МЕРГЕН ТОҚСАНБАЙ. МЕНІ ЕСКЕ АЛА МА, БІЛМЕЙМІН, АЛМАТЫ...

(хаттар)

 

*   *   *

Если всё затоплено чувством, места для времени не остается.

Эрих Мария Ремарк

 

Тұңғиық,

Тұп-тұнық сезімге жетеді

Қай терең?

Жаныңның жылт еткен оты еді,

Жаздырған қайта өлең.

 

 

«Ең қымбат сыйлығы адамның -

Уақыты.»

Жақсының жанында ғаламның

Ең тәтті бақыты.

 

Болмысың баураса ақынға

ғана тән:

Өлеңнің мөрі бар ақ ұлпа

қағаздай алақан,

 

Арқада өсетін қайыңдай

білегің,

Үзілген гүлге де уайымдай

білетін жүрегің,

 

Алматы аспаны сыятын

жанарың,

Әлемнің ғажабын өлеңге құятын

қаламың,

 

Түндегі Есентай секілді есілген толқынды шашың да...

(Ғаламның ең тәтті бақытын кешіргем

қасыңда.)

 

Білмеймін, кешемін дәл мұндай күй қашан?

Жаздырар қайта өлең.

Мен саған тұтас бір ғұмырды сыйласам,

Қайтер ең?

22.07.2020 Алматы.

 

*  *  *

Таңдағы Айнакөл секілді жарқырап,

Кеудемде тербетіп өлеңді.

Әлемнің назарын тартып ап,

Ақ бұлттан асырып төбемді,

Көктемді жарыса жырлаған құстардай,

Сен жайлы айтқым-ақ келеді биіктен!

Шалқыған шаттықты жасырып ұстардай,

Осынша тұйық па ем?!

Сүйінші сұрағым келеді таңдардан,

Сені іздеп таптым деп.

Көкөрім көркіңді көргенде таңқалғам,

Жүректе бақ гүлдеп.

Сен жайлы жыр оқып берсем ғой,

Асыққан бұлақты жолынан тоқтатып.

Бұлақтай мөп-мөлдір көзіңді көрсем ғой,

Мен үшін басқа жоқ бақыт.

Жарасып жұбымыз, жұрт бізді талқылап,

Қызығып қарар күн алда әлі.

Әзірге, тек қана

Жанарым сөйлеп жүр жарқырап,

Айнакөл секілді таңдағы.

00:17/30.07.2020 Бурабай.

 

ҚҰДІРЕТ ДЕГЕН БІР ҚҰС БАР...

Құдірет деген бір құс бар самғап ұшқан,

Асқақ армандары үшін арпалысқан.

Аңыз да бар ол жайлы... естігенде

Мен де сендей толқығам таңданыстан.

Құдірет деген бір құс бар... балапандай сүйкімі бар,

сүйсінтіп қаратардай.

Не жазды екен әу баста ол Құдайға,

Сыңар қанат құс қылып жаратардай?!

Сыңар қанат құс екен жаралғанда,

Ұша алмапты, ұшуға амал бар ма?!

Содан олар жұптасып, «құдірет!»– деп,

Көкке ұшыпты әлдебір замандарда...

Бұл аңызды жүр екен кім шығарып?

Ақиқатын біле алмай тыншымадық.

Ұшады олар әйтеуір әлі күнге,

«– Құдірет!

Құдірет!

Құдірет!»– деп үн шығарып.

Көкке қарап атып еді таңдарым сан,

Ұша алам ба, әл-дәрмен қалғанынша?!

Жалғыз асқақ арманым үшін мен де,

«– Құдірет!

Құдірет!

Құдірет!»– деп жалбарынсам?!

Құстар ұшты төменге қарайламай,

Отқа күйдім о қанша абайламай?!

Әлім бітті шаршадым самғай алмай,

Сыңар біткен қанатым сабай-сабай.

...Біздегі ұқсас болғанмен талғам, ұстам,

Сенің бейнең қол бұлғап қалды алыстан...

Бола алмадық неліктен бірге біздер,

Құдірет деген сол құстай самғап ұшқан?!

23:22/03.08.2020 Астана.

 

*  *  *

Сонда махаббат қандай болады?

Балдай тамады деуші еді,

Шамдай жанады деуші еді,

Қардай жауады деуші еді...

 

...Ағарып атқан таңдай болады,

Бар болса оның өлшемі.

 

Балдай тәп-тәтті мөлдір екен ғой,

Естеліктердей сен жайлы.

Оны қайтару енді бекер ғой,

Сонысы жанға шер-қайғы.

 

Түнекте жанған шамдай екен ол,

Адасқан жанның шаттығы.

Алғашқы жауған қардай екен ол,

(Сұп-суық әттең ақтығы...)

 

Айтшы,  махаббат қандай болады?

Таңдай бола ма өлшемі?

Құмарым неге қанбай қалады,

Қанша сүйсем де мен сені?!

 

20:58/07.08.2020 Көкшетау.

 

* * *

Оған бүгін хат жазбадым таңертең.

Жазғым келген... жазбадым.

Сүйіп, күйген сорлы жүрек ал, өртен!

Сен кешірген аз ба мұң?!

 

Оған енді хат жазамын несін мен?

Ерегестім, қырсықтым!

Жанды азаптап жалғыз ғұмыр кешірген,

Мінезіме тұншықтым!

 

21:14/10.08.2020 Көкшетау.

 

*  *  *

Жалаңаш суретін жібере беретін қыздардай,

Өмірдің қызығы қалмады.

Алдымда сұп-суық күз бардай,

Көңілім жаурады.

Күлгенің... жаныма жұбаныш еді шын,

Жанымда жүргенің.

Сен алаң болма енді мен үшін,

Мұңдасым  түн менің.

Тағы да тұманды болады-ау мына таң?

Күмәнді болады-ау ертеңім...

Нәресте жүректі шымшылап жылатам,

Қызғаныш  дерт едің...

 

Сен алаң болмашы иә, маған?

Мұңдасым  түн менің.

Ешқайда кетпеймін.

Өзімді өзіме қамаған,

Түрмемін.

Еңсемді басып ап тұрғаны-ай зілдей мұң.

Күлмеймін.

Бұл дерттің бар ма аты?

Мені еске ала ма, білмеймін,

Алматы?!.

01:56/10.10.2020 Көкшетау.