Түрк, Сақ бабам.
Қарт Түркістан, Орал таулар
«шайыр Мағжан!» қайда дер,
Мағжан деген – түгел түркі,
қасиетті қайран ел!
Уа, түркінің арыстаны,
көк бөрісі даланың,
«Мағжан!» дейді сиясауыт,
«Мағжан!» дейді қаламым.
«ҚарЛагтағы» балалар
Үй суретін көрсетті,
«Барак!» деді балалар.
Қатқан нанды көрсетті,
«Тамақ!» деді балалар.
Темір торды көрсетті,
«Шарбақ!» деді балалар.
Қара суды көрсетті,
«Шәрбат!» деді балалар.
Қызыл туды көрсетті,
«Құдай!» деді балалар.
Қанден итті көрсетті,
«Құмай!» деді балалар.
«Ұлы Сталин кім?» деді,
«Ағзам!» деді балалар.
«Халық жауы кім?» деді,
«Мағжан!» деді балалар…
Өртенген кітаптар
Лақтырды сұр жендет
Кіжініп киелі кітапты.
Алдында үюлі құнды еңбек,
Қанпезер шетінен тұтатты.
Сұр жендет,
Өлеңді жек көрді өлердей, тістеніп.
Будақтай жөнелді,
Қастерлі қаріптер құс болып.
Отқа әкеп тастады,
Би билеп жалынмен парақтар.
Өртене бастады,
Кітаптар үйілген қораптар.
Жыртылды мұқаба,
Сәруар сөздерді от қармап.
Оятқан халықты бұқара,
Тарихтар ақтаңдақ,
Өртенді «Түркістан» киелі,
Өртенді «Шолпанның күнәсі»,
Халықты сүйді ақын,
Сүйеді,
Сол ғана – кінәсі.
Ұшырып аспанға күлді көк,
Сұр жендет қарқылдап күлді кеп,
Алаштың батты деп қарасы.
Кереғар, қарашы –
Сұр жендет кітапты лақтырса жын ұрып,
Ал оның баласы,
Мағжанды оқиды тығылып.
Замандар ауысқан.
Төрде тұр өр ақын.
Сұр жендет – сауысқан,
От қарып қанатын,
Ториды жат үйді,
Қап-қара будақты кешіп кеп.
Балалар заулатып оқиды,
Түркістан, ер түрік, бесік деп.
Шығыстан Күн шығып келеді,
Түнекті қақ жарып тас қара.
Сұр жендет түсіне енеді,
Өртенген кітаптар.
Мағжан һәм жас бала.
Аштық
Ақынның жүрегін омбылап келеді,
Аш-арық сүлделер.
Ақынның жүрегін құшақтап өледі,
Қан-сөлсіз мүрделер.
Қу медиен даланың меңіреу бетінде,
Жайрайды ақсөңке көп өлік.
Жаланған аяздың қып-қызыл өтінде,
Үш сұлба үсиді көгеріп.
Бір үміт барына сенгісі келді,
Ұл-қызын қалжырай сүйреген сорлы ана.
Ажалдың азуы – ақ қасқыр, төнеді,
Ұлиды ақ боран, қақынап сар дала.
Аш өзек үш бейбақ өлмелі, ілбиді,
Не ұлдың, не қыздың біреуі – нақ құрбан.
Аппақ қар үстімен қыз шашы сырғиды,
Ажалдың аузына аштық лақтырған!
Аппақ қар үстімен дудырап, жоталап,
Қыз шашы домалап кетеді тау іші.
Сорлы ана құлағын жарады «Апалап!»,
Шыңғырған баланың дауысы.
Мағжанның ғашығы
Мағжанның перизат ғашығы – нұр, арай,
Жәудіреп жанары құралай.
Ақынды күтеді қиырға көз қадап,
Қондырып көңілге көбелек жаз қанат.
Таулар да ұқсайтын сияқты шайырға,
Ұқсайтын сияқты анау топ қайың да.
Бұйрабас бұлттар да Мағжаннан аумай ғап,
Ақ нөсер ақынның жыры боп саулайды-ақ.
Мағжанның перизат ғашығы – пәк, керім,
Еріні бүлдірген – тәтті ерін.
Ақынды күтеді ақ самал аймалап,
Бетінен жас мағжан-моншақтар тайғанап.
Өзен де ұқсай ғап Мағжанға толқыған,
Толған Ай аспанда Мағжан боп қалқыған,
Мағжанға ұқсайды бұлақ та, құрақ та,
Мағжанға айналды күн, ай, сәт, жыл, апта.
Қайғының ішті уын, қан жылап әр күні,
Келген жоқ жұбатып неге ақын зарлыны?!
Келген жоқ неге ақын жүрегін жырға орап,
Көзінен жас ару-моншақтар сырғанап?!
Ал оған кім айтсын, тұрмыс па қажытқан,
Ожарлау күйеу ме, ұзатпас қазықтан?
Оятын қиы ма, сасық көң қопарып,
Төгетін күлі ма, аулаққа апарып?
Сорлыға кім айтсын аңызақ дала ма?
Түндерде жұтатын ащы жас, сора ма?
Қора ма, қопсы ма, шоқпыт па жамалған,
Көнетоз шәлі ме басына оралған?
Малшы ма меңіреу, жалшы ма қараңғы,
Кім айтсын Мағжаны жайлы хат-хабарды?
Кім айтсын, Мағжанды түрмеге жапқанын,
Иттердің соңынан шәуілдеп қапқанын?
Ең жақын адамы Мағжанды сатқанын,
Ең суық түрмеде Мағжанның жатқанын,
Кім айтсын
Мағжанның «Алаш!» деп аһ ұрып,
Кеткенін «Халық жауы!» деп атылып!
Түркістан
Ей, Түркістан, киелім!
Ғасырлардың көмейіне белшесінен көмілген,
Көк күмбезің ақсары нұрға малшынып,
айшылық жерден көрінген.
Мағжан жырлаған екі дүниенің қақпасы,
Бір түйір топырағыңа татысамшы сенің мен!
Ей, Түркістан – құбылам!
Бабаларыма төр, бесік болған шаһарым,
Тұтас Тұранның рухы сенде түркілік,
Ғаламға мәшһүр атағың.
Мағжан жырлаған
Тәңірінің берген несібі,
Тамырым сенсің, Отаным!
Түркістан деген Әзірет Сұлтан бабаның,
Хикметі рухқа шомылған,
Қабырғалары иман-қамалым.
Түркістан – Өтүкен, Қарақорымым,
Арасы Алтай, Анадолының,
Сені жырласын, жырласа отты қаламым!
Ей, Түркістан – тұмарым,
Сен – Әмір Темірдің найзасы едің сапталған,
Сенің төріңде хандарым отырған Тақ болған.
Түркістан десе – көз алдыма
Әлихан,
Мұстафа,
Мағжан
келеді,
Кеңес өкіметінің керзі етігіне тапталған!
Ей, Түркістан, қастерлім,
Желбірет тоғыз баулы туымды Алтын Ордамнан!
Оянсын күре тамырымда солған қан!
Ақын өзі айтқан
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Түркістан деген – ол Мағжан!
Мағжанның белгісіз суреті
Лениннің суреті тұратын ілініп,
Қасқайып жалтырап төбесі.
Жас бала өткенде жүгіріп,
Оқиға өрбіді келесі:
Қирады портрет, күлпарша шынысы,
Құлатып кеткен ұл.
Ешкімнің үрейден шыққан жоқ дыбысы,
«Қыршын-ай!»,
«Жетпегір!».
Лениннің суреті астынан,
Беймәлім бір сурет және де құлады.
Таңырқай көтерді жас қыран,
Өзінен аумайды,
көздері,
құлағы.
Шашы да аумайды толқынды, бұйра бір,
Қанда ғой түр, мінез, тектілік.
Әкеден шошынған, сұрайды қинап ұл,
«Айтыңдар, бұл мен бе?» деп күліп.
«Лениннің суретін тез көтер, қарағым,
Орнына іліп қой!» дейді әке, көмескі үн.
Сұраулы жүзіне сол жерде баланың,
«Ол – Мағжан атаң!» деп айта алған жоқ ешкім!
Жалғасқа
Жалғас, Жалғас, құлыным, жаным балам,
Мынау ұлы кең дала – сенің далаң,
Жалау найза жанға алып, қол төңкеріп,
Қан төгіпті бұл қырда сенің бабаң.
Анау белде толғатқан шешелерім,
Мәңгі тағзым соларға осы өлеңім.
Бұл даланы қастерлеу – сендік парыз,
Осы сөзді ұғынып өс, өренім.
Бұл ғибратты ұғын, айт досыңа да,
Алтай, Арқа, Алатау көшіп ара,
Тұран деген жұрт болған, қарашаңырақ,
Мағжан айтқан Түркістан – осы дала!
Бойыңдағы сендік қан – түркі қаны,
Еділ, Білге, Шыңғыс хан – жұртың әні.
Алаш деп ең, көрдің бе, төбеңде Күн,
Табаныңда жусандар бұрқырады.
Қиялыңды шыңдайды – қырға қарау,
Мынау көркем табиғат, тұнған алау,
Анау балбал – бағзының батырлары,
Көне қорым – шекара тұрған анау.
Қанатыңды дала деп қомда, серме,
Алашым деп балапан, Жалғас, өрле.
Бұл даланы білекпен қорғады атаң,
Білімменен ендеше қорға сен де.
Мағжан десем, көзге жас ала берем,
Жалғас десем, жарқырап жана келем.
Балам, тарих сабағын беске оқы,
Қорғау керек тарихты бала деген.
Бұл даладай жоқ саған бауыр өңге,
Жалғыз Отан деп талпын салып өрге.
Бабалардың бұл дала – аманаты,
Қанымен де қорғаған, жанымен де!
Түркі аруы
О, Түркінің аруы, көздерің нұр төгілген,
Қара қасың Қиғаш па,
Шыршық па, жоқ, Керулен?
Алма жүзің ақ шағыл, иісің иран бақша бір,
Батып өлген шайырмын дидарыңа сенің мен!
О, Түркінің аруы, тісің маржан тізілген,
Қыпша белің – қауырсын, аққулардан үзілген!
Ерінің – Тараз шиесі, Күн сүйеді, мен сүйем,
Қара Ертіс шашыңды аймалайды қызыл жел.
О, Түркінің аруы, ханшасындай хандардың,
Сансыз әскер оттары – көздеріңде жанған Күн.
Сені сүйіп қалдым мен,
Фатимасы Мұхтардың,
Гүлбаһрамы Сәкеннің,
Зылихасы Мағжанның!
Сарыарқаның жусаны – демің жұпар аңқыған,
Жүрегіңнің отына пәруанадай шарпылам.
Жүрегімнің үстінде биле түркі аруы,
Жақындасаң тасимын, алыстасаң сарқылам.
Сенің анау бұрымың байсалды көш, керуен,
Сенің сөзің – ақ алмас, үшкір жебе, темірен.
Шабытыма дария малып құстар қанатын,
Жүрегімнен ұшады саған қарай тобымен.
Ақ маңдайың – Хан Тәңірі, керме иығың – Алатау,
Ақша бетің Өгелін бегім кірген ақ отау.
Сенің жібек мінезің, сенің жұмсақ білегің,
Желпи ұшқан жанымды қоңыр қаздың қанаты-ау.
Құс жолындай құбылып түймелерің қатары,
Саған ұқсап атқан таң, саған ұқсап батады.
Камзолыңды қынай бел, көйлегіңді қамажай,
Тырналардың тырауы тыстап бара жатады.
О, түркінің бегімі, саған жаным садаға,
Сенің отты көздерің жарқыраған самала.
Ертегіден, эпостан шыға келген пәкизат,
Бай-бағланға бұрылма,
Құл-құтанға қарама.
Сәкендердің сұлуын,
Мағжандардың ғашығын,
Елестетіп көзіме алдымнан шық, асылым.
Жүрегіме қон менің, құз-жартасқа құлдилап,
Жүрегімнен ұш менің, лағыл қанат лашыным!
Мағжанға атылған оқ
Мағжанға қарай оқ ұшып келеді,
Қызыл жалауға айналып.
Мағжанға қарай оқ ұшып келеді,
Қызыл ұрандар, сайрауық.
Қатыгез қолмен шүріппе басылды,
Жасалған арыз-жаладан.
Мағжаның ғазиз қаны шашылды,
«Алаш!» деп өлді абадан.
Тағдыр мен жазу тоғысып келеді,
Асығыс үкім оқылып.
Мағжанға қарай оқ ұшып келеді,
Ажалдың ауызы көпіріп.
Совет одағы
Жұлынған шаштардың,
Шабылған бастардың,
Қайырылған қолдардың,
Өртелген томдардың,
Арыз бен жаланың,
Сым қоршау сананың,
Үрейлі көздердің,
Аңдылған сөздердің,
Қан-жоса даланың,
Жетімек баланың,
Жазықсыз жандардың,
Өтірік заңдардың,
Түрме мен табытың,
Бейшара халықтың,
Үстіне орнаған сен болдың, үкімет,
Сені де үкімет дедік қой, үкілеп?!
Мағжанның портфелі
Буылған қайыспен доғабас шарт белі,
Маған қарап тұр Мағжанның портфелі.
Уақытқа мүжілген көнетоз қырлары,
Маған қарап тұр репрессия құрбаны.
Қарайды тесіліп ішінен шынының,
Сұрағым келеді, Пайғамбар, Күн ұлын.
Қайда деп мүрдесі, қайда деп моласы,
Шетінеп кеткенде жалғыз баласы,
Сен үйде тұрдың ба орындық шетінде,
Зейнептің үзіліп кететін сәтінде,
Мағжанның құсадан
қан жұтқан сәтінде,
Жансызға Мағжанды аңдытқан сәтінде,
Гүлсімге сөз салған, жыр жазған кезінде,
Жанында болдың ба,
болдың не сезімде?
Бәріне елеусіз сен едің куәгер,
Мағжанның жырлары салынған мұрагер.
Ей, портфель, ақтарыл, тіл бітіп кенеттен,
Датамен,
Айғақпен,
Куәмен,
Дерекпен,
Суретте жылдарды Петербор кезеңін,
Орал тауларын,
Уфа өзенін,
Сарыарқа даласын,
Итжеккен мұздарын,
Шайырды тәнті еткен татар қыздарын,
Өр Алтай аймағын,
Қызылжар өлкесін,
«Алқаның» жасырын құпия бөлмесін,
Суретте, айтып бер барлығын ақпарлап,
Сен – портфель емессің,
тарихсың ақтаңдақ.
Айтып бер барлығын,
асықпай, байыптап,
Қаралы жылдарды қан жұтқан айыптап!
Ұлар құс
Ей, ұлар құс, ұлар құс,
Биік тауға құмар құс.
Алаш сенің – бір атың,
Азаттыққа сыңар құс.
Атың қазақ ұларсың,
Затың қазақ ұларсың,
Зарымыз бір біздердің,
Оны өзің де ұғарсың.
Ей, ұлар құс, ұлар құс,
Биік тауда тұрар құс.
Мағжан сенің – бір атың,
Тұран жұртқа тұмар құс.
Мен – қазақпын, сен – Ұлар,
Қанатыңды қағып ал.
Қанатыңда ҚарЛагтың,
Қатып қалған қаны бар.
Үш жүз жыл атты өлмедім,
Үш жүз жыл атты өлмедің.
Содан үркіп қонбайсың,
Жүрегіме қон менің.
Ей, ұлар құс, ұлар құс,
Биік тауға құмар құс.
Рухыңды көрсет, құс,
Дауысыңды шығар, құс.
«ҚарЛагтағы» метіркелер
«Әке аты» деген,
«Ана аты» деген,
Толтырылмайды жол екі.
Болмай ма құстың қанаты деген,
Қиылды қанат сол екі…
Атсыз балалар,
Дір-дір қағады,
Нөмірлер – есім-сойлары.
Бірдей балалар бұлдырланады,
Сөздері,
Жаны,
Бойлары.
Жеткені жетіп,
Қалғаны өледі,
Құдыққа терең көміліп.
Қып-қызыл қанды жалдап өледі,
Өлі көз,
Өлі ой,
Өлі үміт.
Жазамын жоқтау
Қанатыменен,
Періштелердің, қонғанда,
«Әке аты» деген,
«Ана аты» деген,
Толтырылмаған жолдарға.
Оқылар жылдар қаралы хаты,
Уақытты сонда қаңтарып.
«Әкенің аты»,
«Ананың аты»,
Деген жолдардан қан тамып.
Ұшады сәби метіркелері,
Құс болып самғап аспанға.
Адамзат қолы тітіркенеді,
Тырысады оны ашпауға.
Мағжан үні
Мағжанның үні – Алаштың үні,
Үніңе баба қосылдым.
Еділдің,
Торғай,
Таластың үні,
Ертістің,
Сырдың,
Есілдің.
Алтайдың үні,
Арқаның үні,
Түркістан,
Орал,
Тұранның.
Үніңмен шерім, тарқады мұңым,
Түрегеп қайта ту алдым.
Таулардың үні,
Даланың үні,
Орманның үні шулаған.
Қан менен жастың,
Наланың үні,
Бассүйектердің қураған,
Ғасырлар үні талықсып жеткен,
Жадымда қайта жаңғырған.
Тамшысы көздің тамып бір кеткен,
Маңдайға жазған тағдырдан.
Тапталып келген халықтың үні,
Итжеккендерге айдалған.
Қара қағаз бен табыттың үні,
Қолдардың үні байланған.
Жесірдің үні,
Жетімнің үні,
Совет деп ұран жаттаған.
Керең мен мылқау,
Соқырдың үні,
«Халық жауы!» деп соттаған.
Тарихтың үні тұншығып келген,
Маң дала сонда танды естен.
Бармақтар үні қыршылып келген,
Вагондар үні қан кешкен.
Мағжанның үні – қазақтың үні,
Сұлаған опат, ойраннан.
Жердегі қызыл тозақтың үні,
Қызыл жалауға айналған.
Салады еске перненің үнін,
Жаңғырған кеуде төрімде.
Мағжанның үні – ол менің үнім,
Өлмейді ол үн тегінде!
Кетеді озып ғасырларыңнан,
Дәуірлер құрдас ол үнмен.
Қорықпайды ол үн жасындарыңнан,
Қорықпайды және өлімнен!
Сол үннен Алаш табады жолын,
Ол келсе көп үн қайраңдар.
Жетеді жаңа ұрпаққа сол үн,
Жап-жарық Күн боп, Пайғамбар.
27.Х.2023